Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қазіргі қоғамның дертіне айналған өзекті жағдайдың бірегейі, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі болып отыр. Бұл жағдай  кез-келген мемлекет үшін бақылаумен қадағаланатын өткір мәселе. Барлық елдерде оның трансұлттық сипаты танылып, оған қарсы экономикалық, құқықтық және басқа да шаралар қолданылуда.

ҚР «Сыбайлас-жемқорлықпен күрес туралы» Заңы сыбайлас-жемқорлыққа келесідей анықтама береді. Ол: «Мемле­кеттік міндеттерді орындайтын адамдар, сондай-ақ, соларға теңелген адамдар, өздерінің лауазымды құзыреттерін және онымен байланысты мүмкіншілікті немесе өз құзыреттерін басқаша пайдаланып мүліктік пайда алу үшін заңмен қарасты­рылмаған мүліктік жайлылықты және артықшылықты қабылдау, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалармен аталмыш жайлы­лықты және артықшылықты оларға заңсыз беруге осы адамдарды парамен сатып алу».

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тарихы 1992 жылы «Қыл­мыстың ұйымдасқан түріне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 17.03.1992 ж. №684 Жарлығынан басталған. Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алған мезеттен бастап бұл аса ауыр қылмыстарға қатысты қатаң мемлекеттік саясат қалып­тасты. Еліміз ТМД мемлекеттерінің арасын­да бірінші болып, 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы Заңын қабылдады. Кейіннен бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Трансұлт­тық ұйымдасқан қылмысқа қарсы кон­венцияларын және басқа да  халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы бүкіл­әлемдік қоғамдас­тықтың тең мүшесіне айналды.

Қазақстанда зерттеулер нәтижесі 1999 жылдан бастап жүргізілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік кеңістік­тегі Қазақстанның көрсеткіштері жыл сайын жоғарылап келеді. Бұл проблемамен жан-жақты айналысып жүрген беделді халықаралық ұйым – Transparency Іnterna­tіonal қорының деректері бойынша, сыбай­лас жемқорлықты қабылдау индексі Қазақстанда 2008 жылы 170-тен астам елдің ішінде 145 орында болса, 2009 жылы 120 орынға, ал былтырғы жылы 105 орынға дейін көтерілді. Бұл индекс кәсіпкерлердің, сарапшылар мен зерттеу ұйымдарының мәліметтерін қорытындылай отырып, жыл сайын шығарылып отырады.

Қазақстан әлі де болса сыбайлас жем­қорлық деңгейі жоғары елдер қатарында. Бұл туралы Transparency Іnternatіonal қорының деректері бойынша, 2017 жылғы қорытынды есебінде көрсетілген. 2017 жылғы рейтинг бойынша Қазақстан 131- орынды  иеленіп отыр.

Көптеген елдерде популистік саясаткер­лердің өсуі ескерту дабылы болып табылады. 2016-2017 жылғы Берлиндегі Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі сыбайлас жемқорлық пен әлеуметтік теңсіздік бір-бірін нығайтып отыратынын көрсетті. 2016 жылғы Сыбайлас жемқор­лықты қабылдау индексіне қатысқан 176 мемлекеттің 69 %-ы 50 балдан төмен балл көрсетті (0 — жемқорлықтың өте жоғарғы көрсеткіші, 100 — жемқорлықтың ең төмен көрсеткіші). Бұл көрсеткіш бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттік аймақтарда жемқор­лықтың жаппай кең таралғанын көрсетеді. Кейбір мемлекеттер жемқорлыққа байла­нысты қажетті шұғыл шараларды қолдану арқылы индекстегі балын төмендетті. Барлығына тең мүмкіндік жоқ.

Сыбайлас жемқорлық пен теңсіздік бірін-бірі азықтандырады. Сыбайлас жемқор­лықтың қатал шеңбері қоғамда байлықтың теңдей бөлінбеуі мен теңсіздік ықпалына алып келеді. «Panama Papers» халықаралық консорциумы жаһандық қаржы жүйесінің жарамсыздығы мен қоғамдық игілік есебінен бай-ауқатты адамдардың қалай жылдам байитынын көрсетті.

Transparency Іnternatіonal басшысы Хосе Угас: «Ең қарапайым күнделікті қажеттіліктерін өтей алмайтын, жемқор­лыққа байланысты күнде аш жататын адамдар әлемде қаншама, заңсыздықтың кесірінен жемқорлар шалқып өмір сүруде» деген пікір білдірген.

Қоғамымыздың ауыр дертіне айналып отырған сыбайлас жемқорлық еліміздің өркендеуіне кері әсер тигізеді. Әсіресе, мемлекеттік билік органдары үшін аса қауіпті болып отыр. Тәжірибе көрсеткен­дей, сыбайлас жемқорлық кез-келген мемле­кеттің басқару жүйесін бұзады, мем­лекеттік биліктің беделіне нұқсан келтіре отырып, мемлекеттік қызмет сапасын төмендетеді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық ел экономикасының құлды­рауы­на алып келеді, мемлекетті әділетсіздік пен жасандылық батпағына тартады. Осындай қайғы-қасіретті тудыратын, бұл дерт бәсеңдеудің орнына өршу үстінде.

Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, өте қауіпті түрі – парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын, түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамды сана қалыптасуы қажет. Парақор­лық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару  органдарының беделіне нұқсан келтіреді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тек заңнамаға техникалық өзгерістер ғана енгізу жеткіліксіз. Сыбайлас жемқорлық­тың кеңінен таралуын азайту және тоқтату үшін шұғыл, терең жүйеленген реформалар қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес­тің негізгі кілті – ел азаматтарын, азамат­тық қоғам ұйымдарын сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күреске тарту, құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптас­тыру, сыбайлас жемқорлықтың әкелер қасіретінен хабардар қылу, одан қашық болуға шақыру, дұрыс көзқарас қалып­тастыру. Елімізде осыған сәйкес түрлі іс-шаралар қарастыры­луда. Сөзіміздің дәлелі ретінде, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы 23 желтоқ­сандағы Жарлығымен бекітілген 2006–2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша мемлекеттік бағдарламаны айтуымызға болады. Бағдарламада осы мәселеге ерекше көңіл бөлінген.

Жоғарыдағы келтірілген мәліметтерге қосымша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Алматы қаласының әкімшілігі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес жұмысын ұйымдастыру мақсатында «Аза­маттық бақылау» қоғамдық кеңсесі қызмет етеді. Қоғамдық кеңсенің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостан­дықтарының қорғалуын қамтамасыз ету жолдарын ұйымдастыру болып табылады. Азаматтардан келіп түскен арыздар мен ұсыныстарды қолданыстағы заңнамаға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқор­лықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республика­сы­ның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс екендігі көрсетілген. Нәтижесінде бірегей жемқорлықпен күрес мәселесіне арналған шаралар жүзеге асуда.

Сәйкесінше, көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы керек деп санаймыз.

 

Ақмарал СМАНОВА,

«Азаматтық бақылау» қоғамдық кеңсесінің мүшесі,  з.ғ.к.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close