СТУДЕНТ

2455А.П.ЧЕХОВ. Әңгіме

Бұл әңгіменің жазылғанына да биыл міне, жүз жиырма жылдың жүзі болыпты. Содан бері өмірде, тіршілікте көп өзгерістер болып өткен сияқты. Бірақ, оның бәрі де тек сыртқы дүниеге – күннен-күнге дамып бара жатқан техникаға негізделген тұрмыс, коммуникация, комфорт секілді тағы да басқа жәйттерге қатысты, ал адамның өзінің ішкі дүниесі ше? Өзгерді ме? Негізі… бұл әңгіме осынау қиын да күрделі тақырыпқа арналған. Бір шетін тартсаң, екінші шеті дір ете қалатын тарихтың ұзын желісі, үзілмейтін шынжыры хақында.

Әуелде күн ашық, жаймашуақ еді. Ұзақ қарғалар қарқылдап, жақын маңдағы саздақтан әлдеқандай бір тіршілік иесі күңірене уілдеп, бос бөтелкені үрлеп толтыра алмай жатқандай көрінген. Сонсоң бір елгезек құр даусын созып, үн қатқаны сол екен, гүрс етіп атылған мылтықтың оғы ысқырып, көктемгі ауаны тіліп өтті. Әйткенмен, ормандағы көлеңке қалыңдап, ымырт үйіріле бастаған шақта шығыс жақтан бір жағымсыз, өкпек жел көтеріліп, айнала-төңіректегінің бәрі үрпиіп, демін ішіне тарта қалды. Су бетінде сұп-суық мұз инелер пайда болып, қара орманның құты қашып, құлазып сала берді. Қыс ызғары қайта сезілді.

Оқудан үйіне қайтып келе жатқан діни академияның студенті, ауылдағы шіркеу қызметшісінің баласы Иван Великопольский ешқайда бұрылмай, өзен бойындағы көк шалғынды кесіп өтетін соқпақ жолмен тура тартып еді. Башпайының ұшы тоңып, қарсы алдынан соққан ызғырық жел екі бетінің ұшын қызарта түсті. Күтпеген жерден келген мына суық жер-дүниенің шырқын бұзып, берекесін алып, табиғатты күнделікті дағдысынан жаңылдырып, ымырт қараңғылығын әдеттен тыс ерте үйіре түскендей көрінді. Таяу маңда ешкім көзге шалынбайды, содан да болар, жалғыздық жанын сұмдық жабырқата бастады. Тек, анау өзен жағасындағы жесір әйелдердің бақшасы жақтан жылтырап бір от көрінеді; ал оның ар жағында, шамамен, бес-алты шақырымдай жердегі ауыл орналасқан тұс сұп-суық тастай қараңғы түнектің көмейіне шым-шым батып, жұтылып кеткен. Ол өзі үйден аттанған кезде шешесінің есік алдындағы шоланда жалаңаяқ самаурын тазалап отырғанын, ал әкесі байғұстың пеш үстінде ауырып, жөтеліп жатқанын және сол күні жұма, ауыз бекітетін күн болғандықтан үйде ештеңе пісірілмегендіктен жүрегі сазып, қатты қарны ашқанын есіне алды. Сонсоң суықтан бойын жиып, қаусырына түсіп, тап осындай ызғарлы желдің Рюрик заманында да, Иван Грозный тұсында да, Петр патшаның кезінде де соққанын және сол уақта да дәл осындай сорлы кедейліктің, алапат аштықтың, тап осындай жамау-жасқау қамыс шатырлар мен сауатсыз­дықтың, қат-қабат қайғы-мұң мен құдды осындай құлазыған дала, қараңғылық, қанаушылықтың болға­нын, алдағы күндерде де бола беретінін және бұдан кейін мың жыл өтсе де өзгермейтінін, өмір шіркіннің ешқашан оңалмайтынын ойлады. Содан ба екен, оның енді үйіне барғысы да келмей қалғандай көрінді.

Мына бақшаның жесірлер бақшасы атануы да осы екі жесір әйелдің – шешесі мен қызының жыл сайын егіп, күтіп-баптап отырғанына байланысты еді. Әне, олар жаққан от лаулап, ұшқын атып, жан-жақтағы сүдігерге дейін жарық шашып жатыр. Үстіне еркек кісінің шолақ тонын киген ұзын бойлы, балпиған жесір әйел Василиса состиып, отқа қарап ойланып тұр; ал қызы, ақымақтау, шұбар бет, шүйкедей ғана Лукерья жерде бүкшиіп табақ-аяқтарды жуып отыр. Шамасы, кешкі астарын жаңа ғана ішіп болса керек. Әудем жерден бейтаныс бір ер кісілердің даусы естіледі; олар өзенге ат суаруға келген жергілікті жұмысшылар болса керек, сірә.

— Міне, қыс та келіп қалды, — деді студент отқа қарай жақындай түсіп. – Амансыздар ма!

Василиса селк ете түсіп, артынша оны таныды да, жылы шыраймен күлімсіреп қарсы алды.

— Танымай қалдым ғой, тәңір-ау, — деді. –Бай болады екенсің.

Сөйтіп, әңгіме тиегі өз-өзінен ағытылып сала берді. Василиса көпті көрген, кезінде бай-мырзалардың үйінде тәрбиеші, кейіннен күтуші болып істеген, сыпайы сөйлейтін, жүзіне үнемі күлкі үйіріліп тұратын жақсы әйел еді; ал оның қызы Лукерья болса, күйеуінен күнде таяқ жейтін кәдімгі көп төмен етектінің бірі, студентке көзін сүзе қарап, үн қатпай тесіледі, тіпті, өзінің бет-әлпеті де біртүрлі меңіреу адамның кейпін елестетеді.

— Тап осындай суық түнде Петр сахаба да оттың жанына келіп, дәл осылай жылынды-ау, ә, — деді студент лаулаған жалынға қолын созып. – Демек, ол кезде де күн суық болды ғой. Еһ, қандай қорқынышты түн еді десеңші, әжей! Әрі сондай қайғылы, ұзақ түн емес пе еді!

Ол айналадағы қараңғы түнекке қарап, бойы тітіркеніп, басын шайқап қойды да:

— Інжілдің он екінші тармағын білетін шығарсың? –деп сұрады.

— Білем ғой, — деді Василиса.

— Егер есіңде болса, сол бір құпия кеште Петр Иса пайғамбарға қарап: «Мен сенімен бірге зынданға да, өлімге де бас тігуге әзірмін» деп еді. Ал пайғамбар оған: «Петр, саған айтам, бүгін тауық, яки, қораз шақырғанша сен мені танымаймын деп үш рет бас тартасың» деді. Содан күн батқан соң Иса пайғамбар қатты торығып, бақ ішінде құдайға жалбарынып отырды, ал Петр байғұстың жаны жабырқап, кірпігі ауырлап, ұйқыны жеңе алмай, шаршап, әбден әлсіреді. Ақыры, ол ұйықтап қалды. Сонсоң, өзің білесің, Иуда сол түні пайғамбардың бетінен сүйіп, артынша оны сатып кетті. Сөйтіп, азап­таушылар оның қолын байлап, дінбасыға алып барды, соққыға жықты, ал Петр болса, әл-дәрмені құрып, уайым-қайғыға батып, ұйқысы қанбай, жер бетінде әне-міне бір сұмдықтың боларын жүрегі сезіп, олардың соңынан ере берді… Ол Иса пайғамбарды өте қатты сыйлайтын, пір тұтатын, ал енді болса, міне, оны біреулердің қалай ұрып-соққанын алыстан көріп келеді…

Лукерья осы сәтте қолындағы қасығын қоя салып, студентке қадала қарады.

— Олар оны дінбасының алдына алып келді, — деп жалғады студент әңгімесін, — сөйтіп, ол Иса пайғамбарды тергей бастады, ал жұмысшылар болса, ауланың ортасына от жағып, жылынып жатты, өйткені, күн суық еді. Сонсоң Петр де оттың қасына келіп, олармен бірге мына мен сияқты жылына бастады. Кенет бір әйел оған қарап: «Міне, мынау да бүгін Исаның қасында жүрді, демек, бұны да сол тергейтін жерге алып бару керек» дегендей болды. Оттың қасындағы жұмысшылар енді одан күдіктеніп, қабақ­тарын түйген кезде Петр не істерін білмей қорқып: «Мен оны танымаймын» деді. Біраздан соң тағы да біреу оның Иса пайғамбардың шәкірті екенін біліп қалып: «Сен де солардың бірісің» дегенде, ол тағы да бас тартты. Үшінші рет және біреуі: «Бүгін бақ ішінде мен сені соның жанынан көрмедім бе?» деп шүйлікті. Ол енді… үшінші рет бас тартты. Міне, сол кезде тауық шақырып қоя берді. Сөйтіп, Петр Иса пайғамбардың жаңағы айтқан сөзін есіне алды… Ұй­қы­­­дан шошып оянғандай селк етіп, ауладан атып шық­ты да, қыстыға жылап жіберді. Ол туралы Інжілде: «Шықты да, жылады егіліп» деп айтылған ғой. Менің көз алдыма тып-тыныш, қап-қараңғы бақтың іші елестейді және онда жылап отырған адамдардың даусы жеткендей болады құлағыма…

Студент терең күрсініп, ойланып қалды. Жаңа ғана күлімсіреп тұрған Василиса кенет кемсеңдеп, түйір-түйір жас тамшылары көзінен ытқып шықты да, бетін жуып сырғанай жөнелді. Ол сонысынан ұялып, жеңімен жүзін көлегейледі, ал Лукерья болса, студентке қадала қараған күйі қызарып сала берді. Оның бет-әлпеті осы сәтте ауруын жасыруға тырысып, қиналған кісінің түріне ұқсап кетті.

Бұл кезде әлгі жергілікті жұмысшылар өзен жақтан қайтқан болатын, олардың біреуі тіпті, осылай қарай жақын­дап та қалған екен, лапылдап жанған оттың сәулесі енді соның үстіне түсіп, дірілдей бастады. Студент жесір әйелдерге қайырлы түн тілеп қоштасты да, ары қарай кетті. Міне, ол тағы да қараңғы түннің құшағына еніп, қолы қалтырап тоңа бастады. Долы жел өршеленіп, шын мәнінде, қыс қаһарына қайта мінген сияқты, бір күннен кейін пасха мейрамы болады дегенге дәл қазір тіпті сенгің де келмейді.

Студент енді Василиса туралы ойлады: жылағанына қарағанда, тү-у баяғы қорқынышты түні Петрдің басынан өткен оқиғаға оның да бір қатысы бар-ау, сірә…

Ол артына бұрылып қарады. Жалғыз от әлі жанып жатыр екен, бірақ, оның жанындағы адамдар көрінбейді. Студент Василисаның жылағанын, ал қызының әлдене­ден қысылып, қызарақтағанын тағы да есіне алып, жаңа­ғы мен айтқан әңгіменің, яғни осыдан он тоғыз ғасыр бұрын болған оқиғаның міне, осы қазіргі уақытқа – анау екі әйелге, мынау қаңырап қалған ауылға, мына менің өзіме және айналадағы барлық адамдарға қатысы бар-ау шамасы деп ойлады. Расымен де, Василиса кемпір бұның әңгімені соншалықты қызықты, әсерлі етіп айт­қан­дығынан емес, Петрдің басындағы жағдай өзіне өте таныс болғандықтан, сондықтан да, оның жан дүниесінде не болып жатқанын жақсы түсінетіндіктен жылады емес пе.

Кенет көңілін бір қуаныш толқытып, ол тіпті, аздап тыныс алу үшін тоқтап, бөгеліп қалды. «Өткен тарих, — деп ойлады содан соң, — бүгінгі күнмен үздіксіз, бірінен соң бірі туындап жатқан оқиғалар желісі арқылы жалғасуда». Сондықтан да, бұл қазір осынау ұзын-шұбақ желінің екі шетін бірдей көріп тұрған секілді: өйткені, бір басын тартып қалып еді, екінші басы өзінен-өзі дір ете түскендей.

Ол өзеннен пароммен өтіп, тауға қарай өрлеп бара жатып та қарсы беттегі өзінің туған ауылына, мынау апақ-сапақ мезгілде қылыштың жүзіндей сұп-суық боп көрін­ген күнбатыс жақтағы кешкі арайға қарап, сонау бір кездері әлгі бақта, сонсоң дінбасының ауласында бүкіл адамзатқа ақ жол сілтеген шындық пен сұлулықтың күні бүгінге дейін үзілмей жалғасып келе жатқанын және оның әманда адамзат тіршілігіндегі, жалпы, жер бетіндегі ең басты құндылық болып қала беретінін ойлады; сонсоң, өз бойындағы денсаулықтың, күш-жігердің, жастық шақтың – ол небары жиырма екі жаста болатын – ыстық жалынын сезініп, тілмен айтып жеткізе алмайтындай тылсым, құпия әрі жұмбақ та бақытты сәтті күткендей бір балдай тәтті сезім көңілін баурап, мына өмір оған таңғаларлықтай керемет, тамаша әрі биік мән-мағынаға толы сияқты болып көрінді.

Тәржімалаған — Нұрғали ОРАЗ. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *