Студенттер үшін кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салынады

Университеттер альянсы Елбасының бес бастамасына қолдау білдірді

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Алматы төрінен орын тепкен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті 14 беделді Халықаралық ассоциация­ның  мүшесі. Жеті базалық факультеті бар. Университеттің алты мамандығы AQAS білім беру бағдарламалары халықаралық агенттігінің білім беру бағдарлама­ларының сапасын бағалау жөнін­дегі халықаралық аккредитация­сынан өткен.

Міне, беделі жоғары осынау іргелі білім ордасында «Unіversіty 38» университеттер альянсының кезекті отырысы өтті. Бұл жолы жоғары оқу орындарының оқыту­шылары Елбасының Үндеуінде айтылған бес бастаманы таразы­лады. Әлеуметтік тың баста­маларға қолдау білдірді.

Басқосу тізгінін ұстаған аталмыш оқу орнының тәрбие және әлеуметтік мәселелер жұ­мыстары жөніндегі проректоры Татьяна Сережкина қоғамда кең қолдауға ие болған бес бастамаға кеңірек тоқталды.

– Елбасы айтқандай, біз елдегі береке-бірлігіміз бен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтан абыроймен өттік. Бірақ қазір қол жеткен табыстарға тоқмейілсіп қарап отыратын уақыт емес. Тәуелсіз Қазақстан әлем мойындаған қуатты елге айналуы керек! Ол үшін халықтың әл-ауқаты жоғары болуы тиіс. Елбасы осы мақсатты көздей отырып, қадау-қадау бес әлеуметтік бастамасын ұсынды.  Үшінші бастамадағы «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағ­дайын жақсарту» мәселесі бізге тікелей қатысты. Тіпті, бұл бастама бізге бұрынғыдан да орасан көп мүмкіндіктер беріп отыр. Біздің университетте жас­тарға арналған бірнеше бағдар­лама жұмыс істейді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан студент-жастарға жеңілдіктер қарастырылған. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ақысыз оқытып жатырмыз. Сондай-ақ, олар қалалық қоғамдық көліктерде тегін жүріп, өзіміздің асханадан тегін тамақтанады, – деді Татьяна Владимировна.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Жоғары білім алудың қолже­тімділігі мен сапасын арттыру үшін Елбасы жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болмақ. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қам­тамасыз ету мәселесін күн тәрті­біне қойды. Бұл міндетті шешу үшін алдағы уақытта жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мем­лекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде жатақханалар сала бастайды. Президент 2022 жыл­дың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсыр­ды. Міне, альянс мүшелері осы тақырыптарды тарқатты. Алматы энергетика және байланыс университетінің проректоры, философия ғылы­мының канди­даты Зарема Абдул­лина, Т.Жүр­генов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер акаде­миясының проректоры Шыңғыс Ергөбек және тағы да басқа оқытушылар қозғалып отырған тақырып шеңберінде ой-пікір­лерін ортаға салды.

Альянс мүшелерінің басқос­уында сөз алған Орталық Азия университетінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі, «Ғасыр ана» қоғамдық қорының вице-президенті Гүлдана Нұрпейісова­ның оқшау ойлары да көптің назарын аударды.

– Елбасының бес бастамасын қуана қолдаймын. Бесеуі де әлеуметтік үлкен мәнге ие. Қазіргі жас мамандардан жұмыс іздеп барған жері алдымен еңбек өтілін сұрайды. Осы дұрыс па? Университеттер альянсы  жоғары оқу орны табалдырығынан енді ғана шыққан жастардың тез арада жұмысқа тұрып кетуіне қолұшын созуы керек. Олар далада қалмауы тиіс. Дарынды, бірақ қолы қысқа­лау, мәселен, ата-анасының зейнетақысымен оқып жүрген немесе көпбалалы отбасынан шыққан ұл-қыздарымызды танып-біліп, демеп, қолдау көрсетіп отырсақ деген де тілегім бар. Болашақ жастардың қолында дейміз, ал бүгінгі жастардың денсаулығы қандай, олар білім алып жатқан жерінде не ішіп, не қойып жүр, міне, осыны да білгеніміз абзал. Ол үшін университеттер альянсы жоғары оқу орындарының асха­наларын аралап көріп, біліп, балаларымыз қандай тағамдармен қоректеніп жүр, сапалы ма, қолжетімді ме, соған да ден қойғанымыз абзал. Осы отырған кез-келгеніміз ұстаз-ғалым алдын көрдік. Біз осы кезінде ғылымның жілігін шағып, майын ішкен, талайды оқытқан, қанаттан­дырған ғалым-ардагерлерді ұмыт қалдыра береміз. Қоғамнан оқшау, жалғыз қалғандары да бар. Сол кісілерді де еске алып отырсақ, – деді Г.Нұрпейісова.

Тақырыпқа орай еске сала кетейік, Алматыда қала әкім­дігінің қолдауымен «Unіversіty 38» альянсы құрылған болатын. Оның құрамына шаһардағы бақандай 38 жоғары оқу орны кіріп отыр. Бұған дейін әр университет Елбасының Жолдауларында, бағдарламалық мақалаларында жүктелген міндет-тапсырмаларды өз алдарына жеке-жеке орындап келген болса, енді 38 жоғары оқу орны «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып күш біріктіруде. Бір қызығы, осынау бірігу идеясын өзге аймақтар да «бәрекелді» десіп қолдап, көбісі өздерінде де осындай альянс құруды ойластырып жатқан көрінеді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *