Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

«Ұстаз – ұлы есім»  деген екен  адамзаттың  Әуе­зові. Менің кейіп­керім – ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, тарих  ғылымының докторы, профессор Талас  Омарбеков Ұстаз ретінде  өз шәкірт­тері алдындағы жауапкер­шілігін, азамат ретінде  ел алдындағы пары­зын, тарихшы маман ретінде  тарих  алдындағы  боры­шын, ғалым ретінде тарих ғылымы саласындағы міндетін толық орындап, ғылы­ми ортада да, қоғамда да абыройға бөленіп, лайықты бағасын алған жан.

 

Әрбір адам өміріндегі ең маңызды тұлға

 

«Адамның адамшылығы ең алдымен жақсы ұстаздан!» деп һәкім Абай айтқан­дай, Талас Омарбеков те уақы­тын, күш-жігерін аямай қаншама шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақ бойына сапалы білім, саналы тәрбие сіңіріп, рухани байлықты, ұлттық құндылық­тарды көздің қарашығындай сақтауға, адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіріп, жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге атсалысты. Ол –  шәкірттерінің мақ­танышына айналған ұлағатты Ұстаз!

Иә, ұстаз – әрбір адамның өміріндегі ең маңызды тұлға. Дәл бүгінгідей есімде, 1973 жылы Жамбыл облысы, Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы, Чапаев (қазіргі Шахан ауылы) атындағы жеміс-жүзім совхозындағы онжылдық орта мектеп­тің 9-сыныбына бардым. 1 қыр­күйектегі оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиыннан соң, әркім өз сыныбына барып, жетекші мұға­лімдерімізді күтіп отырдық. Жетекшіміз, физика пәнінің маманы Перизат апайымыз өзімен бірге аққұба келген, шашы артқа қайырылған, жып-жинақы, көзілдірік таққан ер кісіні ертіп кірді. Амандасып болған соң, «мына кісі жаңадан келген тарих пәнінің оқыту­шысы – Талас Омарбеков ағайларың, әрі қарай осы кісі жалғастырады» деп шығып кетті.

Алғашқы сабағымыз жылдағыдай танысудан, болмаса жазғы демалысты талқылаудан  емес, өткен жылғы оқыған­дарымызды еске түсіруден басталды. «Тарих деген не? Нені зерттейді? Оның кезеңдері қандай? Қандай тарихи тұлғаларды білесің? Базис деген не? Қондырғы  деген не? Ауылдың маңында қандай тарихи ескерткіштер бар? Олар­дың атаулары қандай, қай кезеңге жата­ды?»  Жаңадан келген ұстазымыз қыс­қасы сұрақты қарша боратты. Бұндайды күтпеген бәріміз абдырап қалдық. Әрине, көп сұрақ жауапсыз қалды.

Менің  тарих сабағына қызығушы­лығым осылай басталды. Бұған дейін сүйіп оқитын пәндерім математика, химия, физика, қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті, неміс тілі еді. Бұл  пәндерді оқытатын ұстаздарымыз өз саласын терең меңгерген, методологиялық әдісте­мелерді білікті қолданатын, өте білімді, мектеп ұжымында да, оқушылар ара­сында да беделді кісілер еді. Матема­тика, физика, химия, биология пәндері бойынша кабинеттеріміз көрнекі құрал­дар мен тәжірибе жасауға қажетті қондырғылармен жарақтандырылған, ал биология кабинетінде тірі өсімдіктер мен жәндіктер бұрышы бар еді. Көптеген лабораториялық сынақтар жасалынып, сабағымыз өте тағылымды, қызық өтетін. Қалған пәндерді шынын айтсам, жақсы баға алу үшін оқыдым.

 

Мектепте «тарих және археология музейін» ұйымдастырған азамат

 

Мектебімізге Талас ағаның келуімен менің ғана емес, барлық сыныптас­тарымның да тарих пәніне деген көзқа­расы өзгерді. Ол кісінің сабақ өткізу тәсілі басқа мұғалімдерден өзгеше еді. Бір сабақтың ішінде  бірнеше баға алатын­быз, бестікпен қатар екілік те, үштік те қойыла беретін. Өйткені, бір тақы­рыпты талдағанда бірнеше оқушы­ны орнынан тұрғызатын, кез-келген уақытта, кез-келген жерінен жалғасты­рып әкетуге дайын болу керек болды. Үлгерім туралы есеп кітабына жыпыр­лаған бағалар сыймайтын. Қазір ойлап қарасам, Қазақстандағы білім беру жүйесіне 2000 жылдардан бастап ене баста­ған кредиттік жүйедегі білімді балмен бағалауды Талас ағай,  сол кезде-ақ қолданған екен. Яғни дәріс берудің  жаттанды форматы өз алдына, ұстазымыз бізге нақты да  тиянақты білім алуды үйретті. Реферат жазу, аннотация жазу, деректерді талдау сияқты ғылымға апаратын зерттеудің алғашқы баспал­дақтарын үйретті.

Талас ағаның ұсынысымен, әрі жетекшілігімен мектебімізде   «Тарих және археология музейі»  ұйымдасты­рылды. Тарих пәніне арналған кабинеті­міз кішігірім зерттеу орталығына, археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлер қойылған музейге айналды. Өйткені, тарихқа қызығушылардан жасақталған өлкетанушылар ауылдың айналасындағы ортағасырлық тарихи ескерткіш болып табылатын «Төрткүл» деп аталатын төбешіктерде, қорымдарда қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтармен бірге зерттеу жұмыста­рына қатысу бақытына ие болдық. Қазба кезінде табылған кыш ыдыстардың сынықтары, басқа да табылған заттар мен ауылдағы кейбір үйлерде сақталып қалған ескі үй бұйымдары, әшекей заттар мектеп музейіне тапсырылды. Оқушылар ауылдағы үлкен қариялардан ауыл маңындағы ескерткіштерге байла­нысты әңгіме-аңыздар жинай бастады.

Міне, осылайша  Талас Омарбеков ұстаз ретінде оқушылардың алдына жоғары мақсаттар қоя білді. Оларға  оқуда да, өмірде де еңбекқор болуды үйретті. Жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындата отырып, жастарды жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге атсалысты. Сол жылы жалпы мектепте, оқушылар­дың санасында тарих туралы, тарих пәні туралы төңкеріс болды десем, қателес­пеген болар едім. Тарих пәні бойынша үйірмеге қатысушылар көбейіп, тарихқа, туған өлкені тануға қызығушылық, жан дүниемізде рухани білімге құштарлық артты.

 

Шәкірттерін мамандыққа баулу –  дәріс берудің шыңы

 

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады», – деп  орыстың ұлы классик-педагогі Д.Ушин­с­кий айтқандай, Т.Омарбеков мектептегі ұстаздық қызметін ғылыми ізденумен ұштастырды. Талас ағаның сол кездегі республикалық, облыстық және аудан­дық газет беттерінде үсті-үстіне жария­ланған «Оххум – ортағасырлар қаласы», «Көне Тараздың мұралары», «Ортаға­сырлық құмыралар», «Ежелгі тас мүсіндер», «Жайлаутөбе жұмбағы» атты мақалалары да,  ол кісінің жеке басына деген құрметімізді арттырып, ұстазға деген мақтаныш сезімімізді туғызды. Тағы қандай мақаласы шығады екен деп газет-журналдарды үзбей қарап отыра­тын болдық. Тіпті, үлгерімі төмен оқу­шылардың да  пәнге деген қызығушы­лығы мен ынтасы арта түсті.

Сол жылы мектеп бітірушілердің көпшілігі  тарихты мамандық ретінде таңдады. Өзгені қайдам, өзім бір жыл  ішінде мол ғибрат алып, қалған өміріме азық болатын өмірлік таңдау жасадым.  Шәкірттерін өзі дәріс беретін маман­дыққа баулу –  ұстаздың ұстазының ғана қолынан келеді.

Алайда, Талас Омарбековтың  мектептегі  ұстаздық қызметі  бір-ақ жылға созылды. Өз замандастарынан ойы ұшқыр, білімді, ізденімпаз, жаңалық атаулыға жаны құмар, білікті әрі жас маман жоғарыдағы басшылықтың көзіне бірден түсті. Ол кісіні аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне қызметке алып кетті.

Мектеп қабырғасында жүргенде өлең, әңгімелер жазып, «Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің халықаралық журналис­тика мамандығына немесе сондағы  Азия-Африка институтының араб-парсы тілдері мамандығына оқуға түссем»  деген бала арманым болған еді. Талас ағамен армандарыммен бөлісіп, ақыл-кеңесін де алғанмын. Сол кісінің ақылымен МГУ-дің дайындық бөліміне бірге хат жолдап, оқуға түсу талаптары мен емтиханға дайындалу үшін пән бағдарламаларын алдырдық. Тіпті, дайындықты да бастап кеткенбіз. Осы құлшыныс арманымды айқындап, тарих­шы болуды таңдадым. Ол арма­ныма жеттім де. 1975 жылы Қазақ мем­лекеттік университетінің Тарих факуль­тетіне оқуға түстім.

Тағдырдың сыйы таусылған ба, араға жылдар салып, ұстазым Талас Омарбе­ковпен бірге Қазақ ұлттық универси­тетінің тарих факультетінде бірге қызмет атқарып, сол кісінің жетекшілігімен кандидаттық диссертациямды қорға­дым. Тарихшы-ғалым ретінде ол кісі  Қазақстандағы зұлматқа толы ашаршы­лық пен репрессияның қасіреті мен зардаптарын тұмшалаған  ХХ ғасырдың 20-40 жылдары аралығындағы ақтаң­дақтардың ақиқатын аршуға үлкен  үлес қосты. Бұл тақырыптағы  ғылыми тұжы­рымдарға толы жазған көптеген  еңбек­тері бір төбе. Елдігіміздің егемендігін, Тәуелсіздігіміздің тарихын қалыптас­тыруда да Талас Омарбековтың қолтаң­басы бар екенін ауыз толтырып айтуға болады.

«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен атақты Александр Македонский. Талас Омар­беков – мен үшін шоқтығы биік ұстаз, тарих саласындағы ірі ғалым, адами болмысы биік тұлға! Ол кісі қашан да адалдықтың туын жоғары ұстап, көңілдегіні бүкпей ашық айтатын тура­шыл, шындықтың шыңын шаршамай іздеп, өзіне де, өзгеге де, өзінің маман­дығына да адал, білімнің нәрін құйған, еңсесі биік ұстаз! Мен ұстазыммен мақтанамын!

 

Панза  Жоспарқызы,

тарих  ғылымының  кандидаты.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *