«СЫРСАНДЫҚ»

Намазға жығылдым…

СӘУЛЕ, студент:

– Ағам араққа жақын. Басқаға таппаса да, араққа ақша табады. Жеңгем екі баласымен шыдамай кетіп қалған.

Ол қазір күн құрғатпай ішетін болған. Бүгінде анамның да үлкен қасіреті сол сияқты. Көп күрсінеді. Іштей тынатынын да білемін.

Ағамды қатты аяймын. Ішпеші деп жалынып та, жылап та айттым. Бірақ арақ оны билеп алған, шырмауынан шыға алмайды.

Кезінде мектепті жақсы оқыған. Бірақ жоғары оқу орнына түсе алмады. Жесір анамның оны оқы­туға жағдайы болмады. Қалада жүргенде ортасы дұрыс болмады ма, білмеймін, әйтеуір ішетінді шығарды.

Мен грантта оқимын. Ол да болса бізге Алла­ның қарасқаны шығар. Демалыста дереу ауылға тартамын. Алматының іргесіндегі ауылда тұрамыз. Ағам үшін жүрегім қанжылайды. Ал оны алпыс екі тамырын идіріп дүниеге әкелген анамның жүрегі не болып жатыр десеңізші!

Отбасым бақытты болсыншы деп Аллаға сыйынып, жақында намазға да жығылдым. Бәлкім, бақытты болармыз…

 

Жігітімді қызғанамын

ЖАЗИРА, студент:

– Мен үшін былтырғы жыл бақытты жыл болды. Себебі, жақсы жігітпен таныстым. Екеу­міздің жарасып қол ұстасып жүргенімізге біраз уақыт болды. Бізде бәрі жақсы. Ол мені қатты сыйлайды, бір сөзімді екі етпейді.

Бірақ тым қызғаншақ екенмін. Болмашы нәр­седен ілік іздеп, оны жөнсіз қызғана беремін.  Тіпті, қызғаныштан жарылып кете жаздайтындай кездерім болады. Ол жанымызда тұрған бір қызға қарап амандасып қойса да, ол маған соншалықты ауыр тиеді.

Мұндай орынсыз қызғаныштың ақымақтық екенін түйсініп тұрсам да, бәрі еркімнен тыс болып жатады. Сөйтіп жүргенде жігітімді мезі етіп, оны мәңгіге жоғалтып аламын ба деп те қорқамын…

 

Мейірімге қанбай қалған баламын

АРМАН, заңгер:

– Мен – кемпір-шалдың баласымын. Тұңғыш немерелері болғанмын. Атам екі жасымда қайтыс болыпты. Ал апам бертінде, мен азамат болғанда көз жұмды. Ол кісі аса салқынқанды жан еді, бірақ мені жақсы көрді, тек онысын білдіртпейтін. Апамның арқасында не ішем, не кием деген жоқпын. Оқытты. Жоғары білім алдым. Үйлендім. Бір ұлым бар.

Бірақ жаныма ылғи бір нәрсе жетіспей тұрады. Ананың, әкенің жылуын іздейтін сияқтымын. Мейірімге қанбай қалған бала екенімді сезініп жүрмін бүгінде. Сондықтан да ұлымды құшақтап, жиі-жиі айналып-толғанамын. Кейде туыстар «қазіргі жастар тым балажан, қарашы, асты-үстіне түсіп өліп барады» деп әзілдеген болады. Ал мен өзіме жетпей қалған мейірім ұлымда болсын деймін ғой, оны олар қайдан түсінсін.

Әке-шешем бес айлығымда ажырасып кеткен екен. Кейін екеуі де өз алдарына отбасын құрған. Олар мені іздеген емес, ауылға да сирек келетін.

Шешем кейін маған ватсап арқылы хабарласты. Екінші некесінен бала сүймепті. Кездесейік деді. «Мен де бір жүрген көңілі жарты жетіммін ғой. Жү­регім ешқашан мейірімге толған емес. Шешеммен араласып көрейін»  деп туған анаммен кездестім. Біртүрлі суықпыз. Әңгімеміз жараспады, қабыс­пады. Бір-бірімізге мүлдем бөтенбіз. Тұрмысы тәуір сияқты. Ақша ұсынды. Алматыда пәтер жалдап тұрамыз. Ақша керек болып тұрса да алмадым.

Менің көп бала сүйгім келеді. Ешқайсысын мейірімнен кенде қылмаспын деп ойлаймын.

«Сырсандықтың» сырын бөліскен – Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *