ҰСТАЗЫМЫЗДЫҢ ӨЗІ ДЕ, СӨЗІ ДЕ ТҰНЫП ТҰРҒАН МОРАЛЬ

Дәл қай кездері және қалай болғаны есімде жоқ, бірақ бір күні ұстазым Үмбетбай ағайды түсімде көрдім. Таңертең «ағайымның рухына бір Құран бағыштау керек» деген оймен ояндым. Жөн білетін құрбымның түсіндіргені бойынша аталарымның рухына Құран бағыштап тұратынмын. Сол күні Үмбетбай ағайымның рухына бағыштадым. Көңілім орнына түскен сияқты. Ұстазымды есіме алсам, жүрегіме ерекше жылу қонғандай болады. Бәлкім, бұл – ол кісінің адамгершілік тұлғасының биіктігінен болар. Ол кісінің жүзінің жылылығымен қоса, аурасы өте жеңіл еді. Мінезінің жұмсақтығымен қоса, өзіне ғана тән кісілік келбеті, парасаты мен мейірімділігіне тәнті болатынмын. Расымен, таңғалатынмын.

 

Әсел ДАҒЖАН

Ол кісі бізге бір кездердегі №2 мектеп-интернат, қазіргі Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатта «Журналистикаға кіріспе» пәнінен сабақ беретін. Ерекше формасы бар көзәйнек киген, қолында газет-журналымен қоса папкасын құшақтап, ақырын ғана басып, сыныпқа кіріп келе жататын. Кімге болсын «Айна-а-алайын» деп жұмсақ қана тіл қататыны әлі есімде. Қолындағы бар заты мен сынып журналын алдына қойып, бәрімізді орнымыздан қайта тұрғызып, «алдымен дұрыстап амандасып алайық, амансыңдар ма, шәкірттер?» дейді. Біз хормен «сәлеметсіз бе, ағай!» деп жамырап амандасып, сабақ бастайтынбыз. Мектеп оқушысы болсақ та, бірталай адамды, бірталай мінезді көріп қалған басымыз Үмбетбай ағайдың осынау сабырлы, мәдениетті, сыпайы мінезі мен оқушылардың әрбір жазып-сызғанына асқан жауапкершілікпен қарайтын тұлғасы кімді болсын мойындататын еді.

«Менің атым Қожа» деген фильмді біздің буын көріп өстік қой. Сол киноға, ондағы әуендер мен кино кейіпкерлеріне қарап, орысшалап айтқанда, «э-э-эх, те, старые добрые времена» деп қолыңды шапалақтап қойып, сондай бір әдемі естеліктерді айтып, балалық шағымызды еске алатынбыз. Тура сол сияқты, Үмбетбай ағайымыз біздің алдымыздағы аға буынның, оның ішінде де әдебиет пен мәдениетте жүрген, білімді де парасатты (өзіміз өмірбаянын оқып алған, ерекше қадірлейтін) тұлғалардың соңғы тұяғы секілді көрінетін. Біз заманын көрмеген Кеңес Одағы тұсындағы адамдардың бет-бейнесін, олардың түр-тұлғасы мен адамдық қасиеттерінің жиынтық образын біз тек сол замандардың фильмінен көріп өстік. Егер назар аударсаңыздар, сол Кеңес Одағы тұсындағы (биліктегі адамдарды есептемегенде) адамдар бүгінгі қоғамдағы біздерге қарағанда мейірімдірек, жұмсағырақ, ашық-жарқын, пейілі кең, ниеті таза, қолы ашық, ұят, обал-сауаптың қадірін білетін. Сол кездің адамдарына қарасаң әйтеуір бір кеңдік, сенімділік пен тыныштық бар. Үмбетбай ағай мен үшін сондай мейірімді адамдардың жиынтық образының тірі көрінісі еді. Бәлкім, ол жүрек жұм­сақтығынан, жүректі суарып тұрған мейірімділік пен өзгелерге деген таза ниеттің басымдығынан болар. Өйткені, ғалымдар тазалық, мейірімділік, жұмсақтық пен ұят деген нәрсе өте қуатты күшке ие дегенді айтып жүр. Міне, сондықтан болар, мұндай ізгі адамдар қай жерде болмасын, өздерін еріксіз мойындатады. Неге? Өйткені, кез-келген адамның жүрегі ізгілікті жақсы көріп тұрады. Бұл заман озса да, тозса да сәннен кетпейтін құндылықтар. Кез- келген адам өзінің тұла бойында не бар, сонымен ғана бөлісетіні шындық. Сондықтан Үмбетбай ұстазымыздың қаншама оқушы мен бірнеше буынды үнсіз ғана, өзінің адамдық, кісілік келбетімен тәрбиелеп кеткеніне сенімдіміз.

Ол кісінің осы келбеті мен бет-бейнесін шығармала­рынан да көресіз. Өзі де, шығармашылығы да тұнып тұрған мораль болатын. Ағайымыздың пейіште нұры шалқи берсін!

Біз бүгін оқырман қауыммен ұстазымыздың «Оңашадағы ойлар» деген кітабынан біраз үзінділер беруді жөн көрдік.

Айтпақшы, ұмытып барамын, ұстазымыздың жұбайы Мәриям апай сол мектеп-интернатта менің тәрбиешім болды. Апайдың тазалық пен тәртіпке қаталдығынан өз басым көп нәрсе үйрендім. Мәриям апай жатақханаға келе жатыр дегенді естісек болды, төсектің қырын шығарып жинап, жастықты үшбұрыштап қоятынбыз. Бөлме тап-таза. Былайша айтқанда, армиялық тәртіптің ар жақ, бер жағы. Біздің сыныптың қыздары 4 бөлмеде тұратынбыз. Тәрбиешіміздің басты талабы – бөлмедегі әрбір зат қыздың жиған жүгіндей өз орнында,  тұру керек. Сондай тәртіптің жемісін өзім көріп келем. Сол интернаттың бір кездердегі Мәриям апаймен қатарлас тәрбиешілеріне ерекше респект. Өз балаларына берген тәрбиені жанын салып бізге де беруге тырысатын. Адал жұмыс. Адал тәрбие. Мәриям апайыма ерекше алғысымды білдіремін!

* * *

Асып-тасқан адам аспанға қарайды, сүрінгенде жерге қарайды.

 

* * *

Адамнан сөз жоғары шықса – қауіп, сөзден адам жоғары шықса – жақсылық!

 

* * *

Көзден гөрі көңіл көп оқиды.

 

* * *

Қайыру көрмеген мал,

Қасқыр мен қасапшыға кез болады.

Қайыру көрмеген адам,

Қайғы-қасіретке тез барады.

 

* * *

Жақсы адамнан келген хат,

Қан айналысын жақсартады.

Жарыместен келген хат,

Жарты өмірді қысқартады.

 

* * *

Өкпе… Өкпе!

Ақылдылар өкпе-назын айта біледі,

Ақылсыздар айта береді,

Кетіп қалып қайта келеді.

 

* * *

Күліп жүріп істесең – іс өнеді,

Жылап жүріп істесең – іс өледі,

Жылауыңды қоймасаң – іс емес, кісі өледі!

 

* * *

Шырылдаған дауыстың барлығы жанайқайы емес. Шегіртке де шырылдайды.

 

* * *

Бүкіл денесімен тұтас көрініп тұрғанда ғана шындық нанымды да, абыройлы.

 

* * *

…Апайдың жөтелгені ақырғандай екен. Апырмай, ақырғаны қандай екен?..

 

* * *

Біреулердің арасына от салады,

Біреулерді тұншықтырып өлтіреді –

Өсек-аяң да көп салады.

 

* * *

Әр адам – бір-бір тал-терек. Тамырын тереңге жіберіп, өсіп-өніп, көбейіп, тал-терек, орман-тоғайға айналады. Тамырын тереңге жіберіп, өсіп-өніп, көбейіп, әр адам қоғамды құрап, Отанға айналады. Орман да – тұтас, Отан да – тұтас…

 

* * *

…Шешендіктен шығып кетті ғой: айтқыштық, сөйле­гіштіктің бәрі бірдей шешендік емес. Білім, білік, қисын, айтқыштық… әртістік – барлығының қосындысы – шешендік. Шешендіктің де шешендігі, шешеңнің де шешені және бар. Абайдың шешендігі, Әуезовтің шешен­дігі, Қабдоловтың шешендігі, Олжастың шешендігі… Бірақ қай-қайсынан да ең таза сөйлейтін, ең шешен сөйлейтін қазақ, қазақтың домбырасы!

 

* * *

…Бетінің бұрынғысы жақсы еді, бекер боянды. Гүлді бояй ма екен?!

 

* * *

Жақсыны жақсы көреміз, жақсылықты жанымызға шақырамыз. Сонда, жаманшылықтың жақсылығы жоқ па? Өртенген шөп жақсы өспей ме?

Жақсылықтың жаман жері, жақсы күндерді жартылай, не мүлдем ұмыттырып жібереді. Жаманшылықтың жақсы жері, жақсы күндеріңді еске түсіреді…

 

* * *

Сен ұрлық жасадың. Оны ешкім көрген жоқ. Ешкім көрмесе көрмесін, бәрібір ұрлық жасадың. Тағы да… Тағы да ұрлық жасадың, бірақ ұсталмадың. Ұсталмасаң ұсталма, бәрібір ұрлықшысың.

Браконьер (қылмыскер) орман-тоғайда ұсталмаса, аэро-автовокзалдарда ұсталады. Аэро-автовокзалдарда ұсталмаса, ойын-тойдың үстінде ұсталады. Ойын-тойдың үстінде ұсталмаса, түбі бір ұсталады. Адам ұсталмаса, ажал ұстайды. Түбі бір ұсталу бар!

 

* * *

Жан-дүниені тазартпай, тазартып тұрмай қайдан жақсы жазамыз. Қар жауады, жаңбыр жауады – табиғат та өзін-өзі әлсін-әлсін шаң-тозаңнан тазартып тұрмай ма?

 

* * *

Мәңгілік тұрғысынан қарағанда үміт – ұзын, ғұмыр – қысқа.

 

* * *

Лев Толстой менің бірде-бір бақытты күнім жоқ депті…

 

* * *

Өсек – күйе,

Төсек – кие.

 

* * *

Көйлектің кірін кетіретін – сабын,

Көңілдің кірін кетіретін – сабыр…

 

* * *

Әйел адамды аялайтын да еркек, аямайтын да еркек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *