Спорттық ғұмырын абыроймен аяқтады

Ғаламторда Винокуров алтын алған күнi мынадай сөздi көзiм шалды. Күллi қазақ жұрты Винокуров бәйгеге түскенде топ жарса екен деп тiлекшi болса, оның егiз балалары «Әкем құлап қалмаса екен» деп жандарын шүберекке түйiп отырыпты-мыс. Әрине, алаңдауға негiз бар. Өйткенi, өткен жылы ғана А.Винокуров «Тур де Франс» мәртебелi велокөпкүндiгiнде жарақатына байланысты жарыс жолынан шығып қалды. Содан Винокуров үлкен спортпен қош айтысам дегенге көштi.

Негiзi, күмiс те, қола да жүлде. Бiз кейде алтын алмаған спортшыларды жадымыздан тез шығарып аламыз. Әсiлi, бiз ұмытатындай олардың саны да көп емес. Сол ұмыт қалған ұлы спортшылардың бiрi Александр Винокуров едi. Сиднейде мәре сызығын екiншi болып кескен Александр елге күмiспен оралғанда да бiр жасап қалғанбыз. Мiне, содан берi аттай 12 жыл. Ал, Винокуров болса осы аралықта «допинг» дейтiн жаладан ұзақ жапа шектi. Расында, бұл дәлелсiз айып даңқты спортшыны көптеген мәртебелi жарыстарда қолын жiпсiз байлап, жiгерiн құм қылды. Содан, 2006 жылы Испанияның «Вуэльта» көпкүндiгiнде жеңiске жетiп, допингтiң көмегiне сүйенбей-ақ тұғырға көтерiлуге болатынын дәлелдеп шықты. Одан берi «Тур де Франстың» да бiрнеше кезеңдерiнде бiрiншi болып мәре сызығын кесiп, командаға қиын сәттерде «су тасып» берiп те жүрдi. Тiптi, испаниялық Альберто Контадордың екi мәрте «Тур де Франста» үздiк шығуына Винокуровтың сiңiрген еңбегi зор. Ендi мiне, сол спортшы Олимпиадаға бiрнеше күн қалғанда велододаға қатысуға шешiм қабылдап, спорттағы ғұмырын абыроймен аяқтады. Алаш жұртына ХХХ Олимпиададағы алғашқы алтынның сыңғырын естiрттi.

P.S. «Еуроспорт» арнасының комментаторы Винокуров жайлы «38 жасар велошабандоз бүгiн 20 жасқа жасарып кеттi. Қайта түлеп, қайрат көрсеттi. Тәжiрибелi спортшы деп Винокуровты айт!» деп ағынан жарылды. Осы пiкiрге бiздiң де алып-қосарымыз жоқ. Винокуров – нағыз ер!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *