Студенттер үшін бар жағдай жасалу керек

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Бақытжан Жұмағұлов Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін халыққа насихаттау үшін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына келді. Кездесудің шымылдығын академияның ректоры, профессор Бибігүл Нүсіпжанова ашты. – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің маңызы зор. «Жақсы істі көргенде жетуге асық» дейді қазақ даналығы. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент-жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуда көптеген істер қолға алынады. Сонымен қатар, алдағы оқу жылында жас талапкерлердің болашағы жарқын болу үшін 20 мың оқу гранты бөлінеді. Студенттер үйіндегі жатын орынды 75 мыңға арттыру – түлектерге берілген мол мүмкіндік, – деді Б.Жұмағұлов. Қазақстандық студенттер үшін жағдай жасау керектігін алға тартқан депутат өзге елде білім алған жастардың Қазақстанға оралмауы үлкен мәселе екендігін атап өтті.
Бақытжан Тұрсынұлы Елбасының қашанда жастарға үлкен үміт артатынын айта келіп, Мәңгілік ел идеясына қазақ өнерін әлемге паш ететін жас өнер иелерінің үлкен үлес қосатындарына сенім білдірді.
Кездесу барысында Театр өнері факультетінің деканы, профессор Аман Құлбаев тарихы бай киелі шаңырақтан талай қазақ өнерінің тарландары түлеп ұшқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, академияға заман талабына сай оқу театрының жаңа ғимаратының қажеттілігі туындап отырғанын мәлімдеді. Академия ауласында жаңа заманауи үлгідегі театрдың жобасы да дайын тұр екен.
«АҚШАМ-АҚПАРАТ».