СССР ТҰСЫНДА ҚАЗАҚ ССР-ІН БАСҚАРҒАН ЕКІ ҚАЗАҚ

немесе Мамадияр Жақыповтың айтқаны

Бұл фәниде ақ-қараны айырып, ақиқатты айқындаудың бір тәсілі оқыған-тоқығаны, өмір тәжірибесі мол дуалы ауыз иелерінен кездейсоқ естіген – арпа ішіндегі бір бидай іспетті – дерек-мәліметтерді көкейге түйіп, көпке жеткізу ме деп ойлайсың кейде. Олардың кейбірі өз тарапымнан да «пәленшенің, түгеншенің айтқаны» деп «Ақшамда» жарияланып та жүр (Жексенбек Еркінбеков, Мұрат Жұрынов, Өрісбек Шоманов, Төлеубек Мұсатаев, Дидахмет Әшімханов, т.б.). Әрине, олар осыны жаз демейтін. Күтпеген де. Баспа бетінен көріп, пікір білдіргені демесе.

Ермек Серкебаевтың отбасын аштықтан құтқарған

 Бұл жолы сондайлардың тағы бірі (өз-өзінен) сұранып тұрғандай. Жәй сұраныс емес, алда сөз болатын жайларға қатысты жұрт жөнді біле бермейтін базбір жәй-жапсарлармен қоса. Қалай десеңіз, міне, былай.

Білмейтіні жер астында да жоқ кейбір сайыпқы­рандардың бірде-бірі басқаны айтпағанда, кешегі Советтік дәуірде (алда сол шақтардағы сөз, тіркес, атау, терминдер сол қалпында қолданылады) КССР мемлекетіне қарасты 16 одақтас республиканың 15-інде бірінші басшы өз ұлт өкілдерінен болып, Қазақ КСР-інің ғана «бағы жанбай», кемсітуден көз ашпағанына бұрын да, қазір де мән бермей, ол жайлы жақ ашпайтындары қызық. Жо-жоқ, жақ ашады ғой, ашады, бірақ екі жақтың арасынан жылтыңдайтын қарақошқыл тілдеріне қазақ елін (аяусыз емес), армансыз билеп-төстеген орыс, украин, беларусь, еврей, грузин, армян, ұйғыр ұлтының өкілдері емес, билікке кездейсоқ келген (дәл солай) екі қазақ – Жұмабай Шаяхметов пен Димаш Қонаев бірінші ілігіп, күні бүгінге шекті жаппаған жала, айтпаған өсегі қалмай, тіпті, олар алдақашан бақиға озса да, ақилана ақылдымсып, жан терлері шыға жүндейтіндері сол екеуі емей кім? Бір ешкікөз самбырлаққа салса, 1936-1937 жылдардағы сүргінде қазақ зиялыларын (құдайды ойласа керек, бәрі демейді) ұстатқан КГБ «агенті» Шаяхметов, Тың игерген аймақтардағы (1954 жылдан бастап) қазақша балабақша, мектеп, аудандық, облыстық газеттерді жауып, оңтүстіктің төрт ауданын көрші елге беріп жіберген, Маңғыстау өңірін сақтауға күш салмаған, Ақмоланы Целиноград деп өзгерткен өзге емес, Қонаев екен-міс. Иә-иә, қазақтың «түбіне жеткен» сол екеуі, СССР тұсында Қазақ ССР-інде бірінші басшы болған – небәрі екі қазақ – Шаяхметов және Қонаев. Тек Голощекин мен Мирзоян «қателесті» демесе, өзге ұлт өкілдері билеген тұста қой үстіне бозторғай жұмырт­қалап, айымыз оңынан туыпты. Әлде, басқаша ма? Жоқ! Басқаша болса, екі қазақты шенеуге шеберлер басқаларды да ұңғыл-шұңғылын қазып, жеті атасын жіліктеп, сүйектерін шақпас па еді?! (Оған, сірә өрелері жетпейді-ау деймін).

Екі қазақ дедік пе? Иә, СССР тұсында Қазақ ССР-ін басқарған екі қазақ! Олардың кім екенін, мақтаныш етпеу себебін кіреуке көз жұлқынбайлар жақсы біледі. Неге, неліктен? Жауап күтпейміз. Айтпағымыз басқа. СССР тұсында Қазақ ССР-ін екі қазақ басқарғанына қуанып, аяладық па, бағаладық па? Көпсінбедік пе? Апыр-ай, егер ол екеуі болмағанда, Қазақ Советтік Социалистік Республикасын тек келімсектер билер екен-ау деп налыдық па? Шаяхметов кеткенде табалап, Колбин келгенде «сізді 25 жыл күттік» дегендерге және осынау ақтаңдақты (сөз басында айтқанымыздай) бұрын-соңды ешкім қаузамауына қарағанда, солай болса керек демеске әдді қайда?

Суалдыра бермейік. Шаяхметовты да, Қонаевты да қалың ел қазағы (басқа ұлт өкілдері де) бастарына көтеріп құрметтейді, ардақтайды, ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Тасадан тас атушыларға олар пысқырмаған, пысқырмайды да. Бұл пікірге қаншама қауымның өмірге келген сәбилерінің есімін Шаяхмет, Димаш қойғаны да айғақ іспетті. Өз басым ауылдасым, Жамбыл облыстық милиция бөлімін басқарған милиция полковнигі (атын әкесі қойған) Шаяхмет Мырзахметовтей есебіне сан жетпейтін Шаяхмет пен Димаштардың талайын білемін. Қазір қазақтың атын бір-ақ сәтте әлемге әйгілеген жас әнші Димаш Құдайбергенов не тұрады!?

Жә, сөзімізді бұлай бастауымыздың себебін біле жатасыз. Соған келе жатырмыз. Шаяхметов, Қонаев. Екеуі жәй басшы емес. Шаяхметов бірінші секретарь болумен бірге, СССР Жоғарғы Советінде Ұлттар Советінің председателі болып, Сталиннің жанында отырса, Қонаев Саяси бюроға мүше қайраткер ретінде танылды. Шаяхметовтің елге, халыққа жасаған жақсы­лық-шапағаттары шексіз. Оған Ермек Серкебаевтың бала кезінде бүкіл семьясын аштықтан құтқарғанындай қамқорлығына тіл жетпес фактілер куә.

«Біз итпіз ғой, итпіз, адам емеспіз»

Қонаев екібастан. Бұрын да, қазір де ол жөнінде айтылып, жазылатын естеліктерде игілікті, ізгілікті мағлұматтар аз емес. Ең ғажабы, ол ешқашан кек сақтап, ешкімнен есе қайтаруға бармаған. Керісінше дейтін­дердікі іштарлық, қызғаныштан туындайтын шер-запыран екеніне мынадай екі факт дәлел. Соларды келтірейік.

1964 жылы декабрьде Қонаев бұған дейін екі жыл бірінші болған орнына (Брежнев пен Косыгиннің ұйғаруы бойынша) қайта сайланады. Сол-ақ екен, басқа ұлт өкілдерінен қызғанбаған лауазымды Қонаевқа қимаған (базбір) қандастарымыз шаштарын жұла ойбайға басты. Сайланғанына екі апта өтпей жатып үстінен КПСС Орталық Комитетіне (Брежневке) арыз жазды. Жазғандардың бірі – Н.Жанділдин, бірі – И.Юсупов. Әрине, ештеңе өнген жоқ. Көп ұзамай Қонаев И.Юсуповты Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетіне председатель етіп жібереді де, Н.Жанділдинді өзіне шақырып: «иә, Нұрымбек, қандай қызмет қалайсың, айт»,– дейді. Беті күйіп, мұндайдан қол үзіп жүрген Нұрекең, Нұрымбек «ғылыми қызметкерлік жарайды ғой» деп міңгірлейді. Сол замат: «Жоқ, Нұрымбек, сен белгілі ғалымсың, әзірше институтқа ректор бол, соңын көре жатамыз», – дейді Қонаев. Сөйтіп, ректор болған Н.Жанділдиннің кейін осы жайлы қазір көзі тірі сенімді досына айтқан әңгімесі былтыр «Ақшамда» жарияланды. Онда ағаттығына өкінген Н.Жанділдиннің «біз итпіз ғой, итпіз, адам емеспіз» деген өкініші бар. (Бұл деректі сөз арасында қыстыра кеткен ОК-тің бұрынғы бөлім меңгерушісі әсте де газетке жазылар деп ойламағанын айтты).

Сондай-ақ, осы таяуда кезінде Шымкент облыс­тық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, Түркіс­тан қалалық партия ко­митетінің бірінші сек­ретары, Ақтөбеде он бес жыл ректор болған, қазір Көлік және коммуникация университетінде профессор болып істейтін Н.Балқияев­тің «Ақшамда» бір беттік мақаласы жарияланды. Сол мақалада ол Ж.Тәшенев пенсияға шығар алдында өзіне арнайы келіп, Қо­наевтың қабылдауында болғанын, ризалық білдір­генін, одан (Балқияевтан) қызмет сұрағанын, өтініші сол замат орындалғанын баяндайды. Қонаевтан өз басы көрген жақсы­лықтарын да үнемі айтып жүретін Нұридин Балқияев осылайша Қонаев пен Тәшенев арасындағы қарым-қатынас қалыпты болғанын алға тартады. Ж.Тәшенев сол қызметті өмірінің соңына дейін істеді, оған Асқаров оң қабақпен қарады дейді Нұридин Балқияев.

Жоғарыда айтқанымыздай, Қонаев 1960-1962 жылдар арасында екі жыл бірінші секретарь болды. Одан соң Хрущевтің айтқанына бас шұлғи бермегені үшін Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі лауазымына ауыстырылып, 1964 жылы бұрынғы орнына қайта сайланды. Оған дейін бірінші болған мүміннің оңтүстіктегі үш ауданды Өзбекстанға беру жөнінде өз қолымен жазған ұсыныс-хаты таяуда республикалық үш басылымда қатар жарияланды. Қайталады демеңіз, әне, сол адам біріншіліктен босаған бойда Қонаевтың үстінен арыз жазып, мақсатына жетпей шаң қапты. Қонаев кешіріммен қарап, бір облысқа басшы етті, Н.Жанділдинді ректор етті (дедік). Бұларды алда айтылар жайларға тікелей қатысы барлықтан ауызға алып отырмыз. Мамадияр Жақыповтың айтқанына. Әрине, бұл деректерді Мамадияр келтіретін фактілерден кейін айтуға да болар еді. Сонымен…

 

Карпенконы да

қамқорлығына алып еді

 

Көрнекті жазушы-журналист, белгілі қаламгер Мамадияр Жақыпов дос не айтты, соған келейік.

Мәкең айтты: «Ол кездегі жағдайды білесіз ғой. Қонаев екі жыл бірінші болған соң, орнынан түсетін кезде пленум мүшелерінің жартысынан көбі оны қаралап сөйледі. Арнайы тапсырыспен, әрине. Мұндайда біреулер лажсыздан, біреулер құдайы беріп білек сыбана шаңқылдайды емес пе? Әне, амалсыздан сөйлегеннің бірі Семей облыстық партия комитетінің бірінші секретары Михаил Пантелеевич Карпенко еді, – деді Мамадияр Жақыпов. – Мен онда сондағы облыстық газетте қызмет істеп, Карпенкомен қызмет бабында да, былай да арамыз жақсы болып, көп нәрсені ашық сөйлесетінбіз. Бірде ол маған Қонаев бірінші боп қайта келген соң, оның «қаһарынан» қалай аман қалғаны туралы сыр шертті. Өйткені, одан екі жыл бұрын Қонаевты босатқанда Карпенко жамандап сөйлегендердің бірі болғаны, базбір пенделер Қонаевтың дәуірі бітті, енді бұл орынға қайтып келмейді деп әндеткенін айттым ғой әлгінде. Сөйтіп, маған Карпенко не деді дейсіз бе?»

– Не деді?

– Қонаев қайта сайланған соң, бәрі бітті, енді бұл орында қалмаспын дедім де, қоштасар сәтті күтіп жүрдім деді. Қоштасар сәті облпарткомның пленумы. Қызметтен сонда босатып, орнына басқа адам сайлайды. Бірақ Қонаев өйткен жоқ, – деді Карпенко. Бірде телефон соғып, түк болмағандай, іштарта сөйлесті де, түрлі тапсырмалар берді. Көрсеткіш жақсы болғандықтан, жақында Мәскеудегі көрмеге облыс делегациясын бастап барасың деді. Мен «мақұлдан» басқа не дейін, рахмет деуді де ұмытып кетіппін. Міне, досым, көріп жүрсің, бұрынғыша істеп жатырмыз. Қайтейін, сол қарғыс атқыр пленумда мені мәжбүрледі, олардың айтқанын істеп, айдауына жүруден бөлек шама болды ма бізде. Қонаевқа ризамын, адамгершілігіне тәнтімін, – деп көзі жасаурады. – Қонаевтан басқа біреу болса, алдақашан табанды жалтыратпас па едім? Анау оңтүстіктегі Қаныбек Патсаев құсап. Патсаевты Мәскеуде бірге оқыған кезден білемін. Хабарласып тұрамыз. Ол соңына шам алып түскен немеден көрді ғой көресіні. Жұрттың бәрі Қонаев емес дейтінім сол.

– Сізді мен де білемін ғой, Михаил Пантелеевич, – дедім. – Адал азаматсыз, іскер адамсыз. Қонаев сіздің сол қасиетіңізді білгендіктен сыйласа керек те!

– Қайдан білейін, бәлкім, солай шығар, – деді ол.

Қадірменді дос, сыйлас әріптес, жайсаң мінез Мәкең, Мамадияр Жақыпов «айтайын дегенім осы еді» дегендей сыпайы күлімсіреді.

– Түсінікті, Мәке! – дедім.

Әрине, түсінікті. Қонаевтың жекелеген адамдарға риясыз ықылас-пейіл, шарапат-шафқаттары шексіз болғаны ел-жұртқа бізсіз де мәлім екені аян. Олар туралы осы «Ақшамның» өзінде қаншама рет жазылды! Күні кеше Қонаевтың бір кездерде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, дербес зейнеткер Сәбит Жадановтың әкесі және өзіне жасаған жақсылықтары туралы «Ақшамның» айқара бетінде жария етілгені де сол сөзіміздің дәлелі, айшықты көрінісі дейміз.

Әрине, түсінікті, Мәке! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қамқорлығы арқасында қазақтың адал перзенті, заңғар тұлға Димаш Қонаевтың ел есінде мәңгі сақталуы үшін жасалған игілікті іс-шаралар қаншама, шіркін! Елбасына мың алғыс. Университет. Мектеп. Лицей. Орталық көше. Музей… толып жатыр. Көрегендік. Білгендік!..

Шаяхметов. Қонаев. СССР кезінде Қазақ ССР-ін басқарған екі қазақ, екі алып! Бірінші секретарь болған қос тұлға! Аруақтары шат болсын!

1964 жылы декабрьде Қонаев бұған дейін екі жыл бірінші болған орнына (Брежнев пен Косыгиннің ұйғаруы бойынша) қайта сайланады. Сол-ақ екен, басқа ұлт өкілдерінен қызғанбаған лауазымды Қонаевқа қимаған (базбір) қандастарымыз шаштарын жұла ойбайға басты. Сайланғанына екі апта өтпей жатып үстінен КПСС Орталық Комитетіне (Брежневке) арыз жазды. Жазғандардың бірі – Н.Жанділдин, бірі – И.Юсупов. Әрине, ештеңе өнген жоқ. Көп ұзамай Қонаев И.Юсуповты Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетіне председатель етіп жібереді де, Н.Жанділдинді өзіне шақырып: «иә, Нұрымбек, қандай қызмет қалайсың, айт»,– дейді. Беті күйіп, мұндайдан қол үзіп жүрген Нұрекең, Нұрымбек «ғылыми қызметкерлік жарайды ғой» деп міңгірлейді. Сол замат: «Жоқ, Нұрымбек, сен белгілі ғалымсың, әзірше институтқа ректор бол, соңын көре жатамыз», – дейді Қонаев. Сөйтіп, ректор болған Н.Жанділдиннің кейін осы жайлы қазір көзі тірі сенімді досына айтқан әңгімесі былтыр «Ақшамда» жарияланды. Онда ағаттығына өкінген Н.Жанділдиннің «біз итпіз ғой, итпіз, адам емеспіз» деген өкініші бар. (Бұл деректі сөз арасында қыстыра кеткен ОК-тің бұрынғы бөлім меңгерушісі әсте де газетке жазылар деп ойламағанын айтты).

Зәкір Асабаев.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *