ТӨЛ ТОЛАҒАЙЛАРЫМЫЗ ТОП ЖАРДЫ

Америкада өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында бес қазақстандық ауыр атлеттің бәрі чемпион атанды

Қазақстан ауыр атлетика спортының ауылына жақсы күндер келгендей. Жалпы, Олимпиада чемпионы, марқұм Анатолий Храпатый батырымыздан бастау алатын Қазақстан ауыр атлетикасы қай кезде де олжасыз болған жоқ. Тек соңғы жылдарда екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин батырымыздың басына төнген бұлт болмаса. Илья бастаған жетістіктеріміз жетерлік. Тек, сол Илья сияқты өз топырағымыздан өнген алыптарымыз әкелсе дейміз ғой, алтын, күмісті…

 Нұрлан СҮЙІН

Кеше ғана, алыстағы Америкадан сүйінші хабар келіп жатыр. Лас-Вегаста өткен ауыр атлетикадан жастар арасын­дағы Әлем чемпионатында қазақстандық атлеттер айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Америкаға елдің жастар құрамасын кезінде өзі де талай додаға түскен спортшымыз, бапкер Бақыт Ахметов бастап апарыпты. Ең бастысы, чемпион болғандар сырттан «сатып алған» емес, өзіміздің төл толағайларымыз.

Ауыр атлетикадан жасөспірімдердің Әлем чемпионаты Америкада 13–17 жас аралығындағы атлеттер арасында өтті. 15 наурыз күні мәреге жеткен дүниежүзілік додаға әлемнің 50 елінен 200-ден астам спортшы қатысты. Бапкер Бақыт Ахметов бастаған Қазақстан құрамасы чемпионатқа бес атлет апарды.

– Біздің спортшылар жарыстың бірінші күнінен бастап-ақ Қазақстан ауыр атлетика мектебінің қандай екенін көрсетті. Алғашқы жарыс күні Ақмолда Сайрамкез алтын алып, басқалардың рухын оятты. Жалпы, команда қаңтар айынан бастап мақсатты түрде жаттықты. Төгілген тер мен бағдарлы жаттығудың нәтижесі көрініп жатыр, – дейді құрама бапкері Б.Ахметов.

Жарыстың екінші күні Ақмолданың жеңісті жолын Сайхан Тайсуев (67 келі), Ольга Пастухова (81 келіге дейін) мен Рахат Бекболат жалғастырды. Оля қыздың халықаралық додалардан азды-көпті тәжірибесі болса, Рахат Бекболаттың мұндай деңгейлі жарысқа тұңғыш шығуы. Үш атлет те құрама қоржынына алтын салды.

Ал 81 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сыр өңірінің ұлы Есенгелді Сапи екі жаттығуда 309 келі (134, 175 келі) зілтемірді көтеріп, чемпион атанып, Әлем рекордын жаңартты. Бұған дейін Сайхан Тайсуев батыр да рекорд жаңартқан.

Осылай Әлем чемпионатына Ұлы даладан барған ұландар Америка төрінде Қазақстан Әнұранын бес рет орындатты. Бастысы, барлығы да өз мектебімізден.

Асқақтай бер, Қазақ ауыр атлетикасы!

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *