Суды сұғанақ қана ұрлайды

Қазір ұрланбайтын нәрсе жоқ. Мемлекет қаржысы да, дүние-мүлік те қолды болады. Одан біреудің ұтып, біреудің ұтылып жататыны және рас. Сондықтан өзіңе тиесілінің біреудің қолында кетпеуіне көңіл бөлетін бір кез болса, ол да осы дәуір.

Кереметі сонда, күніне бәлен­бай ұрлық болатын Алматыда соңғы кезде су ұрлау фактілері де тіркеле бастады. Атап айтқанда, Алматы су арнасының бақылау­шылары өткен айда тексеріс жүргізіп, осындай 562 сұғанақ­тықтың бетін ашты.

Оның 102-сінде кейбіреулер тегін суды үйіне жасырын жолмен тартып алған. Сөйтіп, қазынаны бәленбай миллион теңге шығынға ұшыратқан. Оның үстіне кәсіп­керлер мен жеке тұлғаларға белгіленген су тарифының да айырмасы бар. Соған қарамастан кейбір пысық кәсіпкерлер су тарифын тұрғындарға белгіленген тариф бойынша төлеп келіпті. Ондай оқиғаның саны – 109.

Сондай-ақ, кейбіреулер су есептеу тетіктеріне де қол салады. Оған салынған пломбаны алып тастап, көрсеткішті кейін қарай айналдырады екен. Қалада өткен айда ғана осындай 500 жеке үй анықталды.

Бұл жердегі мәселе суға бай­ланысты сұғанақтықта ғана емес, мәселе мұндай заңсыз әрекет­тердің су сапасына кері әсер ететінінде, дейді мамандар.

 

Телефоныңмен жұмыс ізде

Қазір ұялы телефонның адамның он үшінші мүшесіне айналған жәйі бар сияқты. Қайда барсаң да, қала тұрғындарының телефонынан көз алмай, сонымен ғана әңгімелесіп, сонымен ғана сырласатынын аңғарасың. Ғалымдардың айтуынша, бұл үрдістің әлеуметтік сырқатқа айналып бара жатқаны да өтірік емес.

Дегенмен, ұялы телефонның пайдасы да көп. Жақында Алматыда JobBer мобильді қосымшасының тұсауы кесілді. Бұл жоба бірінші кезекте тұрғындарды еңбекпен қамтуға үлес қоспақ. Басқаша айтқанда, осы қосымша арқылы азаматтар үйден шықпай-ақ өзіне қажетті жұмыс іздей алады. Оған қоса, вакансиялы орындарға байланысты дерек алатын да мүмкіндігіңіз болмақ.

 

Жол жағдайы қандай?

Мегаполистің бір мұңы автомобиль жолдарының сапасына байланысты. Негізінен, қаладағы жолдар біршама талапқа сай болғанымен, кейбір тұстарда ойқы-шойқы шұңқырлардың кездесіп жататыны да өтірік емес. Бұл тұрғыда Алматының жағдайын басқалармен салыстырғанда, біршама жақсы деуге болады.

Жалпы, әлем бойынша автомобиль жолдарының сапасын бағалау үрдісі бар. Соған сәйкес, 2017-2018 жылдардағы жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік индекс нұсқасы бойынша Қазақстан жол сапасы бойынша әлемде 115-орында тұр. Ал Ресей бізден бір саты жоғары.

Жалпы, тізімде 137 елдің енгізілгенін ескерсек, нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Аталмыш тізімнің ең соңында Мавритания, Конго мен Гаити сияқты елдердің тұрғанын да айта кетуге тиіс­тіміз. Ал ең жақсы жол – Араб Әмір­ліктері мен Сингапурде, Швейцарияда көрінеді.

Демек, елдегі жол сапасына байла­нысты тұста салыстырмалы түрде біздің қаланың жағдайы басқалардан гөрі біршама тәуір деген сөз.

 

Жалақы төлемесең, жазаланасың!..

Соңғы кездің бір кінәраты – жұмыс берушілердің қарамағын­дағыларға жалақыны дер кезін­де төлей ал­мауында. Жасы­ратыны жоқ, кейбір пысықтар мұндай әрекетке қасақа­на бара­ды. Әрі көп жағдайда әкімшілік жазалаудан құтылып кетіп жататыны өтірік емес.

Соңғы тексеріс нәтижелеріне қара­ғанда, жұмысшылардың құқы­ғын бұза­тын осындай 1 мыңға жуық қылмыс әшке­реленген. Жұмыс берушілерге салын­ған айыппұл мөлшері 58,2 миллион теңге.

Сондай-ақ, жалақыны уақы­тылы төле­меген 43 миллион теңге бере­шегі бар  227 заңды тұлғаға жалпы құны 7,9 миллион теңге тұратын 43 айып салын­ды.

Демек, алдағы уақытта жалақы төлемесең, жазаланатыныңды біліп жүруің ләзім, дейді қазіргі ақиқат.

Дайындаған – Ө.Мұқай.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *