«ТҮГЕЛ ҚОСБАСАРДЫҢ ТҮБІ БІР, ТҮП АТАСЫ – ТӘТТІМБЕТ»

жазылған жайға орай

(«Ақаңның аманаты»,

«Алматы ақшамы», 21.02.2018.)

Тарихтың қай кезеңінде, қай толқы­нында болсын тұлғаларға қайта оралып отыру, олардың ойлау жүйесінен, биік деңгейінен, пайым-парасатынан, білім-білігінен тағылым түю, үйреніп отыру үздіксіз жалғасып отыратын процесс болуы керек.

Бүгінгі күні болмыспен (шындықпен, кейбір көзқарастармен,  қайшылықтармен, жүйесіздіктермен, т.б. деп түсініңіз) бетпе-бет келгенде оларға жүгінуге де тура келеді. Қысқасы, тұлға қайсыбір ұлылардың айтқа­нындай, бағыт-бағдар беруші адам. «Алматы ақшамы» осы бағыттағы «Тұлға­тану», «Тұл­ға-тағдыр», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» атты айдармен берілетін жария­ланымдарын одан әрі жалғастыра отырып, бүгінгі рухани қажеттіліктің орнын толтыру мақсатымен тұлғалар өміріне әр қырынан үңілетін болады. Бұл реттегі жарияла­ным­дардың да оқырман тарапынан қолдауға ие болып, тың деректермен толығып жатуы да біздің жұмысымызға жаңаша, тың серпін береді.

Бұрнағы күні газетімізде «Тұлғатану» айдарымен жария­ланған «Ақаңның амана­ты» атты мақалаға орай әлеуметтік желі­лерде, редакциямызға қоңырау шалып, ілти­пат білдіргендердің көпшілігі кешегі Ақселеу Сейдім­бек бейнесіндегі кемел кісі­лер туралы толғаныстарын айтып жатыр.

– Ақселеу Сейдімбек қазақ рухания­тына өлшеусіз үлес қосқан тұлға еді, – дейді белгілі өнер зерттеушісі, күйші, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Жан­ғали Жүзбаев. – Қайран Ақселеу ағам-ай! Күйді таза тартатын. Сайдалы Сары Тоқа­ның кісіге кеткен күйлерін санап отырушы еді. «Түгел қосбасардың түбі бір, түп атасы – Тәттімбет» деп отыратын. Біраз сырды білуші еді, айтпай кетті ғой. Ал енді Ахаң­ның мына хатын сенсация деуге болады, оған бей-жай карай алмайсың. Осы хатты сақтаған Қали Сәрсенбайға мың алғыс.

Ал енді белгілі әдебиеттанушы Мамай Ахет болса, «Алматы ақшамының» 20 жылдығында Ақаң түнімен көрсетілетін порнографиялық фильмдер туралы айта келіп, «Бұл батыстың рухани экспансиясы» деп еді. Мұның нәтижесін санаулы жылда көретінімізді ескерткен болатын, айтқаны айнымай келді. Ол тұста жәй сөз сияқта­нып еді», – дейді осы мақалаға үн қосқан әлеуметтік желідегі пікірінде.

Белгілі азаматтардың бұл пікіріне әбден ден қоюға бола­ды. Егер архивке түсіп, қаузай беретін болсақ, таны­мал тұлғалар­дың әлі де ашылмай жатқан қаншама дүние­сіне кезіккен болар едік. Қазақтың күй-шежіресін бір ізге түсіріп, жүйелеп, өлшеусіз еңбек қалдырып кеткен Ақселеу Сейдімбектің мұраларын терең зерделесек  талай тылсымның куәсі болған болар едік.

– Әлеуметтік желідегі осы екі пікір маған көп ой салды, – дейді «Шаңырақ-2» ықшамауданынан хабарласқан оқырма­ны­мыз О.Қоңыров. – Ел үшін өлшеусіз еңбек еткен тұлғалардың осындай еңбектерін тарих тереңінен аршып алып, халық талқы­сына ұсыну әрі парыз әрі өте сауапты іс болмақ. Мұндай туындылар ой салады, пікір туғызуға зор себеп болады. Қазіргі өмірі­мізде рухани эпидемия өршіп тұрған тұста елдің деңгейін түсірмес үшін осындай биік ойлар керек. Сонда өнердің парқы түспейді. Текті өнердің тереңінде, өн бойында тектілік жатады. Әсіресе, аса ақсүйек өнер күй тілін бүгінде түсінбейтін ұрпақ өсіп келе жатқан тұста мұндай еңбектері тиісті оқу орындарының бағдар­ла­масына енгізу өзінен-өзі сұранып тұр. Олардың сөзі, ойы, пікірі, ұстанымы ешқа­шан өзгермейді, құнын түсірмейді. Кері­сінше, оның маңызы, мазмұны арта береді. Мақаланың соңында «Қазаққа үш Ақаңды – Ахмет (Байтұрсынұлы), Ахмет (Жұба­нов), Ақселеуді (Сейдімбек) берген ғасырға мың тағзым. Бүгінгі ессіздеу қоғамның көзімен қарасақ, осылар болмаса біз рухани мүсәпірліктің құрсауында қалғаны­мыз қалған екен» деп қалай дөп айтқан. Шынында да солай ғой.

 

Жазып алған – А.ТҰРЫСБЕК.   

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *