ҰСТАЗДАР – ҰЛЫҚ ЖАНДАР

Күз – табиғаттың жомарттығын танытса, ұстаз – ұлылықтың ұясын нұрландырады. Алаптың алтынданып, ақыл-ойдың абаттанатын шағында осы бір екі ғажайып құбылыстытың бір нүктеде тоғысуы құдірет иесінің адамзат баласына берген ерекше сый емес пе?! Ендеше, Жер анаға – алтын дән жемісі пісіп тағзым етсе, адамзат – ұстазға басын иетін керемет күн, келісті мереке деп білеміз! 

Құрметті ұстаздар қауымы, ардақты ағартушы абзал жандар, Сіздерді алтын күздің ақ таңымен алаулаған кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Күн – жылылықтың, ұстаз – ұлылықтың символы. Бірі шапағымен жер бетін шуақтандырса, екіншісі шәкірттерінің бойын білім нәрімен қуаттандырады. Сондықтан да біз бұл екі қасиетті ұғымға өмір бақи қарыздар екенімізді білеміз.

Білім менің – келбетім, қыдыр, айнам,

Қазақ үшін таймаған тұғыр ойдан –

Даналықтың  бесігі Абай болса,

Ұстаздықтың есігі Ыбырайдан!

– жалғасып келе жатқан қасиетті жол, қадірлі мамандық ғасырлар бойы ойдағы шырақтың, бойдағы бұлақтың ажарын да, базарын да бір сәт те бәсеңдеткен емес. Ел болып, еңсе тіктесек, бел болып жеңіс тұғырында жалау желбіретсек, соның бәрінде ұстаздардың еңбегі мен мехнатты, қажыры мен қайраты жатыр. Біз бұрын оларды еленбейтін еңбектің, көрінмейтін майданның хас батырлары деп біліп те, білмей де айта беретінбіз. Бірақ, осынау сусып өткен бір жыл аралығында уақыт безбені ненің қымбат, ненің арзан екенін ғана сездіріп қойған жоқ, кімнің қаңбақ, кімнің салмақ екенін де әйгілеп берді. Қарапайым халық та жайбарақат заманда өзі көктеп, өзі өсе беретіндей көрінетін балдарының мектепсіз, ұстазсыз тұл екенін анық сезініп, жандүниесімен сезінді. Бұрын білім жүйесінде болмаған қашықтан оқыту бағдарламасы да ұстаздардың мойнына батпандай жүк арқалатты. Ата-аналар ұстаздың қадірін шын түсініп, шынайы білімнің баласының болашағына беретін маңызын әбден ұғына түсті. Демек, білімнің қадірін, білікті ұстаздың қасиетін тағы бір мойындадық…

Қадірлі де, қымбатты, ардақты да, аяулы №176 мектеп-гимназия ұстаздары, мөлдірткен бұлақтарыңыз, жаққан шамшырақтарыңыз сәулелі болсын. Сіздер нағыз бейбіт күннің батырларысыздар! Білім мен тәрбиені, біліктілік пен белсенділікті егіз дүниедей емінтіп, ұлтымыздың болашағына, шәкірттеріңіздің келешегіне теңіздей тербетіп аманаттау жолында жаратушы жар болсын. Сіздерді осынау шалқар шабатқа, шуаққа толы кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, бойларыңызға қуат, қадамдарыңызға сәттілік, қаламдарыңызға қажыр қайрат тілейміз. Құшақтарыңыз гүлге, жанарларыңыз нұрға толсын. Жаққан жұлдыздарыңыз жарық, ашқан айдындарыңыз ақжелкенді жеңістерге ұлассын! Аман жүріңіздер!

 

Аса құрметпен, №176 мектеп-гимназиясының қамқоршылылық кеңес

мүшелерінің атынан  Асқар Дүйсенбі

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *