СЫЛДЫРАП АҚҚАН БҰЛАҒЫ БАР…

6Таудың басы – тола көл, тау қойнауы – тола өзен. Бәрінің де Алматыға қарай аққысы келеді. Дегенмен, Алматы арықтарының көбісінің сусыз жататыны бар. Алда-жалда төкпелеп жауын жауа қалса, арықтардан бұрын, көшелерді су басып кететіні де жасырын емес. Осы орайда, «Таудан құлайтын суларды реттеп отыруға бола ма? Арықтардың арнасы неге кеуіп қала береді? Тасқын судың қаупін арықтар сейілте ала ма?» деген сауалдардың кімді болса да мазалайтыны белгілі. Ендеше, бір сәт бүгінгі арықтарымыздың жай-күйіне көңіл бөліп көрейік. 

 

Жаңбырға өкпелеуге бола ма?

 

Алатаудың басын бір сәтте торлап алып, ақбас тауға іліне қалатын қою қара бұлт Алматының төбесінен төгіп-төгіп жібергенде, шіркін-ай, ыстық ауа екі өкпесінен қысып тұрған шаһардың тынысы ашылып, көше-көшелердің шаңы басылып, тал-теректердің өзі бетінің кірі кеткен баладай тазара қалатыны бар.

«Анда-санда осылай шаңын қағып алмасам, қалалықтардың берекесі қашты» дей ме екен, қабағын түйе төніп келетін қою бұлт бұл күні Алматының аспанына түгелдей өзі қожа. Бәлкім, ол қолшатырын алмай шығып, малмандай су болғандарға рахаттана қарайтын шығар? Мүмкін, қала көшелерінің бойындағы машинамен жарыса ағып бара жатқан суды амалсыз кешіп бара жатқан қалалықтардың халіне таңдана қарайтын болар? Әлде, ағыза өтіп бара жатып, жолдың жиегінде үрке қарап тұрған қыз-келіншектердің үстіне жаңбырдың суын шаша, тоқтамай заулай беретіндердің әрекетіне түсінбей қарай ма екен? Кім білсін, «осылар қашанғы осылай жаңбырдың суын кешеді екен, арықтарды жөнге салатын бір жан жоқ па?» деп, бас қатыра ашуланып, ұзағынан жауып тұрып алатыны да содан ба екен?

Қалай десек те, жаңбырдың тамшысы сыйлаған қуаныш ұзаққа бара қоймасы анық. Осы Алматының жаңбыры ғана арыққа сымайтын шығар… Көше бойындағы арықтарды тарсына ма екен, кім білсін, жаңбырдың суы үнемі үлкен көшелерді жуып-шайып беруге құмар. Онымен қоса, жаяу өтіп бара жатқан қалалықтардың аяқ киімін де бір сүңгітіп алуды ұмытпайды. Бірақ, айтыңыздаршы, жаңбырға өкпелеуге бола ма?

Алматының баяғы кезін сағынатын көнекөздер осындайда: «Па, шіркін,  сол кездердегі Алматы қандай еді!» деп, көздерін тарс жұмып, бастарын изей, сағынышқа толы үнмен, көз алдында сағымға айнала бастаған естелікті тірілтуге тырысады.

– Біздің жастық кезіміздегі Алматы қандай қала еді?  Шіркін, жарықтықтың атына заты сай, нағыз алманың шаһары еді-ау! Жеген алма – қолда, жемеген алма – жолда, көл-көсір болып төгіліп жатушы еді. Жаратушы ием берекені үйіп-төгіп бере салған молшылық кез екен ғой. Сабақтан шыға сала, көше жағалап кететініміз бар алма жеуге. Сондайда еркелей соғатын Алматының самалы өзімен бірге апорттың жұпар исін ала, көше-көшенің бойын қуалап кетуші еді. Ол кездері қала ішінде жаяу жүрудің өзі бір ғанибет еді-ау. Көше бойындағы арықтарда таудың мөлдіреген тұнық суы еркелей сылдырап ағып жататын. Ол кездің арықтары тазалықты жақсы көруші еді. Бір-бірімен жарыса ағып жатқан тау суы өзіне топ етіп түскен алма болса, арық бойымен ала қашып, жеткізбейтін еді. Сонда бүгінгідей аңқасы кеуіп, құрғап, көмейі қоқысқа тола бітеліп жататын арық көрмеуші едік, – дейді олардың қайсыбірі де студенттік шақтарының куәсі болған Алматы жайында жарыса сөйлеп.

«Бүгінгідей..» деп айтуында бір шындықтың бары рас. Қала көшелеріндегі арықтарға зер сала қарасаңыз, көрініс қазір әртүрлі. Достық-Төле би, Фурманов көшесі, Шевченко-Наурызбай көшелері бойындағы арықтарда су ағып жатқанымен, Шевченко-Масаншы, Құрманғазы-Масаншы көшесіндегі арықтарда су мүлде ақпайды. Панфилов саябағының жанында орналасқан университет алдындағы арықтың көмейі бітеліп, судың ағысын қиындатып тұр.

Осы сияқты мысалдарды айта берсек, біразға кетіп қалармыз. Айтпағымыз, қала тұрғын­дарының алаң­дайтынындай бар, қала көшелеріндегі арықтарда неліктен түгелдей дерлік су ақпайды?

Су демекші, кейінгі буынның арасында қаладағы арық дегенде, көз алдарына кәріз жүйесін елестететіндері де жоқ емес. Енді ше?.. Бұл жерде оларға кінә да арта алмайсыз. Олардың бар көргені – арықтан төмен қарай лықси ағатын қоқыс араласқан лай су мен тек қана қоқыс жиналып жататын арықтар. Тіпті, мүлде су ақпайтын арықтар да жоқ емес қой, олай  болса, кінәні кімнен іздейміз?

Анығында, қала ішіндегі арықтардың қызметі қандай еді? Бұл тұста арықтардың жол бойындағы ағаштардың ерте сарғайып, қурамай, жайқалып өсуін, ми қайнатқан ыстықта адам жанына сая боларлық салқын леппен қала ішіндегі ауаны құрғатпай, дымқылдап тұратын қызметін ойға аласыз, әрине.

Ал, бүгінде қалада арықтарға қатысты айқай көп? Неге? Ғаламтордың іздеу нүктесін басып едік, қолымызға біраз деректер түсті, бірақ, шыны керек, бәріне жуығы орыс тілінде. Ондағы деректер 1996 жылға дейін Алматының Бас арығы мінсіз жұмыс істеп тұрғанын айтады. «Кіші Алматы» өзенінен берілетін су бас арыққа жиналып, ол су қақпағы бар бірнеше тоғанға құйылатын. Ол кездері бірінен кейін біріне кезекпен су толтырылатын 5 тоған болған. Сондықтан, үнемі Бас арықтың суы кемеріне толып тұратын.  Мамыр айынан бастап, қарашаның ортасына дейін арықтарда су  жүгіріп, әрбір көшенің қос бүйірінде еш кедергісіз сылдырап ағып жатқанын айтады.

Сандарды сөйлетер болсақ, қала бойынша арық жүйесінің жалпы айналымы 1000 шақырымға дейін жетеді. Өткен жылы шаһардағы суағарлардың 9 шақырымнан астам аумағында жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.  Ал биыл мамыр айының 15-жұлдызынан бастап Түрксіб пен Жетісу аудандарындағы суағарлар жаңартылып жатқанын білеміз. Жыл соңына дейін 12 шақырымға жуық арық жүйесі жаңартылып, қалпына келтірілмекші. Нақтырақ айтқанда, Сүйінбай даңғылы, Бекмаханов көшесі, Осипенко, 1-вокзал алаңы, Сауранбаев және Сейфуллин көшелеріндегі арықтар жөнделуде.

Атмосфералық суды (жаңбыр суын) бұрып жіберуге арналған жаңбыр құбырының осы күнде үш түрі белгілі. Біріншісі – ашық түр. Мұнда жаңбыр суын ашық каналдар мен науалар арқылы белгілі бір арнаға бұрып отырады. Біздің алып шаһардың арықтары осы бірінші түрге жатады. Ал екіншісі – жабық түр. Бұл жаңбыр көп түсетін Англия, Тайвань сынды елдердегі қалаларға тән құбырлар. Үшіншісі – аралас түр.

Бір ғаламтор қолданушысы: «Бірнеше рет Еуропаның қалаларын араладым. Үнемі күн бұлттанып, жаңбыры жауып тұратын Лондон көшелері Алматыдағыдай сел болып жатпайды. Лондон көшелерінде арықтың бары да байқалмайды. Өйткені, атмосфералық жаңбыр суы жабық типтегі құбырлар арқылы табиғи суатқа немесе тазарту құрылыстарына құйылады. Алматының арықтар жүйесін де осы жабық типке көшіру керек шығар» деп, ұсыныс та білдірген екен.

Егер  ғаламтордың іздеу нүктесіне «Алматының арықтары» деп басар болсаңыз, осы тақырып төңірегінде жазылған мақалалардың соңғы беті оқырман пікіріне толып тұрғанын көруге болады. Арық мәселесіне алаңдайтын жұрт баршылық. Қала көркіне бей-жай қарамайтын патриот жастардың түрлі пікір мен ұсыныстар жазып қалдырғаны көңіл қуантады.

 

«Су кестеге сәйкес беріледі»

 

Қаладағы арық мәселесіне ден қойған соң, мәселенің мән-жайына тереңірек қанық болу үшін қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқар­масына хабарласқан болатынбыз. Біздің бар сауалымызға аталған басқарманың Көріктендіру бөлімінің бас маманы Айнұр САРБАЕВА жауап берді.

–       Айнұр Тұрсынбайқызы, қала көшелеріндегі арықтардың бірінде су ағып, екінші бір арықтар мүлде құрғап жатады. Осының себебін түсіндіріп өтсеңіз. 

–       Бас арықтың бойында Достық даңғылынан Есентай өзеніне дейінгі аралықтағы көшелер бойымен су шандор арқылы төменгі жақтағы көшелерге қарай жіберіледі. Оның барлығын бір мезгілде ашпайды. Егер барлық жаққа қарай су бір мезгілде жіберілетін болса, су жетпей қалады. Бас арықтан суды көшелерге жіберу осы Бас арық қамтитын аумақтардағы аудан әкімдіктерінің өзара келісімі бойынша, кестеге сәйкес беріледі. Яғни, аудан әкімдіктері кесте бойынша суару жұмысын жүргізуде. Кесте бойынша су бірінші бірқатар көшелерге жіберіледі, одан кейін белгілі бір уақыттан кейін келесі көшелерге суару қызметін атқаратын мердігер ұйымдардың шандорларды уақтымен ашып-жабуының арқасында жүргізіледі. Шандор дегеніміз –  гидротехникалық қондырғы. Үлкен Бас арықтан шығыстан батысқа ағып келе жатқан суды  солтүстікке қарай арық бойымен ағызады. Шандор – Бас арықтың төменгі жаққа қарай кететін арыққа жалғасқан жеріндегі темір қондырғы. Сол қондырғыны көтерсеңіз, су арықтың бойымен төмен қарай ағады. Шаһардағы әр ауданның жасыл желектерді суаратын өз мекемесі бар ғой. Сол мекеме қызметкерлері, алдымен, бірінші шандорды ашып, бір көшені суарып алады, одан кейін екінші шандорды ашып, тағы бір көшені суарып алады.  Осылай кезекпен жасыл желектерді суарумен айналысады. Суды үнемді пайдалану үшін де олар кесте бойынша жұмыс істейді. Әрі барлық жерді бақылаусыз ашып тастайтын болса, онда көшелерді де су басып кетуі мүмкін. Бұл тиімсіз әрі қадағаланусыз қалады.

–       Ал арықтардың тазалығына кім бақылау жүргізеді? Көше бойында қоқыс толып қалған арықтарды жиі көретініміз рас.

–       Арықтардың тазалығына әрбір ауданның әкімшілігі жауапты. Қоқыстан, жаңбырдан кейінгі лай-батпақтан арықтарды тазартып отыру үшін жыл сайын қалалық бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді.  Тіпті, кейінгі үш жылдың көлемінде аудан әкімдіктеріне арықтарға жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін де қаражат бөлініп отыр. Басқарма тарапынан, бізден көмек ретінде қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни, Сүйінбай даңғылы, Бекмаханов көшесінен 70-разъездке дейінгі аралық, Сауранбаев, Осипенко көшесі, Сейфуллин көшесінің бойындағы арықтардың жөндеу жұмысын қажет етіп тұрған бөліктерінде жөндеу жүргізілуде. Аудан әкімдіктері өздеріне бөлінген қаражатқа қарай ауданға тиесілі көшеде жеңіл жөндеу жұмыстарын, арық науаларын ауыстырып, құбыр арқылы өтетін жерлерінде істемей қалған құбырларды ауыстыру жұмыстарымен айналысып жатыр. Басқарма тарапынан арық жүйесінің құрылысы және қайта жөндеу жұмысы Түрксіб пен Жетісу ауданына тиесілі көшелерде жүргізілуде.

–       Қала бойынша арықтарының жағдайы жақсы, суы ағатын әрі таза арық қай ауданға тиесілі?

–       Әрбір ауданда да жағдайы жақсы арық жүйесі бар, жағдайы нашар арықты да табуға болады. Мысалы, Алмалы ауданы қаланың дәл ортасы болғандықтан, бүкіл көшесінде арық жүйесі бар. Салыстырмалы түрде қарастыру дұрыс емес болар, себебі, облыстан қалаға қосылған аумақтарға байланысты шеткі аудандардың, мысалы,  Алатау, Наурызбай, Түрксіб, Әуезов сияқты аудандардың көшелерінің көбінде арық жүйесі жоқ.

–       Қалаға жаңа қосылған аумақтардағы арық жүйесінің жағдайы туралы не айта аласыз?

–       Облыстан қосылған аумақтардың көшелерінде арық тұрмақ, жаяу жүргінші жолы да жоқ. Асфальт жабындысы да барлық көшеге төселе қоймаған. Сондықтан, Автомобиль жолдары басқармасы қала дамуының Бас жоспарына байланысты жаяу жүргінші жолымен қоса,  барлық жолдардың көріктендіру элементтерін де қоса алып жүреді. Ол қаланың Бас даму жоспарына сәйкес жүргізіледі. Сондықтан, алдымен – жол, одан кейін жаяу жүргіншілер жолы, сосын барып арық жүйесі салынады. Бұл жұмыстардың барлығы қаланың даму жоспарына сәйкес жүргізіледі. Ал, біздің басқарма тарапынан Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарының арық жүйесі жоқ көшелерінде арық салу үшін 2014 жылы жоба-сметалық құжаттама дайындалды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу қаражаттың бөлінуіне байланысты 2016-2017 жылдарға жоспарланған.

–              Әңгімеңізге рахмет!

 

КЕРЕК ДЕРЕК:

  • Қаладағы Бас арық Абай даңғылының солтүстігінде, Достық даңғылынан бастап, Есентай өзеніне дейінгі аралықты қамтиды.
  • Бас арықтың бастау алатын тұсы – Достық даңғылы.
  • 2011 жылы Бас арықты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 
  • Бас арықтың ұзындығы – 2673 метр.
  • Бас арыққа су Кіші Алматы өзенінен беріледі.
  • Қаладағы арықтар жүйесінің айналымы – 1000 шақырым.

 

Тақырыпқа орай

 

Бөтелкеден су жолы қашан тазарады?

 

Тау қойнауынан бастауын алатын Кіші Алматы өзені қай заманнан Алматының арықтарын «қоректендіріп» келеді. Қанша буын алмастырып, қанша дәуірді басынан өткізген осы бір арықтар нағыз көненің көзі деуге тұрарлық қаладағы табиғат жәді­герлерінің бірі. Жаз маусымы бастал­ған сайын жөндеу жұмыстарын көріп тұратын арықтардың түр-келбетіне аздап өзгеріс енсе де, сол баяғы қызметінен әлі жаңылған жоқ.

Аға буын, орта буын көрген Ал­маты­ның арықтары қандай еді? Жас буынның арықтар туралы бүгінгі көзқарасы қандай? Ортаға «Алматы арықтары қандай еді?» деп сауал тастаған едік.

 

Мағрипа ІСКЕНДІРҚЫЗЫ, Алматы тұрғыны:

–       Бұрынғы уақытта Алматының табиғаты таза еді ғой. Сарылдап су ағып жататын. 70-жылдары болу керек, шатаспасам, Абай көшесі головной арық деп аталатын. Ол кезде бүгінгі Абай көшесінен жоғары қарай ештеңе болмайтын. Орбита жақтар түгелдей жүгері егілетін поля еді.

Енді кішкентай арықтың үлкен қалаға әсері қаншалықты екенін білмедім. Мысалы, біз тұратын Сәтпаев-Сейфуллин қиылысында арық бар, бірақ онда су жоқ. Ішіне үнемі қоқыс толып қалады. Терезеден қарап қоям, тазалап жатқандарын көрем кейде.  Арықтардың қаланы салқындатуға пайдасы бар ма, жоқ па ол жағын  өздерің білесіңдер. Мың сан арық салынса да, қалада тыныс алатын ауа жоқ. Біздің көше күні-түні алты қатар машина, құлаққа бір тыным жоқ. Мұрнымыздың ішіне дейін қара күйе. Бұрындары кешкілік сағат 9 балконға немесе аулаға шығып отырғанда, таудан самал соғатын еді. Ал қазір сағат түнгі 12 болса да, таудан самал соққаны былай тұрсын, екі өкпеңді толтыра тыныстайтын ауа жоқ. 

 

Айнагүл ҚЫРМАНШЫҚЫЗЫ: стоматолог:

–       90-жылдары мектеп бітіре салып, Алматыға келдік. Ол кездері ауылдан келген адам бірден көзге білініп тұратын. Қаланың адамдары әппақ, киім киістері мен шаш қою мәнерлері бәрі сыпайы, әдемі еді. Сонда нағыз алматылықтар ақтығымен ерекшеленіп тұратын. Ол кезде қала да таза. Көше де тыныш. Арықтардағы сылдырап ағып жататын судың үні құлаққа сондай жағымды естілуші еді. Нағыз тау суы дейтіндей мұздай әрі тұнық болып ағатын. Қазір ғой Алматыны пластмасс бөтелкелер басып қалды. Арықтың бәрі сол судан босаған бөтелкелермен-ақ бітеліп жатыр. Есімде қалғаны, мынау Рысқұловтың бойындағы үлкен каналға түріктер кілемін жуып жүретін. Көк базардың жеміс-жидек сататын бөлімінде таза су ағып тұратын еді. Сол жерге барып, жемісімізді жуып жеп, суынан шөлімізді қандырып та алатынбыз. Абылай ханның бойында тап-таза арық болатын еді. Кейін жоқ болды.

 

Жансерік КУЛЯСОВ, студент:

–       Алматы арықтары тек жаңбыр, нөсер уақытында жанданатын секілді көрінеді. Қаланың қай тұсында жүрсем де, үнемі байқайтыным, арықтарда тазалық жұмыстары аз жүргізіледі. Өткен апта әл-Фараби – Фурманов көшелерінің қиылысындағы «Рамсторға» жолым түсіп еді. Рамстордың алдындағы арықта су да бар, қоқыс та жатыр. Рысқұлов көшесіндегі арықта  целофан пакеттері мен тұрмыстық қалдықтар толып қалған.

 

Секерхан ӘБІШҚЫЗЫ, зейнеткер:

–       Біз студент болған 80-жылдары арықтар керемет еді ғой. Тап-таза болатын. Сылдырлап суы ағып жатқан арықтың жанында сквер болса, бұлақтың үнін тыңдап, жанында отыратынбыз. Ол кезде арыққа темекінің тұқылы немесе қағаз тастау деген болмайтын. Көшеде қоқыс тастап бара жатқан адам болса, көргендер ескерту жасап, алғызатын еді. Осындай жағдайда арық суы арнасынан асып, қайда баратын еді?!

Өткен жұма күні көк базарға бардым. Айналайын-ау, кондитер фабрикасының тұсындағы аялдамада тұру мүмкін емес. Арықтың қасында тау болып үйіліп бөтелке жатыр. Тазалыққа жауаптыц адам бар ма өзі?

 

Нұржан ҚАЛДЫБАЙ, зейнеткер:

–              Арықтар десе, бүгін жылағым келеді. Студент болған жылдары ойымызда ештеңе жоқ, арықпен бірге таудың басынан ағып келетін алма, қара өріктерді алып, жей беретінбіз. Ол кездің жастары театрға жиі барушы едік қой. Сонда шаршаған кездері аяғымызды суға салып, емін-еркін әңгімелесіп, демалатын едік. Қазір көшелердегі шөлдеген ағаш пен құрғаған арықтарды көргенде, таудың етегінде отырған бізде осы су тапшы ма деп ойлайтын болдым.

 

Бетті әзірлеген – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *