«Сталиннің қатыны»

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

–       Бұл бас не көрмеді, – деп бастады әңгі­месін ақ кимешекті әжеміз Зере. Тоқсанды алқымдап қалса да әжеміздің үнінен қуат лебі ескендей. Салалы, сіңірлі саусақтары, бүгінде сәл еңкіш тартқан сүйекті иықтары кезінде бұл кісінің ірі денелі, қайратты болғанын дәлелдегендей. – Кешегі кәмпеске, ашаршылық жылдардың ақтабан шұбырындысы, ағайынды адамдарды атыстырып, шабыстырған отыз жетінің зобалаңы, атаңа нәлет фәшиске қарсы халықтың ғазауат соғысы, «пәленшенің жансызы», «түгеншенің әгенті» деп нақақ пәле жабылып айдалып, атылып кеткен ер-азаматтың ортасына түскен шаңырағы, қатын-балаларының көл-дария көз жасы бәрі-бәрі көз алдымда, қарақтарым. Қайсыбірін айтайын, бәрін айтуға менің шамам жете ме?

–       Бәрін айтпа, бірін айт, – деді Зеренің үлкен ұлы Әжібек. Жалпақ бетін әжім торлаған, қаба сақал Әжекең үлкен-кіші демей қалжыңдаса беретін әзілқойлығымен елге белгілі кісі бола­тын. – Міржан әжемізді ел осы уақытқа дейін «Сталиннің қатыны» дейді. Ол кісі қашан, қайтіп Стекеңе тиіп жүр, әлде сұлу болған соң құда түсіп алды ма? Мына тілші баланы телміртіп, күнде сүмеңдете бермей, ең болмаса, сол оқиғаны айта отыр.

–       Е, е, е… сол ма еді тілшіңнің есті­мегі? – деді әжеміз тостағандағы қымыз­дан бір ұрттап қойып, – ол сен сияқты сайқымазақтарға күлкі, ал біреулерге қайғы әкелген оқиға еді ғой…

«Қатынның қырық жаны бар» деп бекер айтылмаған ғой. Ер-азамат май­данға аттанғанда ауылда кілең қатын-қалаш, бала-шаға, ақсақ-тоқсақ, кемтар кемпір-шал қалған жоқпыз ба? Көк­темде соқамен жер айдау, жазда шалғы­мен шөп шабу, күзде орақпен егін ору, қыста колхоздың малын бағу, түн сайын көз майын тауысып әскерге киім тігу біздің мойнымызға түсті ғой. Сонда да иіні бүтін киім кимесе де, тойынып тамақ ішпесе де осы Міржандар қабақ шы­туды білмейтін. Майдандағы ерле­рінің тілеуін тілеп, балаларын бағып, тынымсыз бейнет қабырғасын қаңырат­са да жайраңдап күліп жүретін. Іштей азап шегіп жүрсе де «бала-шағаның апшысын қуырмайын, көңілдеріне қаяу салмайын» дейтін. Анда-санда бір болатын басқосуда әзілдесіп, күлісіп отырып көңілді ән салғанда жүректері жылап тұратын. Бірақ сыртқа білдір­мейтін. Қандай шыдамды, темірүзек жандар солар! Тиісетін еркек таппай қал­ғанда сондай бейнетқор, бейкүнә әйелдердің де басына зобалаң туғызған, от-ошағын талқандаған «сен тұр, мен атайын» белсенділер болды ғой. Солардың бірі – көріңде өкіргір, менің қайнағам еді…

Үш абысын – Міржан, Айша, Хали­ма күн бата қырманнан қайтып келе жатқан. Бәрінен жасы кіші Халиманың екі көзінен жас кетпейді. Жақында ғана оның үйіне «қаралы қағаз» келген. Жиыр­ма жасында мұны жесір, бір жасар баласын жетім етіп, ері майданда қаза тапты. Ерінің асын бір қазан атала көжемен атқарған күннің ертесіне ақсақ бригадир ат ойнатып келіп мұны жұмысқа шығарған. Содан бері байғұс есін жия алмай жүр.

Ана екеуінің де халі оңып тұрған жоқ. Әзірге батыс жақтан суық хабар келмесе де, көңілдері күпті. Хат тасушы Асанды анадайдан көрген сайын жүрек­тері жылан көрген торғайдай тыпырлап, азапқа түседі. Бұлар да – бір үміт, бір күдікпен күн кешіп келе жатқан пұшай­ман пенделер. Сонда да Халиманың көңілін аулағансып, одан-бұдан әңгіме өргізген болады. Оның үйіне «қаралы қағаз» келіп, бұларға келмегеніне өздерін кінәлідей сезініп төменшіктейді. Бұлар ауылға жақындап қалған кезде терең сайдан қара жорға ат мінген еркек шыға келді. Үстінде – елді әбден үрейлендіріп, зәрезап қылған милиция киімі. Үшеуі ығысып жол берді. Бірақ еркек өтіп кетпеді, қатарларына келіп тұра қалып, тұла бойларын тінте қарады.

–       Әй, кімсіңдер? – денесі ірі еркек­тің үні де зор екен. Әрі құлаққа жағымсыз. Әйелдер именіп тұр.

–       Әй, кімсіңдер деймін мен сендерге?

Үшеуінің жасы үлкені әрі батыл­дауы Міржан тіл қатты:

– Біз… біз… мына «С… с… Сталин­нің» қатындарымыз…

–       Кімнің, кімнің дейсің? – Еркек­тің көзі ит көрген текенің көзіндей ежірейіп кетті.

–       «Сталиннің» қатындарымыз, – деді Міржан сәл батылданып.

Еркек тұлан тұтты:

–       Сен қатын, мені мазақ етейін деген екенсің. Көрсетермін мазақ еткенді.

– Қайным-ау, мазағың не, Құдай біледі, біз Сталиннің қатындарымыз.

–       Ә-ә-ә, сен әлі құдайшыл екенсің ғой. Құдайға сенесің бе өзің?

Міржан тосылды. «Сенемін» деуге мына аюдай ақырып тұрған милициядан қорықты, «сенбеймін» деуге дәті шыдамады. Үнсіз тұр.

Бейшара әйелді тұқыртып тастаға­нына мәз болғандай еркек түсін сәл жібітті.

–       Ана жолмен кетіп бара жатқан кімдер?

–       Олар ма, олар – Молотовтың, Кагановичтің, Калининнің қатындары. Қырманымыз қатар.

Осы тұста еркек құтырына айғай сал­ды. Екі езуінен көпіршіп көбік көрінді.

–       Болды, псе, қарыстыр жағыңды! Бұл – барып тұрған саяси саботаж! Бұл ма, бұл – күн көсемді масқаралау, шорт, шорт! «Сталиннің қатынымын» деуін қара! Дәмесінің зорын қарай гөр өзінің!

– Ойбай-ау, қайнаға, біздің кол­хоздың аты…

–       Колхоз-молхозыңды білмеймін. Байларын жалмаған соң өңкей қатындар қырманға жиналып алып, «мен пәлен­шенің қатынымын» деп шулайды екен­сіңдер ғой. Мен көсемдерді қорла­тып қоя алмаймын. Қане, түсіңдер алдыма!..

–       Бұл қара жорға ат мінген еркек менің қайынағам еді, – деді әжеміз сөзін сабақтап. – Сонау отыз жетінің зоба­лаңында талай жазықсыз жандарды жала жауып айдатқан, аттырған қаны­пезер Сталиннің ауылдағы жендеті болды. Ол майданға кеткенде бүкіл аудан болып қуанып еді. Шынымды айтсам, «қайтпаса екен» деп тілеген­дердің бірі мен едім. Бірақ талай адал азаматтар соғыста опат болғанда, бұл сұмырай қанішер таяғын тықылдатып аман-есен елге оралды. Жәй келген жоқ, тапанша асынып, елге ойранын сала келді.

Әуелі өзін жақсы қарсы алмаған жақын туысының үйінің іргесіне бір уыс дән төгіп, «бір қап бидай ұрлады» деп арыз жазып, айдатып жіберді. «Сталиннің маңдайына шеге қақты» деп, жүйрік атын мінуге бермеген өзінің нағашысын соттатты. Ол төріндегі жалғыз шегеге Сталиннің суретін іліп қойған екен. Үйінде адам жоқта бұл барып шегені жұлып алып, көсемнің дәл маңдайына қағып қойыпты. Мұны көр­ген қара шекпенділер аясын ба, алда­рына салып айдады да кетті. Ол байғұс сол кеткеннен оралған жоқ. Сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз. Ана үш мұндарға кездескендегі астындағы сәй­гүлік қара жорға ат сол нағашысының аты еді.

…Қаныпезер, қара қабан қайынаға үш әйелді айдап апарып, абақтыға бір-ақ тыққан. Бұл оқиғаның сорақылығы анық көрініп тұрса да сот болды. Айша мен Халима әупіріммен әзер құтылып, «Сталиннің қатыны» Міржан үш жылға сотталды. Соғыс біткеннен кейін азып-тозып аман оралды-ау әйтеуір. Содан ел оны «Сталиннің қатыны» атап кеткен. Қазір барып «Әй, Сталиннің қатыны» десең, «әу» дейді. Міне, болған оқиға осы.

Зере әжеміз терең күрсініп, тере­зеден тысқа көз салды.

– Құдай тағала да кең ғой, сол қарғыс арқалаған қайынаға ұзақ жасап, өз ажалынан алжып өлді. Жаназасына бір жан бармапты деп естідім. Өзінің үш-төрт баласы ғана жерлепті. Бейіті­нің басында Құран да оқылмапты. Иманы бұйырмаған. Үлкен ұлы ызақор­лау кісі еді, ешкім бармаған соң жетісі­не сойылған жылқының етін итке тастапты…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close