«ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАНДАР» ТӨРГЕ ШЫҚТЫ

Биылғы жаздың үш ай демалысы қалалық мектеп оқушылары үшін был­тырғы жаздан өзгерек өтті. Өйткені, биылғы демалыс 1300-ден аса оқушы­ның қиялына қанат бітіріп, «Алпамыс батыр» жырын бастан-аяқ жатқа оқуға, жеңіс тұғырынан көрінуге талпын­дырған ерекше жаз болды. Әрине, осы 1300 баланың әрқайсысы өзінше тұлпар мініп, жеңіс туын алудан үмітті еді, әрі лайық та еді. Дегенмен, әрбір байқау­дың талабы сол – кіл мықтының үшеуі топ жарып шығуы тиіс.

Әсел ДАҒЖАН

 

Эстафета ұйымдастырылды

Газетіміздің 27 қыркүйек күнгі са­нын­да хабарлағанымыздай, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 6-10-сынып оқушы­лары арасында «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан өткен тұңғыш «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық бай­қауы өз мәресіне жеткен болатын. Тіпті, осынау ұлттық жобаны халық арасында кеңінен насихаттау әрі жас­тарды жыр жаттауға талпындыру үшін инстаграмда «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқу эстафетасы ұйымдасты­рылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Бекжан Тұрыс жыр­дың бірнеше шумағын жатқа оқып, эстафетаны ары қарай әншілер мен қоғам қайраткерлері, әртістер іліп әкетті. Ал осы байқау үшін инстаграм желісінде арнайы ашылған «Тұлпар мініп, ту алған» парақшасына бір айға толар-толмас уақытта 10 мыңнан аса адам жазылған. Тіпті, ұйымдастыру­шыларға еліміздің батыс, шығыс, оңтүстік өңірлерінен ұстаздар мен оқу­шылар хабарласып, «біздің де байқауға қатысқымыз келеді» деп ұсыныс білдір­ген жағдайлар көп болған. Бірақ бай­қаудың әу бастағы талабы қалалық деңгей болғандықтан, мұндай бақыт әзірге алматылық оқушыларға ғана бұйырған екен. Дегенмен, жоба өз мақса­тына жетіп отыр. Өйткені, деңгейі қалалық болса да, жыр жаттауға республиканың түкпір-түкпірінен ниет білдірген оқушылар көп. Демек, биылғы жаз «Алпамыс батыр» жырының даңқы асқақтаған, осы жырдың оқылған жазы болды.

Бәрін айт та, бірін айт, сейсенбі, яғни 2 қазан күні аталған ұлттық байқаудың жеңімпаздарын «Алатау» дәстүрлі өнер театрында салтанатты түрде марапаттау шарасы өтті.

«Зиялы оқушылар»

Алматы қаласы әкімінің орынба­сары Арман Қырықбаев іс-шараның шымылдығын ашып, ұлттық жобаның жас ұрпақ үшін мән-маңызын айтып өтті.

Балалар, мектеп оқушылары қатыс­қан іс-шаралардан әдетте демалып, жаны­мыз рахаттанып шығатын. Осы жолы тіпті, қанаттанып шықтық десек те артық емес. Өйткені, баланың таби­ғаты – шынайы, таза әрі табиғи. Тіпті, қалалық байқауда өзінің қарсыласы екенін ұмытып кетіп, сахнада жаңылып қалған оқушыға сыбырлап қана болысып тұрған баланың таза жүрегін айтсаңызшы. Жеңіліп қалған балалар­мен бірге жылап, жеңгендерімен бірге күліп жүрген осы жобаның жетекшісі, ақын, журналист Серік Сейітман да балаларға дән риза.

–       Аудандық тур өтіп жатқан кезде оқушылар шулап, бір-бірін тыңдамай, естіртпей қоятын шығар деген іштей күмән болған. Сөйтсем, жарысқа қатыс­қан оқушылардың бәрі зиялы екен. Бір-бірін құрметтегенін көрсеңіз. Ар жағында намыс тұрса да, «мен жеңуім керек еді» деп тұрып алмайды. Шыны­мен артық екенін көріп тұрса, шын мықты болса, мойындайды, – деді шын көңілден балаларға сүйсініп отырған С.Сейітман.

Жеңімпаздарды салтанатты мара­паттау кезінде байқауға қатыспаған, бірақ жырдың үзіндісін жаттап алған балақайлардың тілі де, сахнадағы өздерін ұстауы да, жырды мәнерлеп оқуы да көрерменді кәдімгідей сүйсін­дірді. Фонограммамен айтылған бірді-екілі ән болмаса, күй тартыстың өзі рухымызды көтеріп тастады.

 

«Жырды 50 мың бала жатқа оқи алады»

Сонымен не керек, ең әдемі шақ – бұл жеңімпаздарды марапаттау сәті. Айта кетейік, жеңімпаз үш оқушы да Алатау ауданының тұрғындары. Ұлт­тық байқауда №152 мектеп-гимна­зияның бағы жанып, осы мектептің 9- сынып оқушысы Бекзат Шардарбек үшінші орынды иеленіп, 500 мың теңгені ұтып алды. Ал оқушыны үш ай бойы сайысқа баптаған тәлімгері Фарида Сүлейменоваға Англияның Оксфорд қаласынан бір ай ағылшын тілі кур­сынан өтуге жолдама берілді. Жеңім­паздарға ақшалай сыйлықтың серти­фикаты мен гүл шоқтарын тапсырған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, «Алматы ақшамы» газетінің директор-Бас редакторы Қали Сәр­сенбай:

–       «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шаһкәрім айтпақшы, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының идеясымен дүниеге келген бұл ұлттық рухани-танымдық жобаның мәні де, маңызы да ерекше. Бұрын-соңды мұн­дай жоба болмаған соң, басында толқы­ғанымыз рас. Бұл байқау 1300-ден аса баланың қызығушылығын оятты. Баға­нағы күй тартыс секілді сондай бір тартыспен өтті. Алматы қашаннан рухани көшбасшы екені мәлім. Егер осы жарыс республика көлемінде жалғасар болса, жылына 50 мыңдай бала жырды жатқа оқиды екен. Бұл дегеніміз үлкен күш, үлкен рух. Рухымыз осылай күшейе берсін, – деді.

«Жырларды түгел оқып шықтым»

Анығында, бұл жоба мектеп оқушы­лары мен ұстаздарымен қатар, бірталай қазақ қауымына қанат бітірген жоба десек, артық емес. Өйткені, бұл байқау – зиялы қауым тарапынан ақ батасын алған жоба. Тіпті, осы іс-шараны ұйым­дастыру үшін жоба жетекшісі Серік Сейітман бала-шағасын уақытша қара шаңыраққа апарып тастаған көрінеді.

–       Бала-шағамды қара шаңыраққа апарып тастап, алаңсыз жұмыс жаса­йын дедім. Мектепте, жоғары оқу орын­дарында өзіміз халық ауыз әдебиетін оқыдық қой. Бірақ кейбір жырларды оқымаған едім. Оқыған жырларымның өзін ұмыта бастағам, кейбір эпизодтары есімде қалмапты. Жобамен айналыса жүріп, «қолым қалт ете қалғанда барлық жырды оқып шығам» деп өзіме талап қойғам. Осы жобаның басы-қасында жүріп, ұтқан дүнием – жырдың бәрін қайта оқып шықтым. Өз жан-дүниемде де рухани жаңғыру болды десем де болады, – деді ағынан жарылған Серік Сейітман.

Ал «Тұлпар мініп, ту алған» байқа­уының екінші орын жеңімпазы, №178 лицейдің 6-сынып оқушысы Абылай Бердашевті сахнаға шақырған сәтте, залда ду қол шапалақтап, оны қолдаушы достары көп екенін аңғартты. Қимылы да, сөзі де ширақ Абылайдың жұртты өзіне қарата білетін харизмасы мен өлеңді мәнерлеп оқығандағы дикциясы­на риза болдық. Айтуынша, үлкен эпосты бір айда жаттап алған.

40 бала жырды толық жаттады

–       Бірінші орын алам деп ойлаған­мын. Өйткені, эпосты бір айдың ішінде жаттап алдым. Бастысы, орын алғаныма өте қуаныштымын, – деген балақай ұтып алған 1 миллион теңгені әзірге қайда жұмсайтынын ойланбадым дейді. Өзінің жеңісімен бірге тәлімгеріне де үлкен мүмкіндік ашқан Абылайдың ұстазы – Айжан Оспанбекова Англия­ның Оксфорд қаласына ағылшын тілінен екі айлық курсқа барып, білімін жетілдіріп келетін болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әу бастағы көздеген жоспар бойынша «Алпамыс батыр» жырын кем дегенде 200-300 балаға бастан-аяқ жаттату болған екен. Бірақ жыршылар мен ғалымдар «осы байқау 10–15 балаға жырды толық жаттатса, оның өзі үлкен жетістік» деп бағалаған. Қазіргі есеп бойынша 35–40 бала «Алпамысты» толық жаттап алған. Жыршылардың бағасымен есептесек, керемет нәтиже. 106 беттік жырдың кез-келген жерінен сұрақ қойсаңыз, бұл балалар мүдірмей жатқа оқып тұр деп есептеңіз. Сондық­тан бұл байқау өз миссиясына толық жетіп отыр.

Осынау 1300 баланың арасынан суырылып алға озып шығып, 1-орынды жеңіп алған №180 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Аружан Абсатарға 1,5 миллион теңгенің серти­фикаты табысталды. Ал тәлімгері Майра Мырзахметова ағылшын тілінен Оксфорд қаласында үш ай бойы білім жетілдіретін сертификатқа ие болды. Құшағы гүлге толған ұстаз сахна төрін­де барлық ұйымдастырушыларға, Ал­ма­ты қаласы әкімдігіне ризашылығын білдірді.

–       Бүгінгі марапаттау рәсімі өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Сайысқа қолдау білдіріп және оқушыларымызды биікке қанаттандырған Алматы қаласы әкімдігіне алғыс білдіремін. Англияның Оксфорд қаласында ағылшын тілінен білімімізді жетілдіру ұстаздар үшін үлкен жетістік. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша осындай игі шаралар жалғасады деп сенемін, – деді Аружанның тәлімгері Майра Мырзахметова.

Осынау дүбірлі доданың бас бәйге­сін қанжығасына байлаған Аружан Абсатар қара жаяу емес. Ол бұған дейін Абай, Шәкәрім, Мұқағали оқуларына қатысып, бас жүлдені иеленіп келген. Ол Абай, Шәкәрімнен 270 өлең, 20 қара сөз, 3 поэмасын жатқа айтады. «Өз алдыма мақсат қойсам, оған түбінде жетемін» деп өзіне өте сенімді, жанып тұрған Аружанның қайсарлығына тәнті болдық. Оның ендігі мақсаты – оқуын «Алтын белгіге» бітіріп, журналистика саласына оқуға түсіп, диктор болу.

–       Тәлімгерім Майра Айымханқызы «Алпамыс батыр» жырын мамыр айының соңында жаттауға берді. Мен маусым айында толық жаттап алдым. Ал шілде, тамыз айларында қайталап жүрдім. Өз-өзіңді жеңе білсең, түбінде мақсатыңа жетесің. Осы байқауда мені таңғалдырғаны –өзге ұлт өкілдері болды. Өйткені, кейбір қазақ балала­рының өзі бұлай жыр жаттамайды. Егер мен әділқазы алқасында болсам, соларға орын берер едім, – дейді Аружан.

Аталған жобаның өтіп жатқанды­ғынан хабардар жұртты бұл жоба елең еткізгені рас. Байқау шымылдығының артында қандай шаруалар атқарылды? Осы сұрақты жоба жетекшісі Серік Сейітманға қойып, жауап алған едік.

–       8 ауданның 500-ден астам тәлім­геріне ватсаптан чат аштық. Байқаудың шарты бойынша балалар «Алпамыс батыр» жырын жаттап қана қоймай, көнерген сөздер мен жер-су атаулары­ның мәнін білу керек деген талап болатын. Осыған байланысты тәлімгер­лер тарапынан көптеп сұрақ туындаған соң біз әкімдіктің бекітіп берген медиа-жоспарынан бөлек, белгілі жыршы, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіптің қатысуымен тренинг өткіздік. Ұлттық кітапханада тәлімгерлерге бір апта бойы сабақ жүргізілді, – деді ол.

 

Әлем чемпионы жыр оқыды

Одан бөлек, байқаудың логотипі жасалып, әлеуметтік желіден арнайы парақшаларын жүргізіп отырған. Ал ең бастысы, жыр жаттауда ең үздік аудан ретінде Алатау ауданы мен Түрксіб ауданының оқушылары топ жарып шыққан. Өйткені, осы екі ауданның оқушылары арасынан жырды толық жаттағандары өте көп болған.

Ал ең қызығы, жыр байқауы бастал­ғанда Украинада каратэден оқушылар арасында өткен жарысқа кетіп қалған қазақ-түрік лицейінің 5-сынып оқушы­сы, каратэден 2 мәрте әлем чемпионы Мейіржан Тұрсынбай марапаттау шара­сында тек жырдың үзіндісін жатқа оқыды.

–       Бүгін тек концертіне ғана қатыстым. Каратэден көп жетістікке жеттім. 52 медаль, 4-5 кубогым бар. Украинада 2 мәрте әлем чемпионы болдым. 5 жасымнан бері спортпен айналысамын. Байқау басталған кезде Украинаға жарысқа кетіп қалдым. Әйтпесе бірінші орынды жеңіп алар едім, – дейді сүйкімді балақай.

Жыр сайысының арқасында 2 мәрте әлем чемпионымен тілдескен біз Мейір­жанның өте қарапайымдылығына таң­ғалдық. Өзі кіші болса да, сөзі үлкен.

Небір талантты балалардың бағын ашып, жарыққа шығарған, «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқытқызған бұл күз айы расында бұған дейінгі күз айла­рынан өзгерек болып тұр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *