СЫНДАРЛЫ ЖОЛДАУ

Биылғы Жолдаудың ерекшелігі –  Президент өзінің сайлауалды платфор­масында белгіленген бастамалар мен ұсы­ныстарды атап өтіп, өзі қолға алған халық­тың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін көтеру мәселесіне қатысты елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуындағы өзекті тақырыптарды қамтып, нақты тапсырмалар берді.

Халықтың Жолдаудан күткені осы. Мемлекеттік биліктің қоғамның қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуі, тұлғаның еркіндік­тері мен құқықтарын қорғауға бет бұруы қашан да елеулі мәселелер санатында. Осы орайда «Адам баласын замана өсіреді» деген ұлы Абайдың философиялық ой-толғамы бүгінмен ұштасып жатыр. Халық­тың әл-ауқатын арттыру, адам әлеуетін дамытудың жоғары деңгейі алдыңғы қатарлы дамыған елдердің сипаты болып табылады. Кез-келген қоғамның басты құн­дылығы – адам, жалпы ХХІ ғасыр – адам құқығын қорғау ғасыры, сондықтан Мемлекет басшысы оған жасалатын жыныстық зорлық-зомбылық, жалпы жеке тұлғаға қарсы барлық қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмаларды жүктеді.

Адам зорлығы проблемасына аса үлкен мән берілуі де негізсіз емес. Себебі, Бас прокуратураның ресми дерегі бойынша биылғы жылдың өзінде 800 факті тіркеліпті. Бұл бағытта Парламент Үкіметке бірқатар тапсырмалар тапсырды. Жеке тұлғаның қауіпсіздігі – бұл мемлекеттің лигитимділігі, азаматтық қоғамның қауіпсіздігі негізде­летін қауіпсіздіктің іргетасы болып табы­лады. Жолдауда көрініс тапқан барлық түйткілді мәселелер әлеуметтік желілер мен қоғамның әлеуметтік сұранысына жауап сынды болды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік органдардың қызметіндегі басымдық ретінде ашықтық, халықтың қажеттілік­теріне назар аудару, қоғаммен сұхбат орна­туды атап өтті. Осы тұрғыда Президент әкім­шілігінде азаматтардың жүгінген мәсе­лелеріне жауап беру сапасын бақылайтын бөлім құрылды. Бүгінгі таңда саяси рефор­малардың сатылы әрі сенімді жүргізіле­тіндігі де айтылды. Халық пен биліктің үнемі сындарлы қоғамдық сұхбатта бо­луының нәтижесінде ғана мемлекет құрылып, дами алады.

Президент Қ.-Ж.Тоқаев алғашқы Жолдауында рухани мәселелерді де назардан тыс қалдырмай қамтыды. Осы ретте Қазақстанда этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға барынша жағдай жасалатыны айтылып, «Қазақ тілі­нің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәре­жеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн екендігін тілге тиек ете отырып, жауырда Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжы­рымдамасын әзірлеп, қабылданатынын хабарлады.

Сонымен қатар, Президент 2020 жылы Қазақстан әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей­тойларын атап өту барысында ысырап­шылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғалар­дың еңбектерін халық арасында барынша дәріптелуі қажет екендігін атап өтті.

Жолдаудың жас буынға үлкен серпіліс күш-жігер беретін тұсы дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындалу керектігі. Осы себепті, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау мақса­тында Үкіметке дарынды балалардың қабіле­тін дамытудың жол картасын әзірлеу тапсырылды, жоғары білімнің сапасына мән берілді. Осы маңызды мәселенің назарға алынуы жастардың еліміздің жарқын болашағының иесі екендігіне сендіріп, болашаққа деген үкілі үміттің тірегі болуға итермелейді. Әрбір қазақ­стандық жас буын сапалы білім алып, мемлекетке өз үлестерін қосып жатса, бұл жастарға көрсетілген қолдаудың үлкен нәтижесі болады.

Жолдауда Мемлекет басшысы ғылым саласындағы орын алған жағдайлар да айрықша назарды талап ететіндігі де айтылды. Кез-келген ұлттың, қоғамның, мемлекеттің дамуы ғылымсыз мүмкін емес. «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім қажет» деп Ш.Уәлиханов орынды атап өткен еді. білім, ғылым қоғам мәдениетінің маңызды формаларының бірі болса, ал оның дамуы адамзат өмірінің барлық саласының жаң­ғы­руының басты факторы болып табылады. Заманауи ғылым адамның дүниетанымын қалыптастыра отырып, техникалық прогрес­пен тікелей байланысты болады және қоғам дамуына болжау жасап, адамзат алдында тұрған түйткілді мәселе­лерді талдап, шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл елімізді өркениетті, дамыған елдер қатарына енуінің басты шарты болып табылады. Осылайша Қ.Тоқаевтың Президент қызметіндегі алғашқы Жолдауы билік өкілдеріне және жалпы қоғамға алдағы жылдардағы еліміздің дамуының нақты мақсаты мен міндеттерін анықтап беретін бағдарға айналатындығы сөзсіз.

 

Динара ЖАҢАБАЕВА,

Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *