«ТӨРЕБАЙ СОҚСЫН БАЛҒАНЫ!»

1818«Зытып келем, зытып келем». 

(Ғ.Мүсірепов. «Қазақ солдаты» романынан)

Зуылдап келеміз. Дуылдап-шуыл­дап келеміз. Жоғары қарай. Медеу жаққа. Таудан сарқырай ағатын өзен жағасына. Кейде жұмыстан кейін сонда барып, шілденің аптап ысты­ғынан тал, терек, қайыңдар саясында салқындап, жан шақыратынымыз болушы еді, сол ниетпен. Екеуден-екеу. Әңгіме, әзіл-қалжың, ән. «Біздің әкейді білесіз ғой, – дейді (менен мүшел жастай кіші) ақ сары жүзді, аласалау, тас қайрақтай, айбынды серігім нықтай сөйлеп. – Мендей емес, ұзын бойлы, зор денелі, жас кезінде шахтада істеп, бұлшық еті бұлтыл­даған күш иесі болыпты. Соғыстың алдында Қажымұқан палуан қасына әйелі мен кішкене баласын алып, ат арбамен елге келгенде, төсіне қойған тасты балғамен ұрып уататын ешкім болмай, жұрт біздің әкейге қолқа салмай ма? Барлығы жабылып «Төребай соқсын балғаны!» деп тұрып алыпты. Сонан соң қайтеді, атақты палуанды сыйлағандықтан онша зауқы соқпаса да, амалсыз мақұл депті. Депті де, Қажымұқанның төсіне қойған көлемі қол диірмендей шұбар тасты шойын балғамен үш-төрт соғып, быт-шыт етіпті. Бұл мен туардан оншақты жыл бұрын болған жағдай, кейін білетіндердің айтуынан естіп, әкейден «рас па» деп сұрағанымда, «рас» деді де қойды. Таратып ештеңе айтпады. Өзіңіз білесіз ғой, әкей сөзге жоқ, мінезі тұйық адам, бірде әйтеуір өйтіп-бүйтіп қосымша айтқызғаным бар. Қалай, тыңдайсыз ба, әлде…

«Ойбай, айта бер!» «Қайдан білейін, құлқыңыз соға ма, жоқ па деп жатқаным да. Жарайды, айтайын. Бұл енді өзінше бір хикая. Түбі кәдеге жарауы да ғажап емес. Аржағында Қажымұқан тұрған жоқ па? Шіркін, ұлылардың ұлысы! Қайран, Қажекең!»

Жөңкіле аққан өзен. Баяу ескен жел. Салқын сая. Ырғалған ақ қайың, кеуде керген бәйтерек, төмен иілген сәмбі тал. Таза ауа. Әнші құстар. Ғибратты әңгіме. Пай-пай! Және қандай! Және қырық жылдай бұрынғы… Ендеше, тәуекел. Бүгін соны қаузап көрейік…

Әдетте, өткен ғасырдағы Отан соғысы деп аталатын алапатқа дейін де, кейін де бұл қазақ нелерді бастан өткермеді, не көрмеді? Әрісін айтпағанда, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, репрессия… соғыс лаңы… ой, дүние-ай! Толып жатыр ғой. Айналайын халық сетіл­меді, кетілмеді, қайта бекінді, жетілді… Бірден емес, бірте-бірте. Сондай шақтардың бірінде – соғыстың алдында, екі-үш жыл бұрын – бүкіл әлемге әйгілі палуан Қажымұқан әлдебір бәнәйі себептермен ата-бабаларының ежелгі мекені — оңтүстік өңірге оралып, қарапайым көптің бірі ретінде Шәуілдір, Шұбар ауылдарында ғұмыр кеше бастады. Бірақ, бір орында отырмай, аталмыш облысты түгелдеп, одан қалса, көрші Өзбекстан, Тәжікстанды аралап, халыққа өнер көрсетті, дәріптеді. Тәжікстан астанасы Сталинабад қаласында өміріне қастандық жасалып, сондағы қалың қазақтың арқасында аман қалды. Соғыс кезінде самолет жасату үшін Отан қорғау қорына қаржы аударып, өз басы қашан Қазақ КСР Халық комиссарлар Кеңесінің пред­седателі Н.Оңдасынов тікелей қамқорлық жасап, зейнетақы тағайындағанша жұпынылау өмір сүрсе де жасымады, мойымады. Ескілеу ат арбасына әйелі мен жас баласын салып алып, ұдайы ауыл-аймақты аралады. Бірде сол кездерде кен орны ашылған (қазіргі Кентау) Мырғалымсайдың маңындағы Хантағының етегіне орналасқан Біресек ауылына келді. Бұл соғыстан екі-үш жыл бұрын, сол кездерде дендеген жаппай репрессия құтырмасының сәл-пәл беті қайтып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші шақырылған сессиясы өткен күндер еді. Ауылдық кеңесті Алсаев (деген) басқарып, Қалқұл Назар дейтін ауыл тұрғыны – озат кенші – Жоғарғы Кеңеске депутат боп, дүрілдеп тұрған шақ.

Сол тұстарда ашылған (қазіргі) Ащысай, Мырғалымсай кеніштерінің айнала төңіректегі төрт түлік малдан айрылған, күнкөрісі қиын­даған қазақтар үшін себі мол болды. Қолына қайла ұстауға жарайтындардың бірқатары көмір шығатын шахтаға орналасты (орыстан бастап, басқа ұлт өкілдері де аз болмайтын). Әрине, техника әлсіз, құрал-сайман жетімсіз, елдіме­кендер әлжуаз, өзге де кем-кетіктер бастан асатын. Соған қарамай, патриоттық бастама, отаншылдық ынта-жігердің арқасында қазақтан шыққан жұмысшы табы өкілдерінің еңбектері жанып, хал-ахуалдары жақсара түсті. Тіпті, ауыз су, жол қатынасы, дәрігерлік қызмет, т.б. салаларда олқылықтар бастан асып жатса да. Ал, сол кездерде…

Мырғалымсай кенішінде көмір қазатын шахтерлердің бірі екі иығы­на екі кісі мінгендей алпамса денелі, бойшаң, қос жауырыны қақпақтай, қыран қабақ, қаршыға көз, қараторы өңді, сұсты, ауыр мінезді, жасы әлі қырыққа жете қоймаған қарулы, айба­тынан арыстан сескене­тіндей, сонымен бірге, қайырымды, кіші­пейіл, әділ, адал, таза, отбасына пана, абыройы бір басына жетіп артылатын Төребай деген естияр жігіт ағасы болатын-ды.

Кеніш басшылары Төребай мен тағы бір шымыр денелі, палуан пішінді Хұсанбай деген қолы шебер, епсекті, жастау өзбек жігіті екеуін (керек кезде) мекемедегі өзге де жұмыс түрлеріне жұмсай беретін-ді. Жаз кезі. Шыңылдаған шілде. Бірде Төребай мен (өзбек) Хұсанбай көрік басып, темір балқытып жатқан төбесі ашық, аумағы ат шаптырым ұстаха­наға араб ертегілеріндегі қалақтай құман ішінен бу боп шығып, қолма-қол қара дәуге айналатын алып диюға ұқсас, үстінде майка, бұтында жұқа шалбары бар, дене бітімі алқам-салқам, қос емшегі салбыраған, құлақ-мұрны жырым-жырым, түр-түсінен адам шошырлық таудай біреу аяқтарын алшаң басып, үн-түнсіз кіріп келе жатты. Жұмыстарын кілт доғарып, таңдана қараған Төребай мен Хұсанбайға тақап келіп: «Амансыңдар ма, жігіттер, – деді гүр еткен зор дауыспен. – Естулерің бар ма, мен Қажы­мұқан деген палуан боламын. Бұкіл әлемде мен болмаған, мен бармаған ешбір ел де, жер де жоқ. Орыс, француз, түрік, қытай, жапон – бәрінің қабырғасын күйретіп, бас терісін сыпыр­ғанмын. Омбы деген қалада тұрушы ем, жас ұлғайып, қартайған соң, ата-бабаларымның сүйегі жатқан осы жаққа көшіп келдім. Қазіргі мекенім Шәуілдір (Темірлан маңайына қоныстанғаны кейінірек. — З.А.). Қарап жатып қайтемін деп ат арбамен ел аралап, жұртқа өнер көрсетемін. Кейде жеке, кейде үлкен қалалардағы циркпен бірге. Бұл жолы өзім келдім. Кәне, сендерден мойынға салғанда екі жағына он бес-он бестен отыз адам отыратын арматура табыла ма? Бар болса, бере тұрыңдар. Екі-үш күннен кейін әкеп беремін.

Тосыннан келген қара дәудің сөздерін Төре­бай мен Хұсанбай әрі үрейленіп, әрі естері кете қызығып тыңдады. Қажымұқан туралы еміс-еміс естігендері жоқ емес-ті. Бірақ, ауыз ашуға шама жоқ. Абырой болғанда, палуан сұрағандай арматураның неше қилысы бар еді. Біреуін таңдап, екі жігіттің апарып берейік дегеніне сендерге ауыр болады деп көнбей, палуан иығына салып өзі алып кетті. «Қызық көрем десеңдер, кешке келіңдер», – деп гүж етті қорадан шығып бара жатып. Әлбетте, барады. Бұлар бармай кім барады.

Кешке дейін Біресек ауылында неше қилы әңгіме желдей есті. Қажымұқан жерге шалқа­сынан жатып, үстінен машина өтеді екен деп те даңғазалады. Алайда, ешқандай даңғаза емес, сол күнгі кешкіліктегі үлкен алаңда көрсетілген ойында барлығы солай болды, тіпті, одан да асып түсті: иықтағы отыз адам отырған арматурамен алаңды екі-үш қайтара айналып шығу, білектей-білектей темірлерді екі бүктей салу, отыз бір пұт кірдің тасын бастан шыр айналдыра жоғары көтеру, (жан-жағына тақтаймен шегендеп) үстінен (полуторка) машина жүріп өту секілді кереметтерді көзбен көрген жұртта ес жоқ. Ең соңында:

– Енді бір ойын қалды. Сонан соң бүгінге аяқтаймыз, – деді Қажымұқан жайбарақат.

Сөйтті де, тақыр жерге шалқасынан жатып, көлемі қол диірменнен үлкен сұрғылт түс бұжыр тасты көкірегіне қойды. «Ал, кәне, мына тасты анау шойын балғамен соғып уататын қайсың бар, шығыңдар ортаға, қорықпаңдар, келіңдер!», – деп гүр-гүр етті.

Үнсіздік. Тым-тырыс. Біреулер кеу-кеуледі ме екен, ауылдағы ең мықты саналатын Хұсанбай өзбек алға бір-екі аттады да, ізінше жүрегі дауаламағандай кері шегініп кетті. У-шу, ду-ду. «Ай, бұл не? Үстінен машина өткен палуанды аяп тұрсыңдар ма? Шықсаңдаршы! Бар емессіңдер ме?»

Ешкім тырс етпейді. Қажымұқанда асып-сасу жоқ. Әлі-ақ балға соғатын жаужүрек табыларын білетіндей, пәруәйі пәлек. Ауылдық кеңес бастығы Алсаев пен Жоғарғы Кеңес депутаты Қалқұл Назар қайта-қайта орындарынан тұрып, қалың қауымға қарайды. Бастарын шайқайды. Әр тұстан гүжілдеген дауыстар естіледі:

– Болсаңдаршы, түге!

– Әй, Хұсанбай, саған не болғані?

– Хұсанбайды қайтесің, ол әлгінде қашып кетті ғой. Төребай шықсын!

– Төребай қайда? Осында ма?

– Онда Төребай шықсын!

– Төребай соқсын балғаны!..

Жаратылысынан діні берік, томаға-тұйықтау, көзге түсуді қаламайтын Төребай екіой­лы боп, бір жағы намыс қысып, онсыз да ұшып тұруға шақ отыр еді, енді шегінетін рет қалмай, тез-тез адымдап барды да, шойын балғаны үш-төрт қайтара ұршықтай үйіріп, періп-періп жібергенде Қажымұқанның көкірегіндегі көлемді қалың тастың күл-талқаны шығып, жан-жаққа жаңқадай шашырады. Түк болмағандай орнынан атып тұрған Қажымұқан «ей, сен бағанағы жігітсің ғой» деп арқасынан қақты. «Тегін емесіңді сонда-ақ біліп, балға соғуға жарайды-ау деп кеткенмін. Ойым дәл келді. Алдыңнан жарылқасын!»

Халық айтса, қалт айтпайды. Пах! «Төребай соқсын балғаны!» Соқты, әрине! Қалт кетпеді, мүлт кетпеді. Төребайдың ұзақ жылдар бойы кейінгі ұрпаққа аңыз ретінде жетіп, ара-тұра айтылып келе жатқан осынау «балға соғу» оқиғасын оның бүгінгі атақты ғалым, сыншы, жазушы, ғұлама дәрежесіне көтерілген «бір жапырақ сарғалдақ» ұлы Әшірбек Сығай Төребай­ұлынан – сол тау баурайында – естіген бойда мұны хатқа түсіріп, жазса да көптік етпейді екен-ау дегенім болатын да, сәті келмей жүруші еді. Соның орайы бүгін – қырық жылдан кейін келгеніне иншалла, тәуба. Төребай атамыздың туғанына 110, Аққыз апамыздың туғанына 100 жыл толып, баласы Әшірбек пен келіні Күләш бастаған үрім-бұтақ, өрен-жарандары аяулы ата-әжелерінің әруақтарын еске алып отырған шақтарда…

P.S. Жаздың соңы, күздің басы. Түнгі сағат төрт. Телефон шыр етті. Тұтқаны көтер­сем – қайран Рекең, Райымбек Сейтме­тов. «Әшірбектің анасы Аққыз анамыз қай­тыс бопты. Сыртқа шыға беріңіз, қазір барамын» деді. Үй арамыз алыс емес-ті, дереу «Орби­таға» тарттық. Ол кезде Әшірбек сонда тұра­ды, ЦК-да істейді. Барсақ, әлі онша ешкім келіп үлгермепті…

Таң атысымен Райымбек «мен шаруамен айналысайын, сіз осында болыңыз, мұнда жақындардан біреу болу керек» деген соң, ол кетіп, мен қалдым. Қалғанда, үш күн-үш түн тапжылмай отырып, Аққыз апамызды ел-жұрт боп ақтық сапарға шығарып салдық. Бұл қайғы Қажымұқандай палуанның төсін­дегі шоқпар тасқа шойын балға соққан Төре­бай атамызға тіпті де оңай соққан жоқ-тын. Атамыз апамыз қайтқан соң, бірінші құдай, онан соң ұлы мен келінінің күтімімен он екі-он үш жылдай ғұмыр кешіп, кейін ол да аттан­ды бақиға. Аққызымен табысуға, қауы­шуға!

Бірге тумасақ та, туғаннан былай болмай, үрім-бұтағымен сіз-біздесіп жүргенге қанағат демей не дейік. Алматыға Әшірбек деп келген әзіз ата-ана рухына тағзым демей не дейік. Нұрларың пейіште шалқи берсін, қайран Төребай ата, аяулы Аққыз апа!

Сендерге бүгінгі еске алу жоралғысы жұ­ғыс­ты боп, ұрпақтарыңа Алланың нұры жауа берсін!.. Әумин!..

Соғыстың алдында, екі-үш жыл бұрын – бүкіл әлемге әйгілі палуан Қажымұқан әлдебір бәнәйі себептермен ата-бабаларының ежелгі мекені оңтүстік өңірге оралып, қарапайым көптің бірі ретінде Шәуілдір, Шұбар ауылдарында ғұмыр кеше бастады.

Зәкір АСАБАЕВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *