Студенттің Сталинге жазған хаты

Өздеріңізге белгілі, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні . Мәселе осы қайғылы-қасіретті күнді қалай атап өтіп  жүрміз? Бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізу жағы, өткеннен тағылым алып, тағзым ету жұмыстары қандай деңгейде жүргізіліп жатыр деген сұрақтың қойылуында болып отыр.

Жалпы, XX ғасырдың 30-жылдары қазақ халқы басынан кешірген зұлмат аштықтың ащы ақиқаты еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана айтыла бастады. Бұған кезінде мемлекеттік деңгейде назар аударылып: «Қазақстан Орталық атқару комитеті мен ҚАКСР Халық комиссар­лары кеңесінің 1928 жылы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарды тәркілеу туралы», 1928 жылы 13 қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу мен жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» және 1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұйым­дастыру аудандарында ауыл шаруашы­лығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерттеу жөніндегі ҚР Жоғарғы кеңесі төралқасының комиссиясы құрылып, жұмыс істеген болатын. Комис­сия құрамында белгілі қоғам қайраткер­лері, тарихшылар мен депутаттар жұмыс істеді. Соның нәтижесінде ҚР Жоғарғы кеңесі төралқасы комиссиясының қоры­тындылары мен ұсыныстары туралы қаулысы шықты. Онда «1928 жылы республикада ірі қара 6 млн. 509 мың болса, 1932 жылы оның 965 мыңы ғана қалған. Ашаршылық жылдары республика шегінен тыс жерлерге барлығы 1.130 мың адам көшкен. Олардың 676 мыңы біржолата кеткен де 454 мыңы кейіннен Қазақстанға қайтып келген. Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн. 200 мың адамынан, яғни қазақ халқының 49 процентінен айырыл­ды» (С.Әбдрахманов, Тәуелсіздік шежіресі. Астана: Елорда, 2001. б.54) делінген. Көріп отырғанымыздай, қасіреттің ауқымы өте үлкен. Адам шығыны тіпті алапат. Өйткені, бейбіт кезеңде әлемде бірде-бір халық мұндай зұлматты басынан кешірмеген.

Сондықтан да халқымыз басынан кешірген осы зор қайғы-қасіреттің құрбан­дарын елімізде атап өту шаралары мемле­кеттік деңгейде өткізілуі тиіс. Мұндағы айтпағым, бұл шараны саясиландыру немесе кінәліні іздеу емес. Елімізде әр қазақстан­дық  сезінетіндей Қазақстан халқы Ассам­б­леясын қатыстыра отырып, кең ауқымды шаралар өткізу. Бұл ретте бүкіл елде бір мезгілде азалы күн ретінде бір минуттық үнсіздікпен еске алуды биылғы жылдан бастасақ деген ұсыныс айтқым келеді.

Осы ретте педагогикалық институттың студенті Жүніс Макумовтың бас хатшы Сталинге жазған хатын аударып беріп отырмыз. Хат қарапайым тілмен жазылса да, сол кезеңдегі қазақ халқының басынан кешкен қиын жағдайын боямасыз ашады. Жүніс Макумов бас хатшыдан Қазақ халқына қарсы жүргізіліп отырған кеңестік-партиялық саясаттың неліктен орын алып отырғандығының жауабын білгісі келеді. Хат авторының жазбасынан осы кезеңде қазақ халқы басынан кешіріп отырған қиын жағдайды бас хатшыға жеткізумен бірге, осы қиын жағдайға ұрындырған Сталин бастаған кеңестік басшылықты айыптап отырғанын аңғару қиын емес. Студенттің бұдан кейінгі тағдырынан хабарсызбыз. Бірақ оның Сталиннің атына жазылған хатына «аса құпия» белгі қойылып, сақталуының өзі, оның өмірінің жайлы болмағандығынан хабар береді. Хатты өзгеріссіз беруге тырыстық.

 

Педагогикалық институттың студенті Жүніс Макумовтың Сталинге жазған хаты.

 

11.ІX. 1932 жыл

Жолдас Сталин!

Мен сізге мен үшін түсініксіз, шешімі қиын сұрақтарды жазып отырмын. Осы сұрақтардың шешімін табуға маған көмек­тесесіз деп үміттенемін. Мен пед.инсти­туттың студентімін, саяси мәселелерден әрине хабарым бар. Бірақ  өмірдегі кейбір болып жатқан мәселелерге байланысты шаруаларға анық және түсінікті жауабын бере алмаймын. Шаруалар алдында сөйлеп жатқанда мынадай мәселелер түсініксіз:

  1. Шаруа қазақтар биыл біз басқа респуб­ликаларға көшеміз дейді. Қазақ­станда қалып қойсақ аштан қатырады. Осы уақытқа дейін нан алмаған, мал ортақ­тастырылған және аштан қырылған, пар­тияның малды ортақтастандыру жөніндегі шешімі жергілікті жерлерге жетпеді, өмірде іске асырылмай отыр.
  2. Қайыршылық төзуге болмайтын жағдайға жетті. Аштықтан қырылып жатыр, шын мәнісінде Батпақ, Торғай аудандарында аштықтан көптеген адамдар өлген. Өткен жылы астық жинау науқаны кезінде бәрін сыпырып алып кеткен, астықсыз қалғандардың бәрі өлген. Көбі Башкирияға, Өзбекстанға кеткен. Үйінен, шаруашылығынан айрылғандарда есеп жоқ. Осы жағдайды қанша суреттеп айтқым келсе де, өмірде болып жатқан шынайы­лықты жеткізе алмаймын.
  3. Шаруалар жағдайы 16, 17, 18 жыл­дардағыдан әлдеқайда ауыр.
  4. Мал 60%-ға азайып кетті.

Мен жағдайды суреттеп бердім. Қор­даланып қалған сұрақтардың жауабын беруге сіз көмектеседі деп үміттенемін.

  1. Неліктен билік осындай жағдайды көрмей отыр?
  2. Партия осы жағдайды көріп отыр ғой, көмектесудің орнына одан әрі қысымға алып жатыр.
  3. Бұндай жағдайда сіз қалай деп баға­лайсыз? Неліктен бұндай жағдай болды?

Осы үш сұрақты түсіндіріп беру жөніндегі сіздің жауабыңызды күтемін.

Большевиктік сәлеммен,

Жүніс Макумов.

Адрес: К А.С.С.Р.

Жосалы станциясы,

Қармақшы ауылы.

 

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сталиндік зұлматтан қаза болған миллиондаған құрбандарымызды еске ала отырып, өзінің жастығына қарамай, бас хатшының алдына халқының қиын жағдайын батыл түрде қоя білген Жүніс Макумов сынды халқымыздың перзенттерінің еңбегіне де лайықты баға бере білейік.

 

Досалы САЛҚЫНБЕК,

ҚазҰАУ кафедра меңгерушісі, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *