Тәйтіктерге «тәйт» дейтін тұлға керек

Бұрнағы күні академик, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Кездесу барысында академик Президентке Ақсақалдар сенатын құру жөнінде ұсыныс айтқан екен. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдапты.

 Қали СӘРСЕНБАЙ

Оның құрамына білгеніміздей, еліміздің бетке ұстар тұлғалары кіріп жатыр екен.

– Біз, өмірлік тәжірибесі мол адамдар Ақсақалдар сенатын құру жөніндегі шешімге келдік. Бұл сенат еліміздегі кейбір мәселелерге түсінік береді, ақыл қосады. Сіздер жақсы білесіздер, қоғамда пісіп-жетілмеген мәселелер бар, масылдық көңіл-күй бар. Мұндай сәттер адамдарға моральдық тұрғыдан да ауыр тиеді, – дейді академик.

Әрине, мұндайда қоғамдағы пікірдің кей жағдайда екіге жарылып тұратынын да ескеру керек. Мәселен, осындай көп кеңестер, ұйымдарға жұртшылық тарапынан сенім білдіру де өз деңгейінде бола бермейді. «Ой, бізде не құрылмай жатыр, солар не шешіп жатыр?» деп қол сілтейтіндер де баршылық. Демек, ондай топтарға да түсінікпен қарау керек. Жергілікті жерлерде құрылып жатқан түрлі қоғамдық кеңестер, ұйымдардың даусы жоғарыға жете бермейтіні де түсінікті.

Осы тұрғыдан келгенде, бұл кеңес сенатқа балама болмаса да оның құрамында аузы дуалы, сөзі уәлі белгілі тұлғалардың болуы көп жайдан үміттендіреді.

Себебі, олардың дауысы егер шындап кіріссе, алысқа жетеді. Алыс дегеніміз бүткіл Алашқа жетеді дегеніміз. Олар мені қызметтен кетіреді, зейнетақымды алып қояды демейді. Сондықтан орташа таланттар билеген қоғамға жоғарыдан биік, бедел сөз керек.

«Жүремін біреулерге мен де өшігіп, қайтейін соның бәрі пендешілік» деп атақты Тұмағаңның өзі мойындағандай, қазіргі жұрт мойындаған кейбір тұлғаларымыздың елдік, ұлттық мәселе­лерден гөрі пендешілік ойларға бой алдырып жататыны да жасырын емес қой.

Қоғамда ақылы бір уыс, кеудесі қуыс пенделер көбейіп барады. Олар текшіл емес, кекшіл болып алған. Ақыл айтқыштар, білгіштер қаптап барады. Әсіресе, ақшасы барлар ақыл айтқыш. М.Мырзахметов айтқандай, «бүгінгінің байында қанағат жоқ». Қысқасы, алдымен ауруды емес, адамды емдеу, соның диагнозын анықтау керек болып тұр. «Менің бизнесім – менің жиған абыройым» деп еді Асанәлі Әшімұлы. Болашақ Ақсақалдар сенаты мүшелерінің де жылдар бойы жиған абыройы елге қызмет етуін жалғастыруы керек. Қоғаммен ашық диалогқа ынта білдіріп отырған Президенттің де ойы осы. Аталмыш Ақсақалдар сенаты тайраңдап, тасырақтап бара жатқандардың кеудесін басып, «біз бармыз» деп, сес көрсетіп, қоғамның тамыршысына, ақылшысына айналуы керек. Бардың бағасын білетін, жоқтың қадіріне жететін уақыт әбден пісіп жетілді.

Ақырзаман таянғанда академиктер көбейе ме қайдам, кезінде өзімді академикпін деп айтуға ұяламын деген академиктердің академигі Төрегелді ағамыздың мына бастамасынан ел үмітті.

Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций бір сөзінде «мен жұрттың мені түсінбегеніне емес, мен неге оларды түсінбедім екен деп қапаланамын» депті. Аталмыш Ақсақалдар сенаты осы бағытта жұмыс істейді деп сенеміз.

Баяғыда бір ауылға бір шалдың айтқаны заң болатын еді. Егер ақылы асып тұрса біздің ақсақалдардың айтқаны бір ауылға емес, бүткіл елге заң болса керек қой.

Қысқасы, тәйтіктері көбейіп бара жатқан қоғамға «тәйт» дейтін тұлғалар керек боп тұр.

Осылай бір дедім.

Р.S. Таяуда «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласында көрнекті жазушы Смағұл Елубай «Қазақ деген халықта өзі ұлттық элита бар ма?» деп еді. Неге болмасын, сол ұлттық элитаның енді азуын көрсететін уақыты келді-ау, сірә! Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» ғой.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *