Сыртқы жарық жаңартылып жатыр

Құттыбек АЙМАХАН

Соңғы кезде қала көшелерінің керемет өзгеріске түсіп жатқанын көріп жүрміз. Әсіресе, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жөнделуі қала тұрғындарының көңіліне қуаныш ұялатады.

Үстіміздегі жылы қаладағы көпшілік саябақтар ішіндегі жарық шамдары түгелдей жаңартылу үстінде. Осыған орай, қалалық әкімдіктен келген мәлімет бойынша, биылғы жылдың маусым айының аяғына дейін Алматыда 33 саябақ пен сол бақтар аумағындағы барлық жарық шамдар ауыстырылған. Бұл ретте өткен маусым айының басына дейін ғана шаһардағы қазіргі қолданыстағы барлық 2106 жарық шамының 673-і ауыстырылып үлгерілгені белгілі болды.

Қазіргі таңда қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы саябақтарды жарықтандыру жобасын аяқтады десе де болғандай. Осы орайда 2023 жылға дейін аталған басқарма қаламыздың барлық аудандарында мемлекеттік жеке әріптестік шеңберінде 44 576 саябақ шам­дары мен 42 052 бағаналарды, 1375 шақы­рым болатын сыртқы жарық желісін ауыстыруды жоспарлаған екен. Осылай бар­лық жарық жүйелерін диодты жарық­тандыруға ауыстырып, электр қуатын үнемдеу тәртібіне көшуді ойластырған еді. Өйткені, бұл жобаны енгізу энергияны пайдалануды және электр желілеріндегі  апаттарды азайтып, жарықтың берілу сапасын жақсарта түседі дейді. Ендігі жерде бұл жасалған жұмыстар мемлекеттік-жеке әріптестік тұрғысындағы серіктестерге берілетін болады.

Демек, қаладағы барлық көше шамда­рының ескірген бағаналары ауыстырылып, дат сәулетшісі Ян Гейлдің жобасына сәйкес жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар, әл-Фараби – Саин көшесінің қиылысынан басталған осындай бағана­ларды ауыстыру жұмыстары қала әуе­жайына дейін жалғасып, жол бойында тұрған барлық шамдарға жаңарту жұмыс­тары жүргізілмек. Сөйтіп, бұл аралықтағы барлық сыртқы шамдарды  диодты жарық көздеріне ауыстыру жұмыстары қолға алыныпты.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда қолда­ныстағы жарық желілерін үнемді де тиімді жарық көздеріне ауыстыру жұмыстары  үшін биылғы жылға қалалық бюджеттен 113 млн. теңгедей қаржы қарастырылған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *