ТӘН МЕН ЖАН ШИПАГЕРІ

%d0%b7%d0%b0%d0%bf%d0%b8%d1%81%d0%ba%d0%b8-%d0%b4%d0%be%d0%ba%d1%82%d0%be%d1%80%d0%b0

Ырымшыл қазақ жаңа туған шақала­ғына ат қойғанда саясатқа  да сараңдық танытқан емес. Кеңес кезінде боль­шевиктік көсемдердің фамилияла­ры­ның бастапқы қаріптерінен құралған  Мэлс деген есім (Маркс-Энгельс-Ленин-Сталин) жиі кездесетін. Біздің кейіп­керіміз  де  есімі саясатпен байланысты­рылған адамдар санатынан. Шығысқа­зақстандық хирург, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісінің иегері, бүгінде зейнеткер Семекеңнің де азан шақырып қойған аты – Семен.

Семен 1938 жылдың 22 желтоқ­санында туған. Ол кезде әкесі Шерияз­дан Қоңырбаев Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының Ақсуат ауылдық кеңесінің хатшысы болып істейтін. Кеңсесінде Кеңес Одағының Маршалы Семен Михайло­вич Буденныйдың портреті ілулі тұра­тын. Әкесі бұл заманның Қаракерей Қабанбай батыры Буденный ғой, сондай қолбасшы болсын деп ырымдады ма, кім білсін, ұлына Семен деген есім берген екен. Әкенің ырымы қырын кеткен жоқ. Сол Семені елге танымал хирург болды. Семей медицина институтының 5-курсында оқып жүргенде Ашхабад түбін­дегі лагерьде екі айлық әскери даярлықтан өткен соң алған шені – медицина лейтенанты ғана.

Енді, міне, сол лейтенант-дәрігер Семекең сексеннің сеңгіріне шығып, өткен өмір жолдарына зайыбы екеуі көз тастағанда, бағзы біреулердей «әй, бәләй, сол бір шақта неге өйтпедім-бүйт­педімге» салынбайды. Оған дәрі­гердің «Записки доктора» кітабын оқыған кез-келген адамның көз жеткі­зері анық. Қайта қуаныш-сүйінішпен еске алатын жылдары көп. Бір кездері басшылық мансап иесі де болды. Сегіз жыл бойы Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісі­нің орынбасары боп істеген кезінде облыстық ауруханада кардиохирургия­лық бөлім ашу, шет аудандардағы алыс мал отары учаскелерінде ауырып қалғандарды облыс орталығына шұғыл жеткізу үшін санитарлық авиацияны ұйымдастыруы, Өскемен қаласында жедел жәрдем стансасын диагности­калық аппаратпен қамтамасыз ету, шалғайдағы төрт ауданда жаңа  ауруха­налар салу сияқты көптеген іс-шара­ларды жүзеге асыруға мұрындық болды.

Тағы бірде Алматыға жолы түсті. Республика денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шармановтың шақыруы бойынша министрліктің екінші бас­қармасының бөлім бастығы қызметіне тағайындалды. Жұбайы Ғалиясы қалалық жұқпалы аурулар аурухана бас дәрігерінің орынбасары әрі денсаулық министрлігінің бас жұқпалы аурулар дәрігері қызметін қоса атқарды. Алматы маңындағы Қаскелең өзенінің жаға­сында салына бастаған «Рахат» сана­торийінің бас дәрігері қызметіне жіберілгенде құрылысшы да болып кетті. Үш тұрғын корпус, 200 орынды асхана және 250 орынды кино-концерт залы бар бас корпусты сумен және бал­шықпен емдеу корпусын салдыртты…

Өткен-кеткеннің бәрінен ерекше ыстық әрі қымбат санайтыны – әу дегенде Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шектес, Өскеменнен жарты мың шақырым шалғай жатқан Тарбағатай ауданының хирургі болып істеген кезі. Қазіргі заманда, – дейді Семекең, – ауылға барып қызмет істеуге келісім берген дәрігерге бір миллион теңге қаражат беріп, жаңа қоныс сыйлайды. Ал мен 1962 жылы институт бітірген соң, Тарбағатайға хирург қыз­метіне жіберілгенімде аурухана бухгал­териясының шағын бөлмесінде тұрдым, жиналмалы төсекке жатып ұйықтай­тын­мын, тамақты кез-келген дәмі тарт­қан жерден ішіп жүрдім, – дейді алыста қалған жастық шағын еске алған ол.

Семен Тарбағатай ауданында хирург боп істеген тұңғыш қазақ дәрігер болатын. Мұндағы отыз мыңнан астам қазекеңдер ол кезде орысшаға шорқақ, көбі тіпті нан сұрауды да білмейді екен. Сол себепті, қазақшаға мақырұм дәрі­герге ауруының мән-жайын дұрыстап түсіндіре алмайтын ауыл тұрғындары қазақ дәрігерін көргенде қатты қуан­ғандары шындық. Семекеңнің «Записки доктора» кітабында келтірілген (2014) бұл тұстары – маған да мәлім шындық. КазГУ-дің журналистика факульте­тінің студенті кезім. Әкем Рүстем Тар­бағатай аудандық «Зоготскот» мекеме­сінің басшысы болып істейтіндіктен, жазғы каникулды аудан орталығы – Ақжарда өткізетінмін.

 

 Семен – бүтін бір ауданға жалғыз хирург. Тыным таппайды. Тәулік бойы жұмыс істеуші еді десе де болады. Жастық дәурен шіркін небір ауыртпа­лыққа көнбіс қой. Талай рет таудағы мал жайылымы учаскесіне оқыс аттанатын. Апатқа ұшырап, аяқ-қолын сындырған, басқа да ауыр жарақат алғандарға (аудан орталығы – Ақжарда  электр жарығы жоқ) түн ішінде ота жа­сауға, босана алмай қиналған әйелдерге көмек беруге кіріскенінде соляркамен оталатын қондырғының электр жарығымен жұмыс істейтін.   

 

– Өзіңе белгілі, – деді Семекең әңгіме арасында, – ауданның солтүстік-шығыс бетіндегі Шілікті совхозы Ақжардан 100 шақырым қашықтықта. Сол совхоздың бас инженері мен меха­нигі егін орағы кезінде комбайнерлерге қосалқы бөлшектер апарып беруге аттанып бара жатып, апатқа ұшырайды. Қалың тұманды қараңғы түнде көліктері қапыда астық тиеген ауыр жүк көлігінің доңғалағының астына кіріп кетеді. Механик тіл тартпастан көз жұмады. Жаны кіресілі-шығасылы бас инженер Шіліктідегі учаскелік ауруха­наға жеткізіледі. Медпунктте тиісті маман дәрігер қайдан болсын, совхоз басшылары телефон соғып, менің тездетіп жетуімді өтінді. Дереу қажетті медициналық аспап-құралдарды алып, қасыма медбикені ертіп, ескі «Уазикке» мініп, түні бойы жүріп отырып, Шілік­тіге таң сәріде жеттік. Бойында жаны бар демесең, бас инженердің халі тым мүшкіл екен. Қол-аяқ, қабырғалары сын­ған, ес-түссіз жатыр. Дереу қан ағуын тоқтаттым. Абырой болғанда, тиісті донорлар табылып, науқастың ағзасына өзіммен ала келген белок пре­параттармен қоса қан құйдым. Ашық сүйек сынықтарын орын-орнына қойып, ажалдан арашалаудың басқа да шараларын қолдану нәтижесінде бейшараның тамыр соғысы, артериялық қысымы қалыбына келді, тек әлі де есін жия алмай жатқаны болмаса. Ем-дом апта бойы жасалды. Сәтін салғанда бас инженер күн санап бой жия бастады.

Ақжарға қайта оралар шақта бас инженердің туған-туысқандары хирург-дәрігер   Семенге  рахметін жаудырды. Сон­соң, жоғары жаққа Семенді мара­паттауға ұсыныс жасағандарын   айтты. Семен ауыл қазақтарының өзінің еңбе­гін жоғары бағалағандарына ризашы­лығын білдіре отырып, өзінің тек дәрі­герлік борышын атқарғанын, сол се­бепті әкелген сыйлықтарын ала алмай­тынын мәлімдеді.

Осындай  шұғыл  ота, басқа да тез ем-дом жасауды  қажет ететін, бірінен-бірі өткен апатты оқиғалар жиі болып тұратын. Ауру-сырқаттарға жедел көмекке аттанып бара жатқанында, не тиісті шаруаны атқарған соң аудан орталығына қайтқанында, жас хирург «Жалғыз ағаш орман болмайды» деген мәтелді жиі еске алатын. Алыс ауданда медициналық көмек жұмысын жолға қою амалын ойластыра жүре, ақыр аяғында Тарбағатай аудандық партия комитетіне бас сұғып, ауданда халыққа медицина көмегін шұғыл жақсарту керектігін мәлімдейді. Аудандық партия комитетінің бюросы баяндамасын мұқият тыңдап, тиісті қаулы қабыл­да­ды, бірқатар қомақты іс-шара белгіледі. Нәтижесінде аудандық жедел жәрдем пунктіне лайықты үй бөлініп, жеке теле­фон қойылды. Аупарткомның өтінуі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем пунк­тіне екі бірдей «УАЗ» жол талғамайтын автокөлігін бөлді. Аудандық медици­налық пунктке қосымша медициналық аппарат,  жабдықтар да жіберді.   Екі фельдшер Өскеменнің қалалық жедел жәрдем станциясында тәжірибеден өтіп, қызметіне  кіріседі.

 

Аудандағы жалғыз хирург Семен ақыр аяғы көпсалалы әмбебап дәрігерге айналды. Керек десеңіз, акушер-гине­колог та болды. Босанған әйелдің қанын тоқтату,  толғатқанда  табиғи  жолмен  босана  алмағандарына «кесарь тілігін жасау, ана мен баланың жанын қалайда  аман алып қалу»… айта берсе толып жатыр. Сондай қиын сәттердің өзінде ол шаршадым деген сөзді аузына алмайтын.

 

Семекеңнің «Записки доктора» кіта­бының өз басыма әсіресе, ұнаған тұсы: «Что греха таить, большинство медиков, хотя имеют диплом врача, но призвания к врачеванию не имеют. По-моему, глав­ная ошибка кроется в приеме студентов в медицинские институты. Они сдают экзамены по известным предметам, изученным в школе. А готов ли стать врачом по призванию души, никак не проверяется», – деген пікірі. Ол пікірі біздегі қазіргі Қазақстанның медицина саласындағы біршама келі­сімсіз жәйттерді еске түсіретіндіктен, кітап авторынан Гиппократ антын бұзғандар хақында  таратыңқырап айтуын өтіндім.

Семекең дәрігерлік борышына нем­құрайлы әріптестерінің көбінің көз жұмғанын, о дүниеліктер    жөнінде тек мақтау сөз айтуға керек, әйтпесе мүлде үндемеген абзал дей келе, мамандығына селсоқ дәрігерлерге кешірім болмауы керектігін айта келіп, бір-екі мысал келтірді. «Гиппократ: «Алдыңа келген науқастың ең  әуелі ауруына емес, жан дүниесіне үңіліп, оны мазалап жүрген өмірлік ахуалына мән беру керек» деген ғой, ал науқастың жан дүниесі түгілі, ауруына да атүсті қарайтындар, амал не, аз емес», – дейді Семен.

Біз білетін Семекең тәннің де, жан­ның да дәрігері. Осы мамандықты шын жүрегімен қалаған өз ісіне адал абзал жан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде: «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өне­рімен озып шыққан қаншама заман­дастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары кез-келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан оларды жастарға үлгі етіп көрсетуіміз керек», – дейді. Кеңес кезінде де, тәуелсіз­дігіміз уақытында да қажырлы еңбек еткен Семен Шерияздановтың омы­рауын­да «Құрмет белгісі» ордені, көп­теген үкімет наградаларының жарқы­рауы сол жанкешті еңбегінің нәтижесі. Хирург-дәрігер Семекеңнің өнегелі істері – бүгінгі және болашақ дәрі­герлер үшін, жалпы маман кадрлары­мыздың баршасына үлгі.

 

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.     

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *