Социалистік еңбек ері атағы 1,5 млн. рубль тұрған

немесе КСРО-дағы жемқорлық

Фурцеваның арқасында

 

Бүгінде жемқорлық жөнінде сөз болғанда, ең алдымен, Қытай тәжіри­бесін ауызға аламыз. Оларда жемқорды аяусыз әшкерелейді, топ-тобымен итжеккенге айдап, дарға асып, атып тастап жатыр дейміз. Алайда, жоғары дәрежедегі жүліктерді жазалаудың небір тәсілі кешегі күндей күркіреп өткен Кеңес тұсында қалай болғанын білеміз бе?

Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 8 мамыр 1918 жылы халық комиссарлары кеңесінің парақорлықпен күрес жөнін­дегі алғашқы декретіне қол қойылды. Ол бойынша жемқорларға бес жыл жаза кесілген. Алайда, 1922 жылы қабыл­данған жаңа Қылмыстық кодекстің талабы бойынша ату жазасы белгіленді.

Бұл мәселе соғыстан кейінгі жыл­дарда-ақ батыл қолға алынды. 111 адам тұтқындалып, Мәскеу қалалық соты­ның төрағасы А.Васнев қамауға алынды.

Жазалау процесі Хрущевтің тұсында шырқау шыңына шықты. Тұтқындаулар 1961 жылдың сәуірінде басталып, 700 адам темір торға тоғытылды. 2 млрд. рубльді жеп қойғандардың 28-і ату жаза­сына кесіліп, оның бесеуіне кейіннен кешірім жасалды.

Соның ішінде айрықша көзге түскені «Мәскеу» әмбебап дүкенінің директоры М.Коршилованың тобы еді. Ол бес жыл ішінде мемлекеттің 2,5 млн. рублін жымқырған. Бұл үшін ату жазасына кесуге болатын еді. Бірақ Фур­цеваның көмегінің арқа­сында сот залынан босап шыққан ол іле-шала тағы Мәскеудің ірі дүкеніне қызметке қонжиды. Ал қамқоршысы жоқ оның екі құрбысы атылып кетті.

 

Қызметтерді сату

 

1969 жылы «Әзербайжан ісі» бұрқ ете түсті. Республикада билік ауысып, мұндағы жемқорлықтың алапат болға­ны соншалық, тергеушілердің өзі тісі батпай, тоңқалаң асып жатты. Алайда, ірі ақшалар сол кездегі республиканың бірінші хатшысы Ахундо­совтың қалтасына түсіп отырған. Ол ақшаны шет ел асырып жіберген. Әрине, ол тұста «офшор» деген сөзді ешкім де біл­мейтін. Есесіне респуб­ликада партиялық қыз­мет­терді сату айрықша гүлденген. Бірінші хатшы болып келген Гейдар Алиев орталық комитет­тің жабық мәжілісінде жаға ұстайтын мәліметтерді жайып салған. Жоғары лауазымды қызмет түрлері мынадай бағаларға сатылған. Мәселен, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы – 200 мың, екінші хатшы – 100 мың, коммуналдық шаруашылық министрі – 150 мың, әлеуметтік қамсыздандыру министрі – 120 мың, жоғары оқу орны­ның ректоры – 100-200 мың, аудандық милиция бөлімінің басшысы – 50 мың, аудандық прокурор – 30 мың рубль, т.б. Ол кезде СССР-дағы орташа еңбек жалақы 100 рубль еді.

Алайда, астаналық шенеуніктер үшін бұл жаңалық емес еді. Тіпті, 40-жылдардың соңында Мәскеу су саудасы мекемесінің ісі қаралғанда мынадай мәліметтер мәлім болған. Сауда павиль­онында құйылмалы сыра сатушының орны 15 мың рубльге бағаланған. Сауда павильоны меңгерушісінің орны бұдан екі есе тұрған. Қызметке тұрғандар бұл ақшаны екі есе өндіріп, «крышасы» милициямен бөлісіп отырған. Сауда павильонының директоры Федунов жоғары кеңес президиумындағы қамқоршыларының арқасында түрмеге тоғытылмай, кешірімге іліккен.

1980 жылдардың басында белгілі болғанындай, мұндай саудаласу тек қызмет төңірегінде ғана болмағаны анықталды. 1982 жылы Хорезм облыс­тық партия комитетінің бірінші хатшы­сы Құдайбергенов СССР-дің Бас про­курорына жазған арызында Өзбекстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Ш.Рашидовқа Социа­листік Еңбек Ері атағын алу үшін 1,5 млн. рубль пара бергенін жазған. Ал енді 1940 жылы туған ішкі істер министрінің орынбасары Қахрамоновқа Ұлы Отан соғысына қатысып, Халкин-Голді қорғағаны үшін деген медальдің не үшін берілгені жұмбақ күйінде қалды.

 

«Миллионерлер отаны»

 

1978 жылы «Океан» ісі қаралып, Краснодар өлкесінің көптеген партия басшылары қамауға алынды. Балық шаруашылығы министрінің орынба­сары В.Рытов ату жазасына кесіліп, министр А.Ишков қазынаға 260 мың рубль қайтаратын болып Брежневтің арқасында аман қалды.

Грузияда прокуратура Орталық комитеттің хатшысын қамауға алды. Жалпы, СССР-де бұл ел «миллионерлер отаны» деп аталатын. Бұларда жемқорлық барлық жағынан гүлденіп тұрды. 1970 жылдардың басында СССР Ішкі істер министрі Н.Щелоков респуб­ликаның Ішкі істер министрі Э.Шевар­днадзеге бұл елде ГАИ қызметкер­лерінің жартысы жемқорлық былыққа батқа­нын айтып, қатаң ескерту жасай­ды. Шеварднадзе Тбилисиге келе салы­сымен «Москвичіне» отырып, қара­пайым киініп алып қаланы өзі ара­лайды. Содан бұл таңқалады. Қызмет­керлердің жартысы емес, 100 пайыз пара алаты­нына көзі жетеді. Ол көп ұзамай респуб­ликаның бірінші басшы­сы болып таға­йын­далады да, тазалауға кіріседі. Бес жыл ішінде 30 мың адамды түрмеге жауып, 40 мың шенеунікті қызметтен алады. Артынша Шеварднад­зеге қатаң ескерту жасаған Шелоковтың басына да қара бұлт үйіріледі. Ішкі істер минис­трлігін 15 жыл басқарған Шело­ков ФРГ Мәскеу олимпиадасына тарту еткен «Мерседесін» жымқырып, бала­лар кереуетіне дейін пайдаланып кет­кен. Әйгілі орыс шеберлерінің карти­насын қабырғада орын қалмаған соң, төсегінің астына жасырған. Ақыр соңын­да іс сотқа жетпей, өзін-өзі атып өлтіреді.

Өзбекстандағы «мақта ісі» де әлі ұмытыла қоймаған болар. Бұл істі тергеу табаны күректей 20 жылға созыл­ды. Парақорлық пен ұрлық фактілері жөнінде 800 іс қаралып, 4 мың адам жауапқа тартылды. 1991 жылы билік басына И.Каримов келгеннен кейін олардың бәріне кешірім жасалды.

 

Қ. Иман.

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *