СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БОЛАДЫ

немесе  2017 жылы басталатын жалпылама  декларациялау кезінде талап етілетін  жауапкершіліктер туралы

99Қазіргі уақытта барлық салалық заңна­ма­ларға, оның ішінде салық заңнамасына енгі­зіліп жатқан ағымдағы өзгерістер мен түзе­тулер саны өте көп. Соның негізгілерінің бірі – мүлікті жариялау және жалпылама декла­рациялауға байланысты. Осы орайда, редак­циямыздың электронды мекен-жайына атал­мыш тақырып­тарға жауап беруді өтінген оқыр­ман сауалдары көптеп түсуде. Сон­дықтан да біз редакция қор­жынында жинақ­талып қалған оқырман сауал­дарын саралай отырып, оған жауап беруді Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департа­ментінің түсін­діру басқармасының бөлім басшы­сы Бекен Төлеужанұлы НҰРАХ­МЕТОВ­ТЕН өтін­ген едік.

— Бекен Төлеужанұлы, 2017 жылдан бастап күшіне енетін жалпылама декларациялау дегені­міз не? Әңгімемізді содан бастасақ?

— Сұрағыңыз өте орынды. Се­бебі, өркениет көші алға жыл­жыған сайын өміріміздің қай саласын алсаңыз да  прогрессивті дамуды, жаңа инновациялық технология­ларды енгізуді, автоматты басқару жүйесін жетілдіруді, әкімшілік кедергілерді жоюды, заңсыздық­тар­ды болдыр­мауды, сыбайлас жем­қор­лық әрекеттеріне жол бермеуді, салық саясатын оңтайландыруды талап етеді. Сондықтан да салық саласындағы бақылау қаншалық­ты күшейгенмен де, оның салық төлеушілер мен бизнес өкілдері үш­ін жасалатын процедуралық шара­лары соншалықты жеңілде­тіледі. Соның бірі – жалпылама деклара­ция­­лау процедурасы болып та­былады.

Табыс пен мүлікті жалпылама декларациялау жеке тұлғалар үшін өте тиімді шара екені әлемдік тәжірибеде өз дәлелін тапты. Бұл дегеніңіз, салықтық бақылауда халықтың нақты табысын тура анықтайтын және көлеңкелі эконо­микаға қарсы күресте жақсы нәтиже беретін механизм десе де болады. Мысалы, жалпылама дек­лара­­­циялау тәжірибесі АҚШ, Канада, Германия, Франция, Шве­ция, Финляндия, Дания, Австра­лия, Чехия, Италия, Сингапур, Швейцария, Ұлыбритания сияқты алдыңғы қатарлы дамыған елдерде экономиканы алға жылжытудың және салық тәртібін бұзу әрекет­теріне жол бермейтін жетекші құрал ретінде қолданылып келеді. Біздің елімізде де бұл процедура өз жұ­мысын 2017 жылдан бастайды.

Бұған қоса, 2015 жылдың 18 қара­шасында Елбасымыз  «Жеке тұлғалардың табысы мен мүлкін декларациялауға байланысты Қазақстан Республикасының кей­бір Заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталмыш Заң Елбасы­ның «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес институтционалды рефор­масын және Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2015-2025 жылдар­ға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындау мақсатын­да дүниеге келді десе де болады. Заңда табыс пен мүлікті декларациялау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу мәселесі қарастырылған. Мысалы, 2017 жылдың бірінші кезеңінде декларацияны мемлекеттік қызмет­керлер, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың және ұлттық компаниялардың әкімшілік персо­нал­дары тапсырады. Бұл дегеніңіз, 1,7 миллион адам деген сөз. Ал 2020 жылы бұл талап барша жеке тұлғаларды қамтиды. Яғни, декла­рация тапсыру баршаға міндетті болып табылады және оны тапсы­ратын субъектілер саны да молая­ды.

Декларацияны еліміздің кәме­лет­тік жасқа толған аза­маттары ғана емес, оралмандар мен Қазақ­стан Республи­касының террито­рия­сында тұруға ықтиярхаты бар­лар да, кәмелеттік жасқа толмаған балалар (егерде олардың атында жыл­жымайтын мүлік тіркелген болса), шетелдік азаматтар да (Қазақстан Республикасының аума­ғында өзіне тиесілі мүлік тіркелген жағдайда)  тапсырады. Осы орайда, мемлекеттік қызметте істемейтін, тек жалақы мен зейнетақы ғана алатын жеке тұлғалар деклара­цияны оңайлатылған тәртіппен бір парақта ғана тапсыратынын айта кеткен артық болмас. Сонымен қатар декларация екі түрде тап­сырылады. Біріншісі – өз иелігіндегі барлық активтері мен міндетте­мелерді көрсету арқылы бір мәрте тапсырылатын (жылжымайтын мүлік, банкідегі ақша, құнды қағаз­дар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, т.б.) кірме декларация. Екіншісі – жыл сайын тап­сырылатын жеке табысы  мен мүлкін көрсету деклара­циясы. Бұған қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласының субъектілері болып табылатын  мемлекеттік қызмет­кер­лер, депутаттар, соттар және мемлекеттік қызмет категориясына жататын басқа да қызметкерлер декларация тапсырған кезде тапқан табысы ғана емес, сатып алған мүлікке байланысты кеткен шығын­дарды да көрсететінін еске сала кеткен орынды болар.

— Енді жалпылама декларация­лаудың халық және қоғам үшін қандай тиімділігі бар, соған тоқтал­саңыз?

— Дамыған елдерде жалпылама декларациялау дегеніңіз, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қоятын не­гізгі механизмнің бірі екенін жоға­рыда айтып өттім. Себебі, қазіргі уақытта көптеген кәсіп иелері қа­ра­мағындағы қызметкерлеріне жа­лақыны қолма-қол әдіспен төлейді. Штаттағы жұмыс істейтін адамдар санын нақты көрсетпейді. Сөйтіп, салықтан жалтару арқылы нақты­лы табысын әдейі жасырады. Со­дан барып  жалақы алатын адамға әлеу­меттік төлемдер төленбейді,  зей­нетақы қорына бір тиын түс­пейді, еңбек өтілі жүрмейді. Яғни, әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Мысалы, бір ғана қоғамдық тамақ­тандыру, құрылыс саласында қан­шама  адамдар осылай еңбек етуде. Бұл дегеніңіз, табысы аз субъ­е­ктілердің  мүддесіне келтіретін зиян және олардың заңды құқық­тарын бұзу болып табылатыны сөзсіз. Сондықтан да жалпылама декла­рациялау кезінде жұмыс бе­руші заңсыз әрекетке бара алмай­тын, ал, жұмыс істеуші заңсыз әрекеттерден қорға­латын болады. Яғни, әрбір тапқан тиын ғана емес, жұм­салған ақшаға дейін есеп берер кезде көптеген көлеңкелі экономикада жүргендердің жолы кесіледі. Сонымен қатар жалпыла­ма декла­рациялау кезінде көрсе­тілген медици­налық қызметке, жинақ құрылыс банкіндегі салған ақшаға, көп балалы аналарға байланысты өзіндік жеңілдіктер де қарасты­рылғанын айта кету керек.

— Қазіргі уақытта мүлікті жариялауға байланысты көп­теген шаралар жүзеге асырылуда. Бұл дегеніңіз, жалпы­лама декларация­лау кезеңінің алдындағы жасалып жатқан рақымшылық шарасы екенін Елбасымыз бірнеше мәрте айтып өтті. Осы орайда, мүлікті жариялау мен жалпылама декларациялау процедурасының өзара байланы­сына тоқтала кетсеңіз.

— 2015 жылдың 13 қараша­сында мүлікті жариялау жөніндегі Заңға тиісті өзгерістер мен көп­теген жеңілдіктер енгізілгелі бері бұл шара бүкіл еліміз бойынша жақсы қарқынмен жүзеге асырыла бастады. Себебі, Елбасымыз мүлік­ті жариялауға және жалпылама декларациялауға байланысты: «Қазақстан бизнесті дамыту үшін өте қолайлы жағдайлар жасады. Біз көптеген бай адамдарды, миллиардерлер мен миллионерлерді шығардық… Алайда, бұл ақшаны табуға мүмкіндікті біздің Қазақ­станымыз, біздің мемлекетіміз, біздің еліміз берді. Енді сол ақшаны елімізді дамытуға салайық. Әртүрлі офшорлар дегеніңіз түк те емес. Бүгінгі күні офшор деген жоқ. Біз құқықтық көмек көрсету жөнінде талай мемлекеттермен келісім жасадық. Ақшаны елімізге әкел, біз сендерді кешіреміз» деп ашығын айтты.  Сондықтан да мү­лікті жариялаудың негізгі талабын түсінген субъектілер бұл шараға белсене атсалыса бастады. Түсін­бей, сенбей жүргендер де жоқ емес, әрине.

Мүлікті жариялау дегеніміз – жалпылама деклара­циялау алдын­дағы соңғы және өте тиімді акт болып табылады. Өзінің заңсыз жолмен тапқан ақшасын заңды түрде заңдастыруға мүмкіндік беріп отырған бұндай  заң актісін 21-ғасырдың басындағы ең бір гуманистік бағыттағы нормативтік-құқықтық акт деп айтар едім. Мы­салы, қазіргі уақытта өзіне тиесілі жылжымайтын мүліктерін, ком­мерциялық объектілерін зейнетке­рлердің, жұмыс істемейтін адам­дардың атына аударып қойған субъектілер аз емес. Ондай адам­дар осы уақытқа дейін декларация тапсырған емес және декларация тапсырудың не екенін де дұрыс түсінбейді. Сонымен қатар төлеген салықтары мен алған еңбекақы­ларын, әлеуметтік төлем­дерін және зейнетақы қорына аударылған ақшаны дә­лелдейтін ешбір құжат­тары да жоқ. Ертең, яғни, жалпы­лама декларация тапсыру кезеңі бастал­ған кезде ондай адамдар өзінің атына жазылған қыруар қаржы тұратын жыл­жымайтын мүліктерді несімен дәлелдейді? Міне, мәселе сонда. Сондықтан да кезінде заңсыз жолмен тапқан қаражатты, жылжымайтын мүлік­тер­ді заңдасты­ратын уақытты бос жібермей, тиімді пайдалана білген орынды. Себебі, бұндай рақым­шылық негіздегі заң актісі алдағы жылдардың еншісінде тағы қабыл­дана ма, жоқ па, оны уақыт көр­сетеді.

— Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша мүлікті жария­лауға байланысты жүргізіліп жат­қан акцияның қарқыны қалай? Статистикалық мәліметтерді кел­тіре кетсеңіз?

— Үстіміздегі жылдың бес айы­ның қорытындысы бойынша мүлікті жариялауға байланысты 605 өтініш қанағаттандырылды. Ал өткен жылдың қорытындысы бой­ынша 12 ғана өтініш түсіп, 807 миллионнан астам теңгенің ғана мүлкі заңдас­тырылған болатын. Осы бес айдың  ішінде ғана жария­ланған мүліктің құны 481 мил­лиард 503 миллион 671 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 566 есеге артық.  Бұның ішінде 475 миллиард 273 миллион 271 мың тең­гесі ақша, 3 миллиард 447 миллион теңгесі заңды тұлғаның жарғылық капи­талындағы үлесі, 577 миллионы құн­­ды қағаздар. Осы орайда, шет­  елдегі заңдасты­рылған жылжы­майтын мүліктердің құны 1 мил­лиард 420 миллион 428 мың теңгені құрағанын да айта кеткен артық болмас.

Жоғарыда көрсетілген мәлімет­терге терең көз жібере отырып, мынандай тұжырым жасауға бо­лады: мүлікті жария етуге  мүдделі топтар «Жалпылама декларациялау дегеніміз не, оның болашақтағы жауапкершілігі қандай?» деген сұрақтарды жете түсінді. Соның нәтижесінде ертеңгі күні «Қайдан алдың? Қандай ақшаға сатып алдың?» деген сұрақтар туындамас үшін белсенді қимыл жасай бастады. Міне, осылайша  жылжы­майтын мүліктері мен ақшаларын жария еткен субъектілерге жалпы­лама декларациялау кезеңі бас­талған кезде «Қайдан алдың?», «Қандай қаражатқа сатып алдың?» деген сұрақтар туындамайды. Бұндай сұрақты қойған жағдайда құқық қорғау органының, мемле­кеттік кіріс органының, басқа да лауазымды тұлғалардың өздері қылмыстық жауапкер­шілікке тар­тылады. Себебі, заң жүзінде жария етілген кез-келген жылжы­майтын мүлік пен ақша қылмыс­тық істің, әкімшілік құқық бұзу ісінің және тәртіптік жазалаудың объектісі болып табылмайды. Сондықтан да сот шешімімен тәр­кілеуге де жат­пайды. Ол салықтық және банктік құпия болып табы­лады. Мүлікті жария етуге байла­нысты ақпаратты  таратқан адам­ның өзі Қазақстан Респуб­ликасы Қыл­мыс­тық кодек­сінің 223-бабы  бойынша қылмыс­тық жауапкер­шілікке тартылады.

— Ал енді шет елдегі ақшасы мен жылжымайтын мүліктерін жария етуден қорқып, жасырып қалған субъектілерге қандай шаралар  қолданылады?

— Бұл сұрағыңызға Елбасы­мыздың мынандай сөзімен жауап берген дұрыс деп ойлаймын: «Мүлікті жариялау – соңғы мүм­кіндік. Одан кейін ешқандай жеңіл­дік болмайды. Бұл шара – жалпылама декларациялау алдын­дағы соңғы акт. Аталмыш акция аяқталғаннан кейін бүкіл әлем бойынша банкідегі есепшоттарға, жылжымайтын мүліктерге бай­ланысты барлық ақпараттар тексе­рілетін болады». Елбасымыздың мұндай қатаң ескертуі тегін емес. Себебі, біздің еліміз 2011 жылдың мамыр айынан бастап «Қылмыс­тық жолмен ізі жасырылған ақ­шаны әшкерелеу, алу және тәркілеу туралы» Страсбург Конвенция­сының мүшесі болып табылады. Аталмыш Конвенцияға 90-нан астам мемлекет мүше болып табы­лады. Оның ішінде 29 мемлекет офшорлық аймақтарда орналас­қан. Сондықтан да шет елде жа­сырған мүлікті  табу еш қиындық тудыр­майды. Бұған қоса Қазақ­стан Республикасы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 275-бабына да тиісті толықтырулар енгізілді. Бұл бапта айыппұл көле­мінің мөлшері ғана 250-500 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ал енді мүлкін жария етпеген субъе­ктілерге қылмыстық іс қозғалған жағдайда мәселе өте қиынға соғатынын еске сала кеткен абзал.

— Әңгімеңізге рахмет.

     Әңгімелескен —

Төрехан ДАНИЯР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *