СУДАНДАҒЫ ӘСКЕРИ ТӨҢКЕРІС

Басқаларға сабақ болуы тиіс

Бүгінгі таңда адамзат  қоғамы  ХХІ ғасырға аяқ басып, өркениеттің  белгілі бір биік деңгейіне көтерілді десек те,  дау-жанжалдан, зорлық-зомбылықтан, соғыс пен қақ­тығыстан,  бір-біріне  күш қолдану мен төтенше төңкеріс­терден әлі арыла қойған жоқ. Жуырда  Африканың шығысындағы Судан елінде жасалған әскери-мемлекеттік төңкеріс осының  нақты бір көрінісі. Мұны біреулер «амалсыз жасалған әрекет» деп ақтап, енді біреулер «заңды  билікті  күшпен құлату» деп даттап жатыр.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Әскери кеңестің басшысы Әбдел Фаттах әл-Бұрхани.

Мұны біреулер ақтап, біреулер даттап жатыр

Әлеуметтік желілер және БАҚ құралдарының жазуларынша оқиғаның анық-қанығы былай болған: «осы жылдың  11 сәуірінде  Судан Республикасында  Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант  Авад бин Ауф басқарған әскерилер шұғыл түрде  ел президенті Омар әл-Баширді  тақтан тайдырып, Конституцияны  тоқтатып, парламент пен барлық үкімет органдарының таратқан.  Өтпелі кезеңде елді басқару үшін шұғыл Әскери кеңес құрылған. Оған төрағалық етуге әуелде Авад бин Ауфтың өзі кіріскенімен артынша мемлекеттегі бірлікті сақтау мақсатында  Құрлықтағы  жаяу әскерлер қолбасшысы, генерал-лейтенант  Әбдел Фаттах Бұрханға жүктелген.

Бұрхан бір айға жариялаған коменданттық сағатты тоқтатып, түрмедегі  барлық саяси тұтқындарды босаттырды. Әскери кеңестің мәлімдеуінше,  екі жыл көлемінде елде тәртіп орнатылып, бәрі ретке келтіріледі, сонан соң  демократиялық жолмен сайлау өткізіліп, билік  заңды түрде азаматтық үкіметке беріледі.

Авад бин Ауф  қызметтен қуылған президент қауіпсіз жерде  ұсталынып отыр десе, бұрынғы премьер-министр Садық әл-Махди   Омар әл-Башир мен  оның айналасындағы үкімет мүшелері үйқамақта дегенді айтады. Соңғы мәлімет бойынша  ол  өзі саяси тұтқындарды қамап  ұстаған  қатаң режимдегі   Кобар түрмесіндегі  бір кісілік камераға  отырғызылған.

Уганданың Сыртқы істер министрі Окелло Орема:  «егер де әл-Башир мен оның  отбасы өтініш білдіретін болса,  өз елінің  оларға саяси баспана беруге әзір» деген мәлімдеме таратты. Угандалық  дипломаттың  пайымдауынша,  Омар әл-Башир  өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға, әсіресе Оңтүстік Суданғы қайшылықты  реттеуге  елеулі еңбек сіңірген. Сондықтан оның  бұл еңбегі   жоғары бағалауға лайық.

Кейінгі қосымша мәліметтерге қарағанда  президенттік  гвардияның  басшысы  Әбдел  Хусейн, жетекші «Ұлттық конгресс» партиясының  көшбасшысы Ахмет Харун,  вице-пезидент Әли Осман Таха,  т.б. бас-аяғы 100-ден астам  жоғары шенділер  қамауға алынған.

Судан Республикасында орын алған оқиғаға  Халықаралық ұйымдар және әлемнің көптеген елдері  бей-жай қарап отырған жоқ. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш:  «бәрі де Судан халқының мүддесі мен еркіне  сай бейбіт те тыныш жолмен жүзеге асуы тиіс» дегенді айтса, АҚШ пен Еуроодақ елдері   биліктің  тезірек азаматтық  үкіметке берілгенін қалайды.

Шекаралас Египет:  «Судан елінің бастан кешіріп отырған хал-ахуалына түсіністікпен қарап,  халқының таңдауы мен  қалауына қолдау білдіретінін» жеткізді. Чад елі де осындай ұстанымда.  Көптеген көршілес Африка елдерінің басшылары  мұндай оқиға өздерінде қайталана ма деп қауіптенуде.

Франция үкіметі қайшылықтың қандай да бір күш қолданусыз шешілгенін жөн көреді.  Түркия президенті Тайып Ердоған да  «төңкерістен кейін Суданның барлық  мәселесі бейбіт жолмен, келісіммен шешілуі керек» деген пікір білдірді.  Иран бұл елдің ішкі ісіне араласпауды, ең бастысы  қантөгістің болмауын қолдайды. Германия мен Канада  өз азаматтарын жағдай түзелгенше  Суданға  сапарлап барудан бас тарта тұруға шақырды.

Бірқатар мемлекеттер «әліптің  артын бағып» отырғанда  Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб  Әмірліктері  билікті қолға алған  Әскери кеңестің  басшысы, генерал Әбдел Фаттах әл-Бұрханиға қолдау білдіріп, судандықтарға гуманитарлық көмек: бидай, дәрі-дәрмектер мен мұнай өнімдерін жіберетінін  мәлімдеп үлгерді.

Төңкерістен  бес күн өтісімен, яғни 16 сәуірде  РФ Таяу Шығыс және Африка елдері бойынша арнаулы өкілі Михаил Богданов  журналистермен  баспасөз жиынан өткізіп, Мәскеудің Судандағы жаңа әскери  үкіметті мойындап, онымен  байланысқа шыққанын  жария етті.

Ресейдің  әл-Башир үкіметімен де  жақсы қарым-қатынаста болғаны,  Судан  жеріндегі мұнай мен газ кеніштерін барлау мен игеру  бағытында біршама  бірлескен нәтижелі жұмыстар жүргізіп келгені  мәлім.

2017 жылдың қарашасында Судан президенті Омар әл-Башир  ресми сапармен Мәскеуге келіп, Ресей басшысы Владимир Путинмен екі елдің қарым-қатынасына қатысты бірқатар мәселелерді талқылап қайтқан.

Кейінгі  уақытта олар ресейлік  тарапқа  инвести­ция­лық құны 6 млрд., долларды құрайтын: Қызыл теңізде  (3 млрд. $-ға) өнеркәсіп кластерін жасау,  құны  350 млн.$-ға бағаланған  Ядролық зерттеу орталығын  салу,  ел астанасы Хартумның  (211 млн. $-ға)  инфрақұрылымын  жақсарту, 200 млн.  $-ға  таза сумен қамтамасыз ету  ке­шенін тарту және  200 млн. $-ға Жер серігін ұшыру  секілді  25 жоба ұсынған-тын.

Бұған қоса, 2018 жылы  аймақтың  тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Кремльге Қызыл теңізде  әскери база ашу жөнінде ұсыныс жасалған. Тіпті, төңкерістің алдында  Судан сыртқы істер министрі ад-Дирдири Мұхаммед Ахмед Ресейге сапары жоспарланған болатын.

Қазақстан  Судан Республикасымен  2008 жылдың 19 маусымында  дипломатиялық қатынас орнатқан. Екі  елдің қарым-қатынасына  байланысты  мәселелерді қазірше еліміздің  Египет Араб Республикасындағы  елшілігі атқа­рады.  Ядролық қарудан бас тартқан бейбітшіл мемлекет ретінде біздің  еліміз  әлемнің әр бұрышында әркез ты­ныштықтық сақталуын  жақтайды, сондықтан Судандағы жағдайдың  тезірек қалыпқа келіп, түйінді мәселелердің  бейбіт жолмен шешілуіне тілектестік білдіреді.

 

Төңкеріс неден туындады?

«Себепсіз салдар болмайды». Судандағы  ахуалдың асқынып,  әскери төңкерістің орын алу себебін билікке таласудан гөрі  саяси-экономикалық жағдайдан, халықтың тұрмыс-тіршілігінің   төмендеуінен іздеген жөн сияқты.

Судан  Ұлыбританиядан тәуелсіздікті 1956 жылдың 1 қаңтарында алғанымен, содан бергі алпыс жылдан астам уақыт ішінде талай  қиыншылық пен қайшылықты, қарсылық пен қақтығысты, әскери төңкерісті бастан кешіп келеді.

Ең алғаш  1958 жылдың  қарашасында, яғни егенменді ел болғанына екі жылдан  сәл-ақ асқанда генерал Ибрагим Аббуд бастаған әскерилер төңкеріс жасап, Абдалла Халилдің жетекшілігіндегі  азаматтық  үкіметті  құлатты. Жоғары шенді 12 офицерден  тұратын Қарулы күштердің Әскери кеңесі құрылып, елде қатаң  тәртіп пен режим орнатылды.  Ибрагим  Аббуд  бар билікті өз қолына алып,  өзін Суданның тұңғыш президенті деп жариялады. Маршал атанды. Әскери президент Ибрагим Аббуд бірқатар  экономикалық реформалар жүргізіп,  халықтың  әл-ауқатын жақсартуға едәуір күш салғанымен, ұстанған исламшылдық және арабтандыру саясаты Суданның оңтүс­тігінде тұратын   басқа діндегі тұрғындарға ұнамады. Олар тарапынан  жиі-жиі қарсылық көрсетіліп,  оның аяғы 1963  жылы  азамат соғысына ұласты. Маршал Аббудтың   қарсыласушы оппозициялық  тарапты әскердің күшімен басуына болар еді. Бірақ ол ондай әрекетке бармады. 1964 жылдың  қарашасында өз еркімен биліктен кетті. Нәти­жесінде әр түрлі саяси топтардың   өкілдерінен  коалициялық үкімет құрылды.

Алайда, арада  бес жыл өтпей жатып 1969 жылдың мамырында  тағы да мемлекеттік төңкеріс жасалып,  басқару тізгінін полковник Джафар Нимейри қолына алды. 1971 жылы  Джафар Нимейри  Судан президенті болып сайланды. 1985 жылдың  сәуірінде генерал  Әбдел Рахман Сивар ад-Дагаб  оны тақтан тайдырды. Оның билігі де ұзаққа созылмады. 1989 жылдың маусымында  кезекті рет әскери төңкеріс жасалынып, үкімет  генерал-лейтенант  Омар әл-Башир бастаған әскерилердің қолына өтті. Әл-Башир 1993 жылы президенттікке сайланып, Судан елін 2019 жылдың 11 сәуіріне дейін  басқарды.

Жалпы, Судан жұртының тарихына үңіліп қарайтын болсақ, оның ішкі қарама-қайшылығы мен алауыздығының жетіп-артылатынан аңғарамыз. Айталық, елдің  солтүстігі мен оңтүстігі жылдаы бойына бір-бірімен қарсыласып,  қақтығыс пен соғысуға дейін барып, халықаралық ұйым­дардың араласуымен  2011 жылдың басында референдум өткізіліп,  шілдеде   Оңтүстік Судан өз  тәуелсіздігін  жария­лады. БҰҰ тарапынан әлемнің 194 мемлекеті болып танылды. Соның өзінде  екі жақтың әлі шешімін таппаған территориялық және экономикалық  дау-дамайлары жеткілікті.  Мәселен, осыған дейін  табыс­тың негізгі көзі болып келген мұнай ке­ніштері  Оңтүстік Судан  жерінде болғаны­мен  экспортқа  Солтүстік Судан  арқылы шығарылады.

Солтүстік Суданның өзінде де  күрмеуі қиын, шешілмеген мәселелері баршылық. Мысалы,  елдің  оңтүстік батысындағы  Дарфур өңірінде қара нәсілді  африка­лықтар мен араб тайпалары тұрады. Екеуі де ислам дінін ұстанғанымен, бұлардың арасында тұрмыс-тіршілік тауқыметімен ауық-ауық келіспеушіліктер туындап, аяғы қарулы қақтығысқа  ұласып жатады.

Осыған орай 2010 жылдың шілдесінде Дарфур өңірінің болашағын айқындау  мақсатында жергілікті тұрғындар ара­сында: «үш провинция   дара-дара өмір сүре ме, әлде  өз конституциясы мен үкіметі бар ортақ автономиялық  аймақ біріге ме?» деген сауал қойылған рефендум өткізу  күн тәртібіне қойылған-тын.  Десе де, әр түрлі себептермен  халықтың еркін айқындайтын  ондай  іс- шара  өткізілмей қалды.

Осындай  қайшылық пен келеңсіздіктер сайып келгенде  елдің  экономикасына, іл­гері дамуына,  халықтың  тұрмыс-тірші­лігіне кері әсерін тигізетіні  даусыз.

Міне, осындай себептер  өткен 2018 жыл­дың желтоқсанында  Судан  халқын наразылықпен көшеге шығарды. Наразы­лық шеруі ел астанасы Хартумнан бас­талып,  30 қалада жалғасын тапты. Айту­ларынша, наразылықтың  тууына  жанар­май,  ұн мен нан, т.б.  негізі  тұтыну тауар­ла­ры мен  азық-түліктің  қымбаттауы түрткі болған.  Көтеріліс  барысында 37 адам  көз жұмған.

Наразылық толқынын басу мақсатында президент Омар әл-Башир  23 ақпанда  үкіметті таратып, провинциялардың басшыларын қызметтерінен  босатты. Елде бір жылға  төтенше жағдай жариялады.  Артынша парламент оны алты айға қыс­қартты. Бәрібір халық  ереуілін тоқ­татпады.  Жоғарыда айтылғандай,  мұның аяғы  мемлекеттік төңкеріске, билікті әскери­лердің  қолға  алуына  апарып соқтырды.

Әдеттегідей  «Судандағы  әскери төң­керістің артында АҚШ-тың барлау қызметтері тұруы мүмкін» деген болжам айтыла бастады. Бірақ оған айғақ боларлық  нақты дәлелдер жоқтың қасы. Басқа бір  саясаттанушылардың пікірлерінше,  Сирия мен Венесуэладағы жағдайдан  сабақ алған  Вашингтон  әзірше Суданнан бойын аулақ ұстап отырған сыңайлы.

«Хан  сыртынан жұдырық» демекші, Суданды  отыз жыл басқарған, 75 жастағы  қарт генерал Омар әл-Баширды  сынап-жамандап жатқандар да,  ақтап-қорғап жатқандар да табылуда.  Жамандаушылар: «бүкіл билікті өз қолына алған диктатор болды», – деп  Дарфурдағы қанды  әрекеті үшін 2008 жылы Халықаралық қылмыстық сот оны тұтқындау туралы  үкім шығар­ғанын, елдегі мұнай қорына қарамастан экономиканы тұралатқанын алға тартса,  қорғаушылар  ол  «қайшылығы мен алауыздығы  асқынған елді шама-шар­қынша басқарды, қолынан келгенін жасады», – деп ақтаумен әлек.

«Al Arabіya» телеарнасының хабар­лауынша  кешегі жексенбіде  Әскери кеңестің басшысы  Әбдел Фаттах әл-Бұрхани  алдағы апта ішінде  қарсыласушы оппозициялық тараптың барлық ұсыныс­тары қаралатынын  айтқан.  Оның сөзіне қарағанда  өтпелі кезеңге қатысты  жүзге жуық ұсыныс  түскен. Ешбір тарапқа бүй­рек бұрмаймыз. Елдің мүддесі үшін ортақ ұстаным  жасалса билікті тез арада  аза­маттық үкіметке береміз. Біздің ойы­мызша  азаматтық үкімет білікті техно­краттардан  жасақталуы  тиіс деген.  Сондай-ақ, ол  бұрынғы режим  басшы­ларының бәрі  абақтыға қамалып,  олардың банктердегі есеп-шоттарының бұғаттал­ғанын, бұрынғы президент әл-Баширдің резиденциясын тінту  кезінде $350 мың доллар, 7 млн. еуро және  5 млрд. судан фунты  ($105 млн.) табылғанын  хабар­лаған.

«Ақшамның» анықтамасы:

Арғы тарихын айтпағанда, XVІ–XVІІІ ғ.ғ. Судан жерінде  ауыл шаруашылығы, қолөнері, сауда-саттығы дамыған Сеннар мен Дарфур  сұлтандықтары  өмір сүріп,  алауыздықтың кесірінен бөлек-бөлек княздықтар мен көшпенді тайпаларға ыдырады. Осыны пайдаланған Египет  1819–1822 ж.ж. Суданның  көп бөлігін  қарулы күшпен өзіне қаратып алды.  ХІХ ғ. екінші жартысында  Ұлыбританияның үстемдігі  күшейді.

1899 жылдың қаңтарында  Британия мен Египет бірлесіп басқару жөнінде келісім жасасты. Жоғары билікті ағылшындар, орта мен төменгі билікті египеттіктер жүргізді. Ақиқатында Судан  Англияның отарына айналды. Олар мұнда кең көлемде мақта дақылын өсіріп,  одан көбірек өнім алуды көздеді. Ағылшын  билігі  өз үстемдігін нығайту үшін  солтүстіктегі  ислам дініндегі арабтар мен оңтүстіктегі  христан  және басқа да діндерді ұстанушы қара нәсілділерді  бір-біріне  айдап салып отырды. Мұның зардабы әлі күнге жалғасуда.

1921 жылы әскери қызметкер Әли Әбд әл-Латиф «Біріккен тайпалардың судандық қоғамы» деген саяси ұйым құрып, тәуелсіздік ұранын көтерді. Манифест шығарып, судандықтарды  қарулы көтеріліске шақырды.  1951 жылдың 15 қазанында  Египет парламенті ағылшындармен жасасқан 1899 жылғы   және   1936 жылғы  келісім-шарттарды  теріске шығарып,  Фарук патша  Египет пен Суданның  билеушісі деп жарияланды.

1952 жылғы  Шілде революциясынан кейін Египет  судан халқының өзін-өзі билеу  құқығын мойындады. 1953 жылы  Судан парламентіне сайлау өткізіліп, келесі жылы  өтпелі кезеңді басқаратын үкімет құрылды. 1955 жылғы тамызда  Судан парламенті сыртқы билікті  жою жөнінде  шешім шығарып, елден ағылшындық және египеттік әскерлер  шығарылды.

1956 жылдың 1 қаңтарында  Судан өз тәуелсіздігін жариялады. Соған қарамастан  діні мен ділі бөлек  оңтүстік пен солтүстіктің қайшылығы, Дарфур, Кордофан, Бедж  өңірлеріндегі  тайпалардың  дау-жанжалы ұзақ уақыт жалғасып келді. 2011 жылы  шілдеде Оңтүстік Судан  тәуелсіздікке қол жеткізді. Қалған өңірлердің  мәселесі  шешімін таба қойған жоқ. Осының өзі  елдің  тыныштығы мен бірлігіне, дамуына  үлкен кедергі келтіріп отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *