Түменмен тікелей әуе байланысы

Ұлттық әуе компаниясы Ресейдің Сібір өлкесімен әуе қатынасын ашты

Нұрлан СҮЙІН

 

Қазақстанның халықаралық әуе кеңістігіндегі бірден-бір компа­ниясы – «Эйр Астана» Оңтүстік Сібір өлкесінің орталығы Түмен (Тюмень) қаласына қатынайтын әуе рейсін ашты. «Эйр Астананың» жаңа «Астана-Тюмень-Астана» әуе рейсі 2 маусымнан өз жұмысын бастады. Жаңа рейс апта­ның дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері жүргізіледі. Әуе қатынасы «Эйр Астананың» Embraer-190 әуе кемесімен жасалады.

Дүйсенбі күні КС-143 рейсі Аста­нада сағат 13.30-да көтеріліп, Түмен қала­сына 14.10-да келеді. Түменнен КС-144 рейсі болып – 15.10-да ұшып, Астанаға 17.40-та қонады.

Сәрсенбі: Астанадан 13.10-да шығып, Түменге 13.50-де, кейін қарай Түменнен 14.50-де, Астанаға 17.20-да.

Сенбі күні: Астанадан 09.00-де ұшып, Түменге 9.35-те, кейін қарай Түменнен ұшуы 10.35-те, Астанаға келуі 13.10-да. Рейстер жергілікті уақытпен (уақыт айырмасы 1 сағат) беріліп отыр.

Жаңа рейстің жол уақыты 1 сағат, 30 минут. Билет құны барып-келу екі бағытына 67173 теңге (эконом класс), 156025 теңге (бизнес класс).

 

Жаңа рейс – жаңа мүмкіндіктер

 

Ұлттық әуе компаниясының оңтүс­тік Сібірдің орталығымен байланыс­тыратын Астана-Тюмень-Астана әуе рейсі үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Біріншіден, атақоныс Сібір жеріндегі қандастар үшін Қазақстанға 1,5 сағатта ұшып келетін жағдай жасалса, екін­шіден, жалпы сібірліктер (кәсіпкерлер, демалушылар, біздің елге қызығу­шылар) де қуаныш білдіруде.

«Эйр Астана» әуе компаниясы Елордадан Оңтүстік Сібір орталығына ашылған, Астана-Тюмень әуе бағы­тының алғашқы рейсімен республика­ның беделді басылымдары, сайттары журналистеріне баспасөз-турын ұйым­дастырды. Арасында «Алматы ақшамы» өкілі бар топты «Эйр Астана» компа­ниясының РR менеджері Тлек Әбдірах­манов бастап барды. Қазақстанның БАҚ өкілдері делегациясы бар алғашқы рейсті Түменнің «Рощина» әуежайы салтанатпен қарсы алды.

Түмен әуежайында өткен салта­натты іс-шара мен баспасөз мәслиха­тында «Аэропорт Рощино» АҚ Бас директоры Игорь Лужбин, «Эйр Астана» әуе компаниясының ТМД елдері және Ресей бойынша бас менед­жері Дмитрий Капарулин, Түмен облы­сының Қазақтар ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ибраев, т.б. ресми өкілдер жаңа әуе бағы­тының қажеттілігі, жаңа мүмкін­діктері жайында айтты. Жаңа бағыттың ашылуына «Эйр Астана» компания­сымен қатар, «Рощина» әуежайы бас­шылығы, Есенғали Ибраев басшылық ететін облыстық Қазақтар қауымдас­тығы атсалысыпты.

Есенғали Қамзеұлының айтуынша, Түмен облысында осыдан 10 жылдай уақыт бұрын жүргізілген санақ бойын­ша 18 мыңдай этникалық қазақтар тұр­ған екен. Негізінен Сібір жерін атақо­ныс еткен жергілікті қазақтар өз тілі мен салт-дәстүрін сақтап қалуға күш салатын көрінеді. Қазақтар қауымдас­тығы жайында алдағы сандарда кеңінен айтатын боламыз. Ең бастысы, Қазақ­станның бас қаласымен тікелей әуе рейсі ашылғанына олар аса қуанышты.

Жалпы, «Астана-Тюмень-Астана» рейсінің ашылуы түмендіктер үшін үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр екен. Жаңа рейс Сібір халқы үшін әлемнің түрлі қалаларына сапарлау мүмкіндігі. Олар транзиттік қатынаспен Астана арқылы Пекин, Франфурт, Баку, Ташкент, Бішкек, Киев, Стамбұл, Тбилиси, Бангкок, т.б. әлем қалаларына саяхат жасай алады.

Оңтүстік Сібірдің орталығы сана­латын Түмен – Сібір жеріндегі өндіріс­тік, мәдени, ғылыми, тарихи дамыған, 730 мыңдай тұрғыны бар ірі қала. 1960–1970 жылдары мұнай мен газ өндіруде күрт дамыған Түмен бүгінде барлық жағынан да қалыптасқан. Қала айма­ғында емдік қасиеті ерекше бес ыстық су көздері (толық жабдықталған) бар екен.

Өздерінің болашақтарын барлық жағынан Қазақстанмен байланыстырған сібірліктер «Эйр Астана» әуе компания­сының ашқан «Астана-Тюмень-Астана» жаңа рейсіне дән риза.

 

Р.S.

Алматы-Астана-Тюмень-Тобыл бағытында болған жолсапар жазба­ларын алдағы нөмірлерден оқисыздар. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *