СЫРДА СЫРБАЗ ЖІГІТТЕР КӨП

855Бұрынғының адамдары жайлы әңгіме қозғалса, сөзге қамшы салдырмас жүйрік Сатулла Сәдуов мырза дереу құлақ түре қояды. Оның мәнісі ерте есейген өн бойында адам қызығатын, үлгі алатын жақсы қасиеттер бар. Соны бұрынғының адамдары тәрізді жүрегіне сіңіріп, терең дарытып,  басқаға жұғысты етуге жаны құмар. Оның үйіндегі үлкен үстелдің үстінде жатқан әртүрлі әдеби кітаптар бейне бір өткен өмірден сыр шертіп, жаныңа барлық шежірені ақтарып тұрғандай әсер етеді. Қай-қай­сысын қолыңа алып, көз жүгіртсең болды, салиқалы, тартымды әңгімелер көкейіңе бірден қона қалады.

Шынын айтқанда, Сатулланың кітапқа деген құмары, ой ұшқыны кез келген кісіні таңғалдырады. Оның оқымайтын кітабы жоқ, сонда жазылған мәнді сөздерді көңіліне тоқып жүреді. Оны реті келген жерде көбірек қаузайды.  Барлық уақытта сонау заманғы қилы-қилы тағдырларды көз алдына әкеліп, соны басқаға құлаққағыс ретінде тілге тиек, діңгек етіп алға тартады. Ойлап отырсаң, Сыр бойы­ның адал перзентінің бірі, белгілі қоғам қайраткері С.Сәдуов дәуірдің үрдісі мен тұрпатын ой таразы­сына салып, соның басынан кешкен, өз көзімен көрген тұстарын есінен екі елі шығармайтыны байқалады.

Сатулла Сәдуов 1938 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты Байғожа стансасында жарық дүниеге келді. Оның шаранасы кеппей жатып әкесі көз жұмды. «Жығылған үстіне жұды­рық» дегендей, көп ұзамай, үш ағасы бірдей Отан қорғауға аттанып кетті. Жөргекте жатқан бала екі апасы мен шешесінің тәрбиесінде қалды. Үлкен апасы Маскура бастауыш класқа сабақ беретін еді. Өмірдің көп қиыншылығы таңдайына татыған, жетімдіктің тақсыретін көрген  Сатулла да ержетіп, 1956 жылы  Қармақшыдағы №26 он жылдық мектепті ойдағыдай бітірді. Содан кейін Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының механизация бөліміне оқуға түсіп, оны 1959 жылы бітіріп, ауыл шаруашылығы техникалары жөніндегі механик мамандығын алды. Енді барар жер, басар тауы айқындалды. Көп ұзамай,  Оңтүстік Қазақстан облысының «30 жылдық Октябрь» кеңшарында механик болып еңбек жолын бастады. Ең бастысы, жастарды техника тілін білуге баулыды, оларды механизатор мамандығын алуға, тың игеруге қатысуға дайындауға атсалысты. Сонымен бірге өмірге көзқарасы қалыптасып, қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласу ниеті орындалды.

— 1962 жылдың қараша айында аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайлан­дым, — дейді С.Сәдуов әңгімені одан әрі қарай сабақтай түсіп. — Аудан көлемінде атқа­рылуға тиіс жұмыс ұшан-теңіз болатын-ды. Партия осын­дай қым-қуыт шақта жақсы еңбек еткенім үшін күшті қолдау жасады. Әлі есімде, сонау 1964 жыл­дың қыркүйек айында мен ВЛКСМ Орталық комитетінің жанындағы комсомолдың Жоғарғы мектебіне оқуға аттандым. Оны бітірген соң 1965 жылдың қаңтар айында Қармақшы аудандық ком­сомол комитетінің бірінші хатшылығына сайлан­дым. 1972 жылдың тамыз айында жоғарғы партия мектебін бітірген бойы Қармақшы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне орналастым. Ал, 1975 жылдың мамыр айында аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалдым.

Біз әңгіме етіп отырған С.Сәдуов бұдан кейінгі жылдары  кәсіптік білім беру училищесінің директоры,  мекеме басшысы болды, өзге де әртүрлі салада лауазымды  қызметтердің дәмін татып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін халық­ты жұмыспен қамту орталығының директоры болған елге белгілі азамат. Қай салада еңбек етсе де, әр­дайым өз ісіне адал, талапшыл болуды һәм  әділдікті берік  ұстанды.  ҚР Білім және ғылым министрлі­гінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­белгісімен марапатталған.  Оның бүкіл өмір тарихы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған  «Ел  ардақтылары»  деген анықтамалық-ақпараттық, энциклопедиялық жинақ кітапта айшықты әріптермен жазылған.

Бұл күнде жетпіс бес жасты еңсерген Сатулла Сәдуов та бұрынғының адамдарының қатарына енді. Солармен бірге жүріп, бірге тұрады. Азды-көпті кездеспей, көрмей қалған, көз жазған күндер өтсе, бірін-бірі құшақ жая қарсы алады, шүйіркелесіп сөйлеседі, өткен-кеткенді есіне түсіреді. Оның бастан кешкен қилы-қилы өмірі, тағдыры, тіршілігі, адамдармен қарым-қатынасы, достығы жайлы бәйбішесі Бибігүл Қаршығақы­зымен қос  автор болып жазған «Егіз ғұмыр» атты кітабы жарыққа шықты. Оны махаббат-достық дастаны десе де болады. Ол кіндік кесіп, кір жуған алтын бесігі — туған жерінің ыстық бейнесі мен сұлу келбетін ерекше ықыласпен, ақ көңілмен, тебірене  отырып ақтарыла жазады.

Адамның жақсы болмағы жасында алған тәрбие­сіне, өскен ортасына, араласып-құраласып жүрген дос-жарандарына тікелей байланысты екені даусыз. С.Сәдуов қызметке кіріскен күннен бастап әуелі аудандық партия комитетінің, кейін обкомның бірінші хатшысы болған И.Әбдікәрімовпен, одан соң ауданды басқарған А.Жанпейісов және Е.Көшербаевпен қоян-қолтық жұмыс істеді, олардан көп жақсы нәрселерді үйренді, тәжірибе жинақтады. Сонау алпысыншы жылдың басында облысты М.Ықсанов басқарған кезде оның ком­сомол жұмысына қаншалықты ден қойып, қамқор­лық жасағанын, қызмет бабы үшін аудандық комсомол комитеттеріне жеңіл көлік бөлгенін жыр ғып айтады. Осындай көргені және өмірден көп түйгені бар адам ғана қоғамда өз орнын табады, халық үшін қалтқысыз қызмет етеді.

Қойнауы құт қазынаға толы, бұрын жау сұқтанған Сыр бойы С.Сәдуов мырзаның өмірге деген терең  көзқарасын қалыптастырып, өзіндік байсалды ой, үлкен пікір топшылауға және сол жүрек толғамдарын ақ қағаз бетіне түсіруге қол жеткізді. Әсіресе, ғасырлар бойы атамекенін қорғап келген ел-жұрты жайлы зерттеуді басты мақсат етті. Өйткені, бұл аймақ сонау жылдары қалмақ, жоңғар, қоқан шапқыншылығы кезінде батырлар мен сарбаздардың ештеңеден тайсалмастан кеудесін ашып, оққа тосқан, білектің күшімен, найзаның ұшымен қаһарлы шайқасқа қарсы тұрған мызғы­мас қамалына айналған еді. Бұл өңірден шыққан, аты аңызға айналған Жанқожа, Тоғанас, Текей, Киікбай, Бұқарбай, тағы басқа жаужүрек батыр­ларды кім білмейді. Бұлар ел және жер намысы үшін жан аямай күресті. Басқыншы жаудың жолын тосып, адымын аштырмай, тас-талқанын шығарды.

Қармақшы – ежелден жыр елі, атақ-даңқы шыққан, елдің зор мақтанышына айналған Ешнияз, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет, өзге де ақын-жыраулар мекені. Бұл күнде осы өнер қасиеті бабалардан мирас болып қалған жыраулар тобы алтынның сынығындай, көненің көзіндей болып отыр. Осы тұста М.Әлиев, Ш.Төлепова, Көшеней, А.Алматов, Б.Рүстембековтер, С.Ыдырысов, тағы басқаларын атап айтқымыз келеді.

Шын мәнінде мұндай жыраулық өнер тек осы аудан өңіріне табиғаты да, сазы да, әуені де бөлек болып құйыла салған тәрізді. Ал, бұл мақам Сыр­дария өзенінің жағасында жамбасы жерге тиген әйгілі Қорқыт баба сазымен терең үндеседі. Бұларды Сәкең өз жазбаларында әдемі келтірген, қиюын тауып суреттейді, әсерлі әңгімелейді.

Біз сөз етіп отырған С.Сәдуовтың тағы бір басқаның құлағын елең еткізетін жақсы қасиеті — комсомолдық және партиялық қызметтерде білек сыбана еңбек етіп, ерекше көзге түскен достары жайлы жүрекке жылы ойларын ортаға салады, олар­дың адамгершілігі, іскерлігі, өзара қарым-қаты­наста адалдығы туралы сыр шертеді. Солардың бірі, бірі емес бірегейі, жазушы Садықбек Хангелдин жөнінде жазғаны көңілге қатты ұнайды. Онымен 1963 жылы комсомол қызметінде жүргенде таныс­қан. Содан бері құшағы жазылмай, достығы жара­сып келеді. Ол жайында кітапта мынадай жолдар бар: «Бір көргеннен өзінің ерекшелігімен, жақсы мінезімен, тектілігімен, азаматтығымен өзіңді өзіне баурап, жақындастырып алатын өмірде ерекше жандар болады. Сәкең осындай абзал азамат. Біз бірге жүрген достары Сәкеңнің  сыпайы мінезіне, жарасымды киім киісіне, оның ерекше қабілетіне, дарындылығына сүйсінеміз, қызығамыз». Бұдан артық не керек? Өзара сыйластық, ауызбіршілік, бір-біріне үлкен құрмет деп осыны айтар болар.

Сыр елінде сырбаз жігіттер көп. Қазірде соның көпшілігі ардагер, ақын, жазушы және ғалым. Бұл орайда асығы алшысынан туған, мінезі сабырлы, сөзі салмақты, түр-түсі аумаған  алтынға ұқсас бір тамаша азамат бар. Ол – саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір. 17 жылдай Қызылорда облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарды. Қашан көрсең де бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүреді, асып-таспайды, есіп мақтанбайды, дауыс көтеріп сөйлемейді. Бірқа­лыпты адам. Осы жақсы қасиеттері үшін халық оны керемет сыйлайды. Оның нақты айғағы тоғыз жыл бойы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Ғалым-жазушы Ә.Бә­кір­дің қаламынан ел, жер, ұлт және тіл тағдырына орай жазған талай аса құнды кітаптары жарық көрді, жүздеген ғылыми-зерттеу мақалалары жария­ланды. Алматыда Қазақстандағы Франция мәде­ниетінің жылы шеңберінде ғалымдардың үлкен тобының қатысуымен өткен «Мұстафа Шоқай толық шығармалар  жинағы»  кітабының тұсаукесер рәсімінде  «Әлем таныған тұлға» атты монография­ның авторы, белгілі шоқайтанушы, саяси ғылым­дарының докторы, профессор Ә.Бәкір Мұстафа Шоқай­ды терең әрі жүйелі тану үшін Қызылорда қаласынан арнайы шоқайтану ғылыми-зерттеу орталығы ашылса жақсы болар еді, деген пікір білдірді. Мұны ғалымдар қызу қолдады.  Міне, осындай қадірлі азаматтардың абыройы мен беделін көрсету, ол жайлы жазу үлкен жұмыс. Ақын әрі жазу­шы С.Сәдуов мырза осындай салмағы ауыр, болашақ үшін аса қажет, әрі маңызды, әрі зор міндеттерді атқарып жүргеніне шын жүректен қуанғанымды жасырғым келмейді.

Енді бұрынғының адамдарына байланысты әңгіме болғандықтан, көңілде қордаланып жүрген бір түйткілге тоқтағым келеді. Қазір не көп – той көп. Алтын той, күміс той, туған күн, үйлену, сырға салу, қыз ұзату, келін түсіру, мерейтой, ғылыми атақ алу тойы, тұсаукесер, қоныс тойы, тағысын-тағы­лар.   Жарық дүниеге келу мен кетудің бәрі, әйтеуір, үлкенді-кішілі басқосуларға ұласып жата­ды. Осындайда  дастархан иелері көбіне атақ-даңқы бар, беделді адамдарды шақырып, дәм беруге құмар, соны үлкен мақсат тұтады, жақсы ырымға балайды. Әрине, бұл әркімнің көңіл қалауы. Бірақ, бір аңғар­ғанымыз, көп ретте жақсы, баянды нәрсенің парқын білмей, құнын, беделін мүлде түсіріп барамыз. Меймандар кейде кешігіп келеді, той иелерін жөнді  сыйламайды, олардың ақ ниеттерін аяқ асты етеді,  дастарханды менсінбей тастап кетеді. Қонаққа, кәделі жерге барғанда  сөйлеу, отырып-тұру мәдениеті төмен.

Осы орайда Алматы жоғарғы партия мектебін тәмәмдаған, Мәскеудегі комсомолдың орталық аппаратында оқып, терең білім алған, ел ішінде үлкен абыройы бар, лауазымды қызмет атқарған тұлғалы азамат Сатулла Сәдуов мырзамен өзара әңгіме барысында осы төңіректе ой бөлісуді ұсындым.

— Азды-көпті ат арқасына мініп, Отанға, халық­қа қызмет жасадым, — деді ол. — Ана сүтімен дарыған отбасылық тәрбиеге ештеңе жетпейді. Біздің арма­нымыз — елде тыныштық пен молшылық орнасын, өсіп келе жатқан немере-шөберелер біз көрген ауыртпалық пен қиындықты, зұлматты көрмесін. Дегенмен, қазіргі той шараларын өткізудегі дарақы қылық, бәсеке, бірінен-бірі озып, асып түсу, астамшылық, шашылу, көл-көсір ысырап жасау, дастарханды сыйламау — жанға тым ауыр тиіп жүр. Мұны әр жерге қонаққа барғанда талай байқадым. Сондықтан әр нәрсенің өз орны, өз дәрежесі және тойға шақырған меймандардың «тере­зесі тең» адамдар болуы тиіс. Осы жағына да ой тастаған мақұл. Оқыған, тоқыған адамдардың тойда өзімен қатар отырған азаматтарды кемсітуі, кеуде көтеруі тәрізді біраз келеңсіз жәйттерді де көзіміз көрді, сөздерін құлағымыз шалды. Бұл бір жаман қылық, айықпас дерт. Мұндай кезде бұрын­ғының адамдары өзінің үлкендігін жасап, оғаш мінез-құлықтың басқаға залалын тигізбеу ықпалын жасауы тиіс. Бұған ой жіберіп, жасаған әрбір игілікті шараларға асқан жауапкершілікпен қарау керек

Бұрынғының адамдары сөзімен ғана емес, ісімен де басқаға үлгі бола білуі қажет. Алматы облысы Қарасай ауданы Жандосов ауылының тұрғыны Сатулла Сәдуов сондай жан. Зайыбы Бибігүл дәрігер, көп жылдар бойы емдеу саласында қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Ол талай адамның өміріне араша түсіп, денсаулығын қорғады. Сыпайы, қара­пайым, кішіпейіл адам. Олар бала-шағалы.  Ұл-қыз­дары — Зейналабин, Айгүл, Нұрадин, Гаухар, келіндері Сәуле және Жұлдызай олардың  ұлағатты сөздерін әрдайым әңгіме арқауы етіп айтып отырады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өнегелі адамдардың өмірі жайлы жазып та, айтып та жүрсек, жастар зердесіне құя берсек, одан ұтпасақ, сірә да ұтылмаймыз!

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,  Қазақстанның Құрметті журналисі.

Қазір не көп – той көп.  Осындайда  дастархан иелері көбіне атақ-даңқы бар, беделді адамдарды шақырып, дәм беруге құмар, соны үлкен мақсат тұтады, жақсы ырымға балайды. Әрине, бұл әркімнің көңіл қалауы. Бірақ, бір аңғар­ғанымыз, көп ретте жақсы, баянды нәрсенің парқын білмей, құнын, беделін мүлде түсіріп барамыз. Меймандар кейде кешігіп келеді, той иелерін жөнді  сыйламайды, олардың ақ ниеттерін аяқ асты етеді,  дастарханды менсінбей тастап кетеді. Қонаққа, кәделі жерге барғанда  сөйлеу, отырып-тұру мәдениеті төмен.  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *