Тәкең мен Жүкең…

Әшірбек АМАНГЕЛДІ

 

 

«Иті мен битіне дейін таниды…»

 

Журналда  газетке қарағанда жұмыс тыныштау. Негізгі шаруаны түске дейін атқарамыз да, түсте тамақтануға ел қатарлы екінші қабатқа түсеміз. Сонан соң Танаш аға екеуміз кішкене бой жазу үшін іргедегі Көкбазарды аралай­мыз. «Базар – тіршіліктің барометрі».  Бұл Тәкеңнің жиі айтатын сөзі.

Сыртқа шығарда:

– Тәке, куәлігіңізді ұмытпаңыз, – деймін жанашырлық танытып. – Кейінгі кезде қатаң тексеріп жатыр. Қайта кіргізбей қойса ұят болар.

– Ой, сен дейсің бе? Кеше келген сарыауыз балапан, – дейді Тәкең намыстанып. – Мені бұл жердің  иті мен битіне дейін таниды.

– Мейлі өзіңіз біліңіз. Бірақ айтпа­ды демеңіз…

Екеуміз базарды әрі-бері аралап қайта  келеміз. Есіктен кіре бере сәл алға озып, ауызда тұрған милиционер жігітке  әдейі:

– Мына кісі бізге жарты сағатқа кіріп шықсын? – деп өтініш айтқан боламын.

– Жоқ болмайды, аға! – дейді мили­ционер жігіт. – Қазір түс мезгілі. Бастық­тар бізге ешкімді жібермеңдер деген. Өткенде бір кісінің тоны жоға­лып, басымыз бәлеге қалды. Болмайды!

Тәкең ашуға булығып:

– Әй, қарағым, менің осында жұмыс  істегеніме қырық жыл болды. Мен қызметке қабылданғанда сендер әлі туылмағансыңдар, – деп бой бермей кіруге ұмтылады.  Оған күзетші мили­ционер көнбейді. Ақыры амалсыз іштен куәлігін алдырып әзер кіреді.

– Тәке, кәне бұл жердің иті мен биті таниды дегеніңіз? – деймін қыты­ғына тиіп. – Бүгінде адамға емес, қағазға сенетін заман.

Танаш ағам екі-үш күнге дейін менімен сөйлеспей жүреді. Бірақ көңілінің кірбіңі мен зілі жоқ. Көп өтпей қайта татуласамыз. Ара-арасында қол босап, бір ауық екеуміз шахмат ойнай­мыз. Көңілденген сәттерінде диван-орындыққа жантайып жатып, балалық шағы, өзі жазған  «Сыр балалары», «Сүмбіле» повестері мен «Біз әлі кездесеміз», «Кездескен деген осы», «Таң атып келеді» романдарының  жазылуы, оқиға желісі, ондағы кейіп­кер­лер туралы әңгімелейді.

 

Айтуынша, сонау отызыншы жыл­дары  Қызылорданың Қазалы өңіріндегі бұлардың ауылы  аштықтың нәубетімен  Өзбекстанның Үргеніш  жағына үдере көшкен. «Менің бес-алты жасқа келіп, ес біліп қалған кезім, – дейді Тәкең сол бір ауыр күндерін еске алып. – Бәрі әлі күнге дейін көз алдымда. Бір үзім нанға зар болдық. Адамдардың көзі шүңі­рей­іп, жағы қушиып құр сүлделері қалған. Қабырғалары ырсиып көрініп тұрады. Көрсең зәрең кетіп, шошисың. Жергі­лікті халық бізді көріп, бастарын шай­қайды. Шамалары келгенше барымен бөліседі. Аракідік кейбіреулер судың жағасына қой әкеліп сояды. Аш қазақ­тар әй-шәйға қарамай әлгілер тастаған бас-сирақ, ішек-қарынға  тұра ұмтыла­ды. Талай ағайындардың сүйегі сонда қалды. Көрер жарығымыз бар екен. Әйтеуір аман қалдық қой», – дейді.

 

 

Біріміз – министр, екіншіміз – орынбасар

 

Кейде демалып отырып:

– Шіркін-ай, Қызылорда астана болып тұра бергенде ғой! – деп армандайды.

– Онда не болар еді? – дейміз біз жорта сыр тартып.

– Қала халқының, астананың 80–90 пайызы өзіміздің қара көздер болар еді. Қазақтың рухы жоғары болушы еді. Қазіргідей басымызды төмен салып бүгежектемей, еңсемізді көтеріп жүретін едік… Мен ең кемі оқу министрі болып отыратын едім.

– Қалайша?

– Қалайың не? Министрлікке басшы­лыққа Дәуренбеков сияқты ұлтжанды, қазақи адамдар керек емес пе? Оның үстіне мен он жеті жыл білім саласында жемісті қызмет етіп, мектеп директоры, Мәншүк Мәметова атында­ғы қыздар педучилищесінде  оқу ісінің меңгерушісі болғанмын. Осы күнгі мықты, қайраткер Шәмша  Беркім­баева, әнші Бақыт Әшімова, айтыскер ақын Надежда Лушниковалар сол учи­лищені тауысқан. Солар мені қолдайды.

– Мен ше? – деймін сәті түсіп тұрған «шансты» қолдан жібермей.

– Сені оқу министрлігіндегі Бас басқарманың бастығы қоямын.

– Одан жоғарылау қызмет болмас па екен? Мысалы министрдің орынбасары деген секілді…

– Өйтуге болмайды! Тамыр-таныс­тыққа, сыбайластыққа жол беріледі. Жұрт біздің пәленбай жыл бірге қыз­меттес болғанымызды біледі. Сөз қылады.

Танаш ағамның тәтті арман-қиялы­ның желісін үзбейін деп:

– Тәке, сіз  Оқу министрі болған соң  Мәдениет министрін танисыз ғой? – деймін.

– Әрине!  Үкімет мүшесі болған­дықтан  Министрлер  кеңесінің отыры­сына    қатысамыз. Басқа да жиындарға бірге  барамыз дегендей…

– Сол кісіге айтпайсыз ба?  Мынау бір сенімді  азамат. Білімі де, жасы да, мамандығы да келеді. Осыны орынбасар етіп ал. Ұятқа қалдырмайды, –  деп.

– О-о, тауып кеттің! – дейді Тәкең екі алақанын соғып. – Ертеңге дейін ойланып келейін. Оған қалай деп айта­мын. Сөз өтетіндей  болуы керек қой.  Жөн-жосықсыз, беталды айта салу әдептілікке жатпайды.

Сөйтіп, ағалы-інілі екеуміз аяқ астынан біріміз Оқу министрі, екін­шіміз Мәдениет министрі орынбаса­рының орынтағына жайғасып, мәз боламыз.

– Жүр кеттік! – дейді Тәкең көңілденіп.

– Қайда?

– Қайда болушы еді? Төменнен асханадан ас ішеміз. Әрі қарай Көкба­зарды аралап қайтамыз.

– Бірге жүргенімізді көрсе жұрт сөз қылмай ма?

– Айта берсін. Елден тығылып өлеміз бе? Болған кезде бөлек  жүріп, алыстан сыйласармыз.

 

 

«Қарыз – күліп барып, жылап қайтады»

 

Танаш ағамыз  ұқыпты да  тиянақты. Қаржы-қаражатты есеппен жұмсайды. Үнемі қалтасында «запас» ақша жүреді. Соны білетін жұрт қарыз сұрағыш. Бірақ берген қарызы оңайлықпен қайта қоймайды. Бір жолы қайтер екен деп мен де қарыз сұрадым. Тәкең:

– Осы сендер мені американдық Рокфеллер не Форд сияқты миллионер көресіңдер-ау! – деп  зарлап қоя берді. Сонан соң:

– Міне, қарашы? – деп  жан қалта­сынан ұзақ-сонар тізімді шығарды. – Пәленше 10 сом, түгенше 5 сом,  пәленбай 15 сом, түленбай 20 сом алған. Сұрасаң бермейді. «Күніңіз осыған қарап тұр ма?» деп өзіңді күстәналайды. «Қарыз – күліп барып, жылап қайтады» дегенді атам қазақ біліп айтқан.

– Сонымен  маған қарызға ақша бермейсіз ғой? – деп қоямын тықақтап. – Ол бас-аяғыма барлай қарап ойланып қалады.

Мен жәйлап қалтамнан бір буманы шығарып:

– Тәке, ақша деген міне! Құдайға шүкір өзімде бар, – деймін. – Тек маған деген ықыласыңызды білейін деп ем…

– Ой, пәтшағар-ай. Сен мені қатыр­дың! – деп риясыз күледі. – Саған  қарыз беруге болады. Өйткені, сен мен сияқты ұқыптысың, – дейді. – Сенің осындай зиянсыз әзілдерің ұнайды маған.

Осы  «оқиғаны»  қарыз алғандарға көпке дейін айтып жүрді.

 

 

Арызды жабылып жаздық…

 

…1982 жылдың  аяғы 83-тің басында  «Білім және еңбек» журналы редакция­сының  «басына бұлт үйірілді». Бәле-жала аяқ астынан деген ғой. Жоғары  жақтағы  басшыларға  біздің журнал бетінде  «ескілікті қозғап, бақсылық, бал­гер­лік және емшілік» туралы, сондай-ақ, Қазақстанның  Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығын бетке ұстап, Әбілхайыр және Абылай­хан жайында жазған  мақалаларымыз ұнамаған көрінеді. Не керек, осыған байланысты  журналдың жұмысын  Комсомолдың орталық комитеті  «май шаммен» қарап, Бас редакторымыз Бейбіт Қойшыбаевты  қызметінен алды.

Көрер көзге жасалған қиянатқа, әділетсіздікке шыдамаған  біз  ұжым болып, КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Дінмұхамед  Қонаев­тың атына шағым хат жаздық. Басында бізді Дінмұхамед Ахметұлының өзі қабылдайды деген. Бірақ жағдай өзгеріп, ұжымымызды идеология жөніндегі хатшы қабылдады. Ол кісі көптеген жылдар баспасөз саласында қызмет жасағандықтан,  ішіміздегі үлкендеріміз Тәкең мен Жүкеңді жақсы біледі екен. Алды­мен екеуінің қашаннан  бері  журналда жұмыс істейтіндіктерін сұрады. Шамасы «біреуі – 20, екіншісі – 17 жыл» деп айтты-ау деймін. Сонан соң:

– Үлкен кісінің атына  арыз жазған­дарың дұрыс болмады! – деді  тұнжы­рап. Әрі қарай журнал бетінде жіберген біраз кемшіліктерімізді тізбелеп шықты. Кенет басын көтеріп:

– Мына арыз-шағымды ұйымдасты­рып, жазып жүрген қайсың? – деді бәрімізге  барлай қарап.  – Танаш  сен бе? Жүнісбек сен бе?

Үлкендер отырған соң қалғанымыз үн қата қоймадық. Ашуланса Танаш ағамыздың  түтігіп, әрі тұтығып қала­ты­ны бар еді. Сондай қалыппен:

– Кәке, оны тергеп, тексеретіндей дәнеңесі жоқ. Қиянатқа шыдамай, әділ­дік, төрелік сұрап Димекеңе арызды бәріміз жаздық. Машинистка жазып отырды. Қалғандарымыз  жабыла хормен айтып отырдық, – деді. Мұны естігенде жағалай отырған біз күліп жібердік. Хатшы да еріксіз  езу тартып,  басын шайқады. Сөзінің тоқ етерінде:

– Сендерге жақында  бір білікті азамат Бас редактор болып барады. Сонымен тіл табыса жұмыс істеңдер, – деп шығарып салды.  Сөйтсек,  мәсе­леміз алдын-ала шешіліп қойған екен.

 

Жүнісбек  (Пайызов)  ағамыздың да өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені мол  болатын. Өзінің айтуына қара­ғанда, жастай жетім қалып, Өзбек­станда, Шымкенттің Жетісай жағында балалар үйінде тәрбиеленген. Көп  қиындық көрген. «Құдай жетімдікті басқа бермесін!» деп отыратын. Ол кісінің  бір ерекшелігі – адамға үйірсек еді. Жұртпен тез тіл табысып кететін.  Сонан соң тауып сөйлейтіні, жатыпа­тарлығы бар-тын. Онымен қызметтес, таныс-біліс болғандар, жақын жүрген жора-жолдастары «Жүкең айтқан..» деген әзіл-әңгімелерді жиі айтатын.  Оған өзімнің де талай куә болғаным бар…

 

 

«Маркстің кітаптарын беріп қояйын ба?»

 

«Білім және еңбекте»  біраз жыл жұмыс істегеннен кейін Жүкеңе редак­циядан  төрт бөлмелі пәтер тиіпті. «Кең сарайдай өз үйім…» демекші, мұндай баспанаға қол  жеткізгеніне ағамыз қатты қуанады.  Сөйтеді де жаңа үйге кіріп алған соң көп ұзатпай жұмыс­тастарын «қоныс тойына» шақырады. Өліп-талып қол жеткен пәтер демекші, қанша айтқанмен қуаныштың аты қуаныш. Қоныс тойына жиналған қауым ішіп-жеп, көңіл көтеріп болған­нан кейін еркектер жағы карта ойнауға, әйелдер жағы өсек соғуға көшеді.

Әр заманда да аяғымен емес, аузымен жүретін жансыздар болған ғой. Сондай бір жансыз  «…осылай да осылай, басқаларға өнеге көрсетуге тиіс журналистер – идеология майданының қызметкерлері Жүнісбек Пайызовтың үйінде қоныс тойын тойлауға жиналып арақ ішіп, ақырында карта ойнады» деп  комсомолдың орталық комитетіне сүйкеп жіберіпті. Ол кезде Орталық Комитеттің «ақ дегені алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрған кез. «Білім және еңбек» соның қарамағындағы журнал. Сондықтан мұның қызметкер­лерін ашса алақанында, жұмса жұдыры­ғында ұстайды.

Әлгі арызға байланысты екі-үш күннен соң дереу анау-мынау емес тура бірінші хатшының өзі  шақырып алып:

– Иә, Жүке, пәтер алыпсыз. Құтты болсын! – деп сөз бастапты. Ойында ештеңе жоқ ағамыз:

– Рахмет айналайын! – депті қалбалақтап.

– Бәрі жақсы ғой, – дейді одан әрі бірінші хатшы түсін сәл суытып, – Бірақ  қоныс тойын тойлап, арақ ішіп, артынан карта ойнағандарыңыз не?  Масқара ұят емес пе?

Бұған қатты ызаланған Жүкең:

– Әй, қарағым, – дейді, – Мен сонда қалай, қоныс  тойын тойлап отырып, келгендерге «мә, оқыңдар!»  деп Маркс, Энгельс және Лениннің томдарын қолдарына беріп қояйын ба?

Сөзден ұтылған бірінші хатшы басын үстелден көтерместен:

– Кете беріңіз. Бұл әңгіме осы жерде қалсын, – деген екен.

 

 

«Маршал деп айтқанмын…»

 

Бірде журналда  Сағадат Нұрмағам­бетов туралы мақала жарияланып, оның әскери атағы генерал-лейтенант деудің орнына «генерал-полковник» деп жазылып кетіпті. Ол кезде мұндайға қатаң қарайтын шақ. Тиісті органдар басылымның сол санын дереу тоқтатып, жыртқызып, қайта түзеттіреді. Арты­нан «бұл қалай кетті? Мұны әдейі жасап жүрген біреу бар ма?» деген сипатта тергеу мен тексеру жүреді. Сондай мақсатпен қыспаққа алған сәтте мақаланың авторы сасқанынан: «Маған Жүкең айтып еді», – дейді.  Тергеу жүргізген  подполковник шеніндегі әскери адам Жүнісбек ағамызға келіп:

– Сіз Сағадат Нұрмағамбетовтің атағы генерал-полковник депсіз. Мұныңыз қалай? Оны неге сүйеніп айттыңыз? – деген сықылды сұрақтың астына алады. Сонда Жүкең аспай-саспай:

– Айтқаным рас. Бірақ мен маршал деп айтып едім, – депті. Мұны естіген тергеуші:

– Жарайды! – деп қолын сермеп, орнынан тұрып жүре беріпті.

 

 

«Жоқты да сатып алатын заман туған екен…»

 

Ана бір нарықтық қатынас жаңадан басталған жылдары барлық жер ақылы болып кетті ғой. Базарға кіру де ақша, вокзалға кіру де ақша деген сияқты. Дәретханаға кіру болса да болмаса да. Сол бір тұста  Жүкең пойызға  билет алмақ болып  темір жол вокзалына барады.  Анықтама бюросында басын сұғып:

– Қарағым, айта қойшы, Түркістанға орын бар ма екен? – дейді. Онда отырған кезекші қыз:

– Аға, кәзір анықтама ақылы болып кеткен, – дейді. Тиісті ақшасын төлеп:

– Енді білші бар ма екен? – дегенде:

– Кешіріңіз, билет жоқ екен, – дейді әлгі қыз. Сонда Жүкең:

– Е-е, қарағым, жоқты да сатып алатын заман туған екен-ау! – деп үйіне қайтыпты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close