ТҰМАУДА ДА АРИХ БАР немесе ауырмау үшін аяғыңызды жылы ұстаңыз

ТІЛШІ ТАЛДАУЫ

7Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

Қыс келді, жердің бетін ақ ұлпа қар басты. Қармен бірге аязды күндер де келетіні сөзсіз. Суық ауа райының келуімен айналамызда үлкен өзгерістер де болуда. Бастысы, аурусырқау тудыратын вирустар азаяды. Адам ағзасы қатал табиғаттың талабынан шығу үшін «етек-жеңін жиып», өзіне күш-қуат жинауға мұқтаж. Соған қарамастан, қыс маусымы жұқпалы тұмаудың қабынатын кезеңіне жатады. Суыққа ілесіп келетін тыныс жолын қабындыра отырып, өзге ауру түрлерін қоздыратын жұқпалы тұмау осы кезде өршиді. Қарап отырсаңыз, кереғар дүние. Әсілінде, қыс маусымында ауру тудыратын вирустар азайған тұста, жұқпалы аурудың да азаюы тиіс емес пе? Бірақ, олай емес…

«Тұмау» десе, күні кешеге дейін мән бермей келгеніміз шындық. Емі жоқ «құс тұмауы» туралы ғалымдар дабыл қаға бастағаннан кейін ғана, оның біз ойлағандай қарапайым дүние емес екенін, қайта, тасадағы үлкен қатер, байқатпай алатын жау екенін мойындай бастадық. Бірақ, әлі де салғырттығымыз басым. Айталық, тұмауды «жәй суық тию» немесе «жәй тұмау ғой» деп қарабайыр ойлайтындар қаншама.

Адам баласының аурумен күрес тарихы, онда да жұқпалы тұмаумен күресі аса ауыр бола отырып, жинақталған тәжірибеден тұрады. 1918 жылы қазан айында Оңтүстік Африканың елге мәлім кен орнында жер астынан жұмысшыларды шығарып келе жатқан жүргізуші У.Шеир кенеттен басы айналып, өн-бойын тер басып, буын-буындары әлсіреп, машинаның тұтқасынан айрылып қалады. Соның салдарынан апат орын алып, 24 адам жантәсілім болған. Міне, бұл өткен ғасырдың алғашқы ширегінде адамзатқа үлкен апат әкелген жұқпалы тұмаудың салған сұмдығы еді. 1918 жылдың қыркүйек айынан желтоқсанға дейінгі 24 аптада жұқпалы тұмау бүкіл Жер шарын жаппай жайлап, шамамен 21 миллион адамның жанын жалмаған (ал бүгінгі таңға дейін шамамен 50 миллион адам осы дерттен жан тапсырды деген дерек бар). Бұл сан, тіпті, бірінші дүниежүзілік соғыста өлгендердің санынан да көп еді. Жұрт жұқпалы тұмаудан баудай түсіп жатты. Емханалар науқасқа толып кетті. Оның үстіне ен жайлаған дерт денсаулығы әлсіз қарттар мен балаларды ғана емес, дене қуаты мықты жас адамдарды — отыз жасқа дейінгі атпал азаматтарды да жайратты. Санаққа қарағанда, сол жылдарда шамамен жас адамдардың 8 — 10 пайызы жұқпалы тұмаудан көз жұмған.

Соған қарамастан, әр елдің үкіметі мен емдеу саласының баса-көктеп келген апат турасында білері аз еді. Ауруға қалай қарсы тұруға болатынын да біле бермейтін. Бірінші дүниежүзілік соғыс енді ғана аяқталған кезең болғандықтан, әр ел бұл ауруды өзінің жорамал дұшпандарының жасырын қастандығы деп түсінген. Еуропада жұрт жұқпалы тұмауды таратушы испандар деп кінәласа, орыстар «Орталық Азиядағы көшпенді халықтардан келді» деген, немістер «француз әскерлері Азиядағы отар елдерден жұқтырып әкелді» десе, АҚШ-тықтар «бұл дертті бізге неміс сүңгуір кемелері әдейі таратты, жұқтырды» деп қараған. Апаттың салдары ауыр еді. Қысқа ғана уақыттың ішінде үш мәрте қайта соққан тұмаудан Еуропа мен Азияда миллиондаған гектар ауыл шаруашылығы өнімдері жиналмай, атызда қалған. Оның әлемдік экономикаға салған зардабы өткен соғыстан да күшті болыпты.

Осыдан кейін ғана адамзат жұқпалы тұмаумен (іnfluenza vіrus) шындап күресе бастайды. 1933 жылы ағылшын ғалымы У.Смид алғаш рет тұмау бактериясын байқап, оған H1N1 деп ат қойды. Формулада H — қызыл қан плазмасын, N — жүйке-жүйесіне қатысты амин қышқылын көрсететін еді. Арадағы сан — тұмау бактериясының түріне сәйкес келеді. Бүгінде жұқпалы тұмаудың сан түрі пайда болды. Жұқпалы тұмау тыныс жолындағы кілегей қабыққа жұғатын, адам мен жан- жануарларға, құс түрлеріне бірдей таралатын ауруға жатады. Басты ерекшелігі — ауада оңай таралады. Төмен температурада өмір сүреді. Сондықтан қыстың басында тұмау өршиді. Бүгінде жұқпалы тұмау вирусы үлкен өзгерістерге ұшыраған. Бастысы, тұмауға қарсы дәрілердің әсерінен тұмау вирусы жаңарған. Экологияның өзгерісі де тұмау бактериясының жаңаруындағы басты себептердің бірі болып отыр. Соңғы жылдары адамзатты үрейге салып отырған «құс тұмауы» вирусы осы жаңарған аса қауіпті түріне жатады. Бұл түрдегі тұмау вирусын жою адамзат үшін дәл қазіргі шешуге тиісті басты мәселенің бірі болып отыр. Тұмау жұққанда байқалатын басты белгілер: адамның дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, іші өтеді, сонымен бір уақытта бұлшық еттері мен сүйектері қақсап ауырады.

Тұмаудан немесе жұқпалы тұмаудан сақтанудың басты жолы — дұрыс тамақтанып, тазалыққа мән беріп, денені жылы ұстау, спортпен айналысып, көп қимылдау. Әсіресе, аяқты жылы ұстаған жөн. Аяқ тоңған жағдайда тыныс жолындағы тамырлар жиырылып әлсірейді де, тұмау бактериясы оңай жұғады (содан адам ағзасы тұтастай салданады.) Қайнаған су ішіп, ауыз қуысы мен тыныс жолының суықтан құрғап, жарылуының алдын алып отыру керек. Үйдің ауасын жаңартып тұру да аса қажет. Тұмау тараған кезеңде мүмкіндігінше әлеуметтік орындарға бармаған дұрыс. Себебі, тұмау ауада аса тез тарайтын қасиетке ие.

Тамақтануда да құнттылық қажет. Ақуыз — қан құрамындағы ақ қан клеткасының вирусқа қарсы қуатын күшейтетін басты құрамдардың бірі. Ағзаны ақуызбен толық қамтамасыз етіп тұратын тағамдарды көптеп тұтыну тұмаудың алдын алады. Құрамында темір, мырыш сияқты элементтері көп ет, сүт, жұмыртқа, т.б. азықтарды тұтыну керек. A дәрумені тыныс жолы мен ауыз қуысындағы кілегей қабықтың ақаусыздығын қамтамасыз етсе, B дәрумені ақуыздың көптеп жасалуына көмектеседі, C дәрумені мен E дәрумені ағзадағы еркін йондардың жұмысын реттеп, ағзаның иммунитетін арттырады. Бұл дәрумендер бұршақ тектес көкөністер мен жеміс-жидектердің құрамында мол сақталған.

Мүмкіндігінше жоғарыдағы азық түрлерімен тамақтанып, тазалыққа мән беріп, салауатты өмір салтын ұстанғанда тұмаудан сақтануға болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *