Сот жүйесі электрондық форматқа көшіп келеді

Бұл халықтың сенімін арттырады

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама­лық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелестік қабілетімен айқындалады… Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деп атап өткен болатын. Шынында да бәсеке­лес­тікке қабілеттілік жолында Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасының маңызы зор. Себебі, дамып келе жатқан жаңа технологиялар біздің өмірімізді жеңілдетеді, дамуымызды жылдамдатады. Бұл ретте халықтың еркіндігі мен құқын қорғауда сот қызметкерлері басқа билік өкілдерімен қатар жариялылық пен ашықтық жағдайда нәтижелі еңбек етіп, сот әділдігін жоғарғы деңгейде жүргізуде.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотын электрондық жазбаны мейлінше кеңінен қолданып келе жатқан мемлекеттік мекемелердің ішіндегі ең үздіктерінің бірі десек, еш артық айтқандық болмас. Өйткені, бүгінгі күні қарапайым бұқара халық бұрынғыдай сот мекемеле­рінің табалдырығын тоздырмай, кез-келген өзіне қалаулы уақытта электронды интер­нет жүйесі арқылы өз істерінің қай сатыға келгенін, оларды қарау тәртібімен және сотқа келмей-ақ өз арыз-шағымдарын тіркеуге мүмкіндіктері бар. Оның үстіне еліміздегі сот мәжілісі залдарының барлығы дерлік дыбыс-бейне тіркеу құрылғыла­рымен қамтамасыз етілді. Бұл, ең алдымен, сотқа арыз берушілер үшін өте тиімді. Өйткені, сот жүйесіндегі ақпараттық технологиялар сот төрелігінің тиімділігін арттырып, іс жүргізудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, азамат­тардың сотқа сенімділігін нығайтатыны анық. Мысалы, қазірдің өзінде ақпараттық технологияны қолдана отырып, арызды беру және тіркеу сатысынан бастап заңды күшіне енген сот бұйрығын орындауға жолдауға дейінгі азаматтық істердің жаңа тәртіпте қаралуы қағазбастылықты қыс­қар­туға, сот жүйесіндегі жүктемені азай­туға мүмкіндік берді.

«Сот кабинеті» атты жаңадан енгізілген ақпараттық сервис сот өндірісін жеңілдетіп қана қоймай, сот төрелігіне қолжетімділік, ашықтық пен мөлдірлікті қамтиды. Бұл сервис кез-келген тұлғаның уақытын үнем­дей отыра, үйінен немесе кеңседен шықпай, ғаламтор желісі арқылы сотқа талап-арыз, өтініш тапсыруға, әрі мемле­кеттік баж төлеуге мүмкіндік береді. Осы­лайша аза­мат­тар уақыты мен қаражатын үнемдей ала­ды. Демек, электронды сот төрелігі еліміздің серпінді дамуына белгілі бір дең­гейде үлес қосып отыр десек, артық емес.

Мәселен, электронды түрде жіберілген шағымданушының өтініші санаулы минуттардан соң көрсетілген сотқа түсіп, тіркеуге алынады. Тиісті жұмыстар аяқталған соң, талапкерге өзінің жұмысын бақылау үшін арнайы логин мен пароль беріледі. ҚР Жоғарғы сотының ресми сайтында осы логин мен парольді енгізу арқылы жұмыс барысымен толықтай таныса алады. Электрондық талап-арыз көшірмелерін тіркегеннен кейін ол сотпен қаралып, қабылданғаны немесе кейін қайтарылғаны туралы хабарлама арыз иесіне электрондық портал арқылы немесе SMS хабарлама арқылы ескертіледі.

Электронды сот төрелігін дамытудың негізгі бағыты «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» және Елбасының Cудьялар­дың жетінші съезінде айтылған болатын. Электронды сот өндірісін іске қосудың негізгі мақсаты – тұрғындардың сотпен бай­ланысын жеңілдету, олардың өздеріне қолайлы кез- келген уақытта сот төрелігіне жүгінуіне жағдай туғызу, сот үрдісінің ашық, айқын жүзеге асып, заң үстемдігін орнату екені белгілі.

Бір ерекшелігі, соттарға «Төрелік» құжат айналым ақпараттық жүйесі енгізі­ліп, күнделікті іс жүргізу атал­мыш жүйе арқы­лы жүзеге асырылуда. «Төрелік» ақпа­раттық жүйесін енгізудегі негізгі мақсат – іс жүргізу ақпа­ратын, шығарылған шешімдермен танысу, қау­лылармен, сот ұйғарым­дарымен және басқа да қажетті ақпарат­тарды сот ісін жүргізуге қатысушы­ларымен шұғыл алу. Азаматтар үйлерінде ғаламтор арқылы электронды түрде талап-арыздарын беріп, сол арыздарының қандай сатыда жүріп жатқанын қадағалай алады. Аталмыш жүйе басқа мемлекеттік орган­дар­мен ақпарат алмасуға қолайлы, жүйені пайдаланушыларға тіркеу рәсімі жеңіл­детілген, ақпарат алу жүйесі жеделдетілген, барлық тіркеу түрлері онлайн режимінде көрінеді. «Төрелік» ақпараттық жүйесі – сот саласындағы жетістіктердің бірі. Құжаттардың сауаттылығы, түсініктілігі, ұқыптылықпен дайындалуы халықтың сот жұмысын бағалауына мүмкіндік береді.

Сөз соңында айтарымыз, мемлекетіміз үшін алдағы меже – дамыған отыздықтың сапына ену. Бұл тұрғыда қай салада болма­сын тың серпін бар. Бүгінгі таңда отандық сот жүйесі заң үстемдігін қамта­масыз етуге қатысты тапсырмаларды орындап қана қоймай, қоғамның мүддесін ойдағыдай шешуде. Яғни сот жүйесін дамытуда осындай үдерісті және қарқынды даму жолында еліміздің ары қарай қарыш­тап дамуы үшін электронды модельге көшу біз үшін де және ел үшін де аса қажеттілік деп есептейміз.

 

Назерке ОМАРОВА,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық сотының  бас маманы,

сот мәжілісінің хатшысы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *