ҰСТАЗҒА ҚАРЫЗДАРМЫЗ

Рая ЕСКЕНДІР

Жер бетінде барлық адамзат бала­сы, ең алдымен, өзіне жарық сәуле сый­лаған анаға қарыздар болса, қолы­на қалам ұстатып, қара танытқан ұстаз­ға да соншалықты қарыздар. Ұстаз алдындағы баршамыздың пары­зымыз өтеусіз. Өйткені,  мынау өмірде шәкірт­терін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Кез-келген мамандық иесі, ең  алдымен,  ұстаздан тәрбие-білім алып, сосын өмір мектебіне жолдама алады. Әрбір адамның ұстаздың алдында борыштымын деп  отыратыны да сон­дықтан. Міне, осындай мамандыққа деген махаббатының арқасында 50 жыл­­ға жуық еңбегімен биіктерге жет­кен, айтулы білім ұясы Ғ.Мүсіре­пов атындағы №86 мектеп-гимназияда  40 жыл еңбек етіп келе жатқан Разхан Ахымбекова.

Ұлағатты ұстаз  Разхан Ахым­бекова 1950 жылы 23 шілдеде Талды­қор­ған облысы, Ақсу ауданы, Саға­бүйен селосында дүниеге келді. Сол ауылдағы Т.Тоқтаров орта мектебіне 6 жа­сында барып, 16 жасында бітіріп шыққан еді. Алматы қаласындағы №1 гуманитарлық-педагогикалық кол­леджін, Семей қаласындағы Н.К.Круп­ская атындағы педагоги­калық инсти­тутын бітірген. Бірнеше жыл бас­та­уыш сынып мұғалімі қызметін атқар­ған, жоғары санатты ұстаз.

Ардақты ұстаздың өмір жолын тарқатып айтар болсақ, 1978–1995 жылдары №86 мектептің бастауыш сыныбында еңбек етіп, 1995 жылдан директордың оқу ісі жөніндегі орын­ба­сары қызметін атқарып келеді. Адамның басты бай­лығы – оның мінезі. Бұл ретте Разхан Ақымбеко­ваның несібесі мол. Жарат­қан бір басына кішілікті, ізденімпаз, еңбек­сүй­гіштік, жаңашыл, тиянақты­лық пен төңірегіндегілерді түгел бауы­р тұтып, тіл табыса кететін қасиетті басым етіп берген екен. Осындай мінезімен де көпшіліктің ортасында сыйлы жан үлкенге ұлағатты, кішіге ізетті.

Білім саласы жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп отыратын сала. Әлемдік білім кеңістігіне қадам басқан тұста ұстаздарға қойылып отырған талап та өте жауапты болып отыр. Сондықтан ұстаздың өзі ұжымындағы әріптесте­ріне, жас ізбасарларына үлгі көрсетіп, жаңаны жатсынбай, озық үлгіні жан-жақты талдап, іс жүзінде жүзеге асыруға күш салып жүргені.

— Мектеп – менің екінші үйім, әріп­тестерім – бауырларым, ал оқушы­ларым – өзім өмірге әкелген ұл-қызым­нан еш кем емес. Осы бір қасиетті білім ордасына келіп, сүйікті ісімді  қолға алмайынша,  көңілім тағат таппайтындай сезінемін. Қазіргі ғылым мен техника, ақпараттандыру дамып, ғаламторға тәуелді болған заманда, әрбір азамат ұшқыр ойлы, жан-жақты, сауатты болса деймін. Білім мен ғылым дәуірлеп тұрған кезде әрбір саналы адам оқу-тоқусыз болашағының бұлыңғыр екенін біледі. Тәрбиелі, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында зор жауапкершілікті алған ұстаздар уақыт талабына сай біліктіліктерін жетілді­руге міндетті. Десек те, ата-бабамыздан мұра боп келе жатқан тектілік, кісілік, адамгершілік, кішіпейілділік, адамдық, имандылық, қайырымдылық, жомарт­тық сияқты қасиеттерді бала бойына сіңіруі­міз керек. Сонда ғана қазақ елі мәң­гілік елге айналып, жастары тәуелсіз елдің тұтқасы болады, – дейді Разхан Ақымбекова.

Отағасы Әлихан екеуі 2 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі  жоғары білімді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып,  ардақты ана, келінге бағыт берер ене, 9 немерені емірене еркелететін әже атанып отыр.

Балаларымды, келіндерім мен немере­лерді еркелете отырып, кейде тәртіпке де салып аламын, — дейді ұстаз.

– Ана тілімізде оқытатын мектеп­терде шәкірттердің тәрбиесін, қазақы санасын қалыптастырудың үздік өнегесі, тамаша дәстүрі бар. Ғұлама әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар ғой. Білім мен тәрбие – бұлақтың екі арнасы. Біздің оқушыла­ры­мыз осы қасиетті бұлақтан сусын­дауы керек. Ал бұлақтың көзін ашу — сіз бен біздің міндетіміз, – дейді Разхан апай.

Ұстаздың басқа сала иелерінен ең басты артықшылығы — сабырлылығы болса керек. Сабырлы ұстаздан тәрбие алған, оның мектебінен өткен көп ұстаздың бірі Бибігүл Бейсембаева:

– Мен үшін Разхан апай шебер­ліктің шыңы іспетті. Осындай жанмен өмір көшіне ілесіп, өзім таңдаған мамандықтың мен білмейтін қыры мен сырының әлі де көп екенін білген сайын үйрене түскім келеді. Өмірде үлгі тұтар ұстазың болғаны қандай жақсы, – дейді.

Осынау жауапкершілігі мол саланы таңдаған жандарды біз де әркез құрмет тұтамыз. Ұстазға бәріміз қарыздар екенімізді ұмытпайықшы.

 

Бүгінгі ұрпақ — ертең мемлекеттің тұтқасын ұстар азамат

ЖББ №106 мектепте құқықбұзушы­лықтың алдын алу және де құқықбұзушы­лықпен күресуі бойынша көптеген іс-шаралар атқарылуда. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр, себебі өмірлік қиын жағдайға душар болған жасөспірімдердің саны азаяр емес. Оқушылар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында мектепте құқықтық тәрбие мен құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде кеңес жұмыс жасайды.

Мектеп әкімшілігі мен мектеп дирек­торы Н.Амрина және Түрксіб ауданының ішкі істер басқармасыныңювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция испекторы, аға-лейтенат Н.Оразбаев жасөспірімдер арасында құқықбұзушы­лықтың алдын алу және де құқықбұзушы­лықпен күресуде көмек көрсету «Әкімші­лік құқықбұзушылық туралы, ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің бала­ларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын-жайдан тыс жерде болуына» осы сұрақ­тарға байланысты 5–11-сынып аралығын­да әңгіме өткізіп, әр баптарға толығымен тоқталып, таныстырып шықты.

Сонымен қатар, қазан айында білім басқармасының хатына байланысты, қыздар­дың білім алуы, кемсітушіліктен, зорлық-зомбылықтан, ерте және мәжбүрлі некеден қорғауы бойынша  Халықаралық қыздар күніне арналған республикалық онкүндік акцияға байланысты мектеп әкімшілігі мен мектеп директоры Н.Амри­на және Түрксіб ауданының ішкі істер бас­қармасының ювеналды полиция бөлім­шесінің участкелік инспекторлары,  полиция майоры Б.Шарипова және поли­ция капитаны Т.Жүнісова 8–11-сынып қыздарының арасында   «Зорлық-зомбы­лық, ерте және мәжбүрлі неке» тақыры­бына байланысты әңгіме жүргізіп, кеңес ­берді. Тағы айта кетері, мектебімізде  «Жас Ұлан», «Жас қыран», «Қыздар»  клубы атты ұйымдар жұмыс жүргізуде. «Жас Ұлан» ұйымының қатысуымен  «Біз жем­қор­лыққа қарсымыз» атты сайысын өткіздік.

Жоғарыда аталған заңды нормативтік құжаттардың мақсаттары мен міндеттерін толық баяндап жеткізуде жастар арасында тәртіп орнату, тұлғалардың дербес жауап­кершілігін арттыру, қылмысты болдырмау жолдарын дамытып, жандандыру — ол сіздермен біздің бірлесе отырып, яғни мек­теп пен ата-ана болып жұмыс жасағанда ғана жүзеге аспақ. Сонда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар азайып, балаларымыз құқылы, дербес орта өмір сүреді. Тағдыр таразысының қалай қарай ауатыны – бесіктің қалай тербелетініне байланысты дегендей, бүгінгі ұрпақ — ертең мемлекеттің тұтқасын ұстар бір азамат.

А.ӘЗІМЖАНОВА,

директордың тәрбие

ісі жөніндегі орынбасары.

 

Бейбітшілік пен келісім

Болашағымыздың босағасының берік болуына қажетті қадам бастайтын атаулы күндердің бірі – Рухани келісім күні.

1

Еліміздегі 140-қа жуық ұлттың 46 түрлі конфессия дінді жүрегіне жақын қабыл­дап, рухани қағидаларына бағы­нуы үшін туған елдің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтауға, болашақ ұрпақ­тың терең білім алып, Отанымыздың гүл­денуі үшін қызмет етуіне кедергі болмауын қадағалау мәселесі бұдан 24 жыл бұрын 1993 жылы 18 қазан күні Қазақстанда  өткен рухани келісімнің Дүниежүзілік Конгресінде қаралған еді. Содан бастап осы күнді Рухани келісім күні деп белгілеу ұйғарылды.  Бұл күннің  болашақ үшін мәні зор тамаша дәстүрі  бар, ол – түсінбеушіліктен туған ұрыс-керістің тоқтатылып, бейбіт жолмен шешімін іздейтін күн, көмек көрсетуге  дайын болып,  жақыныңа жақсылық жасау күні.

Жетісу ауданындағы №129 жалпы білім беретін мектептің  «Қыз Жібек» клу­бында  Елбасымыздың рухани жаңғыру мақаласын негізге ала отырып, Рухани келісім күнін атап өтуге арналған «Дөңге­лек үстел» өткізілді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі  орын­басары  Сурьям Дау­това мен «Қыз Жібек» клубының  бас­шысы  Зухра Мирахметқызы ұйымдас­тырған  бұл шара 8-9 сыныптың оқушы қыз­дарымен жүзеге асты. Ауқымы кең мәселенің дұрыс шешімін табу мақсаты­мен кеңесші ретінде  Алматы қаласы ҚМДБ филиалы «ӘЛИ МҰХАММЕД» мешітінің бас имамы, «ШАҢЫРАҚ» діни кеңес беру, алдын алу және оңалту орталығының маманы, исламтанушы Қанатәли Такиров.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар, ең алдымен, бір-біріне ізгі ниеттерін білдірген соң мемлекетіміздің зайырлы екендігіне назар аударып, зайырлылық деген   мем­лекет пен діннің  бір-бірінен бөлектігі екенін нақтылап  алды. Мемлекет саясаты­ның басты бағытта­рының бірі – толе­ранттық. Осы тұрғыдан келгенде 9-сынып оқушыларының білімі сынға түсті. Олар 2 топқа бөлініп, толе­ранттық  әдемі гүлін ойлап тапты, яғни   гүл­дің әр шаша­ғында мынадай ұғымдарды орналасты­рыпты: төзімділік, әзілді қабылдай білу, өзін-өзі ұстай білу, басқаның пікірін тыңдай білу, адамның жақсы қасиеттерін құрметтеу, кішіпейілділік, жаны ашушы­лық, кешіре білу, адамгершілік. Осыдан келіп діни толеранттылық та осыны негізге алатыны түсінікті болды. Енді оқушы­лардың  осы мәселе төңірегінде дұрыс түсі­нік қалыптасты­рып, жан-жақты мәлімет алуы  үшін сөз кезегі қонағы­мызға да келіп жетті.

Исламтанушы кеңесші алдымен «ислам» сөзінің өзі «салям» – «сізге бейбіт­шілік пен байлық тілеймін» және  «уассалям» – «сізге де бейбітшілік пен байлық тілеймін» деген сөздерден тұра­тынын айта келіп, «мусылман» сөзіндегі «мус» – бейбітшілік тарататын адам» мағынасын беретінін жеткізді. Олай болса, исламдық терроризм» және «исламдық экстремизм» деген ұғымдар қайдан шықты?» — деген сұраққа жауап ретінде  «Діни экстремизм – қазіргі қо­ғамға төнген қауіп» тақырыбында баян­дама жасап, қазіргі кездегі толеранттықты  пайдаланып, қоғамға қауіп төндіретін діни ағымдардың да біздің елімізге еніп кеткенін, тіпті дінге еш қатысы жоқ тер­рорлық  пен экстремистік пиғылдардың  да баспасөздің арқасында  дінге таңылып жатқан­дарынан хабардар етіп, жастарды сондай теріс пиғылдағы ағымдардан, хабар­лардан  сақ болуға шақырды.

Оқушы қыздардың хиджап туралы  қойған сұрақтарына исламтанушы «хид­жап» сөзінің  «денесінің  өзінің күйеуі ғана көре алатын жерлерінен басқа барлық жерін жауып тұратын киім» деген мағынаны бере­тінін, ол сөздің кәмелеттік жасқа ілінген қыз­дарға арналғанын түсін­дірді. Құранда білім алудың қажеттігінің баса айтылғанын сүре­лердің үзінділерімен  дәлелдей отырып, ата-ананың басты міндетінің баласына білім беруі екендігін түсіндірді. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп отырғандықтан, мемлекеттің заңына бағынуға міндетті екеніміз, яғни хиджапты мектепте киюге тыйым салынған заңға бағынуымыз керектігі айтылды. Басқа да осындай жас қыздарды мазалайтын сұрақ­тарға толығымен жауаптар қайтары­лып, жан-жақты түсініктер берілді.

«Қыз Жібек» клубының жетекшісі Зухра Мирахметқызы тағылымдық әңгі­мемен таныстырып, 100 адамнан тұратын отбасы­ның ұстанған 3  негізгі  ұстаны­мының –  махаббат, кешірім, келісім, яғни толерант­тылық  арқылы тату-тәтті өмір сүріп жатқа­нын мысалға келтірді.

 

Орал НҮСІПОВА,

№ 129 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,                

 ҚР білім беру ісінің үздігі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *