ТҰРҒЫНДАР АМАНАТЫ – ДЕПУТАТ НАЗАРЫНДА

Алматы  қалалық мәслихатына депутаттыққа Алатау ауданынан сайланған Қали Қошқарұлы Сәрсенбайдың жергілікті «Ақбұлақ», «Зерделі», «Құрылысшы», «Түркістан», «Әйгерім» ықшамаудандарының тұрғындарымен өткізген кездесулерінде және  қоғамдық қабылдауларында балабақшалардағы орын тапшылығы, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ойын алаңдарының жетіспеушілігі жан-жақты  сөз болды. Аудан қала бойынша сәбилердің жыл сайын өмірге келуі көрсеткіші  (5000-нан  астам сәби) жөнінен алдыңғы қатарда болғанымен, балалардың  балабақшалармен қамтылуы (3200 сәби) мұнда өзекті  мәселеге айналған. Балабақшаға орналаса алмаған балалардың мектепке барғанда  оқу бағдарламасына ілесіп кетуі, сабақ үлгерімі төмен  болатыны да ақиқат. Ал балабақшаға бармаған балаларды толық қамтып, мектепке дейінгі дайындықтан өткізуге де мүмкіндік жоқ. Ол-ол ма, аудан көлемінде   мектеп оқушылары  үшін де  орын жетпей жатқандығы жайлы дабыл қағылып отыр.

Қонысбай  ДҮЙСЕНОВ

Ауданда  жаңадан балабақшалар салу – уақыт талабы десек, бұл мәселені шұғыл қолға алатын кез жетті. Осындай  өзекті мәселелерді  шешуге қатысы бар қаладағы тиісті  қызметтер басшылары «Алматы ақшамы» газеті арқылы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде аудан тұрғындарымен тұрақты байланысқа шығып, шешімі қарастырылып жатқан өзекті мәселелер жайлы  дер кезінде  хабарлап отырса, нақты ақпараттарын беріп отырса  дұрыс болар еді.

Тұрғындармен жүздесулерде депутат назарына іліккен өзекті мәселелердің тағы бірі – ауданның көптеген елді-мекендерінде мектеп жасына дейінгі  балаларға қажетті арнаулы жабдықталған ойын алаңдарының мүлде  болмауы.  Балалар арнайы ойын алаңдары болмағандықтан,  тар көше-көшелермен, көлік  жолдарымен жаз айларында  топырақты шаңдатып доп қуалауға, қыс маусымында қауіпті жағдайға қарамастан шанамен сырғанауға  мәжбүр.

Әлбетте, дәл қазіргі жағдайда әрбір елді-мекенге бөлек-бөлек  ойын алаңдарына бірден бос жер табу қиын екендігі түсінікті. Жер тапшылығы бар, әрі  жеке-жеке жұмсалатын  шығын көлемі де  шаш-етек­тен болатыны белгілі. Сондықтан бірінші кезекте  Алатау ауданында барлық балалар мен жастардың  мүддесін көздей отырып, бір үлкен демалыс саябағы орталығын ашу мүмкіндігін қарастыру қажет деп ойлаймыз. Бұл Орталықта  жаңа заманға сай аттракциондар, түрлі ойын алаңдары, бассейн, стадион жұмыс істесе,  ата-аналар балаларымен бірге  барып, демалыстарын  жақсы өткізер еді. Мұндай демалыс  кешенінің құрылысын  «Құрылысшы» ықшамауданындағы бұрынғы әскери бөлім орналасқан, қазір бос тұрған көлемді аумақты жер телімін пайдаланса немесе Үлкен Алматы арнасының солтүстігіндегі құрғатылған көлдің орнын қарастырса дұрыс  болар еді.

Құрылғанына  10 жылдан асқан Алатау ауданы­ның  жеткен жетістіктерін бүкіл еліміз біледі. Жылдар бойы қала аумағында тұрса да шын қалалықтарға тән көрсетілетін қызметтерге енді-енді қол жеткізе бастаған аудан тұрғындарының жасам­паз өмірге деген құлшыныстары жоғары,армандары асқақ. Аудан тұрғындары үшін  ерекше маңызға ие аталған мәселелердің оң шешім табуына тиісті салалық қызметтер басшылары бар мүмкіндіктерді қарастырады деген  үміттеміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *