Сот шешімін орындау міндетті

Соттың шешімі – сот процесінің соңғы сатысы, оның нәтижесі сот шешімінде көздел­ген заңның ерік-жігерін орындау болып табы­лады. Сот шешімдері мен басқа да актілерінің орындалу қағидаты мемлекетіміздің негізгі міндеттеріне жатады және Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясында бекітілген.

Конституцияның 13-бабына сәйкес, әрбір адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Бұл конститу­ция­лық норма тек өз құқықтарын, бостандық­тары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын ғана емес, сонымен қатар борыш­­кер соттың шешімімен белгіленген міндеттерін орындамаған жағдайда сот шешімінің орын­далуын талап ету құқығын да қарасты­рады.

Сот шешімдерін орындау міндетті болып табылады. Соттың өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде шығарған шешімдері мен талаптары барлық мемлекеттік орган мен олардың лауазымды тұлғалары, жеке және заңды тұлғалар үшін орындауға міндетті болып табылады. Сот шешімдерін және судьялардың талаптарын орындамау заңмен белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Атқарушылық іс жүргізудің міндеттері осы Заңға сәйкес азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот шешімдерінің, ұйғарым­дардың, нұсқамалар мен қаулылардың, мүліктік өндіріп алу бөлігінде қылмыстық істер бойынша үкімдер мен қаулылардың, сондай-ақ, өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орында­туға бағытталған шаралар­ды міндетті түрде және уақтылы қолдану болып табылады. Атқарушы өндіріс – мемле­кеттің маңызды қызметтерінің бірі деп айтуға толық негіз бар. Себебі, ол – бұзылған құқық­тар мен бостандық­тарды немесе заңмен қорға­латын мүдделерді қалпына келтірудің соңғы кезеңі. Өкінішке қарай, сот шешімдерін ерікті түрде орындау біздің құқықтық мәдение­тіміздің ажырамас бөлігіне әлі де айнала қойған жоқ.

Дегенмен, заңнама сот шешімін ерікті түрде орындауды көздейді, оған сәйкес атқарушылық өндіріс қозғалғанға дейін немесе атқарушылық өндіріс кезінде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабында (бұрынғы редакцияда Заңның 10-бабы) көзделген тәртіпте борышкер өндіріп алушыға сот актісімен орындалуы тиіс әрекеттің өз еркімен орындалуын ұсынады. Аталған Заңның 37-бабына сәйкес, сот орын­даушысы заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін атқарушылық құжат өзіне келіп түс­кен­нен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық іс жүргізуді қозғайды, бұл жөнінде қаулы шығарады және сонымен бірге атқарушы құжаттардың орындалуын қамта­масыз ету бойынша тиісті шараларды жүзеге асырады.

Сонымен бірге, заңда борышкердің атқарушылық құжатты орындамағаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкер­шілікке тартылу мүмкіндігі көзделген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі­нің 669-бабына сәйкес, сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау жеке тұлғаларға – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушы­ларына, адвокаттарға – жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммер­циялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъекті­леріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Оған қоса, ҚР Қылмыстық Кодексінің 430-бабында жеке тұлғаның заңды күшіне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергі жасағаны үшін сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көзделген.

Ал егер дәл сол іс-әрекеттерді адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаса, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыс­тарға тартуға не үш жылдан бес жылға дейінгі мерзім­ге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен бірге, борышкер сот шешімін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылуы атқарушы құжатты орындау міндетінен босат­пайды. Тіпті, сот шешімі толық орындағаннан кейін де борышкер сот шешімін уақытылы орын­дамағаны үшін жауапкерші­ліктен боса­тылмайды.

 

Г.ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

Алматы гарнизоны әскери сотының

бас маман-сот мәжілісінің хатшысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close