Түлектер туға тағзым еттi

ҚР IIМ Алматы академиясы – елiмiздегi құқық қорғау саласы мамандарын дайындайтын iргелi оқу орны, көшбасшы. Жақында дәстүрлi түрде жоғары оқу орнын бiтiрушi түлектердi шығарып салу рәсiмi өткiзiлдi. Салтанатты сәтте сымбатына сәнi жарасқан, құрыштан құйылғандай жiгiттер мен құралай көз, қырағы қыздар сапта тұрды. 230 тыңдаушы өздерiн төрт жыл бiлiм нәрiмен сусындатып, бiлiктiлiкке үйретiп қана қоймай, жiгерiн жанып, шыңдаған бiлiм ордасымен қимай қоштасты. Академияның жаттығу алаңында сап түзеп, қырағы сақшылыққа қадам басқалы тұрғандар соңғы рет қатарға тұрды.

Көңiлдерде қобалжу мен қуаныш лебi қатар ескен жас толқын толқып тұрды. Солай болатын да жөнi бар. Бойжеткендердiң арасында көзiне жас алғандар да бар. Қайтсiн, қуаныш жасы ғой… 9 тыңдаушы қара үзiп шығып, «үздiк» деп танылды. Олар өз кезегiнде «қызыл дипломға» ие болса, 16 жас «өте жақсы» көрсеткiштiң иесi атанды. Түлектердiң академия туымен қоштасқан тебiренiстi сәтiн айтып жеткiзу оңайға соқпас. Тыңдаушылардың бәрi тiзе бүгiп, туға тағзым еттi. Бұдан соң қалыптасқан дәстүр бойынша аспанға теңге шашылып, салтанатты қоштасу маршы орындалды. Мiне, осылай, қолына диплом, иығына кiшi офицерлiк құрамның бастауы – «лейтенант» шенiн таққан тыңдаушылар үлкен өмiрге жолдама алды.

Сандуғаш МҮСЛIМОВА,
журналист.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *