Сынағы мол жарқын өмір

Рахман АЛШАНОВ,

экономика ғылымының докторы, профессор, Тұран университетінің ректоры

 

Өткен айда, яғни мамырда аса көрнекті экономист, академик Түймебай Әшімбайұлы Әшімбаевтың туға­нына 100 жыл толды. Оның өмір жолы көп­теген маңыз­­­ды жетістіктерге толы болған. 1935 жылы Фрунзе қар­жы-экономикалық техникумына түсіп, «бюджет инспек­торы» мамандығы бойынша үздік бағаға тәмам­дайды. 20 жасында үздік білім алушы ретінде Ленинград педагогикалық қаржы-эконо­микалық инсти­тутына жіберіліп, онда 1941 жылы шілдеде майданға шақырыл­ғанға дейін 1938 жылдың 1 қыркүйегінен 1941 жылдың 24 маусымы аралы­ғында білім алады.

 

Экономика ғылымның жол бастаушысы

 

1945 жылдың 19 қыркүйегінде Пед­фактың ІV курс студенттерінің қатарына қайта қосылады. Сынақ кітапшасынан алынған көшірмеде  – бірыңғай үздік баға­лар, ал әскери қызметінде – «Ленин­град қорғанысы үшін» медалі және «Қызыл Жұлдыз» ордені, «аға лейтенант» офицерлік шені бар. Осыдан кейін 1952 жылдың 20 ақпанынан бастап 1954 жылдың 15 сәуіріне дейін КСРО ОСБ ОӨК Қазақ оқу комбинатының Алматы филиалы өнер­кәсіп­тік кәсіпорындарының бас (аға) бухгалтерлерінің біліктілігін арттыру курс­тарын үздік аяқтайды және өнеркәсіптік кәсіпорынның аға бухгалтерінің маман­дығын алады. 34 жасында, 1952 жылдың 1 қыркүйегінен бастап С.М.Киров атын­дағы ҚазМУ Экономика факуль­тетінің студенті, 1957 жылдың 18 маусы­мында «Өнеркәсіп экономикасы» маман­дығы бойынша толық курсты аяқтағаннан кейін МЭК шешімімен оған «экономист» маман­дығы мен Ж №731348 үздік дипло­мы беріл­ді. Бір жылдан соң, 1958 жылы 40 жасында Эко­номика институтында өзінің ғылыми қыз­метін бастайды, кіші ғылыми қыз­меткер, аға ғылыми қызметкер, сек­торлар меңге­рушісі, директордың ғылыми жұмыс жөнін­дегі орынбасары секілді барлық баспал­дақтан өтіп, бар өмірін осы инсти­туттағы қызметке арнайды, 1973 жылдан бастап 15 жылдан астам Эконо­мика институтының директоры, 1988 жылдан бастап 70 жасында – құрметті директор.

Отын (сексеуіл) базасында жұмыс істей жүріп, 39 жасында сексеуілді пайдала­нудың экономикалық мәселелеріне арнал­ған дипломдық жұмысты тамаша қорғап шығады. Бұл жұмыс бүгінгі күні осы тақырып шеңберіндегі жалғыз еңбек болып отыр. 1963 жылы университеттен кейін бес жылдан соң 45 жасында қажырлы ғылыми қызметінің нәтижесінде «Қазақстан өнер­кә­сібінің негізгі өндірістік қорларын ұдайы өндіру» кандидаттық диссертациясын қорғайды, ал төрт жылдан соң 49 жасында «Өнеркәсіптің негізгі қорларының тиім­ділігін арттыру мәселелері (Қазақстанның материалдарында)» докторлық диссерта­ция­сын қорғады. Мұның барлығы 9 жыл­дың ішінде іске асырылған. 1970 жылы 52 жасында Ғылым академиясының кор­респондент-мүшесі болып сайланады, 60 жасында республикаға еңбек сіңірген ғылыми қайраткер атағын алған, Ш.Уәли­ханов атындағы қоғамдық ғылымдар бойынша сыйақы берілді, 1983 жылы рес­публика Ғылым академиясының академигі болып сайланды. Бұл кезде жасы 65-те еді. Осылайша 25 жыл ішінде ең үлкен ғылым асуларын бағындырды. Осы жетістіктердің маңызды екендігіне және оларға үздіксіз шығармашылық еңбектің арқасында жеткендігіне күмән жоқ. Экономикалық ғылымның көптеген бағыты бойынша ол алғашқы жол бастаушы болып табылады.

Дипломдық жұмысының тақырыбын таңдау кезінде оның қалыптан тыс тәсіл­дері, соншалықты ерекше емес, бірақ зерт­теу тақырыптарына өзекті ізденістері бай­қалды. Нәтижесінде Қазақстанда негізгі қорларды тиімді пайдалану сияқты жаңа ғылыми бағыт құрылды. Аталмыш мәселе­нің өңірлік, салалық, өндірісшілік талдауы оны өнімділік ресурстарды, капиталдық салымдарды тиімді қолдану, инновация­ларды ынталандыру, құрылымдық түрлен­дірулер, шаруашылық есепті тереңдету, тұрақты экономикалық әлеуетті қалыптас­тыру бағытына алып келді.

Басқа елдерде ұлттық экономиканың өндірістік қарым-қатынастардың жаңа жүйе­сіне көшуінің өз тәсілдері бар еді. Оның экономикалық ой-пікірі қарапайым, бірегей мәселеден, яғни негізгі қорлардың ұдайы өндірісінен басталып, оларды тиімді пайдалану сияқты талдауларға әкелді, содан кейін күрделілікке, жалпыға, республиканың экономикалық әлеуеттілігі сияқты жинақтаушы мәселелерге жеткізді. Шаруашылық есеп, өндірісті ынталандыру мәселелерін терең талдай отырып, ол қисын­ды және тәжірибелік тұрғыдан жаңа нарықтық қарым-қатынастарды зерттеуге шықты.

Академик Т.Әшімбаев жинақталған маңызды экономикалық, өндірістік әлеуетті, шаруашылық басқару тәжірибесін барынша пайдалануға шақыра отырып, жаңа экономикаға терең ойластырылған, ғылыми негізделген жолмен көшу үшін аянбай күресті. Ол өтпелі шаралардың асы­ғыстығын қабылдамады, ойластырылмаған шешімдердің қабылдануынан аулақ болуға шақырды. Мүмкіндікті барынша пайдала­нуға тырысты, баянаттарды жіберу арқылы басылымдарда үнемі жарияланып жүрді, жаңа экономикалық жағдаятқа арналған «Қазақстанның экономикасы нарық жолында» атты монографиясы жарық көрді. Әрине, оның көптеген ойы қажетке жарады, дабылының естілгендігі сөзсіз.

 

Тұтқында өткен алты жыл

 

Оның өмірлік ұстанымдарын талдай отырып, өмірлік мақсатының қалай құрылғандығына таңқалмасқа болмайды. Көптеген дүние көзге көрінбес жасырын түрде орын алған. Өмірдің ауыр жағдай­лары, созылмалы дерті, жазықсыз жазала­ну, жалған айыптаулар, опасыздық оның өмірінің барлық кезеңінде кездескен. Әкесі туралы жазған «Сүйіспеншілікпен және құрметпен» атты кітабының алғысөзінде Алида: «Әкем және оның замандастары небір ауыр жағдайды бастарынан өткерді, тіпті кейде ол бір емес, бірнеше өмір сүргендей болып көрінетін», – деп жазды. Ол 1918 жылы бай мен кедейдің арасын­дағы қырғын шайқас орын алған қазақ ауылында дүниеге келген. Өңірлік револю­ционерлер өз міндеттерін анық түсінбеді, көбіне білгендерінше әрекет етті. Осының барлығы, әрине, оқиғалар ағымына теріс таңбасын салып, 1929—1932 жылдардағы сұм, ұмытылмас аштыққа алып келді.

Миллиондаған адам ажал құшып, басқалары күнелту үшін туған жерінен көшіп кетті. Алайда, барлығы көшіп кете алмады, әкесі Әшімбай Базарбаев кіші әйелі­­мен елде қалады, ал үлкен ұлы Өмір­бай 30-жылдардың басында қырғыздың Ыстықкөл өзенінің солтүстік жағасында орналасқан, бұрынғы Сазо­новка, бүгінгі Ананьево ауылына бухгалтер болып жұмыс істеуге, өзімен бірге анасы Үкібаланы, екі бауыры Түймебай мен Тұтқабайды және әпкесі Күлбашты алып кетеді. Өмірбай 1935 жылы кіші бауыр­ларын Фрунзеге біреуін қаржыгер, екінші­сін құрылысшы оқуына жібереді, олар орыс тілін білмесе де техникумда оқи бастайды. Түймебай өзінің қайраты мен ерік-жігері­нің арқасында аз уақыттың ішінде орыс тілін меңгеріп, қаржыгер маманды­ғына ие болады. Тұтқабай 1940 жылы индустрия­лық техни­кумның құрылыс факультетін тәмамдап, сол жылы Кеңес армиясына әскерге шақырылады.

Техникумда үздік оқуы, аңыз қала – Ленинградқа оқуға жіберілуі, қаржы-экономикалық институттың үш курсын үздік бітіруі керемет келешектің есігін ашқандай болды. Аштық жылдарынан кейін аяққа тұруы, тілдік кедергіні жеңіп шығуы, қаржыгерліктің тылсым әлеміне  енуі оның орасан зор жігерінің, білімнің жаңа әлемін танып-білуге құштарлығының арқасы болатын.

Алайда, еңсесін енді көтерген сәтте сұм соғыс басталды. Әп-сәтте миллиондаған адамның тағдыры өзгеріп шыға келді. 1941 жылдың 24 маусымында ол өз қатар­ластарымен оқуды тоқтатып, 1941 жылғы шілде айының басында Қызыл әскер қатарына қосылады. Ленинград майда­нында «На страже Родины» майдан газетінің қазақ тіліндегі «Отанды қорғауда» редакциясында 1942 жылдан бастап 1945 жылдың қарашасына дейін тілші, редактордың орынбасары кезеңдерінен өтті. Бірақ үстінен өтірік мәліметтерді жеткізу және жалған жала жабу нәтижесінде тұт­қындалып, мінсіз атқарған әскери қызметі, әскери марапаттар күтпеген жерден үзіледі. Газеттің 1945 жылдың 31 қазанындағы №87 санында БКП (большевиктердің) ОК және КСРО Халық комиссарлары кеңе­сінде Андрей Андреевич Андреевке жолданған 50 жылдық мерейтоймен құттықтау сөзінде Андрей есімі Аднрей деп қате басылып кеткені анықталады. Әрине, бұл корректордың қатесі, ол кезде кор­ректура үшін жауапты Бисен Жұмағалиев демалыста болған екен. Т.Әшімбаев корректура үшін жауапкершілік алмаған, алған күннің өзінде мұндайға жол бермес еді. Тағдырдың жазуына қараңызшы – әкесі Әшімбай Шу ауданындағы ауыл базасында БКП ОК (б) хатшысы Андреев­тің атымен колхоз құрып, өзі оның алғашқы төрағасы болса да, Андреевтің атындағы жіберілген қате үшін ұлының жазалануына тіпті араласа да алмады. Қиын заман еді. Кейінірек мұның барлығы газет редак­торының орынбасары Кәрім Усмановқа бағытталған, жоспарланған қаскөйлік екені белгілі болды. Алайда, тұтқынға алын­ғандар редакторды қараламай, онымен бірге түрмеде отырды. 1946 жылдың 19 қаң­тарындағы Ленинград әскери округінің әскери трибуналының өкімімен Түймебай Әшімбаев редактордың орынбасары Кәрім Усманов және Асылхан Тұрғановпен бірге РКФСР ҚК әйгілі 1-бөлімі, 58, 10-бабы бойынша екі жыл мерзімге, құқықтарынан 6 жылға бас бостандығынан айрылады. Сөйтіп, 1950 жылдың тамызына дейін Ленинград маңайындағы Новолисино ауылында шымтезек өңдеу зауытында, Ленинград облыстық ІІМБ ЕТЛКБ лагерін­дегі тікенді сымдармен қоршалған барак­тар­да жазалау мерзімін өтеді. Одан соң Алтай өңіріндегі Чистьюнский ЕТЛКБ лагерінде, Томск темір жолындағы Тапчиха станциясына ауыстырылып, онда 1951 жыл­дың 6 қарашасына дейін қамауда болады.

Отбасына оралуы және ЛҚЭИ-на қайта қабылдануы үшін Ленинград қаласына баруға, тіпті тұруға рұқсат деген №9763 анықтамасы болған күннің өзінде Алматы қаласында тұруға рұқсат етілмеді, 1951 жылғы 7 қарашадан бастап 4 тәулікке беріл­ген азық-түлігін алып, ақшалай жәр­дем­ақысыз, 122 рубль 05 тиынға төленген Алматы бекетіне дейінгі жол жүру билеті­мен оған Алматы облысы Іле ауданының Талғар ауылында белгіленген тұрғылықты жеріне кету керек болды.

Түймебай Әшімбайұлы өмірбаянында осы кезеңде немен айналысқаны туралы айтпаған. Оның бұл кезеңдерде кездейсоқ нәпақамен күнелткені, үнемі жұмыс іздеу­мен өткені анық. 1952 жылдың басында туған жеріне барып, соғыстан кейін мұқ­таждықта өмір сүріп жатқан туыстарының жағдайын көріп, көргеніне күйінген ол Алматы қаласына оралды. Біраз уақыт теміржолда жұмыс істеп жүрген інісі Тұтқабайдың үйінде тұрды. Қолында Фрунзе қаржы техникумында алған бюд­жет инспекторы дипломы бола тұра ол «56-бап бойынша айыбын өтеді» деп басылған мөртабанның себебінен жұмысқа орналаса алмады. Партия горкомының екінші хатшы­­сы Қаркен Ахметовпен кездейсоқ кез­дескен соң, оның берген табанды ұсы­нысымен отын (сексеуіл) базасына жал­ақысы 60 рубль болатын қатардағы бухгал­тер қызметіне орналасады. 1952 жылдан 1958 жылға дейінгі 6 жыл  бойы осы базада жұмыс істеп жүріп, аға бухгалтерлердің екі жылдық курсында, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің Экономикалық факультетінде сырттай оқиды.

 

Қызы Наташа Санкт-Петербордағы Достоевский мұражайының директоры болды

 

Түймебай Әшімбайұлы лагерьдегі қиын-қыстау жылдардан кейінгі өмірін барынша жан-жақты ойластырып жоспарлап алды да, мүм­кіндік туа салысымен туыстары мен жақында­рына жан-жақты көмек көрсетті. Жалақысының аз болғанына қарамастан, Тастақ маңындағы жер үйдің бір бөлмесін жалға алады, кейіннен Баум тоғайы, Радищев көшесі, 2-үй мекен-жайы бойынша орналасқан қамыстан салынған кішкентай үйден екі бөлмелі пәтерге қол жеткізген соң анасы Үкібаланы көшіріп әкеледі.

1943 жылы отбасын құрып, ал 1944 жылғы шілдеде Наташа есімді қыз баланы дүниеге әкелген зайыбы Голубева Александра Констан­тиновна 1954 жылғы ақпан айында ажырасуға өтініш берген кезде Ленинград қаласының соты өтінішті қанағаттандырады. Мұндай қадамның себебі отбасылық өмірдің құпиясы болып қалды. Тоғыз жылға отбасынан айырылғаны, сотталған­дығы, отбасындағы ахуал өсіп келе жатқан қызының тағдырына әсер еткенін қаламағаны, олардың болашағына алаңдауы осыған әкелген болуы мүмкін. Бұл шешімді қабылдау оңайға соқпады. Оның емес, әйелінің өтініш беруі өзара бірігіп ойластырылған шешім болуы керек, бірақ екеуі де ол жайында ешқашан айтқан емес. 1957 жылы біржола ақталып, барлық құқығын, мара­паттарын, атақ-абыройын қайтарып алғаннан кейін бірінші отбасына барып жолығады. Бұдан кейінгі жылдары да ол отбасымен байланысын үзбей қызына көмектесті, оны немерелерімен бірге үйіне шақырып тұрды. Наташа ЛМУ-дың филфагын бітіріп, диссертация қорғаған, ұзақ жыл бойы әлемнің ең беделді әдеби мұражай­ларының бірі – Санкт-Петербургтегі Ф.Достоев­ский мұражайының конкурс бойынша дирек­торы болып сайланып, оны табысты басқарған қызының жетістіктеріне әкесі қуанып жүрді. Наташа конкурсқа Анатолий Собчактың жұбайы және кафедрадағы әріптесі Людмила Нару­сованың айтуымен барды.

Осындай қиын шақтарда ол жаңа қадам жасауға бел буады. 1954 жылы Түймебай Әшім­байұлы Семей қаласында тұратын, фармацевт, дәріханашы болып жұмыс істеген, еңбектегі ерліктері үшін «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медалімен, грамоталармен,  мінсіз жұмысы үшін мақтау қағаздарымен марапатталған Рашида Оспанқызы Ахметовамен танысып, онымен отбасын құрады. Ол жаңа отбасын Алма­ты қаласына көшіріп әкеледі. Осы кішкен­тай үйде әйелі Рашида Оспанқызымен, оның анасы Менсафа Ахметовамен, ағасы Өмірбай­дың ұлы Маратпен бірге тұрады. Осы үйде 1955 жылдың 14 наурызында қызы Алида дүниеге келеді. Ол тұрмыс қиыншылықтарына мойын­сұнбады, тағы бір бөлме мен асүйді қосып, бақша өсіреді.

 

Ғалымдар арасындағы текетірес

 

1956 жылы Н.Хрущев КОКП ХХ съезінде жеке басқа табынуды тамырымен жойған соң, қылмысты, заңсыз сот шешімдерін жою үдерісі басталады. Мыңдаған жазықсыз сотталған кеңес азаматтары лагерьлерден босатылады, мыңдаған үкім күшін жояды. 1956 жылдың қаңтарынан бастап 1957 жылдың сәуіріне дейін бір жылдан астам уақыт бойы Түймебай Әшімбайұлы Бас әскери прокуратурасына, КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас саяси басқармасына үкімінің күшін жою туралы өтінішімен жүгіреді. 1957 жылдың 12 сәуірінде КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқа Пленумы Түймебай Әшімбаевты айыптау ісін қайта қарап, Ленинград әскери округі әскери трибуналының 1946 жылғы 19 қаң­тардағы үкімінің күшін жояды, істе қылмыстық құрам болмағандықтан тоқтатылады. Осы шешім туралы анықтама 1957 жылдың маусым айының екінші жартысында беріледі. Түймебай Әшімбайұлы өзінің тағдырына ауырлық түсірген, өсуіне кедергі келтірген, ауырлығын заңсыз үкімнің әділетсіздігімен күшейткен сотталған деген ауыр жүкті 12 жыл бойы арқалады.

1958 жылы Экономика институтына жұмыс­қа тұрады және осы жерде тапжылмай еңбек етеді. Кейіннен қазіргі Абылай хан, бұрынғы Коммунистический даңғылының Шевченко көшесінің қиылысында орналасқан үш бөлмелі пәтер алады. Осыдан кейін бірден «пәтерді заңсыз алды» деген анонимді хат келіп түседі. Ақтайтын құжаттар жиналады, инстанцияларда түсінік береді, жалған жаладан құтылады. Бұл өткен өмірден келген ескертулер, босаңсымасын деген белгілер еді.

1967 жылы ол аз уақыттың ішінде, канди­даттық диссертацияны қорғаннан кейінгі төрт жылдан соң докторлық диссертациясын қорғап шықты. Осы аралықта докторлық жұмысының тақырыбы бойынша монография шығарды, бірқатар ұжымдық монографияларды жария­лауға қатысады, Қазақстанда ғана емес, Мәс­кеу­де, Ереванда, Минскіде және басқа да қалаларда кітапшаларды, көптеген ғылыми мақалаларды жарыққа шығарды. Көп жыл бойы Экономика институты директорының орын­басары болған Муза Гавриловна Исаева «осын­дай үлгілі іс экономикалық ғылымда бұрын-соңды болмаған, одан кейін де қайталанбады» деген болатын. Ол өзінің естеліктерінде: «Осыны ескере отырып, Қазақстанның ҒА Қоғамдық ғылыми бөлімшесіндегі докторлық және канди­даттық диссертацияларды қорғау жөніндегі Кеңес төрағасы Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев Түймебай Әшімбайұлының докторлық диссер­тациясын қорғауын Қазақстанның экономи­калық ғылым мерекесі ретінде ұйымдастырып өткізді – бұл Қазақстан аумағында жұмыс істейтін өз Кеңесімізде қорғалатын, ғылым докторы ғылыми дәрежесін іздестірудегі алғашқы диссертация болды. Диссертация қорғалған конференц-зал фойесінде Түймебай Әшімбай­ұлының барлық еңбектері шығарып қойылды, бұл әсерлі көрініс болды. Қорғауға республи­каның Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы К.Кетебаев қатысып, сөз сөйледі», – деп жазған-ды.

Кенеттен, қорғау кезінде төбесіне жай түскендей етіп, бір күн бұрын ғана Экономика институтында талқылау кезінде жұмысты мақ­таған, оның жетістіктерін баса айтқан, диссер­тант жазушының адам айтқысыз еңбекқорлығын және ғылыми белсенділігін атап өткен әріптесі Татьяна Чечелева қатаң сын айтты. Барлығы таң­қалды. Алайда, бірін қалдырмай барлық сыни ескертуге дәлме-дәл жүйелі жауап берген Түймебай Әшімбайұлының керемет байсал­дылығы таңдандырды, ол айтылған сындардың толық дерексіздігін, үстірт сипаттарын дәлелдеп берді. Жасалған жұмыстың маңыздылығын, оның өзектілігін, зерттеу тереңдігін, бірінші сипатын атап өткен Кеңес мүшелерінің, шақы­рылғандардың диссертация авторымен толық келіскендігін атап өту керек. Бірауыздан оң дауыс берілді.

Осы оқиғаға оралған сайын, Кеңесте сын болу керектігін көрсету үшін Бәйішевтің, Әшім­баевтың және Чечелеваның әдейі ойластыр­ған­дары шығар деп қаласың. Себебі, бұл алғашқы отырыс болды және мінсіз қорғап шығу мүмкін емес. Оны Т.Чечелеваның сыни пікірлеріне Түймебай Әшімбайұлының төтеп берудегі жоғары дәрежедегі дайындығы, сонымен қатар оның диссертация қарсаңында берген оң бағасы дәлелдеп отырғандай. Т.Чечелева ғалым, маман бола тұра пікірін толық өзгертуі мүмкін емес еді. Бірақ бұл құпия болып қалды, ешқашан талқыланбады, осы туралы білген адамдардың барлығы өмірден өтті.

Өмірдің тағы бір қызығы – қызы Алида және Чечелеваның жиені Алма Сармурзина бір топта оқып жүріп, жақын құрбыларға айналған екен.  Олар осы тақырыпты білсе де, естерінде болса да үлкендердің ісін қалай да сөз қылмауға тырысты. Кейінірек Т.Әшімбаевтың үстінен түскен арыздардың бірінде, диссертацияны қорғау кезінде сынға алғаны үшін директордың Т.Чечелеваны жұмыстан шығарып жібергенін, оның кейін Мәскеуге кетуіне мәжбүр болғаны оған кінә ретінде қойылды. Түймебай Әшімбай­ұлы мұны Т.Чечелеваның өз еркімен болғанын түсіндірді. Кейінірек Чечелеваның диссертантқа жазғыра қойған сұрақтарын түптеп салыстыр­сақ, олардың сырттай қарағанда сендірерлік болғанын айта кету керек. Бірақ Түймебай Әшімбайұлы сұрақтың мәніне басқалардан гөрі терең түсінгенін көрсетті, тіпті алуан түрлі пікір­дің болғанына риза екендігін білдірді. Оларға жауап бере отырып, ол өзінің бірегей зерттеуінің мәнін барынша толық ашуға қосымша мүмкіндік алды.

Болашақта мәселені түсінудің түрлі деңгей­лерін көрсеткен түсіндірмелері бар осы өткір пікірталастарды сипаттау қажет болуы мүмкін. Чечелева өзінің білгірлігін көрсеткісі келген болуы мүмкін, бірақ өзінен де білгір оппоненттің қарсы соққысына тап болды. Бұл арада Түйме­бай Әшімбайұлы бойындағы майданда қалып­тасқан шегінбеу, салқынқандылықты жоғалтпау, төтеп беру, жұмылдырылу және соққы беру сияқты жауынгерлік қасиеттерін анық көрсетті. Оның докторлық диссертациясының материал­дары бойынша бұрын жариялаған монография­сымен үндес «Қоғамдық өндірістің өсуі мен тиімділігі: Қазақ КСР-ң материалдары бойын­ша» атты монографиясын 1972 жылы Татьяна Васильевна Чечелева өзі баспадан шығартқан болатын. Мәскеуде Қаржы академиясында жұмыс істей жүріп, ол осы тақырып бойынша ғылыми қызметін жалғастырды.

16 жыл бойы майданда қатаң лагерьлік өмірде шыңдалуы, ақталуы үшін күрес өз пікірі үшін табандылық, төзімділік, күрес сияқты маңызды мінез қасиеттерін қалыптастырды. Бұл академик Сақтаған Бәйішевпен өзара қарым-қатынастарында да байқалды. 1986 жылдың 29 сәуірінде Түймебай Әшімбайұлы Алматы қала­лық партия комитетінің партиялық комиссия­сына жазған хатында Ж.-ның арызына: «Мені­мен және марқұм академик С.Бәйішевтің арамызда алауыздық болғанын қатты қалады. Мен Инсти­тутта өзімнің ғылыми қызметімді бастаған кезде, С.Бәйішев зерттеуде табандылық көрсет­кеніме көңіл аударған болу керек. Маған көмектесті және қолдау көрсетті, кандидаттық және док­торлық диссертацияларымда менің оппонентім болды, оларға мақтанышпен қарады, мені мүше-корреспонденттікке ұсынды, сол үшін мен оған риза едім», – деп жауап берді. «Мен директор болып, еңбектерім қоғам ішінде таныла бастаған кезде С.Бәйішев өз пікірін өзгерткен сияқты, менің ғылыми қызметіме бұрынғыдай емес басқа­ша қарайтын болды. Бұған үш жағдай себеп болды. Біріншіден, көбінесе тарихшы болған С.Бәйішевке қарағанда мен экономист ретінде терең зерттеуге тырыстым, оны жұртшы­лық та байқаған болуы керек. С.Бәйішев мұны өз беделінің төмендегені деп қабылдады. Екіншіден, академияда менің кандидатурамның ұсынылуын марқұм теріс ниетпен қабылдады. Жалпы, жөні түзу адам бола тұра, ол атаққұмар­лыққа жақын болды және жалғыз академик болып қалғысы келді, сондықтан да ол менің кандидатурамды екі рет тура құлатқандай болды (соңғы рет маған тек бір дауыс қана жетпеді). Үшіншіден, Ж. сияқты адамдар С.Бәйішевті маған қарсы қойды және олардың істегені өз нәтижесін берді. Бұл жерде марқұмның қарттық жасы, ренжігіш­тігі өз рөлін атқарды. Осының барлығы оның кейде Ж. сияқтылардың деңгейіне дейін түсіп кетуіне алып келді. Бұл жағдайды ғылыми қоғам өте жақсы біледі. Маған осының бәріне шыдауға тура келді, өйткені оның жасын сыйладым. Бәйішевпен қарым-қатынасым туралы бар шындық осы» деп жазды.

Осы дәлелдерді Түймебай Әшімбайұлы 1987 жылғы 10 маусымдағы Қазақ КСР ҒА Бірлескен кәсіподақ комитетіне З.-ның арызына жауап ретінде жолдауына қайталауға тура келді. Ол: «З. өз арызында 80-жылдардың басында Ғылым академиясының жиналысында С.Бәйішевтің маған қарсы сөз сөйлегені туралы жазды. Оның атышулы сөзіне жалпақ жұрт қарсы шықты.  Өйткені, Бәйішев белгілі уақытқа дейін мені баға­лады және қолдады. Ол 1973 жылы коррес­пон­дент-мүшесі болып сайланған кезімде де мені қолдады, кейіннен маған деген көзқарасы өзгере бастады. Біріншіден, ол менің ғылыми беделімнің өсіп жат­қанын жақтырмады (ол артта қалған сталиндік дәуірдің экономисі болатын), екінші­ден, ол жалғыз академик болып қалғысы келді, ал мені акаде­миктер қатарына ұсыну мүмкіндігі шынайы болып келе жатқан соң оған менің акаде­мик болғаным тиімсіз болды, үшіншіден, З. сияқты әр түрлі адамдар Әшімбаев сізге қарсы жоспар ойластырып жүр деп, әр түрлі арам ойла­рын айтып Бәйішевті маған қарсы қоя бастады. Нәтижесінде Бәйішев маған қарсы шығып, өз беделін түсіретін мәнсіз сөзін сөйледі», – деп көрсетті.

 

Күнгей мен көлеңке

 

Сақтаған Бәйішевтің 1963—1967 жылдары институт директоры, 1976—1982 жылдары институттың бөлімше меңгерушісі болған кезде Экономика институтының дамуына қосқан үлесі аз емес. Ғылым академиясында маңызды қыз­мет­­терде жұмыс істеді, 1956—68 ж.ж. Қазақ КСР ҒА-ның вице-президенті, 1968—78 ж.ж. ҒА төр­алқа­сының мүшесі болды, қоғамдық ғылым­дарға жетекшілік етті. 1952 жылы Экономика институты құрылған кезден бастап 1967 жылға дейінгі кезең Қазақстанның экономикалық ғылымын қалыптастыру кезеңі болды. Экономи­калық тақырыптар бойынша алғашқы рет дис­сертациялар тарихшылардың, философтардың, филологтардың қатысуымен біріккен кеңесте­рінде қорғалды. Бұған дайын кадрлардың жетіс­пеушілігі себеп болды. Экономика институты­ның алғашқы басшыларының базалық білім бойынша экономистер болмағаны кездейсоқ емес. Экономика институтының 1952 жылдан бастап 1963 жылға дейінгі аралықта басқарған С.Толыбеков Абай атындағы ҚазПИ-ді бітірген. Одан кейін институт директоры болған С.Бәйі­шев Қазақ марксизм-ленинизм институтын бітірген соң, «Лениншил жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, партия мектебінде журналист болып жұмыс істеді. Маманданды­рылған институтқа ашылған сәттен бастап дипломы бар экономистер келе бастады. Бара-бара базалық және базалық емес экономикалық білім алғандардың арасында табиғи қайшылық­тар пайда бола бастады. Әсіресе, бұл біздің институтта көп байқалды.

Қоғамдық ғылымдардың, соның  ішінде экономикалық ғылымның қамқоршы әкесіне айналған С.Бәйішев институттың экономист мамандармен нығайтылуына көп күш салды, оларды қорғауға ықпал етті. Қазіргі таңда Бәйі­шев пен Әшімбайұлының арасында жаңсақ­тықтың, түсінбеушіліктің неден туындағанын айту қиын. Ұзақ уақыт бойы олардың арасын­дағы қарым-қатынас айтарлықтай жылы болды, Бәйішев Түймебай Әшімбайұлының өсуіне қамқорлық жасады, оның диссертацияларында оппонент болды, мүше-корреспонденттікке өзі ұсынды, Әшімбаевтардың Коммунистический даңғылындағы пәтеріне Рашида Оспанқызының қолынан шай ішуге жиі келіп тұрды, қадірлі қонағы болды. Бұның қалай болғаны туралы сұраққа Түймебай Әшімбайұлы сөзінде С.Бәйі­шевті айналып өтіп, онымен ақылдаспастан, академия басшылығының (академия президенті Ш.Есенов) бастамашылық етуімен академиктер қатарына ұсынылғанын еске алды,  осы оның намысына тиген болу керек деді. Ғылым акаде­миясының құрамын сайлау кезінде үнемі шиеле­ніс, пікірталастар болатын, олар домалақ арыз­дар, жасырын тасталған хаттармен және тағы басқалармен қатар жүрді. Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде академиктерді таңдау кезінде Қазақ КСР ҒА-ның академиктің 9 мүшесі дауыс берді және әрбір дауыс үшін тартыс болды, сайлау үшін кемінде 2/3 дауыс жинау керек болатын. Бұл айтарлықтай шиеленісті тудыратын.

Біздің ойымызша, Түймебай Әшімбайұлы­ның жазбаша түсініктемелерінің дөрекілігі, қызбалығы жалған айыптаулардың ар-намысқа тиетіндей жазылғанынан, оларға жауап қайта­рудан туындаған. Ғылыми кеңес жиналыста­рында, отырыстарында басқалардың көзінше ол С.Бәйішевке  қарсы шыққан емес, нәтижесіз пікір­та­ластардан аулақ болды. Т.Әшімбаев С.Бәйішев қайтыс болғаннан кейін оның отба­сына көңіл айтуға барғанда зайыбы Сақтаған Бәйішевтің әділетсіз болғанын мойындап, ара­ла­рында түсінбеушіліктердің болғанына өкінетінін айтқан. Алайда, жаңа талаптағы білім мен бұрынғы білім арасында үнемі қарама-қарсылық бар, ол ұстаздар мен оқушылар ара­сында әр түрлі себептерге байланысты даулардың туын­дауы мүмкін деп айтқан Түймебай Әшімбай­ұлымен келіскен дұрыс. Бұл жағдайда қалып­тасқан қарым-қатынасты түсіндіруге болатын қисынды қарама-қарсылық орын алды, оның шиеленісуіне белгілі адамдар күш салысқан болатын. Орын алған үйлесімсіздікті Түймебай Әшімбайұлы қатты уайымдады. Себебі, Эконо­мика инсти­туты­ның директоры, белсенді және табысты ғалым бола тұра, ол барлық әділ көр­сеткіштер бойынша  академик атағына лайықты болды, аяқ асты­нан қаңдай да бір шиеленіске, субъективті себептерге байланысты академия ғылымдарының құрамына өтпей қалады. Осы психологиялық қиын уақытта Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің, зайыбы Нағатай бар, Түймебай Әшімбайұлы мен Рашида Оспанқы­зын сергіту, күйзелістен арылту үшін Талды­қорған қаласына екі күнге алып бар­ғандарын ризашылықпен еске түсіруге болады.

 

Табандылық және қайсарлық

 

Соғыс адам шығынына ұшыратып қана қоймай, сонымен қатар, құрбандардың көпті­гімен қатар қосымша моральдық және психоло­гиялық соққы тигізді. Солардың бірі институттың құрылған күнінен бастап қызмет еткен, Ұлы Отан соғысына қатысушы Ж. болды. Отыз жыл­дан астам ол өзінің өтініштерімен, талапта­ры­мен институттың барлық директорын – С.Толыбе­ковты, С.Бәйішевті, Р.Петуховты «әбігерге салды». Ол осы «дәстүрді» Т.Әшімбаев директор болған жылдары да жалғастырды. 13 жыл бойы директорлық жұмыс атқарғаннан бері оның үстінен үнемі арыздар түсіп жүрді. 1986 жылдың 29 сәуірінде Түймебай Әшімбайұлы Ж.-ның ҒЗЖ-на қосу әрекетіне жауап ретінде барлық инстанцияға жазылған «дауылды» арыздарын жібергені туралы горком партиясы­ның Партия­лық комиссиясына жазды. «Ж. фактілерді бұрмалайды және барлық жағдайда да дәлелсіз». Осыған ұқсас арыздар көптеген қызметкердің, соның ішінде З.-ның зейнеткер­лікке шығуы туралы жарияланғаннан кейін Түймебай Әшім­байұлының атына үсті-үстіне жазыла бастады. Жасалған әскери қылмыстары сияқты айып­тау­ларға ол жеке басқа табыну және Берияны әшке­релегеннен кейін толығымен ақталғаны туралы қайтадан түсініктеме беруіне тура келді. Жоғарғы соттың 1957 жылғы 12 сәуір­дегі Қаулысымен Әскери сот үкімі қылмыстық құрамы болма­ғандықтан жойылды, барлық марапаты қайта­рылды және қамауда болған мерзімі Кеңес армия­сының қызметі ретінде есеп­телді. Ол сексеуіл базасында жұмыс істеуге мәжбүр болды, себебі екі жылға құқықтары шектел­геннен кейін және техникумның үздік түлегі және ЛҚЭИ-де үш жыл оқығаны туралы дипломы қолында бар болса да, жұмысқа тұра алмады. Қайта құрудың басталуын пайдаланып, З. Түймебай Әшімбай­ұлын оның барлық диссертациясы қаңдай да бір «сиқырлы қолдың» көмегімен жазылған деп кінәлады. Әшімбаев оған: «Мен ешкімнің қолда­уынсыз өзімнің табанды еңбегіммен қол жеткіз­дім, ол туралы институтта барлығы біледі және осы ұжыммен менің мінездемемде бұл атап өтіл­ген», – деп жауап береді. Түймебай Әшім­байұлы өзінің түсі­ніктемесінде З. бір уақытта институтта жұмыс істей отырып, кандидаттық диссерта­цияны қор­ғағаннан кейін одан әрі ізденген жоқ, «ұжымда менің және оның қалай еңбек еткенін барлығы біледі» деп жазды. Міне, осындай  жал­ған айыптауларға қымбат уақыты, психоло­гиялық күші кетті, денсаулығын жоғалтты.

Ел үшін нарықтық қатынастарға көшу қиындық тудырды. Ғалымдар, тәжірибешілер арасында өткір пікірталастар басталды. Осы шайқастарға Түймебай Әшімбайұлы белсенді қатысты. Сонымен, 1982 жылдың 21 наурызында «Казправда» газетінде жарияланған тарих ғылымының докторы Н.Масанов пен философия ғылымының кандидаты Н.Әміреқұловтың «Тұрақты азаматтық бейбітшілікке қол жеткізу» мақаласына және «Қазақстанды қалай көркей­теміз?», «Қазақстанды дағдарыстан қалай шыға­ру керек?», «Гиперинфляция: экономикалық апат қаупі» мақалаларына жауап ретінде олардың көмегімен осы мақалаларға толық талдау жасалды. Экономикалық реформаларға ғылым­ның басқа сала өкілдерінің мүдделерін ынталан­дыру керектігін айта отырып, Түймебай Әшім­бай­ұлы ауылдық жерлерді жаппай жекешелен­діру, «шокты терапия» сияқты әрбір айтылған ереже бойынша 9 беттік егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Түймебай Әшімбайұлы жеке меншікті жекешелендіру қажеттілігін мойындап, «барлық әлем елдерінде белгілі шектерде мемлекеттік мен­шік сақталады және Қазақстан осы жоспарда ерекше болмайтындығын» көрсетіп, «өндіріс құралдарына жеке иелік ету рөлін абсолютке айналдырмауға» шақырады. Авторлардың «құнсызданудың гиперинфляцияға ұласуы – күтпеген салдарға алып келуге қабілетті үлкен қауіптілік, яғни онымен күресу – экономикалық реформаның маңызды мәселелерінің бірі» дегеніне келісіп, Түймебай Әшімбайұлының пайымдауынша, «құнсыздану үдерістерін барын­ша тежей отырып, мемлекеттік реттеу қажет. Осы бағытта ғылыми ізденістер жүргізу кезінде өзара байланысты екі мәселені нақты ұсыну керек болды. Бірінші – бұл құнсызданудың өсуіне және оның гиперинфляцияға көшуіне ықпал ететін себептерін анықтау, екінші – гипер­инфля­цияны тежеу ғана емес, сонымен бірге құнсыз­дану деңгейін төмендетудің негізгі бағыттарын белгілеу» сияқты болды.

Осы сияқты жарияланымдарды бағалауда Түймебай Әшімбайұлы үкіметтің ресейлік рефор­маторларды негізсіз қайталауға, сонымен қатар үкімет шешімін дәлелсіз жоққа шығарудан  абай болуға шақырды. Бағаларды ырықтандыру салдарынан гиперинфляция себептері туралы айта отырып, Түймебай Әшімбайұлы бағаны босату қажеттілігіне ешкім таласпайды, мәселені жүйе­лік­пен шешу керектігін әділеттікпен көрсет­ті. Ол нарықтық қатынастардағы тепе-теңдік туралы «егер ырықтандыру жекешелен­діруден кейін болса, шындыққа айналатын еді, бір жыл бұрын осы жайында мәселе қойылған болатын» деп пайым­дады. Экономика мәселесін терең меңгеру Түймебай Әшімбайұлына бірқатар маңыз­­ды қоры­тындылар жасауға мүмкіндік берді. Ол келеңсіз оқиғалардың сыни тізбелерін шығар­ды – өндірістің құлдырауы, жетіспеушілік­тің шиелені­суі, қар­қынды саудагерлік қызмет, шексіз несие эмиссия­сы, еңбек нәтижелерінен бөлек еңбекақы­мен демалыс. Бұл туралы мақала автор­лары ұмыт­қан, нақты айтқанда білген жоқ еді. Түйме­бай Әшім­байұлы нарықтық экономика мәселе­сінің қиын­дығын көрсете отырып, «оларға атты әскер соққысы тиімсіз екені айқын» деп шамалады.

 

Экономика және баспасөз

 

Осы кезеңде бұқаралық ақпарат құралда­рында, газет беттерінде нарыққа көшу мәселе­лерін еркін түсіндіретін  мақалалар көптеп жария­лана бастайды. Түймебай Әшімбайұлы экономикалық өзгерістердің анайылығына, нарықтық категориялардың бұрмалануына, олардың популистік пайымдауларға ауыстыры­луына көне алмады. Ол «Казахстанская правда» бас республикалық газетінің орыс тіліндегі редакциясына «Өндірістің құлдырауына қарсы тұру мүмкін бе?» атты мақаласын жібереді. Ол мақалада республика өнеркәсібіндегі нақты жағдайды талдай отырып, осы зиянды құбы­лысты еңсеру мүмкіндігі дәлелденді. Алайда, газет редакциясының, оның экономикалық бөлімі­нің жариялауға ниеті де болған жоқ. Кейіннен, 1992 жылдың 14 шілдесінде депутат­тардың табанды ұсыныстарынан кейін ғана, газет редакциясы бұл мақаланың мәнін қолда­майтыны туралы қосымша мәлімдемемен бірге жарияланды.

Түймебай Әшімбайұлының терең пайымдауы бойынша, өтпелі кезеңде экономикалық реформаның көптеген мәселесі бойынша, әсіресе, жетекші газеттерде даулы және бірегей емес мәселелерді көтеретін, стандартты емес көзқарас білдіретін мақалалар жариялануы тиіс газет беттерінде өткір пікірталастар жүргізіледі. Алай­да, «Казправда» газетінде сол кездері мұндай мақалаларды жариялауға болмайтын еді. Мұнда «Казправда» газетінің редакторы В.Срыбных және Түймебай Әшімбайұлының пікірталасы айрықша. Түймебай Әшімбайұлы: «Мен газетте мәселенің мәнін бұрмалайтын, үстіртін мақалалардың көп жарияланатындығы туралы редакцияға бірнеше рет пікір білдірдім. Алайда, менің достық ниеттегі сындарлы ескертулерім елеусіз қалды», – деп жазды. Осы себепті, 1993 жылдың 26 сәуірінде ол «Вечерняя Алматы» газетінде «Экономика үстіртін пайымдауларға шыдамайды» атты мақаласын жариялайды. 1993 жылдың 21 мамырында Түймебай Әшімбайұлы бір уақытта «Советы Казахстана» және «Вечер­няя Алматы» басылымдарында «Газеттің тәуел­сіз­дігі және оның жауапкершілігі» атты мақала­сын жариялайды және 25 мамыр күні күтпеген жерден редакцияны қорғауға қатысты газет редакторы В.М.Срыбныхтан емес, тарих ғылымының докторы Шолпан Сармурзинадан хат алады. Түймебай Әшімбайұлы «Кеңеспен келіспеу» аты тақырыппен аталған мақалаға жауабында газет тек редакцияның пікірін білді­ріп қана қоймай, сонымен қатар көпшілік оқыр­манды шатастыратын, үстіртін жарияланымдарға жол бермей, барынша мол ойластырылған, ғылы­ми негізделген ұсыныстарға мән бере оты­рып, газет беттерінде әр түрлі ұтқыр материал­дарды ұсынуы тиіс деген өзінің басты идеясына қайта оралады. Күрделі де өтпелі кезеңдегі пікір­талас материалдары оның «Қазақстан экономи­касы нарық жолында» атты кітабының негізін қалады. Ол жаңа кітапты жазуға ниеттенген еді, алайда өмірдің жазғаны басқаша болды.

Түймебай Әшімбайұлы өз өмірінде орын алған жайларды ескере отырып, алдымен уақытты бағалауды үйренді, оны шексіз құрмет­теді, ғылыми өмірінде болған жағдайлар­дан сабақ алған ол өз ойының бағыт-бағдарын қада­ғалады, деректерді мейлінше көп іздеді, сенімді болса да олар үшін күресті, қызу пікірталастарға қатысты.

Бір қарағанда оның өмірі жайдары, гүлдей жайнап тұрғандай көрінетін, кей кездері солай болды да. Алайда, оның жанын жаралап, көңілі­не кірбің түсірген сәттер де аз болған жоқ. Оның ғылымға толы өмірі ақиқат үшін, оны үздіксіз қорғау үшін күрес жолына айналды. Қазақ­станның экономикалық ғылымының, экономи­ка­лық ойдың дамуына қосқан үлесі орасан зор. Ол белсенді өмір сүрді, екі рет Алматы қалалық халық депутаттары кеңесіне депутат, Алматы қалалық «Білім» қоғамының төрағасы, ҒТҚ төрағасы болып сайланды. Оның еңбектері, идея­лары әлі де ұзақ жыл бойы туған еліне қызмет ететін болады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *