Ұстаз беделін көтеру жан-жақты ойластырылса….

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері:

— Елбасының дәстүрлі Жолдауын онлайн үлгіде зор ықылас-ынтамен тыңдадым. Жолдау – экономикалық даму мен өмір сапасын арттыруды үйлестіріп, біртұтас қарастыруымен ерекшеленді. Әрине, өзім педагог болғандықтан Жолдаудың адам дамуы мен білім беру бағыттарына ден қойдым. Мұның өзі балабақшадан бастау алады. Елбасы орта білім беруді адам дамуындағы негізгі буын ретінде атап өтті. «Мектептерді реформалауды қою керек» дегені негізді. Барлық мемлекеттік жалпы білім беру орындарын Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандартына теңестіру міндетін нақтылап берді. Әрине, ол оның бағдарламасы мен оқулығы ғана емес, оған бөлінген штаттар, оған бөлінген қаржылар теңестіріліп берілсе, онда әрине орта мектептердің үлкен табыстарға жетуге мүмкіндігі көп. Педагогтардың мәртебесі жайлы жаңа заң қабылданбақшы. Оның өзегіне оқушылардың оқу жүктемесін мейлінше азайту алынып отыр. Бағдарламамыз өзгереді, реформалар жүреді, сағатымыз қысқарады, ал жүктеме, мазмұн, яғни оқулықтың мазмұны бұрынғы қалпымен, жүйкемізді әбден тоздырып жүрген еді. Міне, бұл көптен күткен дүниеміз болатын. Осының арқасында білім сапасы да артпақ. Мұғалімдерді қоғамдық жұмысбастылықтан түбегейлі арылту да қарастырылады. Білім сапасының көрсеткішін жетілдіру мақсатында оқушылардың білімін бағалау жүйесі халықаралық стандарттар арқылы жүзеге аспақшы. Еліміз бойынша 1300-ден аса шағын мектептер бар. Оларға арналған ғимаратқа бала санының сәйкес болуы көтерілді. Шалғайды айтпағанда, қалалы жердің өзінде 800 оқушы отыратын мектепте 1600 оқушы оқып жүргені жасырын емес. Мейлі, 30 оқушы отырсын. Отыздан асып, қырық оқушы бір сыныпта отырған жерде қандай білім бар? Былтырдан бері сабақтың ұзақтығы 40 минутқа ауысқанын білесіздер. Сонда әр балаға 1 минут берілсе, мұғалімнің сөйлеуіне, сұрақ қоюына уақыт жоқ. Қалада үш ауысыммен оқитын мектептер болмағанымен, бала саны 40-тан асып отырған мектептер жеткілікті. Білім беру мәселесіне қатысты Ұстаз мәртебесі жайлы біраздан айтылып келеді. Ұстазды біліміне қарай аттестациядан өткізіп, озып шыққан мұғалімдерге 50 пайызға дейін жалақысын көбейтеді. Бірақ дейтұрғанмен, ол санаулы ғана ұстаздардың үлесіне тиіп тұр, дәл қазіргі кезде. Ал жас ұстаздардың ондай көрсеткішке жетуі үшін кем дегенде 10 жылдай уақыт керек. Сол үшін жоғары оқу орнын бітіріп келген жас ұстаздардың жалақысын біршама көтеріңкі тағайындаса екен деген ұсынысым бар. Теледидар, баспа беттерінде өмірінің барлығын балаларға арнап, шәкірттерінің алғысына бөленіп жүрген ұстаздар жайлы бейнематериалдар беру, жазу, солар жайында іс-шаралар өткізу деген нәрсе өте тапшы. Ата-аналар ұстаздың міндетіне қатты көңіл бөліп, оның құқын есепке алмайды. Оқушы мен ата-ана өз міндетін ұмытады да, мұғалімнің міндетіне баса көңіл бөледі. Ұстаздар жайлы кино көрсетсе де оларды аңқау, білімсіз, оқушының түрлі іс-әрекетіне ақылсыз жауаптар беріп, сондай бір келеке, мазақ сияқты дүниелер береді. Осыдан кейін қалай ұстаздың беделін көтереміз? «Ұстаздың беделін көтеру» десе, қазір көпшілік оған сый жасау жағын меңзеп тұрған сияқты түсінеді. Ұстазға деген құрмет оған ат мінгізіп, шапан жабу емес. Ол ата-ана мен ұстаз арасындағы педагогикалық ынтымақтастық. Бір мектепте қандай да бір келеңсіз жағдай болса, оның ақ-қарасына терең бойламай, телеарналар 10-20 рет қайталап бере береді. Сол арқылы рейтинг жинауды мақсат қойып алған. Түрлі суицидтердің өзіне халық мұғалімді кінәлаудан шаршамайды. Оның артында мағынасы терең психологиялық басқа жағдайлардың жатқанын бәрі де біледі, бірақ айналып келіп мектептен көреді, ұстаз кінәлі. Қазір мұғалім оқушыға талап қойып, «неге сабақ оқымай келдің?» деп дауысын қатайтып сұраудан қорқатын болды. Енді қабылданғалы отырған заң осы мәселелердің түйінін тарқатады деп сенемін.

 

Рахман АЛШАНОВ, Тұран университетінің ректоры:

          Студент жұмыс сұраушы ғана болмауы керек

— Президенттің жыл сайынғы Жолдауының бәрінің өз ерекшелігі бар. Осы жолы Елбасы нақты істерге тоқтап, қабылданған бағдарламаларды аяғына дейін жеткізу керек дегенді нақты тапсырмалармен бекітті. Жоғары оқу орындарының саны керек пе, сапасы керек пе деген мәселе көтерді. Жоғары оқу орнынан дипломмен шыққан түлектер жұмысқа орналаса алмаса, ондай оқу орнының қажеті қанша деп шыны керек, қатты талап қойды. Жаңа технологияларды енгізу үшін бізге сапалы кадрлар қажет. Сондықтан қазір студенттер жұмыс сұраушы емес, жұмыс беруші болуы керек. Біздің университет түлектері бірінші курстан ғылыми жобалармен айналысып, болашақтағы бағдарын бірден анықтап алуға бейімделген.

 

                                                                     Дайындаған – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *