ҰСТАЗДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ КЕҢЕЙЕТІН БОЛДЫ

Серік ЖҰМАБАЕВ

Алматы қаласындағы №107 бөбекжай-балабақшада Медеу ауданы білім бөлімінің басшысы Ағайша Әмірқызының бастамасымен «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Жиынға білім беру ұйымының меңгерушісі мен тәрбиешілер қатысты. Дөңгелек үстел барысында аталмыш балабақша меңгерушісі Альфия Естенова Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі» туралы Заңымен таныстырды. «Педагог мәртебесі» туралы Заң 21 баптан тұрады. Жалпы, Заң төрт бағытты қамтиды:

Біріншісі – ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту.

Екіншісі – мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту.

Үшінші, материалды емес стимул тетіктері.

Төртіншісі – материалдық ынталандыру.

Балабақша меңгерушісі Альфия Естенова тәрбиешілер құқығы мұғалімдермен тең дәрежеде екендігін атап өтті. Бұл педагогикалық шеберлігі үшін ақы төлеуден, демалыс мерзімінің ұзаруынан көрініс тапқандығын тілге тиек етті.

– Заңда педагогтар жалақысын осы жылдан бастап 25%-ға арттыру қарастырылған. Бұл қуанышты хабар. Себебі мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтарының жалақысы жоғары емес. Сонымен қатар, тәрбиешілерге педагогикалық шеберлігі үшін жалақы көлеміне сай 30% -дан 50%-ға дейін ақы төленетін болады. Қазіргі кезде тәрбиешілер мұғалімдермен тең құқылы. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдар ұстаздарына демалыс мерзімі 56 күнге дейін ұзарды. Одан бөлек, педагогтарға негізсіз тіл тигізгені үшін айыппұл қарастырылған», – деді Альфия Сауытбекқызы.

Балабақша әдіскері Альмира Базарбаева да жаңа заң туралы пікірін ортаға салды.

– «Педагог мәртебесі туралы» Заң – педагогикалық қауымдастықтың беделі мен еліміздегі әрбір педагогтың рөлін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. «Педагогтардың жағдайын жақсартатын барлық нормалар бекітілді,   мамандық жастар мен өскелең ұрпақ үшін тартымды болады. Қазіргі уақытта кадрлардың жетіспейтінін ескерсек, бұл өзекті мәселе. Бұл заң жастарды ынталандыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Заңда педагогтардың кәсіби қызметіндегі құқықтары мен міндеттері егжей-тегжейлі көрсетілгенін, сондай-ақ материалдық қамтамасыз ету, көтермелеу мен әлеуметтік кепілдіктерге қатысты нормаларды қамтитынын атап өтті.

Жиналысқа қатысып отырған тәрбиешілер төмендегідей қорытындыға келді:

Мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы Елбасының айтқан сөзі бәріміздің көңілімізден шығып, үлкен қуанышқа бөледі. Өйткені, мұғалімдердің мәртебесін көтеру – елдің мәртебесін көтеру. Болашақ ұстаз да, дәрігер де, инженер де, біздің еліміздің болашағын жасайтын кадрлардың бәрі – мұғалімнің, ұстаздың қолынан шығады. Әрбір үйде бала бар, ел боламыз десек, баланы бесіктен тәрбиелеуіміз керек. Ендеше оны тәрбиелейтін, жоғары деңгейге жеткізетін – ұстаз. Сондықтан осы заңның шығуына ұйытқы болған ел Президентіне ұстаздар атынан үлкен алғыс айтамыз.

–Тағы бір қуантатыны – таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақала өз уақытында және дер кезінде шықты. Бұл өте маңызды деп санаймын. Себебі, ұлы ақынның арқасында біз бүгінде ұстаздықтың жақсылығын түсініп отырмыз. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады, – деді балабақша меңгерушісі Альфия Естенова.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *