Төріңізде домбыра тұр ма?

Домбыра – қазақтың рухы. Ұлт­тың әні. Шаңырақтың сәні. Ол сонау замандардан-ақ әр қазақтың жаны­на серік болған асыл қазына. Бүгінгі ұрпақтың да жүрегіне жақын – құнды дүние. Асыл мұра. Елбасы­ның Жарлығымен қасиет­ті аспаптың жаңа бір леппен ұлық­талып, арнайы мерекелік дата­ға айналуы жағымды жаңалық болды. Себебі, домбыра  – жүрегі қазақ деп соғатын кез-келген азаматқа қуаныш сый­лайды. Ерек­ше көңіл-күйге бөлей­ді. Ал ертең – Ұлттық домбыра күні. Құп делік! Бірақ  қазақтың Домбырасы, киелі аспабы «Ұлттық домбыра күні» ғана әңгіме өзегіне айналмаса керек! Қоңыр үн қазақ­тың аспанында еркін қалықтап, дәстүрлі ән әлемінің бесігінде алаң­сыз тербелуі тиіс! Ендеше, келе­шек ұрпақ халық музыкасымен сусындап, ұлттық үнінен ажырама­сын десек, ұлт аспабы төрімізде тұрсын! Бабалар аманатын қадір­леу, құрмет тұту, ұлт құндылық­тарын қастерлей білу – осындай қарапайым ғана тірліктен бастау алады емес пе?! Ендеше, сол қасиетті аспаптың сіздің құтхана­ңызда орны бар ма? Шаңырағы­ңыздың төрінде домбыра ілулі тұра ма?  

 

Медет ҚАСЫМБАЕВ,

Алматы қаласы бойынша

әдістемелік кабинетінің музыка пәні әдіскері:

ҚАЗАҚ пен ДОМБЫРА – ЕГІЗ

– Бала кезімізде біздің ауылдың әр үйінде домбыра бар-тын және орны қашан да төр болатын. Әлбетте домбырасы бар үйдің кішкентайы дыңғырлатып жүріп қолы икемге келетін де, бірте-бірте домбырашыға айналатын. Біздің үйдің балалары да солай өстік. Домбыра, баян, гитара, барабан сынды аспаптың түр-түрі болды. Содан болар, өнерге құштарлық бала кезден оянды. Әке-шешем жұмыстан қолдары босай қалған сәтте бізге ән айтқызып, домбыра тартқызғанды жақсы көретін. Концерт қоятынбыз. Алғашқы сауатымызды Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған Кеңес Дүйсекеевтің  «Еркеледің сен» деген әнінің қайырмасын  тартудан бастап үйрендік. Кейіннен мектепте арнайы үйірмелерге қатысып, нота таны­дық. Анам ақынжанды, өлең жазатын қасиеті бар, әнді де әуелетіп тамаша айтады. Жалпы, киелі өнерді жанына серік еткен жан ешқашан елеусіз қалмайды ғой. Ауыл-аймақ, туған-туыс, ағайынның арасында өнерлі отбасы ретінде жақсы «танымалмыз». Соның әсері болар, есейген соң музыка пәнінің мұғалімі болғаным. Үнімен-ақ сыр шертіп, айтқысы келгенін «екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұрап» жеткізетін, тыңдаған құлақтың құрышын қандыратын, киелі аспап мен үшін қашан да қадірлі. Жалпы, қазақты домбырасыз елестете алмаймын. Мен үшін қазақ пен домбыра егіз. Әлбетте шаңы­рағымның төрінде Алматы «Жыл мұғалімі–2009» байқауында  өнердегі ағаларымның бірі Болат Құсайыновтың қолынан алған дауысы күмбірлеген Домбырам тұр ілініп!

 

 

Жанар ТОҚЫБЕТ,

№53 мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

Домбырасыз СӘН қайда?!

– Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан киелі аспап әр қазақ үшін асыл қазынамен тең. Мен үшін де солай. Дом­быра – салт-дәстүріміздің айнасы, ұлты­мыздың бейнесі. Ата-анаға баланың жетісті­гінен асқан марапат жоқ қой. Менің ұлым Нұржігіттің жасы 11-де. Кішкен­тайынан өнерге жақын болды. Той-тома­лаққа, қо­нақ­қа барғанда, радиодан «Адай», «Сары­арқа» секілді төкпе күйлерді естіген­де, домбыра ұстаған секілді болып, күйдің ырғағымен қолын сілтей жөнелетін. Бала­мыздың дарынын дер кезінде байқап, қабі­летіне қарай бағыт сілтедік. Әкесі Оқушы­лар сарайына апарып, үйірмелер тізімін көрсеткенде, домбыра класын өзі таңдап алды. Аллаға шүкір, нәтижесіз емеспіз. Алты жасынан домбыра тарта бастады. Бүгінде оған ілесіп, кенже қызымыз Бибінұр да домбыра шертіп жүр. Текті өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген ұстаздары баламды ерекше қабілетті дейді. «Өнерлінің өрісі кең» деп осындайда айтса керек. Мектебін­де түрлі кештерді жүргізеді. Кәсіби маман­дар­дан сабақ алғандықтан, бүгінде өзі нотаға қарап-ақ күй, әндерді тарта береді. «Адай» күйін тарту арманы болатын. Биыл сол күй­ді орындап, жарыста бірінші орын иелен­ді. «Ұлы дала әуендері», «Өнерпаз болсаң…», «Dara fest» секілді респуб­лика­лық байқау­лардан бас жүлде алды. Жа­қында Алматы қаласы әкімдігінің ұйым­дас­тыруымен «Нағыз қазақ домбыра!» атты «Арбатта» өткен мәдени шараға қатысты. Оған да өзі талпынып барды. Ең жас орын­даушы ретінде танылып, үлкен аға-әпке­лерімен қатар өнер көрсетті. Үйге қонақ келген кезде де ұлым домбырасын алып, күмбірлете күй шертіп, ән айтып береді. Киелі аспаптың қасиетін білетін ағайын-туыс, жолдас-жорамыз қолпаштап, қоше­меттеп, батасын беріп жатады. Он­дайда мерейіміз өсіп, баламыз үшін қуанып қала­мыз. Ұлтымыз­дың қасиетін айғақтай­тын киелі аспап әр қазақтың үйінде болуы тиіс. Менің түсіні­гімде, домбырасыз үйдің сәні жоқ.

 

Гүлина ӨСЕНОВА,

медицина саласының қызметкері:

ДОМБЫРА – қолы жеткен ғана алатын асыл дүние болатын!

– Домбыра төрде тұруын тұр-ау ілініп! Бірақ қазір оны шертетін уақыт жоқ. Кезінде мектепте домбыра «тартып-тартып» алғанымыз жақсы болған ба деймін кейде. Бүгінде домбыра емес бір-бірімізге қарауға мұршамыз келмейді, тіпті. Ал расында домбыра деген кешегі күндері – қолы жеткен ғана алатын асыл дүние болатын. Қастерлі-тін. Көршіден, туған-туыстан, жалпы, кімде бар, содан сұрап жүріп тауып алатынбыз. Өзіміз домбыраға деген қызығушылықпен үйірмеге қатысып жүріп үйрендік. Әлі есімде, мектепте  біз 25 оқушы болып Шелек ауылына күй тартудан жарысқа барғанымыз. Қазір ойлап отыр­сам, киелі сахнаның құдіретін сезіну бір ғанибет екен,  ел алдында өнер көрсеткенде адам бойына бір әдемі шабыт келеді екен, өнерге деген құштарлық артады екен… Әрине, домбыра тартқанның барлығы кәсіби музыкант болуы мақсат емес. Бірақ әу деп ән айтпайтын, төгілтіп күй шерт­пейтін қазақ некен-саяқ деп ойлаймын. Сондықтан ел өмірінде айрықша орын алатын домбыра әр шаңырақтың төрінен орын алса, құба-құп. Бәлкім, сонда теле­фонға үңілген ұрпақ киелі аспапқа көзі үйреніп, мойын бұрар. Бұл – ұлттық құнды­лықтарды ұлықтаудың бір көрінісі деген болар еді.

 

Бауыржан СЕРБАЙҰЛЫ,

кәсіпкер:

Жас отауға міндетті түрде ДОМБЫРА сыйлауды ДӘСТҮРГЕ енгізейік!

– Менің бір досым  бар. Барған жерінде домбыра көрсе, отыра қалып тарта жөнеледі. Асығып тұрсаң да домбыраны бір шертпесе, көңілі көншімейді-ау, жарық­тық. Бірде: «қойшы, сондайыңды, үйіңе барғанда тартасың…» деп ашуланға­ным бар. Сөйтсем, досымның домбырасын балалары сындырып қойыпты. Жақында сол текті өнерді жанындай жақсы көретін жолдасыма таңдап жүріп, сапалы домбыра сыйладым. Қуанғанын көрсеңіз! Осы орайда мен көпшілікке мынадай ұсыныс айтқым келеді: қазақта той көп қой. Тілашар, сүндет той секілді қуаныштарда баламыздың қолына домбыра ұстатсақ, қандай тамаша! Сондай-ақ, жаңадан үйлен­ген жас отауға міндетті түрде домбыра сыйлауды дәстүрге енгізсек, қандай кере­мет! Ғажап қой! Бұл сыйлық киелі аспап­тың құнын һәм қадірін арттыра түспей ме? Әйтпесе, арнайы барып домбыра сатып алып жатқан қазақты, өз басым, сирек көремін. Киелі аспапқа құрметпен қарай­тын ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, бала­лары­мызды өнерден құралақан етпейік. Әйтпесе, дәстүрлі музыкаға, ұлттық өнерге бір сөзбен айтқанда, халқымыздың рухани мұрасына мұрнын шүйіре қарайтын жандар көбеймесе азаймайды. Егер осы үрдісті тойларға енгізсек, орысша ойлап, орысша сөйлейтін «шала қазақтарға» үлгі болар ма еді, кім білсін?!

 

Нұргүл МЕКЕБАЕВА,

әуесқой музыкант:

Жас ұрпақты ӨНЕРГЕ баулу керек!

– «Алматы ақшамында» ұлттық құнды­лықтарды насихаттайтын тұшымды дүние­лер жиі жарияланып жүр. Жақында «Әкімдердің кабинетінде домбыра тұруы тиіс» деген мақала оқыдым. Күні кеше «Төрімізден домбырамыз, қолымыздан қаламымыз түспесін!» деген оймақтай ғана ойға көз жүгірттім. Ұлттық ойындарға мән беріп, асық туралы жұрттың пікірін біліп жатырсыздар. Құптарлық жәйт. Жасыра­тыны жоқ, домбырасы жоқ отбасылар бізде көп. Арамызда оны құнды дүние деп қабылдамайтындар да табылады. Әйтпесе, домбыраның үнінде құдірет бар. Бұл киелі аспап өзін қадірлей алатын, қасиетін білетін жанның қолына түссе, күмбірлей жөнеледі. Домбыра күні мерекесінде жүзеге асатын барлық шара маған қатты ұнады. Қателеспесем, сол күні дүниеге келген үйдегі тұңғыш сәбилерге домбыра сый­лайды. Оған ертең бәріміз куә болармыз. Ал жалпы, әр қазақтың төрінде киелі аспап­тың ілулі тұрғанын қаласақ, балалары­мызды өнерге баулиық. Әлбетте олар домбыраның құла­ғында ойнайтын кәсіби маман болмаса да, ұлтының өнерін баға­лайтын ұлтжанды азамат болады ғой.

 

Сауалнаманы жүргізген – Қ.ЖҰМАДІЛОВА.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *