«СУ СҰРАСАМ, СҮТ БЕРГЕН, АЙРАН БЕРГЕН…»

40 жылдан бері асабалардың аузында жүрген «Келін» өлеңінің жазылуына не себеп болды? Бұл күнде өлеңнің негізгі себепкері сексеннің сеңгіріне шығып отыр. 40 жылдан бері асабалардың аузында жүрген «Келін» өлеңінің жазылуына не себеп болды? Бұл күнде өлеңнің негізгі себепкері сексеннің сеңгіріне шығып отыр.

«Су сұрасам, сүт берген, айран берген…», – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, әркімнің жүрегінде (ата-анасынан басқа) жанына жақын бір адамы болады. Ол ағасы ма, жеңгесі ме, әлде досы ма, әйтеуір бөтен емес. Сөзімнің өзегі  әулетіміздің киесі әрі абыройы болған сүйікті жеңешем туралы. Ол аса ғажап адам. Ағайынның бірлігін, татулығын, сыйластығын ойлаған жаны жұмсақ, жүрегі жылы адам.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, «Қазақ журналистикасының

қайраткері» медалінің иегері,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 

…Ұмытпасам, 1956 жыл күзге салым кезі болуы керек. Ауылда үлкен үйлену тойы болатынын есітіп, бір топ бала өзімізше «дайындық» жасадық. Үлкен болатыны, үйленетін ауылдағы мектеп директорының өзі. Тойдан қалмау, беташарын көру бізге арман. Көп ұзамай күткен келін де келіп түсті. Келінді машинамен әкелді. Біздің ауылда жалғыз автомашине болатын: «45–20 ШМ» деген. Ол кезде біздің Шиелі ауданы Оңтүстік өлкеге қарайтын. Орта­лығы – Шымкент. «ШМ» сөзі қала атының қысқарған түрі болса керек. Бірақ келінді әкелген машина ол емес, ауданнан келді.

Сонымен дүркіреп той басталды. Біз бірінші-екінші кластың оқушысымыз.  Бала-шағаға орын жоқ, есіктен, терезеден сығалап жүреміз. Кіріп отырмасақ та, жүрісімізге ризамыз. Түннің бір уағына дейін жалғасқан тойға көз ілмей шыдап бақтық. Ең бастысы, түскен келін (менің жеңгем) өте көрікті екен. Бұл менің өз қатарымның арасында мерейімді үстем етті. Қайта-қайта «менің жеңешем әдемі», «менің жеңешем сұлу» дегеннен әсте жалықпадым.

Менікі деп, өзіме меншіктеп айтуымның да себебі жоқ емес. Үйленген жігіт – менің немере ағам. Ауылдағы жеті жылдық мектептің директоры  Дүйсенбек Ермахан­ұлы. Ал жеңгем болса, ауданның Еңбек Қызыл Ту орденді, бір өзінен 12 Еңбек Ері шыққан «Гигант» колхозының маңдайалды аруы екен.

Жеңешем мен ағамның маған жасаған жақсылығы аз емес. 1970 жылдың желтоқ­сан айының 30-ы күні Мәскеуден, әскер қатарынан оралдым. Түнгі сағат жаңыл­масам, он-он бірдің шамасында Шиелі теміржол вокзалынан түстім. Дүйсенбек ағам мен Қатира жеңешем екеуі қарсы алды. Қасымда Түркістанның жігіті бар. Есімі Иолдаш (Жолдас), ұлты өзбек. Ол да үйіне жеткенше тағат табар емес. Менімен қоштасуға әрі  қарыз ақшасын алуға пойыздан түсіп тұр. Иолдаштан жолда 30 сом қарыз ақша алғанмын. Ол кезде  бұл біраз ақша. Мәскеуден  Шиеліге дейін жолаушылар пойызы билетінің құны 14 сом. Жол-жөнекей тамақ іштік, оны-пұны алдық, әйтеуір ақша жараттық. Менің ақшам Орал қаласына жеткенде-ақ таусы­лып қалды. Жолда Орал қаласында пойыз­дан түсіп қалып, екі жыл бірге борышын өтеген Бағысқалиев Темір деген жігіттің үйіне соқтық. Чапаев ауданының (қазір Ақжайық деп аталатын көрінеді) орталы­ғында тұрады екен. Баласына еріп әрі аман-есен  алып барғасын бізді  жібере ме, ауылдастары мен ағайындарын шақырып, отырыс жасады. Қарызға ақша алғанымды, мына жігітке беру керектігін жеңешемнің құлағына сыбырлап айттым. Сөзге келместен қалтасынан суырып берді. Ағам білмей де қалды.

Сол күні түнде ағам мен жеңешем мені Шиеліден 13 шақырым жердегі «Еңбек­шіге», үйіме жеткізіп салып, әке-шешемнің алғысын алды. Жалғыз ұлын әке-шешем асыға күтіп отыр екен, қуанысып, арқа-жарқа болып қалдық.

Алматыдан қалыңдығымды  алып келгенде ағам мен жеңешем «Мәскеу – Алматы» пойызынан күтіп алды. Бір қойын сойып, көрші-қолаңын, төңірегіндегі ағайындарды шақырып, үйлену тойын бастап берді…

1991 жылы Алматының «Жалын» баспасынан тұңғыш жеке жыр жинағым – «Жан жұпары» жарық көрді. Алып ұшып елге – Шиеліге жеттім.  Ол кезде Алматыда тұрамын. Ағам қайтыс болған. Кітабымды жеңешеме көрсеттім. Шиелінің сыртындағы  бақшасында жүр екен. Ол кісінің  әдеті жыл сайын жұмыстан қол үзбей жүріп қауын-қарбыз, көкөніс, қияр, сәбіз, не керек бәрін өсіреді. Балаша мәз болып қуанды. «Айналайын, арманыңа жеткен екенсің, құтты болсын! Кешке достарыңды үйге ертіп келіп қонақ болыңдар», – деді.

Кешке айтылған уақытта он жігіт зайыбымен жеңешемнің үйіне жиналдық. Жыр оқылды, ән шырқалды, тәтті тамақ желінді, есте қаларлық отырыс болды. Достарым аға орнына аға бола білген жеңешеме риза болды…

Ағам мен жеңешемнің үлкен ұлы Болат үйленгенде мен Шиеліде жоқ едім. Де­малысқа шығып, қайынжұртта (Көкшетау­да) жүргенмін. Желтоқсанның 31 күні болатын. Сол кезгі қалыптасқан әдетке сай, Жаңа жылды әркім  өз шаңырағында, жанұясымен қарсы алуға тырысатын. Мен де үйге жетуге асығып  жолда келе жатқан­мын. Ағам үйге соғып, әке-шешеме: «Бүгін беташарын өткіземіз. Келісімен тездетіп үйге жетсін» деп айтып кетіпті. Араласып жүрген достарым жаңа жылды қарсы алатын үйдің  мекен-жайын айтып, олар да: «қай кезде келсе де сонда жетсін» депті.

Жолсапардан  түнде келдім. Жанымда бажам мен қайынбикем бар. Солармен ақылдаса келіп, Жаңа жылды достармен қарсы алуды, тойға ертең баруды ұйғардық.

Ертесіне барсақ, жеңешемнің көңіл күйі жоқ. Сәлемімді селқос қабылдады. «Әй, бала, қайнаға болғаның құтты бол­сын!» деді ақырын ғана. Бұрынғы әдетімен бір көзін жұмып алыпты. Шиеліде күн ыстық, жазда 40 – 45 градусқа дейін жетеді. Сондай кездері бір көзін жұмып жүру ол кісінің дағдысы болатын. Сол әдетіне салып тұр. Ренжігенін білдіргені бұл.

Жеңешемнің «Әй, бала, қайнаға» деген ұйқасымды сөздері шыңылдап шекемде тұрып қалды. Жаңа жылды қарсы алып, түнімен билеп, ән салып,  ұйқыдан қалып шаршаған басқа ештеңе кірер емес. Тойды басқарып жүрген көпті көрген, әр нәрседен хабары бар Берікқара ағам «жағдайды» түсінді білем, «алдымен той асынан дәм татыңдар, қалған тірлікті сосын көре бере­сіңдер» деп, бір бөлмеге кіргізді де, той тағам­дарын алдымызға қойғызды. Әл жинап алға­сын, отыра қалып өлең жазуға кірістім. Қалай да сүйікті жеңешемнің ашуын басып, қаба­ғын ашуым керек қой. Көп әуреге сал­май жыр жолдары қағазға құйыла бастады…

Мәтіні төмендегідей:

 

1.

Қош келіпсің, келінжан, ауылыма,

Сән-салтанат әкелдің қауымыма.

Бақыт тілеп баянды дос-жарандар

Отыр, міне, жиналып сауығыңа.

Жатырқап та қысылып жасымағын,

Жақындатпа, жолатпа басыңа мін.

Болашаққа тұп-тура апаратын

Ақ арманға жасадың асыл адым.

Алынбаған алдыңда шыңың бар да

Соған жетпей жүрекке тыным бар ма?..

Бөтен үйге пенде боп ену емес,

Келін болу –

Ел болу ұғынғанға!

Жаны жайсаң,

көңілі пәк, асқақ ары

Ана болу бақыты асқаралы,

Жұбай болу,

жар сүю – бәрі-бәрі,

Келін болған кезіңнен басталады.

Келін болған кездерін есіне алса,

Кемпірлердің көзінен жас тамады…

 

2.

Беу, келінжан!

Дәнге толы дарқандығы жерімнің,

Әнге толы жайсаңдығы елімнің,

Батырлығы, қайсарлығы ерімнің –

Соның бәрі шапағаты келіннің.

Гүлденуі, түрленуі өмірдің,

Қырандайын қалықтауы көңілдің,

Шабыттанып шарықтауы сенімнің –

Соның бәрі махаббаты келіннің.

Келіндерді ақ көгершін дер ем мен,

Сезімдерді теретұғын тереңнен.

Қазақ деген мәртебелі халықпыз,

Келінменен көсегесі көгерген.

Бұрын менің жеңгелерім паңдана,

Мені көрсе, дейтін бәрі «әй бала!».

Енді, міне, мен де үлкен атандым,

Атандым мен тіпті дүрдей қайнаға.

Келінмін деп жаси көрме, қарағым,

Алғысын ал ата-ана, ағаның…

«Әй» баладан «қайнағаға» жеткізген,

Айналайын, құтты болсын қадамың!».

 

Сол жерде жүргендерді жинап алып өлеңімді оқып бердім. Бар даусыммен шабыттанып оқыдым. Жұрт жым-жырт. Өлең аяқталғанда барып бәрі ду қол шапалақтады. Қарасам, жеңешемнің екі көзі бірдей ашылып, қос жанары жайнап тұр екен, ағам да мәз. Бағанағы реніштен ештеңе қалмапты…

Осы  келін туралы өлеңім талай тойларда алдымнан шықты. Шиеліні айтпағанның өзінде, Алматыда 4-5 үйлену тойында ұшы­расты. Шиелі аудандық мәдениет бөлімін ұзақ уақыт басқарған, белгілі өнер иесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Әшімхан Оспановтың «Мен асаба болып жүргенде үйлену тойын «Келін» өлеңімен бастайтынмын»  дегенін талай естідім.

Осындай ел ұнатқан өлеңнің жазылуы­на себепкер болған асыл жеңешем сексен­нің сеңгіріне шығып отыр. 3 ұл, екі қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Олардан оншақты немере мен шөбересі бар. Үлкен ұлы Болат пен ортаншысы Сәбит кәсіп­керлікті қалады. Болатты жарты  Қазақстан білді десем де болады. Шымкент пен Шиелінің ортасын жалғастырып тірлік жасады. Шиеліден базар ашты, медицина­лық орталық салды. Аудандағы  алғашқы бизнестің негізін қалады. Ал Шымкент қаласында атқарған жұмыстары өз алдына бір әңгіме.

Сәбит болса, Жамбыл облысының Жаңатас қаласын жандандыруға атсалыс­ты. Өкінішке орай, екеуінің де ғұмыры қысқа болды. «Орнында бар оңалар» демекші, соңында қалған ұл-қыздары әке жолын жалғастырып келеді.

Ұлдан кенжесі Сабыр аудандық комсомол комитетінде, денсаулық сақтау бөлі­мінде жауапты қызметтер атқарды. Кейіннен ағаларының жолын қуып кәсіп­керлікке біржола ден қойды. Қазір Шие­лінің орталығында жекеменшік құрылыс базары, шұбат өндіретін цехы бар. Аудан халқын денсаулығына өте пайдалы түйе, жылқы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Қыздары Әлия мен Сәуле екеуі де бизнестің адамы.

Жеңешем өзімен бірге туған 2 қыз, 2 ұлды қамқорлығына алып, үйлі-баранды қылды. Жұбайы Дүйсекеңнің бауырлары 4 ұл, 3 қыз да жеңешемнің тәрбиесін көрді, тәлімін алды. Маған жасаған қамқорлығын жоғарыда айттым.

Осылардың бәрі қазір бір қауым ұрпақ болды. Ақбұрым жастан өтіп, ақ үрпек ана атанған менің асыл жеңешем соларға ақылшы болып, қызығы мен қиын сәтте­рінде кеңесін айтып, тіл жәрдемін тигізіп, қолұшын беріп, бағыт сілтеп келеді. Сек­сен жасыңыз құтты болсын, Жеңеше! Алланың  берген жасын сүріп, арамызда, алдымызда жарқырап жүре берініз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *