Төлегеннің Алматыға келуі

Эссе

Зәкір АСАБАЕВ,

Халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының лауреаты

 

Бұдан қырық жылдай бұрын жазылып, қай басылымда жарық көргені нақты есте жоқ осынау жазбада Ташкент пединститутында менен бір жыл кейін оқыған болашақ көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің Алматыға тұңғыш келгені хақында сыр шертілген-ді. Одан бері қаншама уақыт өтіп, қаншама жас ұрпақ ауысуына орай бүгінгі оқырмандар үшін қайталап ұсынуды жөн санаған жәй бар.

Тал бойында табиғат ана сүтімен қоса берген ақындық дарыны бүршік ата көктеп, жапырақ жайып мәуелегелі жүрген жас таланттың жан қалауы, тәтті мұңға баты­ратын өзіне ғана аян асыл арманы – қазақтың астанасына барып, сондағы халықтың таңдаулы, есімдері елге белгілі, атақтары жоғары ұл-қыздарын көріп танысу, дидарласу, сұхбаттасу екенін үнемі көріп, сезіп жүреміз. Мейлі оқу оқысын, мейлі мерейленіп шаттансын немесе ренжісін, кино, театрларға барсын, құлағы үнемі астана жаққа түрулі, әрдайым алаң­даулы. Астанадан шығатын бірер газет не журнал қолына түссе, іші-сыртын ақтара оқып біткенше көңілі көнші­мейді. Оқып бітісімен «мә, сен де оқы» деп, қасындағы жолдас-жораларына береді. «Пәленше керемет жігіт, жора (осы сөзді жиі қолда­натын) болуға лайық» деп әлдекімдерді таныстырып, табыстырып жіберуге бейіл. «Бүгін та­мақ іштің бе? Көңіл күйің неге төмен?» деп жағдайыңды білуге асыға­ды. Мұндай жаннан сен де сыр бүкпейсің, жұп жазбай бірге жүруге ділгерсің.

 

***

Он жеті жастағы қағілез денелі, орта бойлы, сылыңғыр қара жігіт Төлеген Айбер­генов Ташкенттің Низами атын­дағы педагогикалық институтының Қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің бірінші курсына түсіп оқи бастаған 1954 жылдың қыркүйек айында (түгел бір айды айтып отырмыз) осындай болатын. Тым елгезек, жанасқыш, сөздері мірдің оғындай, айқын, нық. Кісіге сипаттама берудегі дәлдігі, дөптүскіштігі, әлдекім­дердің дүдәмал, көпірме пікірлері арқы­лы емес, өз басы аңғарған, байқаған, түйсінгендері бойын­ша сөйлейтін туралығы, әділдігі қанжардай жарқ-жұрқ етеді. Сол бір айдың төңірегінде Черняевка дейтін ауылдағы шеберге домбыра жасатып алды. Домбыраны әжептәуір тартады, қосылып ән салады екен. Тым шебер тартпаса да, тым құйқылжытып ән салмаса да, өзін-өзі өнер құшағында әлдилеген шақтарда әсерленіп, жан дүниесі ашық аспандай жарқырайды екен. Қою бұйра шашы, күлімдеген өткір көзі, қалқан құлақ­тары, бүткіл бітім-тұлғасы ерекше. Үне­мі өзімсініп, керексініп тұрасың, сағынғаныңды айтасың, айтуға құмбыл­сың…

– Маған бүгін лекция оқыған ұстаз ақын болатын ойың бар ма деп айтты, – деп миығынан күліп келді бір күні.

– Онда тұрған не бар?

– Пәлі, сонда адам ақын болатын ойы болса ақын бола ма? Егер  ақындық дарыны болмаса қайтпек?– дейді қуақылана күліп.

– Несіне ренжисің?

– Мені ойландыратын – ұстаз түсінігінің түрі. Ойы жақсы шығар, түсінікті айтсайшы, – деп түңілгендей түр білдіреді.

Арадан оншақты жыл өткенде аста­надағы ақын-жазушылар ауылдық жер­лерге барып тұрсын, өмірді зерттесін, сонда таланттарының көзі ашылып, тереңдігі теңіздей шығармалар туады деген «ұран» тасталған. Сол бойынша ауыл-селоға кетушілер де болған. Сонда Төлегеннің: «Апырау, прозашыны бірсәрі дейік, ал ақын фермаға барып жаңа туған қозыны көргенде жақсы өлең жазыла ма екен?» – деп кеңк-кеңк күлген.

Уақыт өтіп жатыр. Астанадан шыға­тын газет-журналдар  Ташкенттегі шәкірт­терге жете бермейді. Қолға түскенін қалт жібермейміз. Ара-тұра астанаға жолдап жататын Төлегеннің өлеңінің кейбіреуі жарқ ете қалмас па екен деп дәмеленеміз. Өз өлеңдерін жазған бойда түп-түгел жаттап алуға шебер Төлеген:

Қызық қой, шіркін, сенде өмір,

Сүйікті қалам, Алматым.

Алыста жүрген мен де бір,

Жасөспірім солдатың.

 

Көз тіккен көктен еңкейіп,

Бәйтерек болса Алатау.

Саясында сәулетті,

Тігілген сен бір ақ отау,

дейді жұртты аузына қаратып.

– Жақсы екен.

– Бұдан артық өлең болмас! – деп қолпаштайды тыңдаушылар.

Төлеген онша масаттанбайды, онша қарсылық көрсетпейді. Сен ол білмейтін шығар деп қадап, тәптіштеп айтатын нәр­селердің кейбірі оның балауса жыр толқын­дарының арасынан жылт еткен­де жас жігіттің алғырлығына, зердесіне тәнті боласың.

Астанаға оның тек төрт жылдан кейін жолы түсті. 1958 жыл. Мен жолым болып «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Пәтер жалдап тұра­мын. Қазан айының орта шені. Осынау жылдың жазында Төлегеннің «Пейзаж» деген тақырыппен бір шумақ өлеңі «Қазақ әдебиеті» газетінде бір топ талап­керлердің туындыларымен қоса жарияланды. Таш­кентке құттықтау жол­дадық. «Астанаға қарай ұшқалы отырмын, әне-міне жолға шығамын» дейді толассыз келіп жататын хатта­рында. Республикалық баспасөз бетінде бірінші рет басылған әлгі бір шумақ өлеңін үтір-нүктесіне дейін жаттап ала салғанбыз:

Көк шықты таудың тарғыл

тасын жарып,

Арықта сулар жатыр тасып ағып.

Аямай алтын нұрын жерге төгіп,

Күн өзі күлімдейді қасын қағып.

Бар болғаны осы. Өлең соңындағы аты-жөні «Төлеген Алдабергенов» деп көрсетіліпті. Бірақ ол енді көп ұзамай жырсүйер қауымға жарқ етіп таныс болғалы отырған Төлеген Айбергенов екенін басқа болмаса да, мен бірден білдім.

Сонымен, қазан айының орта шенін­де (1958 ж.) Төлеген тұңғыш рет аста­наға келді. Әрине, «бір қоржын» өлең қолты­ғында. Астананың сол шақтағы көрікті деп саналатын жерлерін көріп болған соң, алдымен өзі сырттай біле­тін, өлеңдерін сүйіп оқитын ақын­дармен танысқысы келетінін білдірді. Сол бір жексенбі күні оған тек «Қазақстан пионері» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі болып істейтін аса сыпайы, сырбаз, үлкенге іні, кішіге аға, талантты жас ақын Қосжан Мүсіреповпен ғана дидарласудың сәті түсті. Сол кездерде екі-үш жыр жинағы шығып, оқырманға әжептәуір танылып қалған Қосжан өзінің мейірімді, жылы шыраймен таш­кенттік студенттің өлеңдерін ықылас­пен тыңдап, ілтипат білдіргені есте. Әрі, өзің ерен санап өзеуремей, пәлен-түген деп нұсқау айтпағаны есте. «Дұрыс, дұрыс» деп күлімсіреп бас изей түскенінен көз алдында бәйгеге қосуға лайық жас тұлпар тұрғанын, әрі оның өз-өзіне қатал сыншы, жыр жолындағы кемшіліктерін жүре-бара түзету қолы­нан келетінін қалтқысыз пайымдай алғанын аңғару қиын емес-ті. Төлеген кішкене қара чемодандағы тор көз дәп­тер беттеріне жазылған өлеңдерін мен тұратын пәтерде қалдырып, Горький атындағы паркте түп-түгел жатқа оқып шыққан. Соған қатты таңданған Қосжан:

– Ғажап! Бұл көп жайдан хабар береді, – деді көпмәнділеу етіп.

Одан кейін Қасым, Тайыр, Әбділда ақындардың өлеңдерін жатқа айта келіп, Ізтай Мәмбетовтің «Қапы қалдым» деген өлеңін оқып шықты:

Жаныңа жас шағымда-ақ жақын бардым,

Бірақ та бақыт бол деп шақырмадым.

Ержеттім, сені іздедім, таба алмадым,

Қайтейін қапы қалдым, қапы қалдым!

Иә, Төлеген өз өлеңдерін емес, басқа ақындардың да өлеңдерін жаттап алуға ниетті екенін айттық. Қосжанмен таныс­қан күннің ертеңіне бүкіл редакция атаулыны түгел аралап, кешкілікте Қосжан, Тұманбай, Шәміл ақындарды екінші Алматы вокзалының рестора­нына шақыр­ды. Дәм үстінде ұтқыр сөздер сөйленіп, әрі Төлегеннің үздік-үздік өлең оқып отырғаны жастары шамалас үш ақынның назарын  аударды. Әсіресе, сол кездерде есімдері белгілі бола бастаған Тұманбай мен Шәмілдің ризалығы көрініп отырды. Тұманбай сол жылы «Жұлдыз» журналында басылған жаңа поэмасының Төлеген оқыған бірнеше шумағын тыңдай келіп, ең соңындағы эпилог ретінде түйінделген шумақты естіп болысымен оны арқасы­нан қағып, әрі жігерлі, жанашыр оқу­шы, әрі өлең жазуға талпынып жүрген жігітті кезік­тіргені үшін тост көтерді. Ал жас Тұман­байдың ақындық дарынын ерекше танытқан шығармаларының бірі «Ажар» поэмасының эпилогы былай еді:

Оқиға көңілімді толғады да,

Түсірдім өлеңімнің жолдарына.

Білмедім, махаббаттың қызыл гүлі,

Достарым, солды ма, әлде солмады ма?

Төлеген астанада тұңғыш рет дәм-тұздас болған үш танымал ақын оны алақанда аялап, жібек қанатты құстай қалықтап тысқа шықтық. Коммунист проспектісінің бойымен жоғары көтері­ліп, Амангелді ескерткішінің айнала­сында әңгіме-дүкен қайта қызсын. Атақтары дардай болғанмен, уыздай жас ақындармен сырласып, таныс-біліс болып, бойы үйренгендей болған соң әзіл-қалжыңсыз жүрмейтін Төлеген сол өнерінің де шет жағасын шығара бастады.

– Қалай дегенде де, сені дәл мынадай, біздердің иығымыздағыдай плащ киетін шығар деп үш ұйықтасам ойлаған емес едім, – дейді Тұманбайдың үстіндегі көнетоздау жұқа плащы мен басындағы жәпірейген кепкасын нұқып қойып.

– Менің өзімді де сен бір сақалы сапсиған кексе адам деп ойлаған болар­сың, бәлкім? – деп әзілдейді Тұманбай.

– Оллаһи, солай!

Тұманбай  жымың етеді, Төлеген сақ-сақ күледі. Ондағы жас Тұманбай да кешегі Қосжан құсап, Төлегенге ақыл-кеңес, нұсқау іспетті ештеңе айтпайды. «Талабың оңалсын, жолың ашылсыннан» әріге бармайды.

– «Қыз Жібек» операсын тыңдағым келеді, – деді Төлеген.

Үш күннен соң операға барғанда спектакль біткенше ара-тұра көзіне жас алып, қатты қобалжып, тылсым әсер құшағында отырды.

Ол кезде жаңадан көріне бастаған талант иелеріне жасы үлкен қаламгер­лердің жол болсын айтып, тұсаукесер жасайтын дәстүрі болатын. Соған орай, кейбір газет беттерінде Төлегеннің топ­та­ма өлеңдері суретімен бірге жария­ланатыны айтылып жүрді. Төлегеннің көңілі биікте, астана көшелерінде аяғы-аяғына тимей зыр қағады. Әсіресе, Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленовке сәлем бергенін, әңгіме-дүкен құрғанын айтарға тілі жетпей, түні бойы ән салып, кірпік қақпайды.

– Ертең кешкі сағат алтыға Әбділда Тәжібаев үйіне шақырды, – деп келді бір жолы.

Әбекең онда «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Жұмыс аяқта­луға жақындағанда, сағат алтыға таяу кел десе керек. Ертеңіне сағат бесте шығарып салдым. «Қараңғыға қалмай, тезірек орал», – дедім. Түнгі сағат он бірде қайтып келді. Езуі құлағында, көрген-білгенін айтып әлек.

– Бір өзімді үлкен залдың төріне отырғызып қонақ етті, – деді.

– Екеуден-екеу әңгімелестік. Қасым Аман­жолов туралы көп нәрсе есіттім, – деді.

– Әбекең бірінші тосты жер жүзіндегі барша қазақтың денсаулығы үшін алайық деп ұсыныс айтты, – деді.

– Газеттің келесі санына үш жүз жол өлеңім суретіммен басылатын болды, – деп түні бойы өлең көшіріп, таң атқанша көз ілмеді…

Біз, әрине, өмірден ерте өткен талантты ақын Төлегеннің поэзия табалдырығын енді-енді аттағалы тұрған темір қанат шағындағы творчестволық бағдарына қатысы бар азын-аулақ жайларды айттық. Қажет саналған, бояуы өзгермеген, бәз қалпындағы деректерді алға тостық. Аста­наға аңсап келген сол алғашқы сапарында ол басқа да ақын-жазушылармен танысып, көтергенше кітап арқалап қайтқан-ды.

Мейлінше қарапайым, жүрегі кең, болмысы өзге, жастық жалыны тасып-төгілген азаматтық леп есіп тұратын Төлеген ол кезде бесінші курстың шәкір­ті болатын. Келесі жылы жазда диплом алып, үйленіп, туған еліне жүріп кетті. Одан екі жылдан сәл асқанда Сарыағаш ауданына әйелі, анасы, тұңғышы Салтанатпен бірге көшіп келіп, орта мектепте директор болып қызмет етті. Үш-төрт ай бір шаңырақта бірге тұрдық. «Арман сапары» деген тұң­ғыш жинағы сол кездерде шықты. Кітаптың сүйінші даналарын алғандағы қуанышын көрсеңіз. Содан бастап меруерттей жыр жолдары лек-легімен өмірге келіп жатты…

 

P.S. Бір өкініштісі, Алматыға алғаш келген  сол сапардан кейін екі-үш жыл бойы – тұңғыш жыр жинағы шыққанша  өлеңдері республикалық басылым бетте­рінде онша көп көріне қоймады. Бұл — өз алдына бөлек әңгіме.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *