ТҰЛҒАЛАРДЫ ТҮГЕНДЕП ӨТКЕН ТҰЛҒА ЕДІ

Қазақ өнері ауыр қазаға душар болды. Белгілі музыкатанушы, өнер  зерттеушісі, әміретанушы, ғалым Жарқын Шәкәрім 72 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Жарқын Жақияұлы Шәкәрім 1947 жылы 4 мамырда Шығыс Қазақстан облы­сының Аягөз қаласында туған. Қарағанды музыкалық училищесін, Алматы консерва­ториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консер­ваториясы) бітірген. 1973–1983 жылдары Мәс­кеудегі Бүкілодақтық «Мелодия» фир­масының Алматы күйтабаққа жазу студия­сында аға редактор, «Жалын» баспасында редактор, Республикалық музыка аспап­тары мұражайының дирек­торы, Қазақ филармониясында күйші-лектор болып қызмет атқарған. 1983 жыл­дан Қазақ теледидарының музыка бағдар­ламалары Бас редакциясының редакторы, бөлім меңгерушісі бола жүріп «3амана бұлбұл­дары», «Домбыра сазы», «Терме», «Шашу», «Музыкалық киножинама», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан» тәрізді хабарларды жарыққа шығарды.

Жарқын Шәкәрім фонографқа жазыл­ған (1925) Әміре Қашаубаевтың дауысы сақталған «Ағаш аяқ», «Смет», «Бесқа­рагер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқа­диша», «Дудар-ай» әндері үнтаспасын (валик) Мәскеудің Орталық мұрағатынан тауып (1974), күйта­бағын автор ретінде жарыққа шығарды. Шәкәрім – «Әміре», «Ән жұлдызы», «Амре Кашаубаев» (орыс тілінде), т.б. танымдық кітаптардың авторы.

Жарқын Шәкәрім 1974 жылдан бері қазақтың біртуар әншісі Әміре Қашау­баев­тың өнері мен өмірін зерттеді. Әншінің туған жылы белгілі болға­нымен, туған айы, күні бел­гісіз еді. Көп ізденістің нәти­жесінде Жар­қын аға оны да анықтады. «Егемен Қазақ­стан­ның» 2018 жылғы 7 ақпандағы нөмі­рінде жарық көрген «Әміре туған күн» деген мақала­сында: «әнші Әміренің ата­лас туысы Өмір­тай Мустин қарияның 1974 жылдың 3 тамыз күні менің атыма жолдаған хатын­да жа­зыл­ған дереккөзге сүйе­ніп Әміре Қашаубайұлы 1888 жыл­дың 15 наурыз күні дү­ние­ге келген деп айтуы­мызға әбден толық негіз бар» деп жазды.

Шәкәрім ұмытыла баста­ған көне саз аспабы – үш ішекті домбырада шебер орын­даушы, «Сазген» фольклорлық ансам­блін ұйымдастырушы (1980), алғашқы көркемдік жетекшісі. Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің дипломанты,  Бүкілодақтық «Білім» қоғамының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері.

«…Қазақ халқының рухани кемелде­нуіне үлес қосып, музыка өнерінің халық­тық мүддеге сай өркен жаюына еңбек еткен, белгілі күйші, музыкатанушы, Әміре­танушы, қоғам қайраткері Жарқын ағамыздан айырылып қалдық», – деп жазды қайғылы хабарды жеткізген Мәде­ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebooк желісіндегі парақшасында.

«Біздің бір көңілге медет ететініміз, Жарқын ағаның артында өлмейтұғын мұрасы қалды. Ардақты ағамыз шынында да бәріміз жақсы көрген абзал азамат еді. Ол өзінің барынша адал да таза қалпымен, ақжарқын да жайдары мінезімен жаны­мызға жақын болды. Нұры пейіште шал­қысын», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Белгілі музыкатанушы, өнер  зерттеу­шісі, әміретанушы, ғалым-ұстаз Жарқын Шәкә­рім «Алматы ақшамы» газетінің редакция­сына оқта-текте соғып, жаңалы­ғымен бөлі­сіп тұратын еді. Газеттің мыңда­ған оқыр­маны атынан марқұмға «Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!» дейміз.

 

«Ақшамдықтар».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *