«ТҰЛҒАТАНУ» ІЛІМІНІҢ ДАМУЫНА ҮЛКЕН ҮЛЕС ҚОСУДА

1 шілдеде «Алматы ақша­мы­ның» жарық көр­ге­ніне 30 жыл толды. Көзі­қарақ­ты, зер­делі оқырман бұл басы­лым­ның күні кеше қалай, қандай жағ­дайда шыққа­нынан жақсы хабардар.

Осыған орай әріптес­тері­міз, қалалық, респуб­ли­калық құры­лымдар, бел­­гілі тұлға­лар, жал­пы оқыр­ман­дарымыз тара­пынан келіп жатқан құттықтау, ілтипат, лебіз­дерді жариялап отыру­ды да міндетіміз санап, зор риза көңі­лімізді білдіреміз.

Еркін ҚЫДЫР,

«Астана ақшамы» газетінің Бас редакторы,

ҚР Президенті сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

— Осыдан 30 жыл бұрын ақпарат айды­­нына қанат қағып, бүгіндері еліміздің медиа кеңістігінен ойып тұрып орын алдыңыздар. Газеттің өткен нөмірлерінің бірінде «Әкімдердің кабинетінде домбыра тұруы тиіс» атты ойлы мақала жарық көрді. Ондағы «Домбыра – рух, алапат күш. Ұлы баба­ла­ры­мыздың оқулығы дала мен дом­быра болған. Дала – Демосфендері, түз – Талейрандары бар даналық ойлары­ның мәйегін дала дәптеріне домбы­рамен жазған. Домбыраның мүмкіндігі шек­сіз. Оның шанағынан төгілген қосба­сарлар, ақжелеңдер одан шешен, одан шебер бола бермейтініне дәлел.

Қысқасы, домбыра болмаса бұл елдің тағдыр-тәлейі ендігі қалай болары да беймәлім еді» деген ойды құптай оты­рып, басылым тарихын еске түсір­дік.

Газеттің шежіресі домбырамен айтылған сөзден басталады. Кеңестік кезеңнің қаһары қайтпай тұрған заманда ұлтымыздың төл өнері – айтыс үстінде айтылған ойды елдің сол кездегі басшылары қолдап, көпке ұзамай «Алматы ақшамы» аталатын жаңа жалпыұлттық басылым шыға бастады. Елбасының Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Бұл ұлық мереке 1 шілдеге тура келді. «Алма­ты ақшамы» газеті де дәл осы күні орда бұзар жасқа толды.

Бұл – кездейсоқ емес. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын айтпақшы, домбырамен етене байланысы бар газеттің бетінде ұлттық мәселелер көп көтеріледі. Мысал үшін жуырда шыққан «Жүсіпбектің «Әншісі» дайын сценарий еді ғой» деген мақаланы алсақ та болады. Онда газеттің директоры — Бас редакторы Қали Сәр­сенбай жақында жалпыұлттық прокатқа шыққан «Әміре» фильмін орынды сынайды.

«Алматы ақшамы» мұнымен ғана емес, әр алуан тақырыптағы ақпараттың көптігімен, әр түрлі қызықты айдарлар­мен ерекшеленеді. Атап айтсақ, «Ақшам және ағайын», «Биліктегі бикелер», «Қала және иман», «Қала құнды­лықтары», т.б. осы сияқты айдарлар кез-келген жастағы оқырманды тартып әкетеді.

Газет елімізде кенже қалып келе жатқан «Тұлғатану» ілімінің дамуына үлкен үлесін қосуда. Басылым бетінде тарихи тұлғалар, мемлекет, қоғам қайрат­керлері, өнер иелері, әр түрлі салада жетістікке жеткен қарапайым адамдар жайлы мақалалар жиі шығып тұрады. Алатаудың баурайындағы әсем қаланың тыныс-тіршілігі де газет тілшілерінің назарынан тыс қалған емес.

Көрнекті қаламгер, ҚР Президенті сыйлығының және Қазақстан Журна­листер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбай бастаған ұжымды газет мерей­тойымен құттықтаймын! Мың жасаған шаһардың шамшырағы бола беріңіздер! Еліміздің ақпарат айдынында еркін самғап, үлкен шығармашылық табыстарға жете беріңіздер!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *