Төлқұжаттағы «ов», «ев»-ті алып тастау қиын ба?

Сауал – сізден, жауап – бізден

 

– Тегімдегі «ов», «ев» деген тіркесті алып тастауыма бола ма? Бұл үшін туу туралы куәлікті, неке қию куәлігін, т.б. құжаттардың бәрін өзгертуім керек пе? 

 Арман, Алматы қаласы.

Бұл сұраққа Алматы қаласы Алатау ауданы Халыққа қызмет көрсету орта­лығы операция залының қызметкерлері жауап береді:

– Қазір төлқұжаттағы «ов», «ев»-ті алып тастаудың жеңілдетілген түрі қарасты­рылған. Мәселен, менің аты-жөнім Арыс­тан­бекова Акжан Максу­товна болса, мен оны жеңілдетілген тәртіппен Арыстанбек Ақжан Мақсұт­қызы деп өзгерте аламын. Оның еш қиындығы жоқ. Ол үшін туу туралы куәлікті, басқа құжаттарды өзгертіп жатудың қажеті жоқ. Тек қана әр ауданда орналасқан көші-қон полиция­сына барып, өтініш жазсаңыз, олар белгіленген тәртіп­пен өзгертуге көмек­тесіп береді. Ал егер тегіңізді ауысты­рып, оның орнына әкеңіз­дің атын қоя­тын болсаңыз, онда туу туралы куә­лікті, диплом, тағы басқа құжат­тарды ауыстыру қажет болады. Ал «ов», «ев»-ті өзгерту аса қиын емес.

 

Өзге қаладан алынған анықтама жарамды бола ма?

– Мен мемлекеттік меке­меде есепші болып жұмыс істеймін. Менің білгім келгені, егер қыз­меткер еңбекке жа­рамсыздық па­рағын басқа қаладан алып кел­се, оған осы бойынша әлеу­мет­тік жәрдем­ақы төлей аламыз ба?

 Марат, Алатау ауданы.

ҚР Еңбек кодексінің 159-бабы­на сәйкес, жұмыс беруші өз қара­жаты есебінен қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті. Республика Үкі­меті бекіткен тәртіппен берілген еңбекке жарамсыздық туралы анықтама соған сәйкес әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін негіз болып табылады. Әлеуметтік жәр­демақы тәртібі және төлеу, сондай-ақ, оның мөлшерін айқындау Үкі­меттің 2007 жылғы 28 желтоқсан­дағы №1339 қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес айқындалады. Ереженің 5-тармағына сәйкес, жәрдемақы еңбекке қабілетсіз­дігінің алғашқы күнінен бастап еңбекке қабілеті қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектігін белгілегенге дейін жұмыс істейтін орны бойынша төленеді. Еңбекке жарамсыздық туралы анықтаманың қай мекен-жай бойынша алынғаны маңызды емес.

 

Журнал ашу үшін не істеуім керек?

– Мен өз атым­нан жеке­меншік  журнал ашу үшін не істеуім керек?

 Қалдархан, Алматы қаласы.

 ҚР Ақпарат және коммуникациялар минис­трлігі маман­дарының айтуын­ша, мер­зімді басылымды есепке қою үшін жеке меншік иесі Қа­зақстан Республика­сының «Бұқа­ра­лық ақпарат құралдары туралы» Заңының 11-бабына сәйкес уәкі­летті органға өтініш беруі қажет. Аталмыш өтінішке:

жеке тұлғалар үшін:

— кәсіпкерлік қызметпен айна­лысу құқығын растайтын құжаттың нота­риалды түрде куәлан­дырылған көшір­месі;

заңды тұлғалар үшін:

— заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куә­ліктің, құрыл­тай құжаттарының нотариалды түрде куәландырылған көшірмелері;

— бюджетке алым төленгенін рас­тайтын құжат қоса тіркеледі.

Өтінішпен қоса берілетін құжат­тар уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап он бес күн аралығында қаралуға тиіс. Ал бас­пасөз басылы­мының жарыққа шығу жиілігі өтініште көрсетілуі бойын­ша анықталады. Сондай-ақ, жоға­рыда аталған Заңның 12-бабына сәйкес, басылымның тара­лымы жүз данадан кем болмауы тиіс.

 

Дайындаған – Серік ЖҰМАБАЕВ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *