СОТСЫЗ ТАТУЛАСУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Серік ЖҰМАБАЕВ

«Almaty Towers» ғимаратында орналас­қан «Open Almaty» Алматы қаласы әкімді­гінің қоғамдық қабылдау алаңында Сотқа дейінгі татуластыру орталығы ашылды. Заманауи негізде жабдықталған бұл орта­лықтың ашылу рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов қатысты.

Алматы қаласының бас биі, сот төр­ағасы Н.Әбдіқанов жұртшылықты Сотсыз татуласы орталығының жұмысымен таныстырып, оның тиімділігін, дауды сотқа дейінгі реттеудің артықшылықтары төңірегінде әңгімелеп берді.

– Бүгін Алматы қаласының азаматта­рына арналған татуласу орталығы ашылды. Ата-бабаларымыз: «Дау-дамайдың мұраты – бітім» деп тегіннен-тегін айтпаған. Осы секілді кішігірім құқықбұзушылықтар сот мәжілісіне бармай-ақ, орталыққа келіп, өздерінің дауларын реттей алады. Татуласу орталығының арқасында азаматтар өздерінің уақыты мен шығындарын үнемдей алады. Мұның экономикалық жағынан тиімділігі мол. Қос тарап өзде­рінің дауларын ынтымақпен, бітімгер­шілікпен шеше алады, – деді Алматы қала­лық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов.

Айта кетейік, бұл орталыққа Алматы­дағы барлық ауданның тұрғындары келіп, өздерінің дауларын шеше алады. Мұнда психолог, педагог, адвокат, медиатор, судья­лар отырады. Олар халыққа тегін қызмет көрсетеді.

Оның үстіне, қазір елімізде бітімгерлер көмегіне жүгінетіндер қатары артып келеді екен. Мәселен, Медеу аудандық сотына 361 арыз-шағым түссе, соның жартысына жуығы бітімгершілікпен аяқталған. Егер бұл орталықтың жұмысын халық жақсы қабылдайтын болса, арыздар сотқа емес, осында түсетін болса, сотта қаралатын істер мейлінше азайса, онда мұндай орталықтар қаланың басқа да аймақтарынан ашыла­тын болады.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *