СЫРТЫ – БҮТІН, ІШІ – ТҮТІН ЕУРОПА

Еуропа басқаларға қарағанда саяси-экономикалық  жағынан  жетілген,  демократиясы орныққан,  халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы анағұрлым жоғары сияқты көрінеді. Ал шындығында,  бұл кәрі құрлықтың да өзіндік қиындықтары  мен қарама-қайшылығы, мұң-мұқтажы жетерлік. Бұған көз жеткізу үшін Испанияда, Францияда және Англияда орын алған оқиғаларға шолу жасап көрейік.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Каталонияның таңдауы  –  тәуелсіздік

Елдің әлі есінен шыға қоймаған шығар, 2017 жылдың 1 қазанында  Испанияның автономиялық  облысы  Каталония  халқы тәуелсіздік жөнінде референдум өткізіп, оған қатысуға құқылы 5,34 млн.  тұрғын­дардың 2,26 млн.-ы, яғни  42,3 пайызы қатынасып, олардың 90 пайызы  егемен­дікті  жақтап дауыс берді. Алайда, мұндай іс-шараны (референдумды)  Испания үкіметі  заңсыз санап, Мадридтен  Катало­нияға жіберілген ұлттық гвардия мен полиция дауыс беруге келгендерге резеңке оқтар  мен шоқпарлар  қолданып, нәтиже­сінде 900-дей адам жараланды. Бейбіт халыққа бұлай күш қолдануды  көптеген халықаралық ұйымдар мен елдер  батыл айыптады.

Осы оқиғаның артынша испан үкіметі  ел Конституциясының 155-бабына сүйеніп, Каталония парламентін таратып,  Жене­ралитет (үкімет) басшысы Карлес Пучдемонды қызметінен босатты. Соған сәйкес Каталонияның  жаңа басшысы етіп, вице-премьер Сорайя Саенс де Санта­мария ханымды тағайындап,  автономия­ның барлық билігі Сантамарияның құзы­ретіне өтетінін, аймақтағы департамент­тердің қызметі орталық министрліктердің қарауына көшетінін жариялады. Испания прокуратурасы Каталония президенті Карлес Пучдемон мен парламентті  заңсыз әрекеттер жасады деп айыптап,  сотқа жүгінді.  Сөйтіп, Карлес Пучдемон  амал­сыз шет елге кетіп, бой тасалауға мәжбүр болды.

Арада  жеті айдай уақыт өткеннен кейін, яғни 2018 жылдың  мамырында Ката­лония парламентінде  автономия женералитетінің  (үкіметінің)  жаңа басшы­сын сайлау шарасы өткізіліп,  қорытынды­сында депутаттардың  66-сы  қолдап, 65-і  қарсы болып, 4-уі қалыс қалып  Карлес Пуч­­демон басқарған «Бәріміз бірге Ката­лония үшін!»  коалициялық партия­сы­ның өкілі  55 жастағы  Ким Торра (Quіm Torra) сайланды. Осыған сәйкес авто­номияда орталық Испания үкіметінің тікелей басқару тәртібі тоқтатылды.

Дейтұрғанмен, Каталония женералите­тінің жаңа жетекшісі Ким Торра  алғашқы  әрекеттерімен  Испания билігінің  қолжау­лы­ғы бола қоймайтынын  байқатты. Олай дейтініміз, Ким Торра ант беріп, қызметке кірісу салтанатында  өзінің  Каталония халқына адал қызмет ететін, өзіне дейінгі  Карлес Пучдемонның үкіметтің заңды  басшысы болғанын, оның ісін жалғас­тырып, республика түріндегі тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылатынын, осы жолда Испанияның жаңа премьер-министрі Педро Сачеспен келелі келіссөздер жүргі­зетінін, Мадрид пен Барселонаның  текеті­ресін біржолата жою қажеттігін мәлімдеді. Қырсыққаны соншалықты,  ол сөйлеген сөзінде өзін қызметке тағайындау жөніндегі жарлыққа қол қойған Испания королі  VІ Филипті және ел Конституциясын ауызға  алмады. Өзара келісіп, әдейі сөйтті ме,  әйтеуір Ким Торраның  инаугурациялық салтанатына  Испания үкіметінің бірде-бір мүше қатынаспады.

Осының бәрі сайып келгенде,  қайсар да бірбеткей Каталония халқының  әлі де тәуелсіздіктен үміт үзбейтінін, бұл жолда  күресті жалғастыра беретінін  аңғартқан­дай еді.

Содан бері де  Каталония әлі мазасыз күйде. Өткен жылдың  9 желтоқсанында  жене­ралитет басшысы Ким Торра негізсіз айып тағылып,  абақтыда жатқан  катало­ниялық саясаткерлерге  қолдау білдіріп,  екі күндік аштық  жариялады.

22 желтоқсанда  Испания министрлер кабинетінің кезекті отырысы  Мадридте емес, Барселонада өткізілуіне  байланысты каталониялықтар «мұны биліктің қыр көрсетуі» деп бағалап, қырық мыңдай жергілікті тұрғын қатынасқан  қарсылық акциясын өткізді. Тәртіп сақшыларымен болған қақтығыста алпыстан астам  адам жарақат алды.

Бір айта кетерлігі, жалғыз   Каталония ғана емес,  Еуропа құрлығында  тәуелсіз­дікке, егемендікке қол жеткізу: шотландия­лықтар, баскілер, корсикалықтар, фламан­диялықтар, силездіктер, венециялықтардың да қашаннан  бергі арманы. Олар да  дербес мемлекет болып өмір сүруді армандайды.

Франциядағы «сары күртешелілер»  кӨтерілісі

Көпшілік құлағдар болып үлгергенін­дей,  2018 жылдың 17 қарашасынан бері  Фран­цияда  «сары күртеше» кигендердің  көте­рілісі  жалғасып келеді. Бұл о баста  жанар­майдың  бағасының өсуіне байла­нысты  тұтанып, бұрқ етті. Жүргізушілердің айту­ларынша,  үкіметтің  көлік отынының баға­сын   көтеруі  өз кезегінде тасымал ақы­сын, азық-түлікті, қызметтің бірқатар түр­лерін  қымбаттатып жіберген. Осының салда­рынан көлік жүргізушілері  апатты жағдайда киетін сары күртешелерін киіп, наразылық акциясына шығуға, көшелерді жауып, жанармай құю бекеттерін  қоршау­ға алуға мәжбүр болған. Ал ақиқатында, бен­зин, дизель отындары  бағаларының  өсірілуінің себеп-сыры әріде – тереңде жатыр.

Бүгінгі таңда  өндірістің қарқынды дамуынан, көліктерден бөлінетін көмір­қышқыл газының  шектен тыс көбеюінен Жер бетінде климаттың жылыну қаупі  төніп, оның адамзаттың тіршілігіне орны толмас  зор қатер мен зиян әкелетіндігі белгілі болып отыр. Осындай алапаттың алдын алу мақсатында  1997 жылы Киота хаттамасы қабылданды. Осы істің жалға­сындай  2015 жылы  әлемдегі алдыңғы қатар­дағы жүз елдің қатысуымен  Париж  келісімі жасалынды. Жәй қарапайым есепке жүгінетін болсақ, бүкіл ауаға тарай­тын көмірқышқыл газының 25 пайызы Еуропа елдерінің үлесіне тиеді екен.

Байқап отырғанымыздай,  бұл  ғалам­дық маңызы бар іс-шараның белсенді бастамашыларының бірі – Франция болғандықтан келісім-шартқа президент қол қойып, артынша  оны  ел парламенті бекіткен. Осыған байланысты француз үкіметі  көліктерден бөлінетін  улы газдарды азайту үшін  жанармай бағасын көтеріп, оны тұтынуды азайтуды, есесіне эколо­гиялық жағынан тиімді электромобильдерді пайдалануды  көбейтуді көздеген болатын. Өкінішке қарай, онысы кері әсер беріп, көлік жүргізушілерінің наразылығы мен қарсылығын тудырды.

«Сары кеудешелі» көлік жүргізуші­лердің  көтерілісі әуелі Парижде басталып, одан әрі басқа қалаларда жалғасып кетті. Басында  оған 280 мыңдай адам қатына­сып, артынан елу мыңдық көрсеткішке төмендеді.  Жалпы, күні кешеге дейін поли­циямен арадағы  қақтығыста  10 адам көз жұмып, 1600 қатынасушы әр түрлі  деңгейде жараланды.

Көтерілісшілердің  талабына сәйкес француз үкіметі шегініс жасап, парниктік газ салығын  жарты жылға тоқтатты. Оны алдағы жылдың бюджетіне енгізбеуге, 2019 жылы бензин мен дизельдің және қыс кезінде  электр мен газдың бағасын өсір­меуге  уәде берді. Алайда,  бұл көтеріліс­шілерді қанағаттандыра қоймады. Өйткені, әлеуметтік-тұрмыстық теңсіздік пен келең­сіздіктердің бәрі жылдар бойы жинақталып, жарылған сыздауық-шиқан секілді бір сәтте осылай  сыртқа лықсып шығады. Сол айтқандай,  «сары күртешелілер»  жанармай мәселесін былай қойып: «ең төменгі жалақы мен зейнетақыны, күнкөріс өлше­мін 40 пайызға көтеру, зейнетақыны  1300 еуроға өсіру, зейнетке 60 жастан шығару, байлыққа  салынатын салықты  қайта қалпына келтіру, жұртшылықты  кеңінен қатыстырып,  халықтың мүддесі тұрғысы­нан конституцияны қайта жазу, бүкілха­лықтық референдум  өткізуді заңдастыру, әлдебіреулердің мүдделерін қорғау және ықпал ету жүйесін жою, сотты болғандарды  өмірбақи сайланбалы қызметтерге жолат­пау, сондай-ақ, бірнеше сайланбалы қызмет­терді қатар атқаруға тыйым салу, Еуропалық одақ құрамынан шығу және елдің өз ақшасын қайта қалпына келтіру, салықтан қашуға жол бермеу, 40 ірі компаниялардың  80 млрд. еуро қарызын мемлекетке  қайтарту, бұдан әрі жекеше­лен­діруді тоқтату және осыған дейін жеке­шеленген (әуежай, теміржол, автотұрақтар)  секілді нысандарды мемлекеттің меншігіне қайтару, бұрынғы президенттерді өмір бойы асыруды қою, кіші қалалар мен мемле­кеттік кәсіпорындарға  дотация бөлу, полиция мен армияны, сот саласын қаржы­ландыруды ұлғайту, босқындар мен үйсіз­дерге қолұшын беру» деген  сияқты 25 тармақтан тұратын талаптар қоюға көшті. Көтеріліске қатысқан жастар тобы ЖОО-на қабылдау тәртібін өзгертуді қалайтын­дықтарын білдірді.

Міне, осындай саяси-экономикалық, әлеуметтік, тіпті геосаясатқа қатысты  сауат­ты талаптарына қарап көптеген саясаттанушылар мен сарапшылар:  «сары күртешелі» көтерілісшілердің артында – сырттан қоздырып, іштен оздырып, қолдап-қуаттап  отырған  қандай да бір күштер  бар»  деген  болжам  жасауда.

Шамалауларынша, олар Франция президенті  Эммануэль Макронның саяса­тын қолдамайтын, онымен бәсекелес болып сайлауға түскен Марин Ле Пеннің  ульта­роң­шыл «Ұлттық майдан» партиясы, негізін экс-президент Николя Саркози қалаған  оңшыл «Республикашылар»  пар­тия­сы,  Жане-Люк Меланшонның солшыл  «Жеңіл­мейтіндер» партиясы  болуы мүмкін. Бірақ та аталған үш партияның  жетек­шілері де  (Марин Ле Пен,  Лорен Воскье және Жане-Люк Меланшон) өздерінің  көтеріліске қатысты  екендіктерін жоққа шығаруда.

Жалпы, саясатта  айнымайтын, өзгер­мейтін нәрсе болмайды. Мұнда бастысы – кез-келген жолмен, әдіспен  жеңіске жету. Сондықтан  Маринге, Лоренге және Жан-Люкке президент  Макронның  халық алдында абыройының айрандай төгіліп,   беделінің  бәсеңдей түскені керек.  Былай­ша айтқанда, үшеуінің де көздегені алды­мен кезектен тыс парламент сайлауына, сонан соң  президенттің қызметінен кетуіне қол жеткізу. Бұлардың бір үміттенетіні – қазіргі күні Э.Макронды  жақтайтын­дар­дың  қарасы 21 пайызға  төмендеп, қарсы­лардың  үлесі 70 пайызға жеткен.

Базбір сарапшылар  «Франциядағы  көтеріліске  Ақ үй әкімшілігінің  де ықпалы болуы ықтимал», – деседі. Себебі,  Дональд Трамп пен Эммануэль Макрон  геосая­саттағы ұстанымдары әрқалай. Мысалы, Макронға Трамптың  Иранның қатысуы­мен, алтылық қол қойған ядролық келі­сімнен шыққаны  және  климатты қорғау жөніндегі Париж келісімге қосылудан бас тартқаны ұнамайды. Сол үшін оны қатты сынайды. Бұған қоса, ол соңғы кездері  «АҚШ-қа, НАТО-ға кіріптар болмай­тындай  Еуроодақтың өз әскері болуы керек» дегенді  жиі айтып жүр.

Жасыратыны жоқ, Францияда билік басында Э.Макронның отырғанын  Кремль де аса қаламайды.  Қаламайтыны Макрон өзіне дейінгі Николя Саркози және Фран­суа Олланд сияқты жұмсақтық танытпай Мәскеуге қатысты қатаң саясат ұстанады. Ол: «Ресей Қырымды қайтармайынша және Украинаға қарсы агрессиялық әрекеттерін тоқтатпайынша оған қарсы санкциялық қысымды  күшейте беру керек», –  деген пікірде. Әрі оны «жөн-жосық­сыз өзге елдердің ішкі істеріне  араласады»  деп батыл айыптайды.

Әзірге Франциядағы  «сары кеудеше» кигендердің көтерілісі жуық арада басылды  деп айту қиын. Тіпті, кешегі  12 қаңтар, сенбі күні  Парижден бастап, Бордо, Тулаза, Бурж, Марсель сияқты ірі қала­ларда  84 мың  адам қатынасқан  наразы­лық шеруі  өтті. Оны басып, тыныштан­дыруға  80 мыңдай полицей жасағы жұмылдырылды. Әдеттегідей полицей мен демонстранттар арасында  қақтығыста  24 көтерілісші жараланып,  240-ы  ұсталды.

Ендігі бір үміт — президент Э.Макрон­ның ұсынысымен 15 қаңтардан бастап екі ай бойы  қоғамда қорда­ланған әлеуметтік-экономикалық  мәселе­лерді талқылау бүкілхалықтық  пікірталас пен талқылау өткізіледі. «Сары кеуде­шелілер» сонан кейін  сабаларына түссе, құба-құп-ақ.

 

Британиядағы  «brexіt» машақаты

Саясаттан хабары бар оқырман біледі. 2016 жылдың 23 маусымында Ұлыбри­танияда бүкілхалықтық референдум өткізіліп, ел тұрғындарының 52 пайызы «brexіt»  ЕО (Еуроодақ) құрамынан шығу­ды жақтап,  қалған 48 пайызы қарсы болған. Мұны көптеген еуропалықтар төбеден жай түскен оқиғадай қабылдаған.  Өйткені,  Британия Еуроодақтың сенімді бір тірегі мен ұстыны саналып келді.

Референдум нәтижесі белгілі болысымен Британияның ЕО құрамында  болуын барынша қалаған, отандастарын солай дауыс беруге үгіттеген, Англияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон өзін-өзі сыйлайтын саясаткер ретінде қызметінен кететінін мәлімдеді. Және де: «Король­діктің Еуроодақтан шығуы мәселесімен ендігі жерде жаңа премьер-министр айна­лысуы тиіс», – дегенді айтты.

Саясаттанушы мамандар айтып жүр­геніндей, жалпы Ұлыбританияда бүкілха­лықтық  референдум  өткізу өте сирек құбылыс. Мұндай елдік мәселелердің көбін негізінен британ парламенті шешеді. Еске салсақ, соңғы референдум осыдан қырық жыл бұрын, яғни  Еуроодақтың сол кездегі үлгісі Еуропалық экономикалық қауым­дастыққа мүше болуы жайы қаралғанда өткізілген.

Демек, осыдан-ақ, еуроскептиктер үшін референдум өткізудің қандай қиындыққа  түскенін бағамдай беріңіз. Дегенмен, жалпыхалықтық сұрау салу Британия жұртшылығының көңіл-күйін, Еуроодақ туралы көзқарастарын  көрсетіп берді.

Бір таңданарлығы, «брекситте» британ­дықтар ерекше белсенділік танытып, оған халықтың 72 пайызы, яғни 46,5 млн. қаты­насты. Қызық болғанда, Шотландия мен Солтүстік Ирландия тұрғындарының басым бөлігі (алғашқысы 62 пайыз, екіншісі 56 пайыз ) ЕО құрамында қалуды қалып, ал Уэльс халқының  56 пайызы шығуды жақтап дауыс берді.

Биыл «brexіt»  (Британияның шығуы референдумы) өткізілгелі  үш жылға жуықтайды дейтін болсақ, содан бері оны жүзеге асыру Консервативтік партияның көшбасшысы, Дэвид Кэмеронның орнына сайланған премьер-министр Тереза Мэй бастаған  Ұлыбритания үкіметінің «бас ауруына»  айналды.

Әдеттегідей мұндай халықаралық ұйымдардан шығудың оңай болмайтыны анық. Оның жолы және қандай да бір тәртіптері болады. Сол айтқандай, Тереза Мэй үкіметі бұл бағытта бірқатар қиын­дықтар мен кедергілерді бастан кешіріп келеді. 2016 жылдың қарашасында еуро­одақшыл қоғам белсенділері  бұларды Лондон сотына арызданып, үкімет парла­мент­тің  мақұлдауынсыз  «брекситті» жүзе­ге асыра алмайды» деген шешім шығартты. Үкіметтің апелляциялық шағымымен ісі қайта қараған Ұлыбританияның  Жоғарғы соты Лиссабон келісімінің 50-бабына сүйеніп,  Лондон сотының шешімін  өзгеріссіз қалдырды.

Осы сияқты Еуроодақтың жарғысына  сәйкес  Британия үкіметі  50—60 млрд. еуро  өтемақы төлеуі тиіс делінген болса, артынан Германия мен Францияның  талап етумен ол сома 91—113 млрд. еуроға өсірілді. Сондай-ақ,  Англияда тұратын  еуропалық­тардың  құқықтық мәртебесі, Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара  мәселесі қызу талқыға  түсті.

2018 жылдың 14 қарашасында  Еуро­одақ басшылығы мен  Корольдік үкіметі арасындағы  келіссөздер нәтижесінде  әупі­ріммен Британияның  Еуропалық  кедендік  одақта қалуы мен Солтүстік Ирландияның  Еуропалық экономикалық аймақ құра­мында болу жайы келісілгендей болды.

Осындай жанкешті жұмыстарына қара­мастан өткен жылдың желтоқсанында  парламентте  консервативтік  партияның  48 депутатының  бастамасымен  Тереза Мэйге  «брекситті» жүзеге асыруда жұмсақ­тық пен баяулық танытуда деген  кінә тағылып,  оған сенім білдіру не білдірмеу  жөнінде  дауыс беру өткізілді.  Сөйтіп, үкімет басшысына ғана емес,  «брек­ситтің»  тағдырына қауіп төнді. Ал ағылшынның кейбір  сарапшыларының пайымдауынша,  Тереза Мэйден басқа біреудің  бұл істі ілгері жылжытып,  нәтижеге қол жеткізуі  екіталай.

Абырой болғанда,  парламенттегі  консерватор 317 депутаттың  200-і  жақтап дауыс беріп, Тереза Мэй тағы да екі жылға партия жетекшілігінде және үкімет басшысы қызметінде қалды.

Британ үкіметі кеңсесінің хабар­лауынша, 15 қаңтарда  парламент­тің төменгі палатасында  ЕО-тан шығу тура­лы келісімге депутаттардың басым бөлігі қарсы дауыс берді. Енді Мэй үкіметіне қиын болып тұр. Премьер-министр Тереза Мэйдің келісім бойынша 2019 жылдың 29 наурызында  Ұлы­британия  ресми түрде ЕО құрамынан  шығуы керек.

Қазірдің өзінде әлдебір аналитикалық агенттіктер  Британия  Еуроодақ құрамы­нан шыққан жағдайда   экономикалық өсімі  2—8 пайызға дейін төмендейді,  көп­теген  бизнестік компаниялар  Лондоннан Еуропаның басқа қалаларына қоныс аударады.  Корольдіктің әрбір  тұрғыны жылына 1250 фунт стерлинг (1474 $) жоғалтады деп  «қара аспанды» төндіруде.

Задында   «brexіt» шарасын жақтаушы­лар да  ақымақ емес,  олардың да ішкі есептері,  бір ойлағаны  бар болар.

Қарап отырсаң, адамзат қоғамы қызық, кереғар дүние. Түркия Еуроодаққа кіре алмай зар, Англия шыға  алмай әуре.

Айтпақшы, соңғы кездері  АҚШ пен Еуроодақтың  қарым-қатынасы  күрделеніп  бара жатқаны байқалады. Бұған  екі жақтың сауда-саттық төңірегіндегі текеті­ресі мен Иранға қатысты саясаты себеп  болған сыңайлы. Әсіресе,  АҚ үй әкімшілі­гінің  ЕО-қа  халықаралық ұйым ретінде қарап, кемсіткені Брюссельдің шамына тигендей. ЕО басшылығының  айтуынша,  бұл  ООН және НАТО сияқты халықарлық ұйым не бірлестік емес, мұның өзіндік парламенті, атқарушы органы және дербес ақшасы, саяси-экономикалық мәселелерді шешу  құзыреті бар. Сондықтан оны  27 елдің басын  біріктіріп отырған  үлкен мемлекет деп қабылдау қажет.

Бір сөзбен айтқанда, өздерін өркениетті санайтын  Еуропаңыздың  да ахуалы  анау айтқандай  мәз емес.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *