ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Қала әкімі сейсенбі күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Медеу ауданының тұрғындарымен кездесті

Медеу ауданы тұрғындарының сауалдары мен шағымдарына құлақ түрмес бұрын, Бақытжан Сағынтаев медеуліктерді мегаполисті дамыту бағытында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа бастамалар мен атқарылатын негізгі шаруалармен таныстырып, олардың ішіндегі ең маңыздыларына тоқталды. Солардың қатарында орта және шағын бизнесті дамыту мен қолдауға қатысты мәселелер кеңінен сөз болды.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Қала тұрғындарының үштен бірі кәсіпкер­лік­пен  айналысатындығын,  қала бюджетінің 60 пайы­зын осы орта және шағын бизнес өкілдері құрап отырғанын айтқан қала басшысы алдағы уақытта да бұл сала өкілдеріне қолдау көрсетіле­тіндігіне айырықша тоқталды.

Қазіргі таңда «Алматы» әлеуметтік өндірістік корпорациясының құрылымы өзгертіліп жатқанын, инвестиция тарту мақсатында «Almaty іnvest», «Almaty fіnance» орталықтары, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында алты ауданда «Qolday» орталықтары құрылатындығын, жалпы кәсіпкерлікпен айналысатын қала орталығындағылар үшін жеті, ал шет аудан­дардың кәсіпкерлері үшін 2 пайыздық үстемемен несие берілетіндігін жеткізді.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерді «Биз­нес-2025» бағдарламасы бойынша оқыту қолға алынғанын және қаладағы еңбек нары­ғында сұранысқа ие мамандықтардың орнын толтыру мақсатында тегін кәсіптік білім беру ісі қолға алынып, жаңа бағыт­тағы мамандық иелерін дайындау ісі жүйе­ленгенін жеткізді. Алматы қаласына жаңа­дан қосылған аудандарға қарасты 28 ша­ғынаудан тұрғындарының су тапшылы­ғын көріп отырғандығын да тілге тиек еткен қала басшысы алдағы уақытта осы ықшамаудан тұрғындарын сумен қамтама­сыз ету бағытында ірі жобалардың қарастырылып жатқанын да айтып өтті.

Ал Қонаев пен Байтұрсынов көше­леріндегі веложолдарды қайта құры­лымдау жұмысының велосипед­шілерге ешқандай кедергі келтір­мейтіндігін, бұл жұмыстың осы көшелердің бойында орналасқан орта және шағын кәсіп нысандарының жұмысына кедергі келтірмеу үшін жасалып жатқандығын айтып, түсіндірді.

Сондай-ақ, әкім мырза қалалық­тардың арасында, әлеуметтік желілерде Тимирязев көшесіндегі БРТ желілері және Панфилов көшелеріне қатысты айтылып жатқан әңгімелерге құлақ аспауды өтінді. Қоршаулар қайта қойылады деген әңгімелердің де іші пысып, тырнақ астынан кір іздеушілердің, бір адамды екінші адамға қарсы қоюды жақсы көретіндердің әрекеті екендігін айтқан қала басшысы қала тұрғындарының игілігі үшін жасалған дүниелер қала жұртына қызмет ете беретіндігін, керісінше тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жұмыс­тардың жандана түсетіндігін айтты.

Әкім сонымен қатар, бүгінде шет аудандарда жүргізіліп жатқан «Денсаулық» айлығының міндетіне, халық денсаулығын жақсарту бағытында қолға алынып жатқан жұмыстар жөнінде де баяндап өтті. Қоғамдық көлік, тұрғындардың қауіпсіз­дігі, қала тазалығы да әкімнің назарынан тыс қалған жоқ. Қалада әлі де атқарылуға тиісті ауқымды жұмыстардың барын, сол жұмысты бірлесіп, ақылдаса отырып атқару үшін сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді білуге, ашық әңгімелесейін деп алдарыңызға келіп отырмын дегенше болған жоқ, залдың ортасындағы микрофонға тұрғындар лап қойды.

«Медеу ауданы іргетасы ертеден қаланған қаламыздың бойтұмар ауданы ғой. Бұл ауданда анау айтқандай күрделі мәселелер бола қоймас деп келіп едім, бірақ бұл аудан тұрғындарының да мұң-зары жеткілікті екен. Бірақ сіздер бұл шағымдарды біреудің беделін түсіріп, мұқату үшін емес, тыңдайтын құлақ, сөз тыңдар адам таппаған соң, мәселелердің шешімі табылмаған соң айтып жатқан­дарыңызды да түсінемін», – деген қала басшысы Медеу ауданы тұрғындарының әр сауалына мұқият құлақ қойды.

Медеуліктердің қала басшысына айтарлары аз болған жоқ. Үш сағатта елу адам әкімге өздерін мазалап жүрген сауалдарын жолдады. Әсіресе, «Сұлусай», «Мұзтау», «Алатау», «Думан» ықшамау­даны тұрғындарының шағымы шаш-етектен болды. Сол баяғы көшені жарықтандыру, жол, су, қоғамдық көлік қызметі, осы аталған ықшамаудандардағы медициналық қызметтердің қолжетімсіздігі, квота, портал алудың қиын­дықтары тұрғындар тарапынан өткір сынға алынды. Тұрғындар осы аталған мәселелердің қала басшысына айтылар әңгіме еместігін, тұрғындар тарапынан айтылған шағым­дардың шешімін аудан әкімдігіне қарасты сала басшыларының өздері-ақ тауып, ретін келтіруге болатын шаруа екендігін айта келіп, өтініштері жауапсыз қалып, құлақ асатын адам болмаған соң, ұсақ-түйек болса да қала әкіміне айтып жатқандарын жасырмады.

Ал «Сергек» жолдағы бақылау камера­ларының жеке адамдардың қалтасына қызмет етіп жатқанын айтқан тұрғын­дардың бірі мұндай жүйелердің мемлекеттің құзырында болуын және оның пайдасы қала бюджетіне түсу керек деген ұсынысын қала басшысына жеткізді.

Ал отыз мыңға жуық халқы бар «Думан» ықшамауданының тұрғындары атынан сөз алған Аманкелді Шынқожаев ақсақал орталық кәріз жүйесіне қосыламыз деп, үш жылдан бері өздерінің жалған уәдеге алданып қалғандарын әкімге жанайқайларымен жеткізді.

Алда жауын-шашынды күндердің келе жатқанын айтқан «Думан» ықшамаудан тұрғындары қала әкімін «Думандағы» жағ­дайды өз көзімен көріп қайтуға шақырды. Ал Бақытжан Әбдірұлы ақса­қалдарға «Думан» тұрғындарымен жеке кездесу ұйымдастырып, жағдай­ларымен жақын танысуға уәде берді. Кездесуге келген тұрғындар тарапынан түскен елушақты сауал мен өтініш шағымдарды үш сағат бойы тапжылмай отырып тыңдаған қала басшысы әр ауданның өзіне тән шешімін күтіп тұрған күрделі мәселелер барын ай­тып, мүмкін­дігінше осы кездесуде айтылған жәйт­тардың шешімін табуға тырысатын­дығын, дегенмен кейде қаланың қолынан келмейтін шаруалардың да болатындығын айтқан әкім қолынан келгенше қала жұртына қызмет етуге уәде берді.

Ал ортақ қаламызды гүлдендіруге атсалысу әр алматылықтың басты парызы деген қала басшысы Алматы жұртын Алматыны дамытуға оның мәдениетті де қауіпсіз қалалар қатарынан табылуына үлес қосуға шақырды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *