Тұмау түрленіп тұр

ал сіз одан қалай емделіп жүрсіз, тұмауға қарсы екпе алдыңыз ба?

Басқа ауруды қайдам, осы тұмаудың қаупі қандай үрейлі болса, оның атауларының өзі де кәдімгідей қорқыныш тудырып, ауырмай тұрып үрейіңді ұшыратыны бар. Өткен жылы қоғамдық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері елімізге «Мичиган», «Гонконг», «Брисбен» деген тұмау түрлері келе жатыр деп бір дүр сілкіндіріп еді. Биыл да еліміздің бас санитары бастап, оны жергілікті жерлердегі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен жұқпалы аурулар дәрігерлері қоштап, шұғыл жиын өткізіп, тұмаудың қатты болатынын айтып, тағы бір елең еткізген болатын.

Былтырғы тұмау түрлеріне биыл тұмаудың жаңа екі А(N3H2) Сингапур, В – Колорадо деген түрлері қосылып отыр. Былтырғы «Мичиган», «Гонконг», «Брисбен» деп аталатын тұмаумен біздің ағзамыз «достасып» үлгерсе керек, яғни оларға қарсы иммунитетіміз қалып­тасқан, ал енді биыл Сингапур мен Колорадоға қарсы күресуімізге тура келіп тұрған сияқты. Дәрігерлер тұмау­дың алдын алудың бірден-бір жолы – оған қарсы екпе ектіру дегенді жыл сайын тұмау мен ЖРВИ басталмай тұрып құлағымызға құйып жатады. Тіпті, осы аурулардың салдарынан болатын асқынулардың соңы өлімге соқтыруы мүмкін деп жатса да, сол екпеге көбіміз мән бере қоймайтын сияқтымыз. Үкіметіміз 2018-2019 жылғы эпидемиологиялық маусымға қарсы қолдану үшін 1 млрд. 200 млн. теңгеге тұмауға қарсы егілетін Ресейдің «Гриппол+» вакцинасын сатып алған. Миллиард қаржы жұмсап сатып алған бұл вакцина небәрі 1,5 млн. адамға ғана жетеді екен. Ал қалғандарымызға тұмауға қарсы күресті ақылы түрде жүргізуге тура келеді. Біз осы ретте қала тұрғындарымен тілдесіп, олардың тұмауға қарсы қалай емделетіндігін білген едік.

Қарлығаш АТАБЕКОВА, үй шаруасындағы әйел:

КӨп дәрі қолданбаймын

– Күзден бері үш рет ЖРВИ-мен ауырдық. Тұмау дегеннің беті аулақ, біз салқын тиіп ауырып қалсақ, оны тұмау деп жатамыз ғой, бірақ тұмау деген өте қауіпті ауру ғой. Салқын тиіп ауыра қалсам өз басым дәрі-дәрмекті көп пайдаланбаймын. Балаларыма да дәрі бермеуге тырысамын. Оларға көбіне қызу түсіретін дәрі қолданбасам, жалпы халық арасында көп қолданылатын қазақы еммен емделемін. Таза ауада көп қыдырамын. Қымтанып, киінбеймін. Менің суық тиіп ауырған кезде көп қолданатын емім лимон қосылған шәй, бал мен қойдың майы қосылған сүт және қант қоспай кептірілген жеміс қақ­тарынан жасалған компот ішу. Жылы суды көп ішеміз. Ауруды асқын­дырмаудың жолын қарастырған дұрыс қой.

Әлия ШҮНКЕНЕЙҚЫЗЫ, кәсіпкер:

Ауырған адам бетперде киіп жүргені дұрыс

– Біз адамдармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен міндетті түрде қазан айында ақылы түрде тұмауға қарсы екпе аламыз. Биыл үшінші рет алып отырмыз. Бірақ өз басыма осы екпенің әсері болған жоқ. Жылдағы әде­тіммен суықтап ауырып қалдым. Мұр­ным бітіп, тамағым жыбырлап, мұрын­нан су ағып дегендей. Ал жолдасыма екпенің көмегі көп тиді. Былтыр да, биыл да ауырған жоқ. Сондықтан екпе де адамға әрқалай әсер ететін шығар, иммунитетке байланысты шығар деп ойлаймын. Сол себепті, мен отбасылық дәрігеріммен ақылдасып, суық тиюге қарсы, медицина тілімен айтар болсақ, ЖРВИ және тұмаудың алдын алуға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектерді іштім. Қымбат дәрілерге әуестігім жоқ. Өзіміздің Қазақстанда өндірілетін мия тұнбасын, итмұрынның тұнбасын қолданамын. Итмұрынның тұнбасы өте пайдалы. Пияз бен сарымсақты қыс пен көктемде дастарқанымыздан үзбей­міз деуге болады. Лимонға аллергиям бар болғандықтан оны көп қолдан­баймын. Сорпаны көп ішеміз. Меніңше, кез-келген ауруға адамның өзі қарсы күресу керек сияқты. Иммунитетіңіз мықты болса, «Мичиган», «Колорадо», «Сингапур» деген тұмауларыңыз сізден аулақ жүреді. Ал өзін тұмауға шал­дықтым деген адамдардың бетперде киіп жүргендері дұрыс.

 

Раиса АЛЕКСАНДРОВА, аула сыпырушы:

Екпе ектіремін

– Менің жұмысымды өзіңіз көріп тұрсыз, қысы-жазы далада жұмыс істейміз. Сондықтан маған ең тиімдісі – екпе ектіру. Жетінші жыл екпе ектіре­мін. Тұмаумен ауыра қалсаңыз, одан емделетін дәрі-дәрмек өте қымбат. Менің аула сыпырушы болып істеген­нен тапқан айлығым оны сатып алуға жетпес те еді. Биыл қараша айында 3,5 мыңға «Гриппол+» деген вакцина салдырғанмын. Менің көршілерімнің барлығы тұмау маусымы басталғалы үш-төрттен ауырып шықты ғой, ал мен Құдай өзі сақтасын, ауыра қойған жоқпын. Ауырмай-ақ қояйын.

Өздеріңіз аңғарғандай, біз тілдескен қала тұрғындары дәрі-дәрмекке онша әуес болмай шықты. Бірі қара­пайым қазақы ем түрлерімен емдел­се, енді бірі екпеге арқа сүйей­тіндігін айтты. Ең бастысы – ауырмайық, ал ауыра қалсақ дәрігерлердің кеңе­сіне жүгін­ген дұрыс-ау. Дәрігерлер де ЖРВИ және тұмаумен ауырған кезде антибиотикке жола­мауды тек вирусқа қарсы күре­сетін дәрі-дәрмекті қолдануды, сонымен қатар, қолда­ныс­тағы халықтық қарапайым ем-шараларды дұрыс көре­тіндіктерін жасыр­майды. Тіпті, еліміздің бас санитар дәрі­гері Жандарбек Бекшиннің өзі сарымсақ пен пияз, лимонды көп қол­данған адам үшін тұмау қауіп әкел­мейді деген жоқ па. Олай болса, біз де екпеге, дәрі-дәр­мекке арқа сүйемей, қарапайым қағидаларды ұста­нып, таза ауада серуендеп, отыратын, жатын бөлмеле­рі­міздің ауасын жиі тазартып, вирусқа қарсы күресе білейік.

Керек дерек

А вирусы тұмаудың ең қатерлі түрі.

Тұмаудың белгілері: ағза әлсірейді, дене қызуы күрт көтеріледі, мұрын мен тыныс жолдары бітеліп, жөтел пайда болады. Осындай белгілер пайда болған жағдайда дереу жедел-жәрдем шақыру керек.

С дәруменін көбірек қолданыңыз, ол ашытылған қырыққабаттың, болгар бұрышы мен алманың құрамында көбірек кездеседі.

Дәрігердің тағайындауынсыз дәрі-дәрмек қолданбаңыз.

 

2009-2010 жылдан бері пайда болған А(H1N1) тұмауларының салдарынан елімізде 20-ға жуық адам қайтыс болыпты.

Тұмауға шалдығатындардың 65—70 пайызы балалар.

Елімізде тұмауға қарсы қолданылатын Ресейлік жаңа «Гриппол+» деген вакцина сатып алынған. Оған Үкіметтен 1 млрд. 200 млн. теңге жұмсалып отыр.

Әзірлеген – Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *