«ТӨЛЕСЕҢ – ТАЛАП ЕТЕСІҢ, АЛ ТӨЛЕМЕСЕҢ – ТАЛАП ЕТЕ АЛМАЙСЫҢ»

55Алматыда пик тақырыбы өте өзекті мәселеге айналған

Құттыбек АЙМАХАН

Өткен аптаның бейсенбі күні қалалық әкімдікте Тұрғын үй коммуналдық шаруашылы­ғына, яғни, Пәтер иелерінің кооперативтеріне байланысты кеңейтілген жиын өткені мәлім. Бұл туралы «Алматы ақшамы» газеті қысқаша атап өткен болатын. Бүгін  біз осы мәсе­леге кеңінен тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Өйткені, қазіргі таңда ПИК мәселесі қаладағы ең өзекті тақырыптардың бірі­не айналып отыр. Осы ретте ПИК басшыларына қатысты әкімдікке 2 000-нан астам және интернет арқылы 7 мыңдай арыз-шағым түскен екен.

 

ПИК-терге қатысты тоғыз мыңдай шағым келіп түскен

Жалпы, қалада қазір 800 шама­сында ПИК-тер тіркелген. Оларда жұмыс істейтін 5  мыңдай қызметкер 8 мыңнан астам көп­қабатты тұрғын үйлерге қызмет көр­сетеді. Сол жиынға төрағалық еткен қала әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, тек биыл­ғы  жыл­дың басынан бері қалалық әкім­­дікке ПИК-тердің іс-әрекетіне қатысты 9 мыңдай шағым келіп түскен. Тұрғындар оларда өз ПИК-терінің жұмыс­тарына кө­ңіл­дері толмайтындарын айтқан. Сондық­тан да шаһар басшысы өз сөзінде:

– Мен Сіздерді жазалау үшін емес, қордаланған өзекті мәсе­лелер туралы айтуға жинадым. Өкінішке қарай, адамдар қалада атқарылып жатқан желілерді қайта жөн­деу, жолдарды жөндеу, жаңа әлеуметтік нысандар салу секілді маңызды істерге көңіл аудармайды. Бірақ, керісінше, олар ПИК-тер жұмысындағы кем­ші­ліктерді үнемі сынға алып жатады. Атап айтқанда, олар көбінесе өз шағымдарында жарықтың жоқтығын, подъездерде жөндеу жүргізілмей жатқанын, аулаларда қоқыстан аяқ алып жүргісіздігін, жасыл желектердің қурап қалғанын  атап-атап көрсетеді. Әрине, мен осыншама хатты оқып үлгермеймін. Сондықтан, мен осы жұмыстардың бәрін, яғни, коопера­тивтердің туындаған тұр­мыстық мәселеле­рін шешу мына отырған сіздердің бірінші кезектегі міндеттеріңіз деп санаймын. Алайда, тұрғындар барлық кінәні әкімдікке аударып жатады. Бұл дұрыс емес. Сондық­тан да, мен сіздердің әрқайсыңыздан жағдайдың қалай өрбіп жатқанын сұрауға толық қақым бар. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сол себептен мәселені осы бастан шешіп алғанымыз жөн. Оның үстіне мен көбіне ұрсып-жазғыру үшін емес, кері­сінше, алдыңғы қатардағы тәжіри­белердің жылдам таралуы үшін мақтап сөйлегенді дұрыс көремін, – деді.

Осылай атап айтқан шаһар басшысы одан әрі ПИК жұмысы қаланың әрбір тұрғынына қатысы бар маңызды мәселе екендігін  айта келе, «Тұрғындар қала билі­гінің жұмысын қарапайым ғана мәселелер­мен бағалайды: кранда су ағып тұр ма, подъездердегі шамдар жанып тұр ма, подъезде тазалық бар ма, үйде жылу жүйесі дұрыс жұмыс істеп тұр ма, қоқыс уақтылы шығарыла ма, міне, бүгінде адамдарды осындай сауалдар мазалайды. Өйткені, олар осы қызметтер үшін ақша төлеп отыр. Нә­ти­жесінде, ПИК-тердің нашар жұмыстары жергілікті басқару органдарына сенімсіз­дікпен қарауға мәжбүр етеді. Әсіресе, ПИК-тің тиімсіз жұмыстары  көбінесе үлкен сенімсіздік туғызады. Міне, сондықтан мұны атап өткен жөн», – деп атап көрсетті.

4200  көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді екен

Бұдан кейін тұрғындардың арыз-шағы­мына байланысты «Нұр Отан» партиясы Алматы қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова да талдай сөйледі. Оның айтуы бойынша, бүгінде мақсатты жарнама төлемейтін­дерден барлық арыз-шағымның 17 пайыз­дан астамы  тап осы ПИК-терге қатысты болған. Сондықтан да біз «төлесең – талап етесің, ал төлемесең – талап ете алмайсың» қағидасын басшылыққа алып отырмыз. Сондай-ақ, ол «Нұр Отан» партиясы филиалына келіп жатқан арыз-шағымның дені тұрғын үйлердің күтіміне, аула­лардың таза­лығына, онда балалар алаңқайлары бар екендігіне немесе олардың көгалдан­дырылуына, аула іші жолдарының асфальт төселуіне қатысты болып жатқанын атап өтті. Дегенмен де, баяндамашының баса назар аудара атап өтуінше, тұрғындарды өздерінің төлеп жатқан коммуналдық төлемдерінің  тағдыры қатты алаңдатады екен. Көбіне олар «төлемдер нақты бағыт­талған мақсаттарға жұм­салған-жұмсалма­ғанын» білмейтіндіктерін айтып шағым­дана­ды. Сондықтан да қаладағы 800-ден астам ПИК-тің 100-ге жуығы «мәселесі бар» ПИК-тер болып саналған. Осыған орай, Ж.Омар­бекова ҚР Парламент Мәжілісіне ПИК-терді аудиттік тексеру жөнінде заң жобасы енгізілгенін алға тартты. Бұл ретте тек­серушілерді тұрғын­дардың өздері таңдайтыны көрсетілген.

Осы жерде сөзге араласқан қала әкімі кей жағдайда ПИК төрағаларына қатысты шағымдардың көбі негізсіз болып келетінін айта келе: «келісесіздер, егер сіздер нашар жұмыс істейтін бол­саңыз­дар тұрғындар ақша төлеуге тиіс емес, ал егер олар себеп­сізден-себепсіз төлемейтін болса, онда оларды сотқа беріңіздер», – деді.

Кезекті сөз кезегін алған қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы  басқармасының басшысы Қайрат Нұр­қаділов: «2015  жылдан бастап барлық ПИК-тер өз іс-қимылдары туралы элект­рон­дық нұсқадағы есептерін жариялай бастауы  керек еді. Бірақ, көпшілік ПИК-тер төраға­лары бүгінгі күнге дейін бұл міндеттемелеріне немқұрайдылықпен қарап, әзірге басқарманың сайтына тек қана 484 құжат орналас­ты­рылды» деп атап өтті. Сосын ол соңғы өткен 3 жылда қала­дағы  141 ПИК-тің іс-әрекеті­не қатысты жоспардан тыс тексерулер жүр­гізіліп, оның қорытындысы бойынша 107 әкімшілік  хаттама  толтырылған­дығын, бұдан басқа сот мекемелеріне кооператив­терге қатысты 67 талап-өтініш түс­кенін алға тартты.

Сонымен қатар, Тұрғын үй және тұр­ғын үй инспекциясы бас­қармасы басшы­сының айтуы бойынша, қазіргі таңда Алма­ты қаласындағы тұрғын үйлердің тең жартысы, яғни, 4200  көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Осы ретте, соңғы бір­неше жылда қалада ТКШ-ны (Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы) жетілдіру жөніндегі  бағдарлама қа­был­данған еді. Оның мақсаты – мемлекет тұрғын үйге қайтарымды негізде күрделі жөн­деу жүргізу үшін қаржы бөлу болды. Енді міне, бүгінге дейін қала бойынша барлығы 227 тұрғын үй ғана күрделі жөн­деуден өткен. Қаржының жоқтығынан бұл жұмыс бүгінде тоқтап тұрғанын айтып өтті.

Осыдан кейін сөз алған «Тұран» ПИК-тер қауымдастығының төрайымы Бибігүл Жүнісбаева Алматы тұрғындарының 30 пайызы коммуналдық қызметтер бойынша қарызы барын айта келе, олардың кейбі­реулері, тіпті, жылдап төлемейтінін тілге тиек етті.  Осыдан кейін ол  комму­налдық қызмет ақысын төлемейтіндерге қатысты қатаң шаралар қолдану керектігін айтты. Бұл ретте жылжымайтын мүлікті, автокө­лікті тұтқынға алу, сондай-ақ, шет елге шы­ғуға рұқсат беретін құжат­тарға шектеу қою керектігін алға тарта  сөйледі.

ПИК басшылары үш ай сайын есеп береді

Жиында сөз алғандардың баяндама­ларын мұқият тыңдаған Бауыржан Байбек қорытынды сөзінде қаламыздағы ПИК-тер арасында кездесетін кейбір келеңсіздіктерге тоқталып өтті. Атап айт­қанда, шаһар бас­шысы «Қазақфильм» ықшамауданында кез­дестін «КВКВ» деген ПИК-ті сынға ала келіп, алдымен оның нашар көрінісін, бүлінген подъездерін, үйілген қоқыстар сияқты келеңсіздіктерді үлкен экран ар­қылы көрсетіп алып,  «бұл ПИК-тің төр­ағасы шамасы басқа жақта тұратын шы­ғар» деп, залға сауал тастады. Орта жас­та­ғы бір ер кісі орнынан тұрып, өзінің «Алек­сеев­ка» кентінде тұратынын айтқанда, әкім оған қарамағындағы тұрғын үйге барып тұруын айтты. Сөйтіп, қаладағы көптеген үйлер мен аулаларда қалыптасқан келең­сіздіктер, нашар жағдайлар осындай басқа жақта тұратын ПИК төрағаларынан келе­тінін баса айтты. Сосын әкім «Аян және Ш»  атты ПИК төрағасына да басқа­ратын тұрғын үйлер мен аулалардың нашар келбетін айта келе, оның сөйлей алмай қалғанына байланысты «негізі, ПИК төр­ағалары жақсы сөйлей білуі керек. Өйткені, олар адамдармен жұмыс істейді ғой» деп, айтпақ ойын қысқа қайырды.

Осылай бұл күні қаладағы талай ПИК-тер төрағалары сын қармағына алынды. Мысалы, соның ішінде қалада «отбасылық тәртіппен» ПИК басқаратындар да бар екенін тілге тиек етті. Бұл ретте шаһардағы кейбір «отбасылық» ПИК-терді үлгі етіп көрсетуге болатын болса, енді біреулері ПИК арқылы жақсы тұрып жатқанын алға тарта сөйледі. Сондықтан, мұндай ПИК-терді де тексеру қажеттігін атап өтті.

ПИК-терге қатысты әңгімесін одан әрі жалғастырған Бауыржан Байбек:

– Мен аудандарды жиі аралаймын, аулаларда көп боламын. Егер шынын айтар болсам, көпшілік аулалардың жағдайы қана­ғаттанарлықсыз. Тіпті, кіруге қорқы­нышты болмақ түгілі, қараудың өзі қор­қынышты аулалар да бар. Айналаның бәрі толған қоқыс, подъездерде көптен бері күрделі жөндеу жүргізілмеген, – дей келіп, қала әкімі  жұмыстары ПИК-тер мен ТКШ-лармен бай­ланыс­ты құрылымдық бөлімдер басшыларына тиісті тапсыр­малар берді.

Осыдан кейін әкім ТКШ-лар жүйесінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру керектігіне тоқтала келе, көпшілік ПИК-терге ашықтық жетіспейтінін алға тартты. Тіпті, кейбір ПИК басшылары есеп беруден де қашатынын жоққа шығармады. Осы ретте қала басшысы тиісті органдар басшы­ларының «тұрғындар арыз-шағымы бой­ынша қаржының 90 пайызы ПИК төраға­ларының жалақылары мен кеңселерді ұс­тау­ға кетеді екен де, қалған 10 пайызы шаруа­шы­лық­ты ұстау үшін мақсатты шығындарға жұмсалатын көрінеді. Осыны тексеріп, айтылғандардың анық-қанығын анықтаңыздар», – деп тапсырма берді. Әрине, әкім сөзінің жаны бар. Өйткені, «Қар­лығаш» деп аталатын ПИК тұрғын­дардан жинал­ған қаржыға сол тұрғын­дардың өздерімен сотта­суға адвокат жал­даған. Кейіннен сол ПИК басшысының бір жарым миллион теңге жым­қырғаны белгілі болыпты. Сондықтан, қала әкімі ПИК бас­шылары тұрғындар алдында әр үш ай сай­ын есеп беріп отыру керектігін тағы еске салды.

Қорыта айтқанда, қала әкімі Бауыржан Байбек жиын соңында ПИК басшы­ларының есеп беруін бір  үлгіге түсіріп, заңмен көзделген мезгілде есеп берулері керектігін талап етті. Сондай-ақ, соңғы кездері ПИК-термен жұмыс істеуді «ұмы­тып бара жатқан» тұрғын үй инспекция­ларының жұмысын жандандыру керектігін тапсырды. Сосын қаланың Қоғамдық кеңесіне ПИК жұмысын реттейтін ережелер жобасын Мәслихат қарауына ұсынуды табыстады. Сөйтіп, әкім ПИК төрағалары­нан бір ай ішінде сөз болған барлық кемшіліктерді түзеуді талап етті. Сондай-ақ, ендігі жерде әкімдікте  ПИК басшылары­мен кездесулер жиі өтетінін және одан әрі олармен әңгіме басқаша болатынын қадап айтты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *