Суырып алма уайттар айысы

AK4.p65Қоқантай мен Түксен түйдей құрдас. Екеуі ақпан айының ең бір қиын-қыстау күні дүниеге келіпті.

Мен туыппын, мен туыппын,

Ақпандатқан боранда.

Алақұйын мінезім бар,

Бәлкім әлде содан ба? – деп арқалы ақын жырлағандай, екеуінің де мінезі қарапайым адамдардан өзгеше, бірде түтеген боран, бірде жаймашуақ. Қоқантай сол боранды күні түске дейін, ал Түксен түстен кейін туыпты. Сондықтан Қоқантай ағалық жолмен Түксенге ақыл айтып, тәртіпке салып отыруды өзімнің парызым деп санайды. «Інісінің» арақ ішіп, біреумен шекісіп қалғанын, біреуді сазға отырғызып алдап кеткенін, өтірік әңгіме айтқанын естісе, жер-жебіріне жете ұрсып та алатыны бар. Ал өзі өтірікті соққанда шашасына шаң жұқтырмайды. Бұларды сыртынан ғайбаттап, сынап-мінеп отыратын құр­дастары Қыранбайды көкезу мылжың, астарлы сөздің мән-мағынасын түсінбейтін миғұла, мәңгүрт, есектей бірмойын топас, түлкідей қу алдампаз, зәнталақ деп, тағы да баспасөзда жариялауға жатпайтын небір айшықты сөздермен балағаттап отырады. Ал өз кезегінде Қыранбай былай дейді:

– Осы өтірігіне құрық бойламайтын екі суайтпен бір жылы туып, бір ауылда өскеніме, анда-санда амалсыз табақтас болатыныма өлердей өкінемін. Енді міне, Алатаудың бөктеріне келіп саяжайда көрші қонғанымды қарашы. Осы суырыпсалма екі суайттың мәнсіз, мағынасыз, кермек су татыған әңгімесінен әбден жеріп біттім. Араққа уланған алқаштай жүрегім айнып, құсқым келеді. Шытыр жеген сиыр сияқты ішім кеуіп, кешке дейін еріксіз «тар­сылдатып» жүремін.

Қыранбай осы тектес әңгімесін кездескен танысқа да, таныс емеске де, тіпті, көпшілік бас қосқан алқалы жиындарда да айта беруден әсте жалықпайды. Сондықтан болар, Қоқанбай мен Түксен оны «ата жауымыз» деп санайды. Ал ана екеуі, Қыранбай қылжақ қылғандай, өздерін түпсіз терең өтірікші, суайтпыз деп ойламайды. Керісінше, «тобықтай сөзден тоқсан ауыз әдемі әңгіме тудыратын» шебер тілді, шешендерміз деп ойлайды. Шыны керек, қайткенде де бұл екеуінің өз тыңдаушылары бар. Баз­біреулер «сонысы рас» деп Қыранбайды қолдаса, Қазанбас Жиенбет сияқты жиендер бұлардың әңгімесін екі езуінен сілекейі шұбырып, танауынан қоймалжың бірдеңесі ағып отырып рахаттана тыңдайды. Олар «Япыр-ай, неткен шешен, ақылды адамдар, айызымды қандырды-ау» деп қолпаштап, к.., тойыс, астыларына көпшік қойып отырады. Осындай марапат сөздерді естіген сайын бұл екеуі өркештеніп, құлашын кеңге сілтей түседі. Екеуі де бір-бірін бақ күндес деп санайды. Өйткені, екеуі бала кезінен бері айтысып-тартысып келеді. Шешендік жағынан кейде бірі жеңіліп, кейде «итжығыс» түсіп жатады. Бірақ, мынау мықтырақ деп бірін-бірі мойындаған емес. Мойындағаннан өлген артық!

Осы өткен аптада қызықты, елеулі оқиға болды. Бұлар мекен ететін саяжайға бұрынғы сыныптастары Шарапат көшіп келді. Екеуі таласа шақырып, ерулік берді. Бұл алаңғасар, аңқау немелер байқамапты – Шарапат жүкті екен. Махаббаттың жас талғамайтын құдыретін қараңызшы, Шарапат арада апта өткенде, елуден асқан шағында балпанақтай ұл туды. Бұл оның дүниеге әкелген не жетінші, не сегізінші, бәлкім тоғызыншы баласы. Күйеуі: «туған ұлдарыңның көбісі хулиган болды. Неге ғана айтқанымды істеп, шайымды қайнатып, киімімді өтектеп беретін қыз тумадың», – деп ренжіпті дейді. Басқа құрдастар ренжіген жоқ, қайта қуанды. Қоқымның тікмінез, кержағал қатпа қатыны, Түксеннің «отыз қыздың ішінен таңдап, ойып алдым» деп мақтаныш етіп отыратын борсықтай домаланған қара қатыны естері қалмай қуанып, шашу шашты. Шампанды суша сапырып ішті.

Шілдеханада қызара бөртіп, шалқып отырған қос құрдас әдеттегіше айтыса кетті. Бұл жолғы тақырып «кімнің бабасы күшті, мықты болған?»

– Менің жетінші бабамның бойында ойсыл қара бураның күші болған екен, – деді Қоқантай жан-жағына сестене қарап. – Бір күні ауылға жоңғарлар шауыпты. Қара ниеттері айдан анық, ұлды – құл, қызды – күң етпек. Төрт түлік малды олжалап, айдап кетпек. Намысқа басқан қазақ қарап тұрсын ба, атойлап шапқан менің бабама еріп жоңғарға қарсы шығыпты. Анау таудың етегінде қанды қырғын соғыс болған. Менің батыр бабам жаудың жиырмасын жалғыз өзі жайратып тастапты. Ол кісі қашқан жауды түре қуып «уралап», атой салып келе жатпай ма?

Сол кезде жоңғардың бір жырынды батыры тасадан шыға келіп, сабының жуандығы жеңді білектей найзасымен басын көздеп періп қалады. Бірақ, найзасы басқа тимей, аузын әректей ашып «уралап» келе жатқан бабамның екі ұртын тесіп өткен. Сонда бабам не істеді дейсіз ғой? Айтайын, бір қолында салмағы екі батпан шойын күрзі, екінші қолында наркескен семсер, яғни екі қолы да бос емес. Қолдағы қаруды тастауға әсте болмайды. Әбден зығырданы қайнап, дүлей ашуға мінген бабам найзаның қайың сабын азу тістерімен қарш еткізіп шайнап-шайнап жіберген. Ортасынан қақ бөлінген найза екі жаққа ұшып-ұшып түскен. Бабам жаудың әлгі найзагерін қуып жетіп басқа соғып, жанын жаһаннамға жіберген екен. Сол соғыстан кейін жоңғар бұл өлкеге аттап баспапты. «Найзаны шайнап тастаған батыр біздің басымызды азуына бір-ақ басып, жұта салар», – деп кеткен.

Әне, менің бабам соғыста сондай ерлік көрсеткен. Ішің күйсе, тұз жала, Түксен! Ал сенің әулетіңнен ондай батыр шыққанын естісем, екі құлағым таскерең болсын!

– Аузың өзіңдікі болған соң оттай бересің ғой сен соққан, – деді Түксен түтігіп. – Менің де екпінімен тау қопарған батыр бабаларым болған. Алдымен сен айтшы, таздың төбесіне қақ тұрғызған сужұқпас суайтым. Неге адам сенетін әңгіме айтпайсың? Қазақ батырлары жауға «Уа, аруақ, қолда, ел үшін, жер үшін өлсек – шаһидпыз» деп шапқан. Өмірінде ауылдан ұзап шықпаған, тірі орыс көрмеген бабаңның орысша «уралап» шапқаны еш қисынға келмейді. Ана қалың бетің шылп етпей өтірікті ағызып отырғаның осыдан белгілі емес пе?

Енді Қоқантай шамданды, былай деп дүрсе қоя берді:

– Тарихтан түк хабары жоқ сауатсыз кеще, көрлақат, меңіреу Түксен, орыс ақыны Ааааа, Ыссс Пөшкин жазған Пугащ көтерілісін оқымаған екенсің ғой. Сол көтеріліске орыстармен бірге қазақтар да, оның ішінде менің бабам да қатысқан. Еділ-Жайық бойындағы ен жайлауын қайтарып аламын, деп қатын патшаға қарсы шыққан. Орыспен тізе қосып соғысып жүріп олардың «уралауын» үйренген. Кешегі Отан соғысына қатысқан атам: «Жауға уралап бүйідей тидік» деп отыратын. Міне, саған бұлтартпас дәлел. Ал сенің бабаң қандай ерлік көрсетті, соны айтшы, ақымағым?

Осыны айтқан Қоқантай масаттанып, Түксеннің төбесінен қарады.

– Айтсам, айтамын, – деді Түксен де айылын жимай. – Менің атам жойдасыз орасан күштің иесі болған. Оны мынадан-ақ көруге болады. Күз айы болса керек, кигіз үйде жатқан бабам тұмау тиіп ауырып қалыпты. Бір кезде танауы жыбырлап, түшкіруге айналыпты. Сол кезде бабам үйдегілерге: «Қарсы алдымнан кетіңдер», – деп айғайлайды да, қатты түшкіріп жібереді. Сол түшкіріктің екпінінен Түрген тауының арғы жағынан жылқы ұрлауға аттанып келе жатқан алты кәззәп ұры аттарынан ұшып түсіпті. Тіпті, біреуінің бел-омыртқасы үзіліп кетіп, қалғандарының қол-аяғы сынған. Қатты дауыл тұрып, аттары шошынып, айдалаға маңып кеткен.

– Ол жатқан кигіз үй ше? – деді Қоқантай келемеждеп, – ұшып барып Алатаудың арғы жағына түскен шығар. Керегелері сынбап па әйтеуір?

– Жоқ, – деді Түксен міз бақпай, – өзінің ғаламат күшін білетін бабам адамдарды тысқа шығарып жіберіп, ашық есікке қарап түшкірген екен. Айтпақшы, аздан соң келіні атасына шай берейін десе, есік алдындағы ошақта қайнап тұрған Самарқанның жез сары самаурыны үшті-күйлі жоқ болып кетіпті.

– Самаурын қырғызға қарай ұшып барған шығар, – деді Қоқантай қағытып.

– Жоқ, – деді көзі күлімдеп, – ол қырғыз жаққа ұшпапты, әлгі аттан құлап, мертігіп жатқан ұрылардың қасына барып түсіпті.

Осы әңгіме аяқталған тұста.

– Ішім сыздап, кеуіп барады, – деп Қыранбай сыртқа қарай ұмтылды.

Екеуінің қайсысының бабасының мықты екенін ажырата алмай, Жиенбет дал болып отыр.

– Сыныптастар арасынан суырып­салма ақындар шықпады, – деді Шарапат, – есесіне суырыпсалма суайттарымыз бар. Оған да шүкір. Анда-санда көңілімізді көтеріп, осы мистер суайтмандар тірі жүре берсе екен…

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *