Түлектер тау етегінде бас қосты

Рая ЕСКЕНДІР

 

Қазақ білімінің қара шаңырағы атақты әл-Фараби атындағы Ұлттық университет әлемдік білім ошақтары­мен аты қатар аталатын оқу орны. Осынау оқу ордасы жыл сайын мамыр айының соңында ұядан ұшқан түлек­терін қайта бауырына басып, «Түлектер күнін» өткізуді дәстүрге айналдырып келеді.

Университет ректоры Ғалым Мұта­новтың бастамасымен 2011 жылы қолға алынған Түлектер күні биыл да ерекше аталып өтті. Таң атысымен жастықтың мекені атанған әсем қалашықты бетке алған кешегі «сту­денттер» санында есеп жоқ. Алдымен ҚазҰУ қалашығына кіреберістегі «Мәңгілік ел» студенттер мен түлек­тердің Салтанатты қақпасының алдына жиналған көпшілік «Тайқа­зан» және әл-Фараби алаңындағы «Мәңгілік ел» субұрқақтарының ашылуына куә болды. Түлектер күніне орайластыра ашылған субұрқақтар көкке ақ моншақтан шашу шашты.

Осынау сұлу сәттің өзі түлектердің көңілін көкке көтеріп, бір кездері өздері талай мәрте аялдама мен жатақ­хана арасында жүрген жерлердің адам танымастай өзгергеніне қайран қалды. Университеттің 16 факультеті бойын­ша бітірген түлектер оқу ордасына деген құрметтерін осындағы әл-Фараби ескерткіші мен Ө.Жолдасбеков атын­дағы монументке гүл шоқтарын қоюдан бастады. Салтанатты жиын­ның негізгі бөлімі Студенттер сара­йында жалғасты. Алдымен универ­ситет ректоры Ғалым Мұтанұлы барша түлектер қауымын осынау шоқтығы биік мерекемен құттықтап, қара шаңырақтың есігі қашан да ашық екендігін жеткізді.

– Соңғы сегіз жыл бойы қалып­тасқан дәстүр бойынша мамырдың соңғы күндерінде кездесіп отырамыз. Бұл бір ерекше күн. Әрбіріміз үшін жүрек тербер, көңіл пернелерін шалқытар сұлу сәт дер едім. Бір кездегі жастық бейнелеріңізбен, студенттік жылдарыңызбен қайта қауышып отырсыздар. ҚазҰУ-дың әр жылдар­дағы түлектері бас қосып, аға ұрпақ түлектерімен бір деңгейде отырып, сол кісілерден үлгі-өнеге алатын үлкен шараға жиналдық. Халықаралық тәжірибелерде сол оқу ордасын бітірген түлектерді мықты күш ретінде тартатын бір үрдіс бар. Сол түлек­тердің көмегімен университетті дамы­тып, сол оқу орны арқылы қоғамның, білім мен ғылымның дамуына үлес қосады. Біз де сол үрдісті өз тәжіри­бемізге енгізіп, болашақты қалау сол дәстүрді қолға алып отырамыз, – деді университет ректоры.

Келесі кезекте Түлектер қауым­дастығы есеп берді. Салтанатты шара барысында университеттің әр жылдар­дағы түлектері ҚазҰУ-ге ерікті жарна ретінде «Мәңгілік ел» архитектуралық кешенді стеласын тұрғызуға қаржы­лай демеушілік жасап, студенттерге шәкіртақылар тағайындады. Өз сөзде­рінде түлектер өмірде азамат болып қалып­тасып, жолдарын тауып, кәсіп­терін шыңдауды университеттен алған білімдерінің зор пайдасы тигенін айтып, оқытушыларға, қара шаңырақ­қа деген алғыстарын айтумен болды. Осы университеттің бір кездегі түлегі, «Президент және халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев «дүние­нің төрт бұрышын аралап, халықара­лық алаңдардан бой көрсету – университет білімінің ашқан даңғыл жолы» деп атап көрсетті.

Сонымен, жылы шырайлы, сағы­нышқа толы кеште оқу ордасының дамуына зор үлес қосып, әріптестік байланыс орнатып жүрген түлектерге ҚазҰУ-дың мерекелік медалі табыс етіліп, «Құрмет грамоталарымен» мара­патталды. Биылғы жылғы университет бітірушілері арасынан да оқуда озат, белсенді студенттер ректор қолынан мақтау қағаздары мен естелік сыйлық­тарға ие болды. Еліміздің білім жүйесінде өзіндік орны бар оқу орда­сының тыныс-тіршілігі, табысы туралы фильм де көпшіліктің көңілінен шы­ғып, мақтаныш сезімдерін молайтты. Алматы қаласының симфониялық оркестрінің концертін де көпшілік бар зейіндерімен тыңдады. Түс қайта түлектермен кездесу әрбір факультет­терде жалғасты. ҚазҰУ Түлектерінің күні дәстүр бойынша әл-Фараби кітап­ханасында өтетін кешкі балмен аяқталды.

Еліміздің әр түкпірінен келген ҚазҰУ-дің кешегі түлектері тау етегіндегі мәңгілік жастық мекенінде болып, 17 жасымен қайта қауышып, тағы бір мәрте  «студент» атану құқы­ғына ие болды. Армысың, «Альма-Матер! Қош бол, ҚазҰУ!» деп қошта­сып жатты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *